ТҰҢҒЫШ АВТОРЛЫҚ ТЕЛЕХАБАРЫМДЫ ҚАЛАЙ ТҮСІРДІМ?
07.09.2022
239
0

Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулетпен 1980-жылдардың бас кезінен араласа бастаған едім.

Бір кездескенімізде:
– Жұмаш, сенің Тұманбай Молдағалиев бас редакторы болып тұрғанда «Жалын» журналында жарық көрген «Аққулар – жүрек жасайды», «Алматыма тағы да келді көктем» және т.б. жырларыңды студенттер жоғары бағалайтын. Маған да қатты ұнағанын несіне жасырайын! – деген сөзі есімде қалыпты.
Иә, қай пенде мақтағанды жек көрсін, әсіресе біздің қазақ…
Ұлықбектің аузынан осы сөздерді естігенде мен де кәдімгідей марқайып қалғаным рас еді. Сол жылдары ақындар Бауыржан Жақып, Әбубәкір Қайран және т.б. ақындар аталған жырларымды ұнатқанын, тіпті көбінің жатқа оқитынын олардың өз ауыздарынан талай рет естігенім – тағы да өтірік емес. Оларға сол жылдары кеңінен таныла бастаған ақын Ұлықбектің қосылғаны көңіліме аздап болса да мақтаныш сезімін ұялатқаны тағы да рас.
Мен ол кезде Қазақ телевизиясының «Алатау» телеарнасында қызметте болатынмын. Данышпан Абайдың «Өлең – сөздің патшасы» деген әйгілі жырының бірінші жолын жаңадан ашқалы отырған телехабарыма тұрақты айдар қылып қойдым. Сол кездегі Қазақ телерадиосының төрағасы Кәмал аға Сымайылов, «Алатау» телеарнасының сол кездегі басшылары Құсыман Игісін, Фатима Бегембаева – менің бұл бастамамды бірден қолдаған.
Сонымен айдарымның алғашқы хабарын бастап кетуді қолға алдым. Бірақ қазақтың қай ақынынан бастасам екен деп көшеде келе жатсам, қарсы алдымнан ақын Ұлықбек Есдәулеттің кездесе кеткені. Қол алысып, амандасып жатып:
– Ұлықбек, «жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, сенің кездескенің мұндай жақсы болар ма? – деп жатырмын. Ештеңені түсіне қоймаған Ұлықбек:
– Жұмаш, жайша ма? – деп сұрады.
– Жайша емес, «Өлең – сөздің патшасы» деген хабар ашып едім, соны қай ақыннан бастарымды білмей, ойланып келе жатырмын, «іздегенге сұраған» дегендей кездесе кеткенің мұндай жақсы болар ма? – дедім.

Ұлықбек те:
– Жұмаш, хабарға түссем деген оймен мен де сені іздеп келе жатыр едім.
– Ұлықбек онда былай, келесі аптада хабарды түсіруді бастаймыз.
– Хабарыңның ұзақтығы қанша?
– Шамамен бір сағат. Оның үстіне алғашқы хабарымды жаңа біткен «Үлкен Алматы» каналында түнде қайықта екеуміз әңгімелесіп отырып жүргізсем деп едім. Басшыларым да қарсы емес.
– Рас болса, бұл керемет болды ғой! – деп Ұлықбек те қуанышын жасырмады. Бұл кезде мезгіл шамамен шілде айы ғой деймін. Алматының ауа райы да ғажап, тамылжып тұрған кез еді!
Сонымен хабар түсіретін күнге де жеттік. Тамылжыған шілде айының кешқұрым уақытында біз Сейфуллин көшесінің қиылысындағы каналда бас қостық (ПТС – Жылжымалы телестудияны барлық асай-мүсейімен сонда алып барғам). Түсіретін операторлар, асистенттер, режиссер (белгілі қазақ композиторы Садық Кәрімбаевтың ұлы еді, есімі есте қалмапты) жұмысқа сақадай сай тұрды.
Прожекторлар жарығымен Ұлықбек екеуміз қайыққа мініп, каналда баяу жүзіп жүріп, хабар түсіруге дайындалып та кеттік. Аспандағы толықсып толысқан ай, жыпырлаған жұлдыздар, каналдың екі жағындағы самсаған теректер, қайықтағы екеу – бір-бірімен ғажап үйлесім тапқандай еді. Режиссерым:
– Бастаңдар! – деп белгі берісімен мен:
– Ассалаумағалейкүм! Қайырлы кеш, қадірлі телекөрермендер? Сонымен телеарнамыздың «Өлең – сөздің патшасы» хабарын бастағалы отырмыз. Біздің бүгінгі қонағымыз ақын Ұлықбек Есдәулет, – деп хабарды бастағаным есімде. Арада бір сағаттан астам уақыттың қалай өтіп кеткенін де сезбей қалдық. Режиссер белгі беріп, түсіруді тоқтатып жатыр. «Ух!» деп біз жағаға шықтық.
– Қалай? – деп сұраймын қонағымнан, ол:
– Қалай өткенін өзім де білмей қалдым. Жұмаш, саған рақмет! – деп жатыр Ұлықбек риза көңілмен. Режиссерімнен сұрасам, ол ыржиып, бас бармағын көрсетті. Менің көңілім де орнына түсті.
Ұлықбекпен болған сол сұқбатты монтаждап, бір сағатқа эфирге де қойдық. Хабар басшыларыма да ұнады. Эфирден өтті. Хабарымды жұрт мақтап телефондар шалып жатты. Телевизия ілездемесінде бастығымыз Кәмал Сымайылов, одан кейінгі басшыларым Құсыман Игісін, Фатима Бегембаева менің ол хабарымды мақтап, аптаның ең үздік хабары деп айрықша атап өткені бүгінгідей көз алдымда.
Бұдан кейін Ұлықбек екеуміздің арамыз тіпті жақындаса түсті. Ол мені үйіне, мен оны үйіме шақырып дегендей бір ай бойы әлгі хабарды атап өткеніміз де рас. Кейін мен саясат жағында жүргенде де Ұлықбек басқалар сияқты менен қашқақтамады. Қайта мені зорлағандай етіп, Жазушылар одағына мүшелікке қабылдағаны, «Аягөз» атты өлеңмен жазылған көлемді романымды мемлекеттік жоспарға енгізгені, қаламақы төлегендері, баспадан басып шығарғандары, Одақтың әдеби жыл қорытындысында айрықша атап өткені, «Қазақ әдебиеті» газет сол романым туралы көлемді мақала жариялағаны, Ертай Айғалидың «Қазақстан дәуірі» газетіне көлемді мақала жариялағаны, Сержан Інімнің менің «Аягөз» романым жөнінде көлемді зерттеуді www.abai.kz сайтына да көлемді мақала жариялағаны, Жазушылар одағының дәстүрлі жыл қорытындысында аталып өткені, т.б. азаматтардың маған істеген жақсылықтарын шағын естелігімде айтып тауыса алар емеспін. Баяғы тележурналист тілімен айтқанда:
– Сонымен кезекті телехабарымыз аяқталып келеді. Келесі кездескенше сау-саламатта болайық, қадірлі телекөрермен! – деп аяқтағым келеді.

Жұмаш Кенебай – Көкбөрі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір