БАУЫРЫН ЖАЗА АЛМАҒАН ҚҰЛАГЕРІМ
10.02.2023
625
0

Қазақ айтыс өнерінің аспанында жарқ етіп көрініп, мезгілсіз аққан жұлдыздай болған ақынның бірегейі – жетісулық Жандарбек Бегімбетов болатын. Жандарбек сахна төріне шыққан бет­тен өзінің құлаққа жағымды әнімен, төрт аяғын тең басқан жорғадай алымды жырымен, қарсыласына айтқан ұтымды да, жарасымды әзілдерімен елді елең еткізген ақын еді. Мен: «Ой-бой, көзі тірісінде Жәкеңді жақсы біліп едім. Біз дос болып араласып-құраласып тұрған едік, пәлен еді, түглен еді!» – десем өзімді де, өзгені де алдаған болар едім. Біз дос болып та, бір-бірімізді түсінісіп, араласып та кетер ме едік. Егер тосыннан келген ажал оғы қазақ айтысының енді ғана ойқастай шыққан жүйрігін бауырын жазып үлгерместен жайратып салмағанда…
Жандарбектің «Илигай, халқым, илигай-ай» деп шырқаған құлаққа жағымды сазды әні әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұрады. Сол айтыста көсіле шауып көптің көңілін бір серпілткен жас ақынның «Таңғы ауадай тұнық дауысы талайлардың жадында жат­талып қалған болар?!» деп ойлаймын.
1990 жыл. Тамыз айының шамамен 10-15-нің аралығы болса керек. Алматыда бұрын-соңды болмаған «ІІІ республикалық ақындар айтысы» деген үлкен айтыс өтетін болды. Бұл айтыстың бір ерекшелігі – еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақындардың санына да, жасына да ешқандай шектеу болған жоқ.
Рас-өтірігін кім білсін, дәл осы уақыт­та сыйымдылығы үш жарым мың орындық Республика сарайы аяқ астынан «ремонтқа» жабылып қалды да, айтыс М.Әуезов театрында өтетін болды. Айтыс басталмастан бір күн бұрын Жүрсін Ерманов бастаған жеті-сегіз адам айтысам деп талаптанып келген ақындарды, жыршы-термешілер мен әнші-күйшілердің барлығын іріктеуден өткізді. Іріктеудің өзі таң атқаннан, күн батқанға дейін, тура бір күнді алды. Себебі жер-жерден келген ақындардың есебінде сан жоқ болатын. Сол жерде жүріп естігенім, бас-аяғы 120 ақын келіп, соның 96-сы іріктеуден сүрінбей өтіпті. (Естіген құлақта жазық жоқ. Мүмкін бұлардың қатарына жыршы-термеші, әнші, күйшілер де енген болар?! Ол жағын анықтаймын деген адам сол кездегі архивке үңілсе болады).
Қайсыбір қазақы қаймағы бұзылмаған, ақындық дәстүрі үзілмеген өңірлерден он-он бес ақынның келгенін естіп, есімізден танып қала жаздаған­быз. Таңғы сағат 10-нан басталып, кешкі 8-9-ға дейін жалғасқан жыр бәсекесі бақандай бес күнге созылды. Ұйымдастырушылар тарапынан театрдың ішіне сыймай қалған жұртқа радио торабы арқылы айтысты көрмесе де, тікелей тыңдауға мүмкіндік жасалды. Театрдың айналасы – ас-суларын өздерімен ала кеп, тал-теректің көлеңкесін сағалаған, газонға жайғасып, жантайып жатқан, малдас құрып отырған жұрт. Осы сурет әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді.
Айтысқа келген қатысушылардың барлығы дерлік «Қазақстан» қонақ үйіне орналасқан. Дәл қонақ үйдің алдында бұрыннан айтысқа түсіп жүрген, бір-бірлерін танып-біліп қалған ақындар көрген жерде ел-жұрт­тың, бала-шағаның амандық-саулығын сұрасып қауқылдасып жатырмыз. Араларымызда бұрын-соңды айтыс сахнасынан көрмеген бейтаныс жігіт­тер де бар екен. Ұмытпасам, Есенқұл ағам-ау деймін, әлгі бейтаныс ақындарды таныстыра бастады. Тал бойында артық еті жоқ, жұқалтаң келген, көзі көкшілдеу, қызыл шырайлы жігіт­тің есімі Айтақын екен. Айтақынның қасындағы бет әлпеті кино актерлеріне келіңкірейтін, әдеміше, қараторы, тебіндей өскен мұрты бар сұңғақ бойлы жігіт «Жандарбек» – деп қолын созды. Екеуі де Жетісудың азамат­тары екен.
…Алла қолдап, іріктеуден өткенбіз. Ертең айтыс басталмақ. Қонақ үйдегі бөлмелердің бірінен домбыраның үні естілгесін, елеңдеп барсам, есігі жартылай ашық тұр екен. Рұқсат сұрап есігін қағып ем, іш жақтан:
–Иә-иә, кіріңіз, кіре беріңіз! – деген бөлме иесінің дауысы да естілді. Жандарбектің орналасқан бөлмесі екен. Жас мөлшеріміз шамалас болса да, орнынан ұшып түрегеп, «Шәй қояйын», – деп жік-жапар боп жатыр.
Екеуіміз шай іше отырып, айтыс өнеріне тоқталып, ел-жұртымыз, отбасымыз жайлы біраз әңгімелестік. Құдай қосқан қосағы Жамбыл облысының қызы екен. Сол кезде үш жаста болса керек, – Олжас деген ұлым бар, Олжас Сүлейменов ағамыздың құрметіне қойдым, – деді өзіне жарасып тұратын күлкісімен жымия отырып. Сосын қолына домбырасын алып, біраз құлағының күйін келтіріп алды да, айғай салмай, баяу қоңыр дауысымен халық әндерінің бірін орындады. Байқап отырмын, домбыра шертісі де, ән сөздерін анық әрі жатық айтатындығы да, дауысы да өзгелерге ұқсай бермейтін өнерпаз екен.
Бес күнге созылған аламан айтыста Жандарбектің нешінші орын алғаны есімде қалмапты. Есесіне, Жәкеңнің сол жолы «Илигай, халқым, илигай-ай!» деп шырқаған сазды да, сұлу мақамы бүкіл қазақ сахарасын шарлап кеткені есімде мәңгі қап қойыпты. Сол жылдың күзінде «Жандарбек Бегімбетов қаза бопты!» деген қаралы хабар төбемізден жай түсіргендей болды. Шынымды айтсам, сенер-сенбесімді білмей қалдым. «Қалайша? Ол әлі жас еді ғой? Ол әлі талай-талай жыр сайыстарында жасындай жарқылдауы керек емес пе еді?» деген сансыз сауал санамды сабалап жат­ты. Амал қанша, Жәкеңнің маңдайына жазылғаны, бар болғаны 28-ақ жас екен.
Жүрсін Ерман көкеміз ауызекі сөзге өте тапқыр әрі айтқыш адам ғой. Сол кісі өзінің 70 жылдық мерейтойында: «Айналайын, ақындарым! Жайнамазға иілмей жүрген басымды сендерге идім!» – деп жиналған жұрт­ты бір күлдірген еді. Сол Жүкең айтқандай, айналайын, Жетісу халқы! Осы елдегі атқамінер мырзалар, Жандарбектей біртуар арысын жоқтатпай, ұлан-асыр астың басы-қасында жүрген азамат­тар, баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіре отырып, алдарыңызда басымды идім!

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Өскемен қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір