ҚОШ, ҚАЗАҚ ЖАНЫН ҚАЛАМЫМЕН АЯЛАҒАН СУРЕТКЕР!
02.12.2022
707
0

Қабырғалы қаламгер Мархабат Байғұт 77 жасын­да өмірден өтті. Кейде әдебиет туралы әңгімеле­генде «ұлттық таным» деген сөзді жиі ауызға алып жатамыз. Қаламгердің шығармалары­нан дәл осы ұлттық таным, ұлттық ойлау формасы менмұндалап тұратын. Ол қарапайым адамдардың өмірін, қадір-қасиетін, құштарлығын, арманын жазды. Қысқа әңгіме жазудың хас шебері атанды. Қазақ әдебиетіндегі бейімбеттік дәстүрді өзіне тән мәнермен толықтырып, заманауи қалыпта нақыштады. Өзі туып-өскен өңірден ұзап шықпай-ақ, күллі қазақ даласын рухани орталық санады. Әдеби дау-шарлардан жырақ, өзінің шығармашылық әлемінде өмір сүрді. Қош, қазақтың жанын қаламымен аялаған суреткер!

Белгілі жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт 77 жасында өмірден озды. Ол – 1945 жылы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Сібір және Забайкалье әскери округтерінде әскерде болған. 1968-74 жж. Түлкібас аудандық газетінде корректор, аудармашы, бөлім меңгерушісі, 1974-84 жж. облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде аудармашы, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, 1984-85 жылдары облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, 1985-92 жж. Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесінің жетекшісі, 1992-93 жж. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, 1993-98 жж. облыстық тіл басқармасының бастығы, 1998-2001 жж. облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, 2001-03 жж. осы басқарманың бастығы, 2003-04 жж. облыстық ақпарат басқармасының бастығы, 2005-08 жж. облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы, 2008 жылғы мамыр айынан 2012 жылғы мамыр айына дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңір бойынша (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл) арнаулы тілшісі, 2012-16 жж. «Қазығұрт KZ» альманахының, кейіннен журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.
«Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Ақтолғай», «Сағыныш саздары», «Бұла бұлақ», «Күнгей көңіл», «Іштарлық пен құштарлық», «Аршакие», т.б. прозалық және публицистикалық кітаптары жарық көрген. Олардың бәрі дерлік негізінен Алматыдағы «Жазушы», «Жалын», «Қайнар», «Қазақпарат», «Қазақстан» баспаларынан шыққан. 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан шығармаларының төрт томдығы жарық көрді. 2016 жылы таңдамалы шығармаларының үш томдығы шықты. «Бозторғайдың ұясы», «Жоғалған жұрнақ», «Көксу комедиясы» драмалары театр сахнасында қойылған. В.Шук­шиннің, У.Ирвингтің, Ш.Айтматовтың, А.Кимнің, В.Покаль­чуктің, Е.Андрееваның шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. 2015 жылы Түркияда «Дауыстың түсі» атты әңгімелер кітабы түрік тілінде шықты.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Бауырмал» сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. 1996 жылы «Құрмет» орденімен, 2014 жылы «Парасат» орденімен, көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, 2009 жылы Қазақстанның Құрметті журналисі атақтары берілді. Түлкібас және Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы. 2016 жылы халықаралық «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығын алды.
Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып, қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгердің жарқын болмысы халқының, қаламдастарының жүрегінде сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының хатшылығы

ОРНЫ ТОЛМАС ӨКІНІШ

Сұм ажал арамыздан аяулы, қимас азаматымызды әй-шәйға қарамай алып кетті деп айта-айта әбден айтар сөзіміз де, ойымыз да ойсырап бара жатыр. Мархабат деген есім – мен үшін өте қымбат есім еді. Жастайымыздан мен де оңтүстіктен, ол да оңтүстіктен шыққан жазушы едік. Ол жас жағынан менен 3-4 жас кіші болса да, өзімнің бір тетелес, теңдес досымның біріне айналып еді. Жаңа бір шығарма шыға қалса, белгілі бір қуанышты оқиға бола қалса, алдымен телефон соғатын осы досым, әрі інім – Мархабат еді. Енді қазір қанатым қайрылғандай болып отырмын. Амал не!
Ауырып жатқанын естігеннен кейін телефон соққанымда қарындасымыз Ақлима: «Дулат аға, папаммен өзіміз де сөйлесе алмаймыз, ол жансақтау бөлімінде жатыр ғой!» – деді. Сол кездері онымен бір ауыз тілдесе алмағаныма өкінемін. Қазақта сөз бар ғой: «не болар екі көзің бірінен соң, ағаның сәні болмас ініден соң» деген. Сол Мархабат досым әрі інім арамыздан кеткеніне өкінішімнің орны толмайтындай жағдайда отырмын. Оның қандай жазушы, қандай азамат екенін барлық қазақ қаламгерлері, оқырман қауым жақсы біледі. Мархабаттың көркем шығармалары, қайталанбас істері өзіне тән. Оңтүстіктің бүкіл өмірі, мінез-құлқы енді Мархабаттың қаламына ілікпейді. Бұл да бір орны толмас өкініш!
Мархабат досым әрі інім өзінің бір баласының атын менің атыммен Дулат деп қойып еді. Арамыздан қыл өтпестей сондай жақын болдық. Енді сол балалар аман болсын, өсірген ұл-қыздары әкесінің орнын басып, ұрпағын жалғастыра берсін. Өссін-өнсін. Жаны жаннатта болсын, Мархат інім, Мархабат досым!

Дулат ИСАБЕКОВ

ТҰТАСТАЙ ҰЛТТЫҚ ҚАЛАМГЕР ДӘРЕЖЕСІНЕ КӨТЕРІЛГЕН ТҰЛҒА

Мархабат Байғұт қазасы – қазақ рухани кеңістігіне қар жауып, қазан ұрғанға пара-пар құбылыс. Болмысының ерекшелігі мен қолтаңба айшығының, өрнек-бедерінің үйлесім, жарасымы алыстан көрініп, көркемдік сиқыры көпшілікті баурай бастаған уақытта, әрине, оның қазасының өкініші көп. Ғафу Қайырбековше айтқанда, ол аудан, облыс жазушысы емес, ол – тұтастай ұлттық қаламгер дәрежесіне көтерілген тұлға.
Мархабат Байғұттың көзін тікшелеп тастап, сәл жымиған сәтте жүзіне үйірілетін мейірім жақын-жуықтығынан бөлек, жалғандығы жоқ шынайылықтың қадіріне кештетіп жете бастаған, тап осы кезде өксікке ұқсайтын зарығу көкірегін кернеп әкете жөнеледі. Қош бол, қайран Мәке!

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ 

БАҚҰЛ БОЛ, ТҮРКІСТАННЫҢ ТАСТҮЛЕГІ

Екеуміз екі қаланың тұрғыны болғандықтан ба, тонның ішкі бауындай араласып едік десем, артық болар. Алайда соңғы жылдары бір-бірімізбен хабарласып, жарық көрген шығармалар туралы пікірлестер едік. Рухани ұстазың – Тәкен Әлімқұловқа деген құрметің ерек еді. «Түркістаныңыздың қайта түлегенін көрдік», – деген сынды екінші жақпен жазатын өз стиліңді қалыптастырдың. Бірінен кейін бірі жарық көрген көптеген прозалық кітаптарыңның жеңіл юмормен кестеленген оқиғалары – сенің толысқан, мықты қаламгер екеніңді жұртшылыққа аян етті.
Жуырда ғана менің бір қуанышымды ағынан жарыла құттықтап, телефон шалып едің. Өзіңнің науқасты болып, ешқайда шыға алмай жүргеніңді айтқаныңда ағаң ретінде: «Тезірек айығуың керек. Алда сен атқарар жұмыстар көп», – деп едім. Адамның тағдыры бір Алланың қолында ғой. Оралмас сапарға кете бардың. Бақұл бол, тіршілігінде жайдары жүрек, жайсаң мінезбен өткізген туған өлкеңді жан-тәніңмен сүйе білген Түркістанның тастүлектей қыраны, іні-досым! Пейіште нұрың шалқысын!

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ

ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ТҰЛҒАСЫ ЕДІ!

Қазіргі қазақ әдебиетінің классигі Мархабат Байғұт ағамыздың дүниеден озғанын естіп, жүрек жылап отыр! Соңғы рет ол кісімен Алматыда жүздестік. Осы жылғы жаз айларының бірінде, Ақкент шағын ауданындағы үйімнен жұмысқа шығып бара жатыр едім. Төмен жақтағы көрші үйден Орысбай Әбілдаев пен Баян тәтем, Мархабат аға мен Қыздаркүл жеңешем шығып келеді екен. Өздері көңілді. КазГУ-де университет бітіргендеріне айтулы дата толып, соған кездесуге бара жатыр екен. Бұл кісілер – құдай қосқан құда. Мархабат ағаның дүниеден ерте озған Баубек деген баласы мен Орекеңнің ортаншы қызы ертеректе тағдыр қосқан. Одан бірнеше ортақ немерелері бар… Еменжарқын амандасып, қауқылдасып қалдық. Ауладағы ұзын орындыққа отырып, хал-жай сұрастық. Мархабат ағам өзінің қашанғы өзгермейтін қалпымен жылы жымиып, нұрын төгіп, ерекше бір мейірім шуағын шашып адамның бауырына кіре әңгіме созып, біраз аялдадық. Жазушылар Одағы мен Ақтөбе облыстық әкімдігі бәйгесінде алған Тобық Жармағамбетов атындағы сыйлық алғанына Ұлықбек інісіне,маған алғысын жаудырып-ақ жатыр. Қайран қатал тағдыр-ай! Бұл менің ол кісіні соңғы рет көруім екен-ау! Кейін тағы бір мәрте телефон арқылы сөйлестім. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай қыркүйек­тің 28-інде Семейдегі шараға Мемлекет басшысы баратынын, соған «Әуезовтің қазіргі көрнекті ізбасары ретінде барып қайта аласыз ба?» деп сұрағанымда, өзінің сырқаттанып жатқанын айтты! Ел жүрегіне ұя салған аса дарынды жазушы, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қайраткер тұлғамыз еді. Берісі– алты Алашқа, арысы – бүкіл түркі дүниесіне танымал болатын. Кейінгі жылдар бедерінің өзінде Ұлы Жібек Жолындағы орналасқан Түркістан шаһары туралы тарихи деректі шығармасы Бейжіңнен қытай тілінде жарық көріп еді. Ал оның «Әкімнің әйелі» шығармасын көрші ел Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиеев мақтап, барлық өзбек шенеуніктеріне сөз арнап, қазақ жазушысы Мархабат Байғұттың «Хокимнің хотуны» прозалық шығармасын оқып шығуға үлкен жиын үстінде пәрмен беріпті. Осыдан екі-үш жылдай бұрын алыстағы Түркияда Мархабат ағаның кітабы түрік тілінде басылып шығып, «Түркі дүниесіне зор қызметі үшін» мәртебелі сыйлығымен марапатталды. Осының өзі қандай ұлы жазушымыздан көз жазып қалғанымызды аңғартатын мысалдар.
Жан Аға! Біз сізді ұмытпаймыз!

Бауыржан ЖАҚЫП

Қайран құрдасым-ай!

Қайран Мархабат құрдасым-ай! Сенің де бұл өмірден өткенің бе?! Анда-санда кездескен сайын бір-бірімізді қалжыңмен қағытып, мәре-сәре болып қалушы едік…
Түстік мақамымен жазылған сенің дүниелерің – қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ірі суреткерлік деңгейде жазылған, шындықтың қаны сорғалап тұрған ол шығармаларың бүгіннің өзінде рухани құндылықтарымызға айналды. Әттеген-ай, ол шығармаларың кезінде нақты бағасын ала алмады. Жолы қырқылды. Ол шығармалар туралы Назарбаевтың өзі теледидардан сөйлеп (ол кісінің бұрын мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған дүниелер туралы сөйлегенін көрген емеспіз), шығарманы сыйлық алайын деп тұрған жерінен құлатып тастап еді. Назарбаевтың ол сөзінен, билікке тиіскендер сыйлықтан дәметпесін дегендей сес байқап ем. Ол билік келмеске кетті. Ал Мархабаттың шығармалары мәңгілік сөресіне жайғасты.
Бұдан төрт-бес ай бұрын Мархабаттың «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қатын күрес» атты әңгімесі жарық көрді. Оған телефон соқтым. Әдеттегідей қалжыңмен қағысып алып, хал сұрастық. Ол жақында ота жасатқанын, қазір соның зардабымен күресіп жатқанын айтты.
Екі күннің бірінде жатып қала беретін мен оның бұл сөзіне соншалықты мән бере қойғам жоқ. «Ауы­рып тұрдың, аунап тұрдыңның» бірі шығар деп ойлағам. Сонан кейін мен «Қатын күрес» әңгімесіне ойыс­тым да, «Мархабат, сенің мына әдемі әңгімең менің ойыма бір идея салып тұр дедім». «Ол қандай идея?» деді. «Сен қазір төсек тартып жатыр екенсің, тұр­ған соң екеуіміз әйелдерімізді күрестірсек қайтеді?» дедім. Мархабат кенет сылқылдап күліп жіберді. «Туу, мына идеяң – идея-ақ екен. Күрестірсек, күрестірейік» деп мәз болды. Екеуіміз осыған ауызша бәтуаласып, қош айтыстық…
Енді, міне, қоштасу сөз айтып отырғаным. Қайран дос, қайран құрдас. Жатқан қараңғы жерің жарық, жамылған ауыр топырағың жеңіл болсын!

Құрдасың Темірхан МЕДЕТБЕК

ҚОЛТАҢБАСЫ ЕРТЕ ҚАЛЫПТАСҚАН ҚАЛАМГЕР

Мархабат Байғұт – әдебиетіміздегі көп жазушының бірі емес, бірегейі еді ғой! Солықтау, еліктеу дегенге бой үйретпестен, өз стилін, өз қолтаңбасын ерте бастан қалыптастырып үлгерді. Махаңның әңгімелері жүрекке жылы тиетін «айналасы жұп-жұмыр» өлең жолдарындай әсер ететін. Оқыған үстіне оқи бергің келетін. Қаламгердің «азапты» өмірден еншілеген бір олжасы – осы, бәлкім, басты бақыты!
Шыңғыс Мұқан бауырымыздың таң атпай жатып, әлеуметтік желідегі қимастықпен қиналып жазған хабарламасы жүрегімізді солқ еткізді. Туған еліне, туған әдебиетіне бір кісідей қызмет сіңірген адамның есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Алдыңыз пейіш, артыңыз аман болсын, Маха!

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

КЕЙІНГІ ТОЛҚЫНҒА ҚАМҚОР БОЛДЫ

Біздің алдымызда мүйізі қарағайдай үш прозашы бар. Тынымбай Нұрмағанбетовтің орны бөлек, бір жыл бұрын «Айғыркісі» – Несіпбек Дәутайұлы кетті арқырап. Енді Мархабат Байғұтты да о дүниенің жолына шығарып салып отырмыз.
Ол әдебиет деген қырық градус аптапта жүріп, «Шілде»-ні жазып, жұртын тамсандырды, сосын «Әдебиет пәнінің періштесін» өмірге әкеліп, әдебиет деген әлем мен әдемі әйелдің жан дүниесін астастырып, оқырманын тағы да тамсандырды. «Іштарлық пен құштарлықты» жазып болған соң іштарлығы жоқ кең дүниеге аттанып кетті.
Махаң алдыңғы толқынға бас иіп, маңдайынан сипаған алақан табы бойын жылытса, әркез артына бұрыла қарап, соңынан ергендерді сәйгүліктің сынын айтқандай саралап отыратын. Әдебиет туралы, қара сөз хақында әңгіме бола қалса, есім-сойымызды көлденең тартып, болашақ туралы батыл ойларын тігісін жатқызып жеткізетін. Осындай ағалар да аз қалды. Махаң да кетті қасымыздан.
Әдебиет деген аптапты аластап, мәңгілік мекеніңе кетсең де біз сені айтып отырамыз, асыл аға! «Жақсының аты өлмейді». Әдебиет ауылына өз қазығыңды қағып кеттіңіз. Бақұл бол, аға!

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

 

Ауыл хикаяттарын СУРЕТТЕУДІҢ хас шебері еді

Қабырғалы қаламгер Мархабат Байғұт өмірден озды деген суық, қаралы хабар жеткенде еріксіз жүрегім дір етті. Қайран қатыгез дүние-ай!
Көп жылдар Мархабат Байғұттың сан түрлі баспаларда жарық көрген әр мақаласын, әр әңгіме-хикаятын тамсана оқитындар қатарында болдым. Расында да, ол қысқа әңгімелер жазудың хас шебері еді. Әсіресе ауыл тіршілігін, ауыл адамдарын, олардың мінездері мен қылықтарын керемет нанымды етіп беретін ғажап суреткер еді. Әр шығармасында ұлттық рең-сипат әдемі орын алатын. Оның сол тартымды әңгімелерін оқып отырып, жазушының тапқырлығына, ой-қиялының тереңдігіне, нақтылығына әрі заман сипатын айнытпай беретін шеберлігіне, тілінің шұрайлы-сұлулығына сүйсінетінбіз. Шынында да Мархабат Байғұт ұлттық әдебиетімізден ойып орын алған алтын қаламды, асыл ойлы жазушы болатын.
Мархабат ағаны замандастары «Роман жазбаған қаламгер» деп қалжыңдайтын. Бірақ оның баспадан жарық көрген әрбір әңгімелер жинағы романдарға бергісіз еді. Әр әңгімесі әсем, сазды әнге ұқсайтын құдіреті бар болатын. Ол өзінің ізденімпаздығының арқасында сөз зергеріне айналып еді. «Біздікі – әдебиет дейтін ұлы мұхитқа кішкене ғана бұлақ боп қосылсақ деген мақсат қой» деуші еді М.Байғұт.
Өмірде өзімен ғана шектелмей, ақыл-ой, бар өнерін елімен бөлісіп, саналы өмірін ел игілігіне, ұлт руханиятын тереңдетуге барынша үлес қосқан қайраткер қаламгер Мархабат Байғұт есімі ел есінде ұзақ жылдар сақтала бермек.
Бақұл болыңыз, Мархабат аға!

Сағындық ОРДАБЕКОВ

Өкініш-ай…

Мархабат аға!
Мен сізді мақтан тұтушы едім. Сіз дүниеге келген Түлкібас өңірінде менің де дүниеге келгенімді, сіз оқыған орта мектепте өзімнің де оқығанымды, сізге әдебиет пәнінен сабақ берген мұғалімнің маған да сабақ бергенін айтып, мақтанушы едім. Ең бастысы, әдебиетші ретінде, әдебиет сыншысы ретінде мен сіздің әңгімелеріңізді ерекше мақтан етіп, айрықша бағалаушы едім.
Сіз Алматыда, не болмаса Астанада тұрған жоқсыз, өмір бойы облыста тұрдыңыз. Бірақ сіздің әңгімелеріңіз облыстық деңгейде қалған жоқ. Әлемдік деңгейге көтерілді. Сіздің әңгімелеріңіз қазіргі күнгі Еуропа елдерінің, егер бұдан да кеңірек айтсақ, Батыс пен Шығыс елдерінің озық деген, үздік деген әңгімелерінен асып түсіп жатпаса, бір де кем қалған жоқ.
«Бізге қазақы әңгіме емес, қазақ әңгімесі керек. Ұлт өмірін екшейтін, безбендейтін әңгіме керек» дейді Тәкен Әлімқұлов. Т.Әлімқұловты пір тұтушы едіңіз ғой. Ұстазыңыздың осы сөзіне мейлінше адал болдыңыз. Сіз тек қазақ қаламгері ғана жаза алатын, яғни қазақ ойының, қазақ сөзінің, қазақтың мұңы мен мұқтажының ешбір ұлтқа ұқсамайтын иін-иірімдеріне, құнар-құпиясына үңіле білдіңіз. Осылайша өзіңізді қазақ әңгімесінің хас шебері ретінде таныттыңыз.
Айтпақшы, жазушы әлемдік деңгейге ешуақытта көзжұмбай көшірмешілдікпен, өзгені конспектілеумен, еліктеп-солықтаумен көтеріле алмайды. Сіз әлемдік деңгейге қазақ әңгімесі арқылы, яки қазақ әңгімесін көркейте, ұстарта білу арқылы көтерілдіңіз. Сіз әңгіме жанрын «әулие жанр» деуші едіңіз ғой, осы әулие жанрдың биігіне де қазақ әңгімесі арқылы шықтыңыз. Сіз қазақ әңгімесін көтердіңіз, ал қасиетіңнен айналайын қазақ әңгімесі сізді көтерді.
Сіздің қазақ әңгімесінің хас шебері екеніңіз жайында, суреткерлігіңіз хақында, қазіргі күні қазақ әңгімесінің көшін өрге сүйреп келе жатқан ерекше дарыныңыз бен ерен еңбегіңіз жөнінде талай жерде айттым да (әдеби жиын-жиналыстарда, оқырман конференцияларында және т.б.). Студенттермен кездесу барысында сіздің «Таскекіре» атты әңгімеңізді жарты сағатқа жуық талдап-тарқатқаным да есімде. Бірақ…
Бірақ қара басқанда, көкіректе сайрап тұрғанды қағазға түсіруге құнт қылмаппыз ғой. Осындай жайбасарлығымыздың кесірінен сіз туралы бір мақала тұрмақ, жарты абзац жазуға да жарамаппыз… Өкініш-ай…
Сіз ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағының Шымкенттегі облыстық бөлімшесін басқардыңыз. Облыс көлемінде мұнан басқа да жауапты қызметтердің тізгінін ұстадыңыз. Артық айтқанымыз емес, осы уақыт ішінде сіз Оңтүстік өңірде үлке-е-ен әдеби орта қалыптастырдыңыз. Бірін-бірі түртпектемейтін. Бірін-бірі күндемейтін. Ру-руға бөлінбейтін. Шығармашылықты шынайы әрі әділ бағалайтын. Талантты жастарды қолдай білетін.
Осының бәрі сіздің мөлдір бұлақтай тазалығыңыздың, биік мәдениетіңіздің, зор парасатыңыздың, әдебиетке деген шексіз жанашырлығыңыз бен үлкен жауапкершілігіңіздің арқасында жүзеге асты. Не дейік, орныңыз да, жөніңіз де бөлек еді… Ерек еді…
Қош, қош болыңыз, суреткер аға! Жазуы да, жаны да сұлу аға!

Әмірхан Меңдеке

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір