Сыншыл да шыншыл суреткер
ҚР Ұлттық кітапханасында қазақ сатирасының көрнекті өкілі, белгілі жазушы, аудармашы Сайымжан Еркебаевтың туғанына 90 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Кеш барысында «Менің Қожанасырым…» атты естеліктер кітабының тұсауы кесілді.

Кешті Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сыншы Әлия Бөпежанова ашып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сайымжан Нұрсейітұлының шығармашылығына тоқталды.
Жиын төрінен сөз алған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, «Халық ағарту ісінің үздігі», ұлағатты ұстаз Сақыш Қарабалина, ҚР халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахмеджан Ашири, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет қайраткері Ұзақбай Қарабалин, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Нұржан Қадыржанұлы, Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің директоры Салтанат Әбілғазиева, сатира әлемінің өкілі, жазушы Қазыхан Әше, жазушылар Нұрлан Қами, Құмарбек Омаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актер Байғали Есенәлиевтер қаламгердің туындылары, азаматтық болмысы, өмірлік ұстанымы туралы қызметтес, әріптес, замандас ретінде өз естеліктерімен бөлісті. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Аманғазы Әлімғазыұлы жазушының 90 жылдығына арнап жыр маржанын шашу етті.
Қазақстан Жазушылар одағының атынан қаламгердің жары Сара Әмірқанова мен туысы Сақыш Қарабалинаға сый-сияпат көрсетіліп, аналарымыздың иығына қамзол жабылды.
Жазушының отбасының атынан сөз сөйлеген қызы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, профессор Анар Еркебай Сайымжан Еркебаевтың 90 жылдығына арналған еске алу кешін ұйымдастырып, естеліктер кітабының жарық көруіне мұрындық болған Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасына, қаламгерлер қауымына, әке рухын ардақтаған кеш қонақтарына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
Өз тілшімізден