САМҰРЫҚ ТЕКТЕС СУРЕТКЕР
Әдебиет – дүниенің дәл өзіндей тылсым құбылыс. Мәңгілік тұғырына қыруар шығарма жазған еңбекқор қаламгер міне ме, әлде санаулы туындысымен даңқа ие болған дарын иесі ме? Бұл мәселеде қалағанша дауласуға болады, бірақ ақиқаттың ұшығына жету қиын. Өйткені Оноре де Бальзак 100-ге жуық, Лев Толстой 100-ден аса, Агата Кристи 69 роман, 19 пьеса, Барбара Картленд 722 кітап жазса, Харпер Ли («Убить пересмешника»), Маргарет Митчелл («Унесённые ветром»), Дж. Д.Сэлинджер («Над пропастью во ржи»), Ярослав Гашек («Похождение бравого солдата Швейка») сияқты жазушылар жалғыз романмен тарихта қалған. Ал жүздеген кітап жазып немесе жалқы кітаппен жазушы бола алмағандар да бар. Жалпы, «мәселе санда емес, сапада» деген қасаң қағида классиктерге жүрмейді. Себебі Бальзак, Толстой, А.Кристилердің шығармасын сапасыз деу мүмкін емес. «Әдебиет – тылсым құбылыс» деп отырғанымыз да сондықтан.
Біз сөз еткелі отырған Сайлаубай Жұбатырұлы – сирек жазса да өз туындыларында сөз құдіретін сіңіріп, оны ұлтының асыл қазынасына айналдырып жүрген сирек қаламгерлер санатынан.
Ол 1948 жылы 11 қаңтарда Қызылорда облысының Арал ауданындағы Бөген ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Ең алғаш 1967 жылы «Білім және еңбек» журналында «Аралды қайтсек сақтаймыз?» проблемалық мақаласы, «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған «Боз айғыр» әңгімесімен көрінді. 1971 жылы жастарға арналған шығармалардың жабық бәйгесінде «Алыстағы аралдар» повесімен екінші орынды жеңіп алды. «Отты өткел», «Бумеранг» повестері, әңгіме-новеллалары «Жасыл сағым» (1978), «Алыстағы аралдар» (1980), «Зеленый мираж» (орыс тілінде, 1984) кітаптарында және ұжымдық жинақтарда жарияланды. «Сырдария» кітапханасы сериясымен екі томдығы жарық көрді. «Абыржы» роман-трилогиясымен қазақ прозасын жаңа – кезеңдік биікке көтерді.
С.Жұбатырұлы кино саласында да жемісті еңбек еткен. Ол – «Қазақфильм» түсірген толықметражды «Бумеранг» көркем фильмі мен Қазақ телевидениесі түсірген «Күзгі жол» көркем телефильмінің авторы.
Сайлаубай Жұбатырұлы – әдебиетке өз соқпағымен келіп, өз жолын салған қаламгер. Ол соцреализм шырмауында жатқан әдебиетке тегеурінді алпысыншы жылдар ұрпағын өкшелей келіп, жетпісінші жылдардың басында «Алыстағы аралдар» повесімен қалыптасқан нормаларды бұзып, ұшқыр ой қанатында романтикалық соны үн көтерді. Сексенінші жылдарда «Сұрауы бар су» проблемалық мақаласымен қазақ журналистикасының өткір, батыл көсемсөз дәстүріне жол ашты. Белгілі қаламгер Шерхан Мұртаза аталмыш мақалаға «Қазақ әдебиеті» газетінің «Жылдың үздік мақаласы» жүлдесін бере тұрып, осылай деген-ді. Жаңа ғасырдың басында болмысы да, бітімі де бөлек «Абыржы» роман-трилогиясымен полифониялық, философиялық, психо-сараптамалық баян үлгісін берді. Осы үш шығармашылық ерлік қазақ әдебиетінің мәнін, мәдениетін тереңдетті, өрісін кеңейтті, өресін биіктетті. Жазушы әлі күнге жаңашылдық, бастамашылдық бағытынан тайған жоқ.
«Абыржы» роман-трилогиясы «Баратария аралының губернаторы», «Бейсеует жолаушылар», «Мұрсат» атты үш кітаптан тұрады. Әдетте, белгілі бір кезеңді тұтас суреттеген «Абай жолы» (Мұхтар Әуезов), «Қан мен тер» (Әбдіжәміл Нұрпейісов) сияқты шығармаларды «эпопея» деп атаймыз. Бір дәуірден бір дәуірге, бір формациядан бір формацияға өтер кезеңді адамдардың жан дүниесі арқылы сәулелендірген «Абыржыны» «эпопея» деп атауға толық негіз бар.
«Ол бір келеді.
Ереуіл күндер, алмағайып аспан, алақұйын екпіндер легінде… Ол әрдайым тосын, әрдайым күрт, тіпті апаттай тұтқиыл. Күн қабағын баққан жұрт алаңжарлы күй кешеді. Тірліктен қалып, рызық-несібеден тарыққан жүдеулеу хал келеді. Алыс-беріс, хабар-қатынастан кемшін күй болады. «Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілетін» өліара шақ.
Сонау су бойындағы ел оны «Абыржы» деп атаған».
Романдағы автордың бұл пікірі теңіздегі жағдай емес, алып империя бұғауынан құтылып, тәуелсіздікке қол жеткізген елдің өтпелі кезеңдегі тыныс-тіршілігін тұспалдап тұр.
Роман-трилогияның бірнеше ерекшеліктері бар:
1.Мәтінге полифониялық мағына беру;
2.Философиялық, психо-сараптамалық баяндау тәсілі;
3.Сюжетпен ойнаудан қашу;
4. Қоғамның сипатын кейіпкер тағдырымен астарлай суреттеу;
4.Тавтологиядан аулақ болу.
Медет Жарболов есімді бас кейіпкердің бірнеше жылдан соң туған ауылына оралуы, ондағы өмірі роман лейтмотивіне айналған.
«Осы адам ауылға, баяғыда, бір жақтан келді. Сонан бері шеттегі құм басқан көне тамда кәрі шешесімен екеуі ғана тұрып жатыр. Үйіне барсаң, ескі итарқа тамда мүлдем жараспайтын пүліш жамылғылы дәу креслода басын сүйей бүгіліп отырады немесе төбеге селтсіз қарап, диванда жатады…»
Автор үзіндіде келтірілген емеурінмен кейіпкердің мынау ортаға бөгде, бекзат текті тұлға екенін аңғартады. Алайда қияндағы ауыл тұлғалығыңды, бекзаттығыңды нағылсын? Оның да өмірі көпшілік қатары елеусіз өтіп жатады. Былай ойлап қарасаң, дара кейіпкер арқылы сол шақтағы егемендік алған елдің мүшкіл халі суреттеліп отыр. Қазақстан да бір күнде айдаладағы адамның күйін кешкен жоқ па? Тәй-тәй басқан елдің аяққа тұру жолындағы бүкіл қиындығы, машақаты кейіпкер (лер) өмірі арқылы беріледі: «Енді, ми зеңеді, бас айналады, дүние тас-талқан… Ең сұмдығы, жаныңда жайыңды ұғар бірі жоқ. Қаңыраған қуыс кеңістік…»
Әлқуат, Өрдеш, Гапон және т.б бейнелер детальдар, штрихтар арқылы даралана түсіп, қоғамның бет-бейнесін тануға көмектеседі. «Өлетін қоғам өзінің шын бет-бейнесін ашады екен» дейді автор. Арал қасіреті, Желтоқсан оқиғасы – шіріген империяның соңғы тұяқ серпуі.
Романдағы Варфоломей түні, Хадрамаут есімдері астында біраз сыр жасырын екені даусыз. Полифониялық мағына деген осы болса керек.
Фрейд адам психикасын Өз (It), Мен (Ego), Жоғары Мен (Superego) сынды үш бөліктің өзара байланысы арқылы түсіндіреді. Түпсана өткеннен мұраланған психиканың терең қабаты ретінде көрініс табады. Оның қойнауында адамның жасырын жан сезімдері, құмарлығы мен ынта-қалауы ұялаған. Фрейд оны It (өзі, нәрсеге қаратылатын ол мағынасында, «Өз» деген сөз жақын келеді) деп атап, «қайнаған құмарлықтардың қазаны» деп бағалайды. Адамның саналы Мені – Өз бен (түпсана) қоршаған дүние арасындағы делдал рөлін ойнайды. Бұл құрылым «шынайылық ережесін» басшылыққа алады, оның мақсаты – адамның түпсанасына қызмет көрсету. Адам мені өзді өзіне бағындыруға тырысады, алайда кейде өздің ықпалында болады. Жоғарғы мен орындалуды, мәдени тыйым салуларды бейнелейтін тәрбиелік, этикалық, адамгершіліктік, діни, рухани сананы көрсетеді.
Түпсанада белгілі бір жағдайда сана аймағынан ауытқып кететін элементтер болады. Мен қабылдау мен қозғалыс органдарының жүйесін бақылайды.
Фрейд адамның психологиялық өмірі туған соң басталады деп санайды, ал жаңа туған сәбиді ол «tabula rasa» (таза тақта) деп атайды. Кейде ол организмнің анықталмаған бейімдігі туралы, тіпті адамның түс көруі мен қиялында орын алатын филогенездік сипаттағы, өзіне тән архаикалық еске түсірулер туралы айтады.
Психоаналитикалық теорияны XX ғасырдың «ғылыми мифологиясы» деп атайды. Өйткені оның өкілдері мифологиялық материалдармен жұмыс істеді. Психоаналитикалық теория миф, ритуал, дін, т.б. мәдениет аспектілерін мәдениеттанулық зерттеудің құрамдас бөлігіне айналды. Көптеген көркем шығармашылық тұжырымдары түпсананың психоаналитикалық теориясына негізделді. Олар адам әрекетінің осы саласындағы түс көрудің, фантазияның, интуиция мен еркін ассоциациялардың айрықша рөлін негіздеуге талпынады.
Медет және басқа кейіпкерлердің өмірі Фрейд негіздемелеріне сәйкес келеді.
Романның 2003 жылы жазылған «Бейсеует жолаушылар» атты екінші кітабы оқиғалары жындыханада өтеді. Жазушы осы романды жазу үшін он күннен аса жындыхананың күндізгі бөлімінде болып, олардың әрбір әрекетін бақылаған. Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды роман жазу үшін арнайы жындыханаға түскен қаламгер жоқ. Бұл – С.Жұбатырұлының әдеби ерлігінің бір парасы.
Романның үшінші кітабы – «Мұрсат». Ұлы Жаратушы адам баласын дүниеге әкелгеннен бастап, бәріне белгілі бір мұрсат береді. Ес біліп, етек жапқан соң сол мұрсаттан дұрыс пайдалану – әр пенденің өз қолында. Әдебиеттің қызметі де сол мұрсатты бос өткізбеуге үндеу емес пе?
Әдетте, романдарда өткір сюжеттерден композиция құралып, оқырманды жетелеп отырады. Бұл трилогияда мұндай әдіс жоқ. Кішігірім детальдарда кейіпкер характері ашылса, ой ағыны, философиялық баяндау негізінде жан дүниесі көрінеді. «Мен білсем, біраз әйел – қолдан жасап алған қапас, жазылмаған моральдың құрбаны. Бақытты көрінетін бақытсыздар, ертеңгісін бір үмітте жасанып шығып, кешкісін шарша-а-ап қайтатын жолы болмағандар… Түзу мораль, бақсыз тағдырлар… Жалғыздық, сәтсіздік, тіпті азғындық себебі сонда…». Бұл сөйлемдер – қоғамның жанды картинасы.
Автор тіпті етістікті аз қолдану арқылы мәтіннің көркемдігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ сөздік қоры мол жазушы екінің бірінің қаламына іліге бермейтін синонимдерді, сөз орамдарын көп пайдаланады. Оқиғаның өрбу динамикасына қарай келтіретін детальдардың өзі жұтынып тұрады.
Жалпы алғанда, жазушының жиырма жылдай уақытын сарп еткен «Абыржы» трилогиясы – ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ романистикасындағы жарқын құбылыс. Мың бетке жуық трилогияның тілі төгіліп тұр. Автордың бүкіл бір дәуір қасіретін жеріне жеткізе суреттеген кең пландағы туындысы көлемінің үлкендігіне қарамай ойлы оқырманды бір тараудан, екінші тарауға қызықтыра жетелеп отырады. Шығарманың магиялық қасиеті оның тілінен де, автор қолданған түрлі детальдардан, диалог, монологтардан анық байқалады. Бұл жағынан алғанда ол – ұлттық әдебиетімізде М.Әуезов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев секілді ірі тұлғалар салған сара жолды жалғастырушы ғана емес, жаңашылдықпен дамытушы, рухани сананы соны қиырға жетелеуші.
Бір қарағанда, шығарма Арал трагедиясына арналған сияқты болып көрінгенімен, үңіле қарасақ, сол трагедияның адамдар санасында қандай із қалдырғаны, оның айықпас қасіретінің зардабы жайында екені «Абыржының» кітаптан кітапқа үзілмей тартылып отыратын ортақ желісінен сезіледі.
Кейіпкер бейнесі қаншама ойдан жасалса да, тіпті оны көркем бейне ретінде танысақ та, оның іс-әрекетін шебер дәлелдеп тұратын мотивировкалар қаншама мінсіз болса ескермей кетуге болмайтын бір нәрсе бар, ол – адамның санамен сезіп, оймен түсініп отыратын өмірде прототипі бар шын бейне деңгейіне көтерілуі. Бұл орайда, Гюстав Флобердің өз романының басты кейіпкері туралы «Мадам Бовари – менің өзім» дегенін есепке алсақ, «Абыржының» басты кейіпкері – Медет Жарболов та белгілі бір деңгейде Сайлаубай Жұбатырұлымен тағдырлас деуге негіз бар. Өйткені жазушының өзі де кезінде біздің қаламгерлердің ішінде ең алғаш (19 жасында, 1967 жылы) «Білім және еңбек» журналында «Аралды қайтсек сақтаймыз?» деген проблемалық мақаласын жариялаған болатын. Сөйтіп, қылышынан қан тамып тұрған кеңес өкіметінің кезінде ел басына түскен үлкен экологиялық апатты ашық жеткізген-ді. Бұдан соң өзін жазушы ретінде танытқан Алматысынан Сыр бойына кетіп, сол жақта жүріп күні бүгінге дейін Арал проблемасымен үздіксіз айналысып, талай күрмеуі қиын мәселелердің шешілуіне де пайдасын тигізгені бар. Демек, жазушының өз басынан өткен түрлі жағдайлар роман кейіпкері – Медет Жарболовтың тағдырына ұқсас бағытта өрбігені айқын. Тек сюжеттік жағы көркем шығарма заңдылығына сәйкес жазушы қиялымен ерекше өрілген.
Қаламгер өз фантазиясына тәуелді десек те, мұндай кең пландағы шығарманың жасалуы шындыққа табан тіремей тұрмайды. Сол үшін де «Абыржыдағы» кейіпкерлер тағдыры суреттелер тұста оның авторы өз көрген-білгенін негізге ала отырып, шындыққа сай сомдалған дей аламыз.
Әрине, шын қаламгер өмірден сезініп-түсінгенін қағазға сол қалпында түсірмейді, себебі натурализм туындының сюжеттік желісін жасауға кей жағдайда қозғаушы күштей әсер еткенімен, идеяны алып шығуға басшылық жасай алмайды. «Абыржы» трилогиясындағы кейіпкерлердің дараланып, сомдалып, хас шебердің қолынан шыққан асыл бұйымдардай жарқырауы – жазушы талантының сан қырлы екенін дәлелдесе керек. Демек, жазушы өзі жүрегінің елегінен өткізген өмір құбылыстары мен тағдырдың қиын сынақтарының мәні парасатты пайымға айналып, көркем шығармаға айналуында өнер тудырушы қуаттың рөлі басты орында.
«Абыржы» – тез оқылып, жылдам түсінуге мүлде жанаспайтын, оқырманынан әдеби дайындықты талап ететін шығарма. Күрделілік оның сөз, сөйлемдерінің құрылысында ғана емес, идеяны берудегі ой астарында, тереңдігі мен философиясында.
Өнер философиясы қашанда салыстырудан, бағамдаудан, шендестіруден тұрады. Қаламгердің шығармашылық болмысына ой жүгірту де осы заңдылыққа бағынады.
…О шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты күйіп әрең жететін, көлемі мұқиттай алып Ұлы даланың ежелгі тұрғындарының бүгінгі ұрпағы, сөздің киесі мен құдіретіне бас ұрған қазақ халқының мифологиясында екі дүние арасында мәңгілік дәнекер ретінде сипатталатын қыран тәрізді алып құс – Самұрық жайында аңыз бар. Ол аңыз бойынша әлемдік ағаш – Бәйтеректі мекендейді. Жұмыртқаны да сирек салады. Самұрық – өліп қайта тіріле алатын, өлгенде де, тірілгенде де от болып жанатын ерекше құс. Ол адамша сөйлеп, әрдайым ақиқатты аңыз қып жеткізушілерге алғыс білдіреді екен. Ұшқанда күннің бетін көлегейлеп ұшып, елді ынтымаққа бастайтын алып құс қуаныштан шаттанғанда аузынан аппақ гүлдер төгілетін, мұңайғанда жасаураған көзінен мөлдіреп моншақ-моншақ маржан төгiлетін көрінеді. Ендеше, Самұрық-құдіреттің осы бір ақиқат болмысы жүрегінен еліне деген шексіз махаббаттың, ерекше қамқорлықтың лебізі күй болып төгілетін ұлттың талантты қаламгеріне дарымауы мүмкін бе?
Халқының арғы-бергі тарихына көз сала отырып, елді сақтап тұрған үзілмейтін үміт пен қайсар тілектің межесі мәңгілікпен қана шектесетінін ойға түйген, сол жолда ел білуге тиіс шындықты бүкпесіз баяндай отырып болашақтың кесапаттарынан сақтандыруды өзінің суреткерлік парызы деп білетін Сайлаубай Жұбатырұлы да – жалған дүниеге өзінің қандай миссиямен келгенін терең түйсінген самұрық тектес суреткер. Сондықтан да оның шығармашылығы, әсіресе «Абыржы» роман-трилогиясы бөлекше бітімімен қазақ прозасының өзіндік арна ашқан биік бір белесі болып қала бермек. Келер ұрпақ өзінің бағыт-бағдарын айқындап алу үшін бұл шығармаға әлі сан рет оралып, қайта парақтай берері анық.
Бегабат ҰЗАҚОВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Ғабит Мүсірепов атындағы
сыйлықтың лауреаты