Мемсыйлық. Жастар не дейді?
26.11.2022
261
0

Қазақ әдебиетіне, дұрысы әдебиет және өнер саласы бойынша берілетін Абай атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығына қатысты сөз бола қалса, әр бағыттағы жақсылы-жаманды пікірлердің айтылып қалатыны жасырын емес.
Әсіресе 2020 жылғы және биылғы аталмыш сыйлық берілгеннен кейін әдебиетсүйер қауымның арасында әртүрлі пікірталас болды.
Біз жас қаламгерлерден осы жайында сұраған едік. Сұрағымыз былай:
Кейінгі он жылда (бұ сыйлықтың екі жылда бір тағайындалатынын естеріңізге сала кетейік) Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты жеңіп алған шығармаларды оқыдыңыз ба? Оқысаңыз, қайсысы ұнады/ұнамады? Не себепті?
Осы тақырып төңірегінде «Жас Тұлпардың» келесі санында да келелі әңгіме болатынын мәртебелі оқырманның қаперіне береміз.

 

Әлемдік сыйлықтарды алуға кедергі келтіреді деп ойлаймын

Мемлекеттік сыйлықтың не екенін бүгінде бәрі біледі. Өте танымал. Әркімнің бір ішінде жүрген «гөй-гөйі». Тіпті әдебиет­тің табалдырығын енді аттаған жас буын да, жасыратыны жоқ, қазір осы бір «жарқырауықты» ойлап, қолына қалам алатын болды. Әрине «Генерал болғысы келмейтін солдат – солдат емес». Бірақ бұл «ауруды» жастай «жұқтыру» дұрыс емес деп санаймын. Оның үстіне Мемлекеттік сыйлық деген әдебиет­тің көрсеткіші емес қой. Мемлекеттік сыйлықты алмай ақ жазуын жазып, жалпы өмірін сүріп кеткен жақсы ақын-жазушыларымыз жетерлік. Өз басым осы ұстанымды құп көремін. Жазуымды ешкімге міндеттегім келмейді. Айналып келгенде, жазу дегеніміз – адамның өзі үшін ғой.
Сосын, Мемлекеттік сыйлық алғанның бәрі «күмәнді» деген біржақты пікір де қате. Керісінше, олардың көбі – өзіміз үлгі тұтатын, бала кезімізден кітаптарын жастанып оқыған қазақ әдебиетінің марқасқалары. Олардың жазуы мен еңбектеріне дауым жоқ, басымды иемін. Тіпті бұдан да жоғары сыйлыққа лайық. Кейбірі әлем әдебиетінің классиктерімен де терезесі тең келіп қалады. Мұны да жасырмаймын. Бірақ солардың әлемдік деңгейде Нобель алуына, болмаса, Буккер алуына осы Мемлекеттік сыйлықтың планкасы көп кедергі келтіре ме деген ойым да бар. Әйтпесе соңғы он жылдықта Мемлекеттік сыйлық алған оншақты қаламгердің ішінде Нобельді маңдайынан шертіп алатын жазушылар қаншама.
1966 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл сыйлықтың мәртебесі артпаса, түскен жоқ. Қаншама мемлекеттік сыйлық өз лайықты авторын тапты. «Рушылдық» деп күңкілдесек, сыйлықтың беделі мен бұған дейін­гі алған ұлы қаламгерлеріміздің еңбегін жоққа шығарған боламыз.
Енді алысқа бармай-ақ соңғы он жылдықтың айналасына тоқталсам.
Соңғы он жылдың көлемінде аталмыш сыйлықты он жеті жазушы алған екен. Бәрін білеміз. Шығармашылықтарына қанықпыз. Бірақ кейбіреуінің дәл осы сыйлықты алған шығармаларын оқымағанымды мойындаймын. Мәселен, Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» тарихи романын, Мырзатай Жолдасбековтың «Ұлы дала әдебиетін» қолыма алып көрмеппін. Тіпті дәл осы еңбектер Мемлекеттік сыйлық алғанын да білмейді екем. Бәлкім, осыдан кейін оқып қалармын. Ал қалғандарын жата жастанып оқыдым десем де артық айтпаймын. Әсіресе ақын Гүлнәр Салықбайдың «Кешіріңдер келгенімді өмірге» өлеңдер жинағы – мектеп кезі­мізден жанымыздан тастамаған аяулы кітап еді. Тыныштықбек Әбдікәкімовтың «Алқоңыр дүниесі» де әдебиетке келуімізге қатты ықпал еткен кітаптардың бірі. Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлімі» жайлы әңгімесі бір төбе. Бұл – менің «қазақ әдебиетінен топ он роман» десе, ішінде жүретін сүйікті романым.
Қазақ драматургиясына үлкен серпіліс әкелген, Ләйлә сияқты, Сарра сияқты қайталанбас кейіпкерлердің авторы Роза Қыжығалымқызы да бұл тізімнің қатарынан түспейді. 2020 жылы Роза Мұқанова Мемлекеттік сыйлықты алды дегенде шын қуанып, шын тілектес болғаным да әлі есімде. Себебі прозаның алуы бөлек те, драматургияның алуы бөлек ғой. Бәрін жазушылар ала беру керек емес шығар. Роза Мұқанованың «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы – қазақ драматургиясының мерейі. Қазақстан ғана емес, күллі ТМД театр көрермендерінің жеңісі. Өздері сүйіп көрген «Сарра» (ішінде «Фариза», «Мәңгілік бала бейне», «Сен», т.б. бар) драмасы білдей Мемлекеттік сыйлық алып жатыр. Үлкен қуаныш емес пе?!. Мұндай шығармалар Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесін көтермесе, түсірмейді. Және осындай шығармалар ғана өзіміз күмәнді деп қарап отырған «рушылдық» мәселесіне нүкте қояды.

Жантас ЕРКІН

Мемлекеттік сыйлық тұтас шығармашылығы үшін беріледі

Мемлекеттік сыйлыққа аса қызықпайтын адам ретінде оның айналасындағы дау-дамайдан хабарым аз. Бірақ ол дау Мемсыйлықтың ғажайып жарнамасы деп ойлаймын. Альфред Нобель өз атындағы сыйлық берілетін ғылым салаларының арасына әдебиетті жарнама үшін қосты деген қауесет бар ғой. Расында Нобельді Нобель етіп тұрған әдебиет саласы. Жыл сайын оның айналасында қаншама талас туады. Аңыз тарайды.
Меніңше, Нобель сыйлығы да, біздің Мемлекеттік сыйлық та қаламгердің бір ғана шығармасы үшін емес, тұтас шығармашылығы үшін беріледі. Бірақ «мына кітабы үшін» деп атап айту керек болған соң, соңғы кітабының атауы жазылады. Шыны керек, ол кітап авторды мүлде ашпайтын, нашар болуы ықтимал.
Осы айтқаныма Т.Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлімі» атты шығармасы дәлел деп ойлаймын. Өйткені аталған роман біз білетін Тынымбай табиғатын аша алмайды. Аталған автор шығармасын қолға алғанда оқырман қазақы юмор мен шарасыз кейіпкерлердің дәрменсіздігін көргісі келеді. Ал «Періштелердің өлімі» романында осы екеуі де кемшін.
Тынымбай шығармашылығын құрметтейтін оқырман ретінде Мемлекеттік сыйлық алғанына шын қуандым. Бірақ ол сыйлық «Періштелердің өлімі» үшін емес, тұтас шығармашылығы, қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін берілді деп ойлаймын.
Мемсыйлық ақыры жасы әбден егде тартқан қаламгерлерге бұйырады. Сондықтан белгілі бір кітабы үшін емес, тұтас әдебиетке сіңірген еңбегі үшін берілсе деп ойлаймын. Сыйлық айналасында талас бола бергені абзал. Бірақ жеке басқа өтіп кетпесе болғаны.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір