Журналистика жампозына құрмет

Өткен аптада белгілі журналист, публицист, қоғам қайраткері Әшірбек Амангелдінің есімін есте қалдыру мақсатында Алматы қаласы Қазақфильм шағынауданындағы өзі тұрған 32-үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылып, оның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ескерткіш тақтаның орнатылуына Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы мұрындық болды.
Тақтаның ашылу салтанатын педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауынбай Қараев жүргізді. Алғашқы сөзді Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов алып, қаламы қарымды, азаматтық үні айқын тұлғаның қазақ журналистикасындағы орны мен мұрасына тоқталды:
— Әшірбек – өзінің өр мінезімен, дара талантымен, тамаша қолтаңбасымен есімізде қалған тұлға. Ол қазақтың қабырғалы қаламгерлерімен қатар еңбек етті. Оның тыңғылықты зерттеуі, терең танымы, озық ойы қазақ журналистикасын бір белеске көтерді. Ол ешкімге ұқсамайтын дара болмыс иесі еді, – деді Мереке Құлкенов.
Тағылымды жиынға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен Әшірбек Амангелдінің туған-туыстары, шәкірттері мен әріптестері қатысып, Алматы қаласы Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Әбиірұлы Қалымбет, жазушы, публицист, ғалым Бейбіт Қойшыбаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Қуандық Түменбаев, сондай-ақ жазушы-журналист, баспасөз майталманы Қали Сәрсенбай Әшірбек Амангелді жайлы естеліктерін айтты. Олар қаламгердің кәсіби биігі мен азаматтық парасатын айрықша атап өтіп, ұлт руханиятындағы орнын айқындайтын салиқалы ойларын жеткізді.