Журналистика жампозы
10.04.2024
155
1

Өмірде қандай мамандық меңгергенің, қайда жұмыс жасағаның аса маңызды емес. Мәселе, сол мамандықты қалай атқарғаның, өз ісіңе қаншалықты адал болғаныңда. Біздің жастық шағымызда үлкен өмірге қадам басқан жеткіншектердің көпшілігі әрісі ғарышкер, берісі сот немесе прокурор болуды армандайтын. Жоқ дегенде, мал дәрігері болып, шаруашылық басқарсам деп ойлаушы еді. Солардың ілуде біреуі ғана өміріне қаламды серік етіп, ақын немесе жазушы болуды, журналист атануды қалайтын. Себебі шынайы шығармашылықпен айналысу үшін адам бойында дара дарын, ерекше қабілет болуы қажет.
Ең ұзақ сапар қашанда табалдырық­тан басталады емес пе. Бала көргенінен жазбайды, танығанынан тайқымайды. Оның өнегесі де, тәрбиесі де ең алдымен отбасында көргені, ата-анасының болмыс-бітімінен басталмақ. Болашақ журналист, ұлтжанды азамат Итеннің ақиқат пен адалдықты ту етіп ұстайтын қаламгер болып қалыптасуына өз ортасының ықпалы ерекше болғаны осыдан. Әкесі Әбсаттар Сыр өңірінде еңбегімен ел құрметіне бөленген ерекше тұлға болған екен. Сонау сұрапыл соғыс жылдары кіші командир шенінде майданға кіріп, ерегескен дұшпанға талай атой да салған. Великие Луки маңындағы ұрыста минаның жарықшағы жілігін сындырып, есінен тана құлағаны жадында. Қыстың қақаған аязында аяғынан қаны сауғалаған жауынгер ес-түссіз қанша жатқаны тағы беймәлім. Түннің бір мезгілінде тісі-тісіне тимей тоңған ол жаралы солдаттарды жинап жүрген санитарларды көріп, амандығынан белгі береді. Әскери госпитальда сегіз ай ем қабылдаған майдангер ақыры екі балдаққа сүйеніп, еліне оралған екен. Алайда аяғым кеміс, мүгедекпін деп жатуды уақыт көтермейді. Осылайша Әбсаттар Қарымсақұлы еңбек майданына араласып кетеді. Тәніне соғыс салған жараға қарамастан қолына кетпен алып, ауыл шаруашылығын өркендетуге кіріскен. «Шиелі», «Қырықбайтақ», «Қосапан» тоғандарын қазуға белсене араласып, жоңышқа өсіруде рекордтық көрсеткішке қол жеткізгені үшін Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне сапарлап, кеудесіне алтын медаль тағып оралады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Германияны алғаны үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын өңіріне таққан. Байыз тауып отыруды білмейтін, жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын әкесінің осы қасиеті ұлына да дарып, аса еңбекққор болып ер жетуіне ықпал еткен көрінеді.
Итен Қарымсақұлының айтуынша, өзін білгелі қолынан қаламы түспеген екен. Жазуға деген құштарлық ата қанымен, ана сүтімен берілген қасиет болса керек. Мектепте оқып жүргенде-ақ аудандық, республикалық басылымдарға мақалаларын қарша боратып, «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде жазғандары үзбей жарияланып тұрған. Есейе келе «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің ең белсенді штаттан тыс тілшілерінің бірі болған екен.
Жазуға деген құштарлық, ақиқатты айтып, әділдіктің үстем болуына деген талабы ақыры оны журналистика мамандығына біржола бет бұрғызады. Тіпті Отан алдындағы азаматтық борышын атқаруға аттанғанда да сержанттар даярлайтын мектепте жаттығып, әскери тілші болып қызмет жасайды. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өскен жас жігіттің аз уақытта орыс тілін меңгеріп, «Красный боец» газетіне мақалалар жаза бастағаны да осы тұс.
Әскерден оралысымен Итен Қарымсақұлы бірден Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне жұмысқа тұрған. Қарапайым хат тіркеуші міндетінен бастап ол газет қызметкері жүріп өтетін барлық баспалдақтан сүрінбей өткенін өмір жолы айғақтап жатыр. Итен Қарымсақұлының жолдама бойынша жаңадан ашылған Торғай өңіріне аттанып, «Торғай таңы» басылымында еңбек етуі, кейіннен Жезқазғанға жол тартып, «Жезқазған туы» газетін шығаруға атсалысуы оның өз мамандығына деген адалдығы мен сүйіспеншілігін аңғартса керек.
Сонау бір жылдары өлке билігінің өтініші бойынша Қызылорда қалалық кеңесі атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып еңбек еткені бар. Аз уақыт қана жәрдемдесуге келіскенімен, бұл қызметте табаны күректей бес жылдай отырған. Өз еркімен босата қоймағаннан кейін қалам құдіретіне сенетін Итен Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа бір-ақ шығыпты. Осылайша үлкен адамның тікелей араласуымен облыстық газетке қайта оралған. Арасында аздаған үзілісі бар, жалпы «Сыр бойы» басылымында 1958 жылдан бастап 1996 жылға дейін қырық жылға жуық жемісті де жеңісті еңбек еткен екен.
Журналистер арасында «Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды» деген тәмсіл бар. Ол сөз негізі ақиқаттан алыс кетпейді. Мысалы Итен ағаның осы жылдар ішінде жүріп өткен жолдары қаншама десеңізші. Арбамен, атпен, машинамен, пойызбен, ұшақпен сапарлаған сәттерін айтпағанда, жаяулап жүрген жолының өзі қаншама?! Ал жолыққан, сөйлескен, сұхбаттасқан, сырласқан кейіпкерлерін кім санапты? Тіпті журналист ретінде жазған жолдары есептеуге көне қояды ма екен?! Қаншама адамның тағдырына араласып, қаншасын нақақ жаладан құтқарғаны, әділетсіздікке қарсы шығып, нешеме басбұзарды құрықтағаны өзіне ғана аян. Адалдық пен әділдікті тіршілігінің басты тұғыры етіп алған ол қаламын қару етіп, ғұмыр бойы жорық жолында жүріпті-ау. Оның еліміздің бас газетінде жарық көрген «Сырқаттарға жан қайғы…», «Талапайға түскен қыруар несие», «Жеңіл көлік жымқырғандар», «Күлшелі бала сүймекке жақсы», «Бір күндік ләззат, мың күндік азап», «Жардағы мәйіттер», «Адам тағдыры ойыншық емес» деп аталатын және өзге де жазбалары аты айтып тұрғандай қоғамдағы қордаланған мәселелер мен заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталған-ды. Ал қаламгердің осы тектес болмысы бөлек дүниелері қаншама…
Журналистің де түр-түрі болады. Көргені мен көзіне түскенін айнытпай көшіріп, жалпылама жазып жүретіндері болады. Өзіне керек адамды асыра мақтап, мамандығын күнкөріс кәсіпке айналдырып алғандар да кездеседі. Ал қолындағы киелі қаламды елінің амандығы мен жерінің бүтіндігіне, ұлттық құндылықтардың үстемдік құрып, тілінің тұмшаланбауына бағытағандарды нағыз қаламгер десек жараспайды ма?! Міне, Итен аға осындай біртуар азаматтардың сойынан болғаны анық.
1996 жылдың шілдесінде Алматы қаласының прокуроры, генерал М. Қалиевтың бастамасы бойынша және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының қолдауымен елімізде тұңғыш рет прокуратура саласында баспасөз қызметі құрылып, оған қажетті құрал-жабдықтар мен қаржы бөлінеді және осы жауапты да, тыңнан түрен салатын қызметке Қызылордада жүрген Итен Қарымсақұлы шақырылады. Қолында қаламы бар ағайын мұнда да қаптап жүргенде оны алыстан алғызудың артында азаматтың іскерлігі мен қабілетіне деген сенім жатса керек. Бұл бастама ең алдымен тек орыс тілінде ғана рәсімделетін құқық қорғау органдарының іс қағаздары мен күнделікті жұмысын қазақшалауға деген ұмтылыстан туғаны анық. Міне, осы ұшы-қиыры көрінбейтін әрі аса күрделі жұмысқа Итен Қарымсақұлы білегін түре кіріседі. Шаруаның басы ретінде осы саланы қамтитын мекемелерде «Қазақ тілі» ұйымы ашылып, насихат жұмысы жолға қойылған. Еліміздегі прокуратура органдарында іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу алғаш осылай басталған. Итен Қарымсақұлы құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу, тәржімалау редакциясының хатшысы болып бекітіліп, қаладағы мемлекеттік органдарда тіл туралы заңнын орындалуын прокурорлармен бірге тексеру құқығына ие болған. Сонымен бірге прокурорлардың қазақ тілін қолдануына, сөйлеу мәнерін дамытуға байланысты оқуларын ұйымдастыру, олардан сынақ алу сияқты сан салалы жұмыстарды қадағалау мен үйлестіру міндеті де жүктеледі. Журналист ретінде осы кезде екі тілде шығатын қалалық «Прокуратура хабаршысы» газетін қалыптастырып, шығарғандардың басында Итен ағаның тұрғанын айта кету керек. Ол жалпы тек құқық қорғау органдарында ғана емес, әскери құрылымдарда да жетім баланың күйін кешкен қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оны іс қағаздарында қолдануды тыңға түрен салғандай бастағаны ерлік емей немене?!.
Құқық қорғау саласында ресми қызмет жасап жүрген кезінде де Итен ағаның қолынан қаламын тастамай, жамандық атаулыны аяусыз жаныштағанын білеміз. Ол тексеріп, көріп кеткен жайларды есепке кіргізіп қана қоймай, кемшілікті түзетуге бар күшін салатын. Көп жазарманның батылы барып, тісі бата бермейтін тақырыптар оң жамбасына келіп жатты. Оның әсіресе құқық тақырыбында жазған дүнилері бір бөлек. Бұл орайда заң бұзушылық, мемлекет қаржысын талан-таражға салу, мүлікті жекешелендіру кезіндегі бармақ басты-көз қысты әрекеттер, ұйымдасқан қылмыс, қаржы саласындағы былықтар, қасақана адам өлтіру мен қоғамға жат оқиғалар бүкпесіз, аты аталып, түсі түстеліп жазылатын. Ал мұндай тәуекелге ол кезде екінің бірі бара бермейтіні рас. «Қылмыс пен жаза – Приступление и наказание», «Көзқарас», «Қоғам және газет», «Прокуратура хабаршысы – Вестник прокуратуры», «Мұғалім және Заң – Учитель и закон» журналдарының алқа мүшесі, редакциялық кеңестің мүшесі ретінде оның пікірі мен ағалық ақылы алдымен тыңдалатын.
Итен Қарымсақұлының өмір жолы мен атқарған қызметін тарқатып, талдап жазғандар оның он екі редактормен, жеті генералмен істес болғанын, бәрімен де тіл табысып, келісе қызмет атқарғанын айтады. Кісілігі мен кішілігі, бекзаттығы мен бөлек болмысы өзіне сай тұлға ғұмыр бойы ақиқаттың жолынан танбай, қазақ баспасөзінде қайталанбас із қалдыра білді.
Итен ағамен қызметтес болған, араласқан-біліскен жандардың барлығы оның асқан адамгершілігін атайды. Жаратылысынан сабырды серік етіп, адал сөйлеуге, әділ жүруге дағдыланған қаламгер қарапайым қасиетін әсте жоғалтпаған. Үлкенге де, кішіге де «сіз» деп сыпайы тіл қатуы, жасым үлкен, жолым жоғары деп кеуде қақпай, бекзат болмысымен айналасында жүрген жандарды құрметтей білуі, өзін де сыйлата алуы дегдарлық емес деп кім айта алады. Бұдан біз Итен Қарымсақұлының қашанда инабат пен ізгілік қасиет шеңберінен шықпағанын аңғарамыз.
Өмірден көрген-түйгені көп, журналистік ғұмырында небір шетін оқиға мен жарқын жайдың куәсі болған Итен ағаның мол дүниесін кітап етіп шығармауға әдісі жоқ еді. Осы орайда қаламгер алдымен «Қоңыр қалам» және «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар» атты кітаптарын оқырман назарына ұсынған. Кейініректе «Жүрек жазбалары» мен «Жаса, жарық күн» тақырыбындағы жинақтары оқырманға жол тартқан. Мұнда қаламгердің ұзақ жылғы журналистік қызметіндегі жолыққан жандары, зерттеген тақырыптары, жалпы өмір жолында істеген игілікті істері көрініс табады. Осы уақыт аралығында оның шарапатын көрген, ұстаздық ықпалын сезінген, әріптес-дәмдес болған адамдардың Итен Қарымсақұлы жайлы жүрекжарды жазбалары – өз алдына бір төбе.
Артында айшықты із қалдырып, халқына адал қызметін сіңірген азаматтың еңбегі ескерусіз қалмағаны белгілі. Ол «Еңбек ардагері» атанумен бірге «Қазақстанның Құрметті журналисі», ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин төсбелгісінің», «Қазақстан прокуратурасына 20 жыл» мерекелік төсбелгісінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанған. Ал еңбек еткен салаларында алған Құрмет грамоталары мен мақтау қағаздарында есеп жоқ.
Бүгіндері сексеннің бесеуіне шығып, жары мен балаларының арасында, немере-шөберелерінің ортасында бақуатты тірлік кешіп отырған Итен Қарымсақұлының өмірі мен қызметі жайлы шағын баянымызды аяқтай келе, ақпарат саласында жарты ғасырдан астам уақыт адал қызмет көрсетіп, соңынан саналы шәкірттері мен сансыз шарапатты істерін қалдырған ағаға мықты денсаулық, бақыт пен ғұмыр тілегіміз келеді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.04.2024 | 18:10

Кезінде Итен Қарымсақов дегеннің жазған мақалаларын жібермей оқушы едік! Күшті жазады. Құқық тақырыбына қаламы жүрдек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір