БОЙ ЖАСАУ немесе Молықбайдың соңғы сәті (поэма)
28.09.2022
1912
0

Сағыныш Намазшанова

Қобызда қасиет бар жаратқаннан,
Ол, бәлкім, жерде жүрген қанатты арман.
Жетіпті Жетісуға қара қобыз
Қорқыттан, Қойлыбайдан, Барақтардан.

Ақсуда Байсақ алған алдыменен,
Сыр тартсақ аңызды алыс әңгімеден:
Алдына қара салмай аламанда
Тұлпардың тұяғындай шаң күреген,

Бұл сондай жүйрік қобыз, аспап ерен –
Сергек күй, сезімтал сыр, дастан-өлең.
Сөз еттім кешегіден кемел бір ой,
Қарт тарих, не сұрайсың басқа менен?!

Табиғат уыз қалпы төлежіген,
Тербеліп құстар салған ерек үнмен,
Дариға-ай, Жетісуым, жаралғаннан
Қаз ұшып, аққу қонған жер едің сен.

Асқар тау. Жасыл желек. Қызарған бұлт.
Аспанға шыққандайын мұнар қалқып.
Бұл жақтың ауасы – саф, аңы – жолдас,
Суы бал, желі жібек, жері барқыт.

Арнасы асып-тасқан кемерінен
О, Ақсу, сен бір асау өзенім ең.
Көкжайдақ жағасында сол өзеннің,
Дәуірлер жылжи берді кезегімен.

Күн кешкен бұлағайда-алағайда,
Әкеден озып туған бала қайда?
Озықтың біреуі осы – Молықбай ед,
Оны да жаңа дәуір жаралай ма?!

Жайқалып өсіп тұрған сонадайда
Молықбай тіл бітірген қарағайға,
Қарағай қобыз болып боздағанда,
Бойыңа беймәлім рух тарамай ма?!

Сол күйші жалақордың жаласынан,
Үйіріліп төбесіне қара тұман,
Қамырық күйге түсті тар қапаста
Қамығып, қайырылып қанатынан.

Айырмай, кеш батты ма, таң атты ма.
Айналып бір-ақ күнде жауаптыға?
«Халықтың жауы» атанып қапелімде,
Молықбай айлап жатты абақтыда.

Ақтауға ұмтылғандай жала-сыннан,
Бір хабар әкелгендей даласынан,
Қуыстан күннің көзі жылт-жылт етіп,
Ойнайды темір тордың арасынан.

Белгілі жанның нұрын бөгемесі,
Күй қалап, кеуіп-ақ жүр кенезесі,
Ауызбен шерткен сазға аңтарылып
Қарайды тастан соққан керегесі.

Зар төгіп тұрғанында заманасы,
Уайым емес қазір қара басы.
Жетпістің үшеуіне жеткен кезде
Сынаққа салды-ау Алла Тағаласы.

Аз күнде азаттықты аңсай ма адам,
Ол бірақ «Қамалдым» деп қартаймаған.
Көзінің ептеп нұры тайғанымен,
Салалы саусағынан әл таймаған.

Ақ шалып, сақалына қырау қонған,
Бар еді күйші, жыршы, жырауда арман.
Қорқыттан қалған қобыз тілін тістеп,
Меңіреу күйге түсті мынау жалған.

Білмейді, әлде үміті, әлде сенім,
Кей-кейде ұмытады ол қайда екенін.
Қиялмен қырға барып, ойға барып,
Қария қилы-қилы ой кешетін.
Түксиген төрт қабырға — қораптағы
түрмеде тәні ғана,
Азат жаны,
Елді ойлап, даланы ойлап, қобызды ойлап,
Жазылар жиырылған қанаттары.

Сезеді ол мәңгі азат боп шығатынын,
Сезеді ол сондай күннің туатынын.
Ойпырым-ай, оған дейін ойқастамай,
Берсеші безілдек ой, сірә, тыным?!

Түн ұзақ кірпіктері ілінбеген,
«Сұраса сұрасын да бүгін менен?!»
Шақыр-шұқыр ашылып темір есік,
«Жүр», – дейді қатқыл дауыс дігірлеген.

Апарды жасауылдар былай таман.
Танытпай аса жылы шырай-қабақ,
Орындығын ары-бері ырғап қойып,
Түрменің қожасы отыр сынай қарап.

Сөз бастап абақтының бастығы шын:
«Көп еңбек сіңіріпсің «дәстүр» үшін,
Қобызға қолыңа алсаң жан біте ме,
Көрейік, бақсымысың, жақсымысың».
Сынайын дегендейін күшін әлі,
Қалпымен жылытпаған түсін әлі.
Ымдап ед жасауылға иек қағып,
Күйшіге ол қылқобызын ұсынады.

Молықбай жинап алды бойға күшін,
Күйімен көкке бірге самғау үшін,
Меңіреу керегені кесіп өтіп,
Естіртті ен далаға жан дауысын.

Сағат та шідерленіп, митыңдаған.
Шақылдап, шатынаған, шиқылдаған
есік те есерлігін тыйып бір сәт,
Секілді тына қалып күй тыңдаған.
Қобыздың дестілігі, естілігі –
«Жетпейді маған жаудың еш құрығы дегендей абақтыдан асып жатты
Қобыздың қою-қою қошқыл үні.

Тыңдасаң кейде үнінде зікір бардай,
Арқырап, арқаланып, құтырғандай.
Тыңдасаң кейде үнінде шүкір бардай,
Баяулап, байсал тапқан мұсылмандай.

Сан дыбыс самсап шығып жамырады,
Бар маңай соған жіпсіз бағынады.
Ол бірде «Аққу» болып қаңқылдаса,
Ол бірде «Бозінген» боп аңырады.

«Ақ көбік-көк көбігін» сапырады,
Кей-кейде жауды желдей жапырады.
Кей-кейде Орманбеттен айырылып,
Нойғалыдан көз жазып аһ ұрады.

Әйтеуір көне мақам, ескі сарын,
Әйтеуір көз алдынан көшті сағым.
Айналып кеңістікте жүрген сынды
Киесі Қорқыт пенен Кетбұғаның.

Бұл қобыз торығады, түңілмейді,
Қылдары күңіреніп дірілдейді.
Шанақтан шашыраған сансыз дыбыс,
Кейбірі шор құлаққа ілінбейді.

Сызылтып тарта берді күй біткенді,
Күй бірде ырғып келді, сырғып келді.
Сайратып алуан-алуан құс пен аңды,
Жүгіртіп алуан-алуан жүйріктерді.

Жүйріктің бірі – қыран, бірі – құлан,
Сарынның бірі – айқын, бірі – тұман.
Байлаусыз матап бәрін тастады күй,
Тыңдаушы құтылмады құрығынан.

Бір күйде асу жатыр алды күмән,
Бір күйден көрінеді таңғы қылаң.
Елітіп, елжіреген тыңдаушының
Манағы түк қалмады паңдығынан.

Кеуледі бір құдірет ой-санасын,
Баурады буын-буын, сай-саласын,
Іші аласапыран, алай-дүлей,
Ұға алмай жүректегі жанталасын:

«Әттең-ай, салған тағдыр шеңгел кімге?!
Құдай-ау, түсірді бұл нендей күйге?
Білмеймін, ауырдым ба, емделдім бе,
Білмеймін, айықтым ба, шерлендім бе?!»

Епті қол екі ішекті ысқылайды,
Тағы да тарта түс деп іш сұрайды.
Талайдан тар қапаста тұрып қалған,
Ішіне қылқобыздың түсті қайғы.

Сазымен тербеп жерді, түріп көкті,
Молықбай сан сарынды үйіп-төкті.
Шалқытты, шарықтатты, биіктетті,
Өзі де сол биікке сіңіп кетті.

Дәулескер ойға түссе осындайда,
Ынтық күй, ықыласты ой басылмайды, ә!
Ақсуға абақтыдан оралмаған
Кім білсін, асыл сүйек жатыр қайда?!

Өзенге өрнек біткен ағынымен,
Ағашқа айбар біткен тамырымен.
Қазақтың әз-тарихы сөйлейді әлі
Қобыздың қоңыр үнді сарынымен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір