ТАРАЛЫМДЫ ТОЗДЫРДЫҚ, ОҚЫЛЫМДЫ ҚАЛАЙ ОЗДЫРАМЫЗ?
Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Бұрынғы таралым мен бүгінгі таралым туралы да, кешегі оқылым мен осы күнгі оқылым хақында да айтып та, жазып та жүрміз ғой. Күрсін кеуде кернейді. Алайда, ол кешегі кеңестік кезеңді аңсау емес. Аллаға шүкір, Тәуелсіздікке тәуба.Бірақ көркем әдебиет таралымы мен оқылымы нарыққа икемделу үшін ұлтыңыздың ұзын саны ең кемі жиырма бес миллион болу керек деген дәлел-дәйек бұрыннан-ақ бар.
Ал енді айт десеңіздер, айталық.Салыстыралық. 1985 жылы біз пақырыңыздың «Интернаттың баласы» деген кітабымыз «Жалын» баспасынан шықты. Отыз мың данамен. Екі жылда тарап кеткенін білеміз. 1988 жылы сол баспадан «Нәуірзек» деген кітабымыз жарық көрді. Отыз мың данамен. Бір жылға жетер-жетпесте біразын сатып алуға өзім де таба алмай қалдым.
1993 жылы «Жазушы» баспасынан «Қорғансыз жүрек» деген кітабым шықты. Отыз мың данамен. Оңтүстік Қазақстан облысында 6-7 мыңдайы 6-7 айда сатылып кеткенін хабарлады. Кітап саудасының басшылары. Жамбыл облысында да үш мыңдайы тез тарап кетіпті.
Сол жылы Солтүстік Қазақстан облысына, Мағжан Жұмабаевтың жүз жылдық тойына бардық. Үш күн жүрдік. Үшінші күні: «Қайда қыдырғыларыңыз келеді?» − десті. Біз: «Ресеймен шектес ауылды көрсек», − дедік. Апарды. Үлкен пөселке екен. Кітап дүкені де үлкен. Менің «Қорғансыз жүрегімнен» бір данасы тұрыпты-ай! «Үшеуі келген. Екеуін алып кетті», − деді сатушы. «Мен авторы едім», − дедім. Қолтаңба жаздырып өзі алған. Сатушы кызыңыз.
Жеке өзіме байланысты айтсам, баспалардың сұранысымен екі-үш жыл сайын кітабым шығады. Өкінішке қарай, бар болғаны екі мың дана ғана. Қаламақы күлкілі. Жүз-жүз елу мың теңге немесе елу-алпыс кітап.
Оқылымға келсек, өзге жақты қайдам, Оңтүстікте өте «популярныймыз». Апта сайын дерлік не аудан,не мектеп, не колледж, не ЖОО шақырады. Оқыған кітаптарын талқылайды, қойылым көрсетеді, т.т және т.б. Түлкібас ауданында «Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры бар. Жыл сайын «Мархабат оқуларын» өткізеді. Қорытындыларына мені де шақырады. Өзім туралы, өз кітаптарым туралы емес, өзгелер туралы айтып қайтамын.
Жақында Тараз мемлекеттік педагогика институты да шақырды. Кітап қолдарына тисе, студенттер әжептәуір-ақ оқиды. Ұйымдастырса, талқылап-талдауға да құштарланады.Әттең, таралым… Қайран, пейіл-пиғыл… Кері кеткен көзқарас… Таралымыңыз тозған. Оқылымыңыз да әзірше, оза қоймас.