«ЕРТЕ СӨНГЕН ЖҰЛДЫЗ»
8 қарашада ҚР Ұлттық кітапханасында әдебиет сыншысы, аудармашы, драматург Қалжан Нұрмахановтың 95 жылдығына арналған «Ерте сөнген жұлдыз» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Қалжан Нұрмахановтың қызы Маржан Нұрмаханова ұйымдастырған, қазақтың қабырғалы қаламгерлері Сейфолла Оспан, Молдахмет Қаназ, Софы Сматаев, Қасымхан Бегманов, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА академигі Қансейiт Әбдезұлы, сыншы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы, қазақ әдебиетін зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнол-Ғабден Бисенғали, т.б. қатысқан іс-шараны ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып жүргізді.
Сыншылық таланты ерте көрініп, ерте танылған Қалжан Нұрмаханов студент кезінен мақалаларын қазақ, орыс тілдерінде жазып, Мәскеудегі орталық мерзімді баспасөз беттерінде жиі жариялап отырған. Араб, парсы, түрік, армян, поляк тiлдерін еркін білген ол Батыс пен Шығыстың, орыстың арғы-бергі әдебиетін көп оқып, көп зерттеп-зерделеген.
Қ.Нұрмаханов «Әдеби ойлар» (1960ж., орыс тілінде), «Дос лебізі» (1968 ж.), «Дәстүрлі достық» (1978 ж.), «Очерктер, аударма, афоризмдер» (2009 ж.) кітаптарының авторы. Сондай-ақ Қ.Нұрмаханов бірінші болып Ш.Айтматовтың «Жәмилә», «Бетпе-бет», «Алғашқы ұстаз», «Құс жолы», «Ақ жауын» шығармаларын аударған. Сонымен қатар оның «Жәмилә», «Аңсаған менің әнiмсің», «Алғашқы ұстаз», «Құс жолы», «Бетпе-бет» хикаяттары бойынша сахналау нұсқасы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының репертуарында ерекше орын алды.
Қ.Нұрмаханов М.Әуезовтің «Абай» эпопеясын (4-том, 1949 ж.), Б.Жакиевтің «Әке тағдыры» (1963 ж.) атты пьесасын, түркімен драматургы Ғ.Гусейновтің «Достар», «Ащы шоколад» (1960 ж.,) пьесаларын орыс тіліне, А.Н. Радищевтің «Путешествие из Петербурга в Москву» (тарауы «Вышний Волочек» (1949 ж.) туындысын, Н.Тихоновтың «Вамбери» (1960 ж.) хикаятын, украин жазушысы И.Рябоклячтің «Золототысячник» (1959 ж.) хикаятын қазақ тіліне аударды.
Қазалы қаласының (қазіргі Әйтеке би кенті) орталық көшелерінің біріне және №95 орта мектебіне Қ.Нұрмаханов есімі берілген және қазіргі таңда Алматы қаласында Алатау ауданы, Ақбұлақ ықшамауданының орталық көшелерінің біреуі Қ.Нұрмаханов есімімен аталады.
Өз тілшіміз