АЛАТАУ БӨКТЕРІНДЕ ӨТКЕН ӘЙГІЛІ АС
05.11.2022
493
0

Сарыбай бидің әйгілі асы қалай өткенін білесіз бе? Бүкіл Жетісуда қырғызда Шәбден манап, қазақта Ботбай Сыпатай мен Сарыбай Айдосұлының жылдық жиынындай көлдария шалқыған дәулет пен естен кетпес сәулетпен өткен жылдың жиынындай салтанат бұрын-соңды өткен жоқ.

Кең пейілді, ақкөйлек жомарт ел-жұрты Сарыекеңнің асына арнап Алатаудың үстін жайнатып, Көктөбе мен Үлкенсаз арасында қаз-қатар төрт жүз үй тігіпті. Сонда Шәбден манап: «Түйенің қос өркешіндей, құстың қос қанатындай өрісте де, еңісте де бірге жүрген ардақты асыл жолдасыма көрсеткен құрметім», – деп сойыс малымен жүз үй әкепті.
Патша үкiметi 1867 жылы «Дала облыстарын басқару туралы уақытша Ереже» шығарған. Ондағы мақсат – қол астындағы халықтарды басқару және оны кiмдерге беруге лайық деген адамдарға мiнездеме жазған. Сонда Сарыбай Айдосұлы туралы «Ақылды және iсiне берiк» деп атап көрсеткен. (Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттiк архивi, Қор – 44 оп-I, iс-28959, 331-бет).
Айтулы би, қолбасшы батыр, өз заманындағы көрнектi ел қайраткерi Сарыбай Айдосұлы 1890 жылы көкек айында қайтыс болады. Бейiтi қазiргi Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылының батыс жағындағы Қайназар ауылына кiреберiс тұсында. Оның қайтыс болғаны жайлы Омбы қаласында қазақ тiлiнде шығатын «Дала уәлаяты» газетi 1890 жылғы тамыздың алтыншы жұлдызында былай деп жазды: «Сарыбай жас кезiнен-ақ өз халқын қоқандардың шабуылынан батыл қорғаған. Сарбаздарды басқарған ол қоқандар басып алған жерлердiң алыс түпкiрлерiне дейiн барған болатын. Ташкентте, Шымкентте болды. Пiшпек пен Тоқпақты алды. Оның жолдастары Шапырашты руынан шыққан Ишанұлы Торсық, Сүттiбай, Атамқұл, Сұраншы едi».
Бұл қаралы хабарға қосымша келесі 1890 жылы Көктөбе, Үлкенсаз, Майтөбе жайлауында ұлан-асыр ас берілетіні қоса жарияланады.
Сарыбайдың атақты асына алты ай бұрын шақыру жiберiп, сауын айтылды. Қырғыз манабы Жантайұлы Шәбден, Ботпайдан шыққан батыр дәу Сыпатайдың баласы Бiрiмқұл батыр, Саурық батырдың баласы Сыпатай батыр және басқа да ел аузына iлiккен қадiрлi меймандар лек-легiмен келдi. Бүкiл асты Сарыбайдың жан жолдасы Қосай шешен басқарды.
Бұл астағы ат бәйгесiне 300-ден аса жүйрiк қосылды. Аспанқораның арғы бетi, Көктөбеде сөре белгiлендi. Қорым тастар жиналған «Сарыбай сөресi» бұл жайлауда әлi тұр.
Бәйге аттары Жауырдан (қазiргi Қасымбек ауылы) жiберiлiп, сол Көктөбеде күтiп алынған. (Бұл шамамен 50 шақырымдық өрге шығатын тау жолы).
Сөреге бiрiншi болып Сарыбайдың Бозтанауы келе жатқанын көрiп, Шәбден айқай салыпты:
– Оу, көзінің тірісінде «Сарыеке, бас бәйгенi қашан бересiң?» дегенде, «Менiң асымда аласың» дегенiң қайда? Аруақ! Аруақ! Аруақ! – деп үш рет айқай салғанда, сөреге қырық құлаштай ғана қалған жеке ағып келе жатқан Сарыбайдың Бозтанау жүйрiгi сиырдың жапасына тайып жығылып, тұра алмай қалыпты. Бiрiншi болып Шәбден манаптың Қарақасқа жүйрiгi келген. Бас бәйгеге алдына атан түйе бастатқан төрт түлiк малдың әрқайсысынан тоғыздан және тайтұяқ сары алтын берiптi.
Елу атқа бәйге берiлiптi, ең соңғы елуiншi болып келген бiр құнанға тана бұйырыпты. Жалпы бұл өңiрде бұған дейiн осындай ұлан-асыр ас, бәйге берiлмептi.
Сүйiнбай ақын ақыреттiк досын жоқтап, үш күн, үш түн бойы қызыл желдей сапырып, жан досын сағынған өлеңiн толғайды. Ас алдында Сарыбай бидiң бейi­тiнiң басында айтқан Сүйiнбайдың өлеңi бүкiл елге аңыз болып тарап кеттi.
Апыр-ау, мына жатқан Сарыбай ма,
Жан досы Сүйiнбайды танымай ма?
Құдияр мен Орманды жеңiп кеп ең,
Басыңда шулап тұрған малың қайда?
Алпыстың алтауында Андас өлдi,
Шуласып Сарыбайды жерге көмдi.
Қатарлас тең құрбымның бәрi кеттi,
Байқасам ендi нәубет маған келдi, – дейдi Сүйекең жан досын сағынып.
Жамбыл ат үстiнен түспей, жаршы болып, тiк тұрып қызмет iстедi. Асыл би Сарыбай ағасы жөнiнде былай деп жар салды:
Жетiсудың көсемi,
Той бастаған шешенi.
Қол бастаған батыры,
Сөз бастаған нақылы.
Алыса кетсе балуаны,
Айтыса кетсе ақыны.
Елiмдi ел ғып ұстаған,
Сарыбай бабам ақылы.
Ендiгi бiр келелi әңгiме – Сарыбайдың асына Майкөт ақынның келуi және оның Жетiсудың жетпiс жетi игi жақсыларына сәлем берген атақты өлеңi, Сарыбайға көңiл айтқан жыры хақында болмақшы.
Бұл жырдың бірнеше нұсқасы бар. Қазақстанның халық ақыны, тоқсанның төрiне келген Әсiмхан Қосбасаров бұл жөнiнде былай деген едi:
– Атақты Сарыбайдың асынан бiр жыл бұрын Жетiсудағы Сәт болыс Майкөтке асқа келер-келмесiн, келсе, Жетiсудың барша саңлақтарына өлеңмен сәлем беруге қалай екенiн сұрап хат жазады. Көп ұзамай-ақ Майкөттен бұл ықыласты қабыл алатыны, асқа келсе сәлем беруге дайын екендiгi туралы жауап хат та келедi.
– Бұл хатты жазу себебiм, екi жаққа пайдалы iс болайын деп тұр. Сондықтан мен үшiн ғана емес, өзiң үшiн де керек. Аста мынадан бастап, мынадан аяқтайсың айтатыныңды. Бекзадалығы, байлық мырзалығы мынадай. Ата-тегi мен қазiргi ел арасындағы беделi мынадай, – деп жақсыларды тiзiп екiншi хатты және жiбередi.
Майкөт Ысты руынан шыққан, қорқор тартатын, өте сыпайы, киiмдi талғап киетiн талғампаз, оқуы жетiк, бiлiмдар ақын болған.
Сонымен атақты Сарыбайдың асына жиналған бүкiл игi жақсылар алдында өлеңмен сәлем беретiн оңтайлы сәттi тосқан ақын, атқұмар қазақ сәйгүлiгiн күтетiн бәйге төрде Сәт Ниязбекұлының айтуы бойынша жұптап келген өлеңiн Майкөт ақын былай деп нәшіне келтіре бастап кеп жiбердi.
Көп құстың аспандағы бiрi шоңбас,
Қас қылған жолдасына жiгiт оңбас.
Иманы Сарыбайдың болсын жолдас,
Ұшқан құс тұғырына қайта қонбас.
Құтылмас қуған ерден қашқан иман,
Пенде жоқ бұл жаһанда нәпсiн жиған.
Кешегi өтiп кеткен ер Сарыбай,
Ел-жұртын тозып кеткен
қойдай жиған.
Ұл туып Сарыбайдай өле бермес,
Салаңдап Майкөт ақын келе бермес.
Боларсың сенде сондай ер Қисыбай,
Тоқтыны тәңiр асыраған бөрi жемес.
Көшiптi дүниеден ер Сарыбай,
Бақ қонбас ерге дәулет, қызыр шалмай,
Мойны озған Жетiсуда жiгiт едiң,
Жүрмiсiң, аман-есен ер Ноғайбай?
Ноғайбай амандастық әлдеқайда,
Ұқсайды Қожамбердi жорға тайға.
Бесторсық аманбысың, Оразалы,
Қояйын сәлемдесiп Солтанайға.
Арғы атаң Иманбек пен Нұрақ едi,
О дағы жеткен жерiн сұрап едi.
Кешегi өтiп кеткен асыл Сарыбай,
Ел-жұртын тозып кеткен құрап едi.
Осылай төпелетіп келіп, Сарыбай би ауылының игі жақсыларының атын атап, түсін түстейді.
Ел жаңа елу жылда, жүз жыл қазан,
Пәледен өзiң сақта ертеңгi азан.
Өлдi деп Сарыекемдi естiген соң,
Көңiл айтып қайтсам деп кеттi мазам.
Өтiптi Үт пайғамбар Нәби, Дәуiт.
Соғыпты кереметпен темiр сауыт.
Дүниежүзiн билеген хан Сүлеймен,
Қалған жоқ бұл дүниеден опа тауып.
Жүзiңдi жақсы ағалар көргеннен соң,
Шақырған мезгiлiңде мен бiр тауық.
Мен келдiм Әулиеата оязынан,
Кедейдiң үстi жыртық, қойы азынан,
Бай болсам өзiм де үйде жатпас па едiм,
Дәулеттiң қаңғып жүрмiн саязынан.
Болғанда көкте сұңқар, жерде тұлпар,
Өлмейтiн бұл дүниеде қай адам бар?
Жүрмiсiң есен-аман, ер Сүйiнбай?
Келiп ем сәлемдесе аға сұңқар, –
деген уақытта Сүйiнбай айғай сап атып тұрыпты да, Майкөтке дүрсе қоя берiптi:
Руым – Шапырашты, ер Қарасай,
Қарыққанда Қарасайлап ық жағыңды
бермеймiн-ай.
Бәрiнен қатарымның кейiн тастап,
Мен сенiң сәлемiңдi ұрайын ба-ай!
Мен барып елiңе өлең неге айтпаймын,
Нашашы, тентек, арам кетпейсiң бе-ай!
Наданым, танымасаң танытайын,
Жiбектен сарапталған мен Сүйiнбай, — деп бастырмалата, бұрқырап ашуланып, өзiне бүкiл игi жақсылардан кейiн сәлемдескенiне намыстанған Сүйiнбай Майкөт ақынды одан әрi тұқырта жөнелмек екен, ел басы беделдiлер тоқтау айтып, әзер көндiрiптi:
– Ойбай, Сүйеке, өзiмiздiң аста әңгiменi көбейтпей-ақ бiр жолға кешiрiңiз. Ел-жұртқа күлкi болмайық, өзара ренжiсiп қайтесiз, – деген соң ел намысы үшiн Сүйiнбай әзер басылыпты.
Аяғы дауға ұласып кете жаздаған бұл оқиғаны бастан-аяқ асықпай-саспай саралап отырған Жаныс Сәт болыс келесi мезетте қасқа мен жайсаңдардың ортасынан кербездене көтерiлiп:
– Осында отырған Жетiсудың саңлақтары! Менi жалғыз атты жарлы Сәт дейдi. Аздаған дәулетiм бар. Ол да осы тiлегi түзу ағайынның достығы арқасында құралған. Алыстан ат арылтып кеп қапсың ақын. «Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды» деген, мынау сәлемiңе атағаным. Ауылға жүрiп, түстенiп аттанарсың, – дейдi де, салмақты сабырмен ғана жүз теңгенi ортаға тастай салады. Сонда бiр қойдың бағасы отыз тиын тұрады екен.
Сәттiң әуелден қолы ашықтығын бiлгенмен, мынадай орасан мырзалық жасайды деп қапелiмде ешкiм ойламаса керек. Айқым руының дәулеттiсi Тоқшабай тұрып:
– Мына қызыңды ұрайын Сәт бiр қылықты қылды-ау, – деп күбiр ете түссе, оның қасында отырған Тiлеуғабыл Үсенбай болыс: – Қылықты қылды дегенше, шу түсiрдi демейсiң бе, – деп орнынан тұрып кетiптi.
Мырзалықтан мырзалық асырмаса, қазақ қазақ болған ба? Айқым Тоқшабай өз жiгiтiн дауыстап шақырып алып, елдiң көзiнше:
– Қара нардың үстiне қара кiлем жауып, Майкөттiң алдына тоғыз тарт. Өзi үйден шай iшiп, жеңгелерiнiң мырзалығын көрiп аттанар, – дейдi. Мұны естiген байлар мен бектер қайтiп шыдап отырсын. Мырзабек Құдайберген қызба мiнездi адам екен:
– Әлгiге айт, сары айғырдың үйiрiн айдап әкелсiн. Майкөттiң сәлемiне
тартуым, – дептi.
Содан соң-ақ бiрiнен-бiрi қалыспау­ды көздеген ақынның ұзақ толғаған бiр жағы көңiл айту, бiр жағы сәлемдесуiнде аттары аталғандардың барлығы ақшалай да, малдай да әкеле берiптi. Осындай болатынын күнi бұрын болжап, ойластырып кесiп-пiшiп қойған Сәт болыс арнайы оншақты жiгiтiн ертiп барған екен, келген малдарды солар түгелдеп қабылдап алып, айдап әкетiп жатыпты. Ақынды күнi бұрын осыған дайындаған Сәттiң тапқыр әдiсi Майкөттiң тұрмыс жағдайын түзеп, Сарыбай асына келген сапардан олжалы аттануына себеп болыпты. Майкөт өлгенше былай деп айтып жүрiптi: «Сарыбай тiрлiгiнде де мырза едi, асында да маған мол олжа әкелдi. Қызыр қонған, қыдыр шалған қасиеттi қызыл жолбарысты би ғой ол».
ХIХ ғасырда Жетiсу өлкесiнде iрi дауларды шешетiн төрт кiсiден қазы сайланған: Сарыбай (Екей), Смайыл (Әжiке), Балпық (Жалайыр), Тiленшi (Дулат).
Майкөт келгенде Жамбыл ас қамында жүредi де қарсы алуға қатыса алмай қалады. Майкөт Жамбылды арнайы шақыртып алып, екеуi өлеңмен дидарласады.
Әдемi әдетпен басталған дидарласу ары қарай Майкөттiң Жамбылға бата беруiмен жалғасады.
Апта бойы көк кілемдей құлпырған Алатау төсі ән мен күйге, өлең-жырға бөленді.
Ордалы дәулет, киелі қасиет дарыған әрі батыр, әрі би Сарыбайды дәріптеген қырғыз-қазақтың маңдайға басар бар ақыны тілдерін безеп, қыз-қыз айтысты. Балуандар белдесіп, бас бәйгеге үш тоғыз алды. Әйел жарыс, балалар бәйгесі у-думен өткізіліп, ел қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, мәз-мәйрам болысты. Қытайдан, дұнғаннан, ұйғыр, өзбектерден сиқыршы өнерпаздар кезекпен-кезек шығып, таңдай қақтырды.
Әсіресе астың атын әуелеткен ақындар болды.
Қисса-дастандарды дүрілдетіп, төкпей-шашпай Майкөт Сандыбайұлы үш күн талмай айтқанда жұрт тарамай қойды. Тау қыранындай саңқылдап Сүйін­бай жұртпен өлеңмен жауаптасып, мейірін қандырды. Жамбыл жайлауларға жайғасқан үйлерге торы жорғасын көсілтіп жырмен жаршы болып, Сарыбайдай саңлақ ағасы жайлы төгіле жырлады.
– Сүйінбай!.. Сарыбай… Жамбыл!.. Майкөт!.. Шәбден!.. деп айқайлаған, құрметтеген ақжарылқап дауыстар Алатау аспанын жарып жібере сақтады.
Алатау ән мен жырмен тербеліп, күймен толғанды. Сарыбайдың әділ билігі, ересен ерлігі, ел-жұртқа деген қайырымды шапағатты істерін ұлы дала төсіне бұл асқа жиналған жұрт аңыз ғып айтып жүрді.
Уақыт – бәрiне таразы. Тарихтан ештеңе алып тастауға хақымыз жоқ. Сарыбай есiмi көрнектi шығыс тарихын зерттеушiлердiң еңбектерiнде, ақындар жырларында орын алған, «Айқап» журналы (№7-8, 1912 жыл), «Дала уәлаяты» газетiнде мақалалар берiлген.
Сарыбай би өз дәуiрiнде беделдi, атағы зор құрметтi жан болған. Патшадан үшiншi дәрежелi алтын шапан (кафтан), Анна лентасындағы кiшi алтын медальмен марапатталып, алтын қылыш сыйлыққа алған.
Сарыбай би есімі – Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарасу ауылына 2007 жылғы 29 наурызда № 37-276 қаулысы бойынша берілді.
Сарыбай би – тегі бір елдің, бір өлкенің ғана емес иісі қазақтың мақтан тұтар, ерекше қастерлеп тұратын тарихи ірі тұлғалардың бірі. Бірі ғана емес бірегейі. Сондықтан да туғанына 200 жыл толып отырған Сарыбай би Айдосұлын зерттеу, мәңгілік есте қалдыру, оның атқарған зор істерін бүгінгі және болашақ ұрпақ санасына сіңіру – айырықша міндет, біздің борышымыз.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір