ӘЙГІЛІ САРАНЫҢ САХНАЛЫҚ БЕЙНЕСІ
08.10.2022
681
0

Жақында ғана М.Әуезов атындағы ұлт­тық драма театрының кіші залында (спектакль көрсету үшін жалға алынған) Салтанат Нұрбақыт­тың продюсерлігімен канадалық драматург Джон Марреллдің «Лангуст­тің күлкісі» («Смех лангусты») пьесасы бойынша орыс тілінде қойылған «Сара Бернар» спектаклі аншлагпен өт­ті.

Д.Марреллдің 1977 жылы жазылған аталмыш шығармасы он бес тілге аударылып, әлемнің отыздан астам театрында, соның ішінде актрисаның отаны – Францияда қойылған. Драматург есімін дүниежүзіне кеңінен танымал еткен бұл пьесада аңызға айналған ұлы актриса Сара Бернар өмірінің бір күні мен бір түні сурет­телген. Жетпіс жеті жастағы Сара мен оның мемуарын жазуға көмектесіп отырған хатшысы, жалғыз жанашыры Жорж Питу диалогына құрылған пьеса оқиғасы теңіз жағалауында орналасқан виллада өтеді.
Сара Бернар алыста қалған балалық шағынан бастап, өткен өмірінде ұмытылған оқиғаларды жадында жаңғырту үшін хатшысына сол адамдарды (анасын, монастырдегі тәлімгер Софияны, күйеуі Жакті, импресарио Уильям Жарет­ті, аяғын кескен дәрігерді, драматург Бернард Шоу­ды) ойнауды талап етеді. Егде тартып, әрі жарымжан болып елеу­сіз қалған актрисаның қамқоршысына айналған Жорж Питу Сара өмірінің әр кезеңінде (11, 26, 28, 38 жаста) маңызды орын алған сол адамдардың барлығын ойнап шығады. Сөйтіп, тарихқа айналып кеткен Сараның буырқанған өмірінен сыр шертіледі.
Аталмыш пьесаны «Сара Бернар» деген атаумен сахнаға шығарған тәжік режиссері Барзу Абдураззаков өзінің ұтқыр шешімдерімен тәнті ет­ті. Шағын сахнада қойылған камералық спектакль өзгеше режиссерлік стилімен, актерлердің шынайы ойынымен көрермендерді бірден баурап әкетеді. Бұған дейін де Қазақстан театрларында бірнеше спектакль қойып, актерлермен жұмыс жасаудағы ерекшелігімен дараланған режиссер Сара Бернар рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіпке тапсырған екен.
Қазақ театр өнерінің өрістеуіне мол үлес қосып, өзіндік ойын бедерімен танылған Д.Жүсіп сахна төрінен лирикалық, романтикалық кейіпкерлерді ғана емес ішкі жан дүниесі қайшылыққа толы сан алуан бейнелердің галереясын жасап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Атап айтқанда: К.Гоццидің «Турандот ханшайымында» Турандот, М.Ғапаровтың «Тұзды шөлінде» Айғаныш, У.Гаджибековтің «Аршын мал алан» мюзиклында Гүлчахра (реж.Т.Әл-Тарази), М.Әуезовтің «Абайында» Әйгерім (реж. Е.Обаев), Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Баян («Махаббат дастаны», реж. Қ.Сүгірбеков), Ә.Тәжібаевтың «Жомарт­тың кілемінде» Несібелі, Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан» тарихи драмасында Күлпаш (реж. Б.Атабаев), «Мың бір түн» бойынша қойылған «Әли баба және қырық қарақшы» мюзиклында Шаһаризада (реж. Т.Аралбай), «Шыңғысханның соңғы мұхитында» Бөрте (автор және реж. Н.Әбдіқадыров), т.б. көркем бейнелері актриса шығармашылығының сыр-сипатын әрлендіріп тұр. Иә, қиял көкжиегінің кеңдігі мен тасқындаған шабытының молдығын әрдайым танытып жүрген Дәрия Жүсіп Сара Бернарды сан қырлы актерлік шеберлігімен алып шықты. Актриса спектакльдің алғашқы көрінісінен бастап Сараның ешкімге ұқсамайтын даралығын бірден байқатады. Оның орындауында бір орында отыра алмай, дамылсыз пьеса мәтінін жат­тап, күбірлеп сөйлеп, алысқа көз тіккен қағілез жанның нағыз шығармашылық адамы екені аңғарылады. Өзі туралы ақиқат пен аңыздың ара-жігін ашып, мемуардың екінші томын жазуға кіріскен сахна майталманының жан дүниесіндегі арпалыстар хатшысымен сөйлескен сайын ашыла түседі.
Б.Абдураззаков пьеса ерекшелігіне сай спектакль ішіндегі спектакльдің бедерлі де бейнелі шығуына айрықша мән берген. Бір сағат­тан астам уақыт сахнадан кетпей әрекет еткен Д.Жүсіп пен Ә.Ахметов режиссердің түпкі мақсатын тура түсініп, әдемі актерлік дуэт құра білді. Бір-бірін қас-қабақтан ұғысқан орындаушылар спектакльде шынайы өмір сүріп, өз кейіпкерлерінің психологиялық толғаныстарын шеберлікпен жеткізді.
Д.Жүсіп кейіпкерінің әрбір оқиғаны есіне алған сәтіндегі көңіл күйін дөп баса білді. Сара-Дәрия бірде анасын ойнап тұрған Жоржға жас кезінде ішіне бүгіп айта алмаған сөздерін төпелете жөнелсе, енді бірде сүйген жары грек жігіті Жакты жүрегін кернеген сағынышпен есіне алып, Жорж-Әшімнің кеудесіне басын қойып, оны қат­ты құшақтап, ең дәрменсіз, ең қорғансыз, нәзік әйелдің кейпіне түседі.
Актер кәсібінің қиындығы мен мехнатына төзу екінің бірінің қолынан келе бермейтінін Сара-Дәрия қазымыр, ұрысқақ Уильям Жаретпен өтетін көріністе жақсы ашқан. Ол өнер үшін осындай дөрекі, тұрпайы жанмен тіл табысуына тура келгенін жасырмайды. Оқиғаның өрістеу барысында Сараның сондай адамдармен жекпе-жекте құрыштай қайралып, болат­тай шыңдалып биік мәреге жеткенін көреміз.
Сол сияқты Д.Жүсіп сахна шеберінің шығармашылығының шарықтап тұрған шағында Федраны қалай сомдағанын ерекше қуатпен, романтикалық серпінмен көрсетеді. Режиссер дәл осы сахнадағы Федраның сөз сөйлеу мәнері мен пластикалық қозғалыстарынан классицизм дәуіріндегі театр эстетикасын көрсете алған. Бүкіл Еуропа мен Американы актерлік өнерімен тәнті еткен Сараның жемісті жылдарын Д.Жүсіп шат­тана, көздеріне нұр толып ойнады. Осы сәт­те қошамет пен шапалақтан басы айналған алымды сахнагер өркешті бейнелеріне ойша оралып, шыр айналып билей жөнеледі. Сонау сахнаның қақ төрінде шыншыл сезімдер селін сан мәрте сөгіп, мың құбылып өнер көрсеткен талғампаз суреткердің әр кейіпкері өзінің жан дүние­сімен біте қайнасып кеткендей айрықша көңіл күйге бөлейді.
Сара-Дәрияның басынан өткен оқиғалардың барлығы да көрермендерді тебірентіп отырады. Әсіресе спектакль кезінде үш метр биіктіктен секіретін тұста төменге матрас төсеуді ұмытып кеткен театр қызметкерінің немқұрайлылығынан аяғына зақым келгенін өкінішпен баяндайды. Дәрігерден тек шындықты айтуды талап еткен актриса өз бойынан күш-қуат тауып, оң аяғын тізеден жоғары кестіруге келіседі. Көрерменді сұлулығымен, дарқан ой-өрісімен, келісті сыр-сымбатымен баурап алған театр актрисасы үшін аяқтан айырылудың қандай қасірет болғанын орындаушы жүзі мұңға толып, тебірене баяндайды. Бірақ Сара-Дәрияның өр рухы бұл қиындықты да жеңіп шығады. Д.Жүсіп жаратылысы бөлек, шалқар шабыт иесі Сараның ерік-жігерінің мықтылығы мен өнерге деген махаббатының күштілігінен, театр сахнасына қайта оралып, небір шоқтықты бейнелер сомдағанын ерекше қуанышпен жеткізеді.
Дәрия Жүсіп ойынындағы шымыр динамика, ойнақы жеңілдік, сахнадағы сергектік пен өлшемді талғам ірі тұлғаның күрделі қырларының жан-жақты ашылуына негіз болды. Іштей жалындап, бар ынтасымен беріліп ойнаған ол өз кейіпкерінің қарама-қайшы эмоцияларын (ақырын сөйлеп отырып айқайлай салу немесе күліп отырып жылай салу) шеберлікпен ашты. Бір сөзбен айтқанда, актриса Сараның бір күйден екінші көңіл күйге ауысу сәт­терін асқан ептілікпен, ішкі және сыртқы техниканың үйлесімділігімен өрнектеп отырды. Өмір мен өнерге құштар, елгезек, әсершіл, сезімі сергек ғажайып дарын иесінің көңіл толқынындағы контрастық бояуларды нақты көзқараспен де, сыртқы әрекетпен де даралай білді. Жоғары эмоциялық кернеуде жалындап, тасып-төгілген, суынған, ысынған Сараның тасқындаған сезімдері Д.Жүсіптің әртістік әдемі орындауында табиғи шешімін тапқан. Спектакль соңындағы «өлімді күтпей, өмірді сүру керек» деп жоғары пафоспен айтылатын Сара-Дәрияның сөзі бүкіл спектакльдің басты идеясын түйіндеп береді.
Шығармашылық талғамы мен сахналық тәжірибесі толысқан Дәрия Жүсіптің сахнадағы серіктесі – Әшім Ахметовтің актерлік ойыны да көрермендерді бірден баурап алады. Оның кейіптеуіндегі Жорж Питу зиялы, парасат­ты жан болып бейнеленді. Актер мінезге бай, аса сабырлы адамның мейірімділігі мен жанашырлығын нанымды көрсете білді. Сараны көзінің қарашығындай сақтап, оның зар-мұңын бірге бөліскен Жорждың адамдық, азамат­тық болмысын актер біртіндеп ашады. Спектакльдің алғашқы сахнасында дәрігердің айтқандарын тыңдамай, күн астында жұмыс жасап отырған Сараға қамқорлықпен сөйлейді. Оның секунд сайын өзгеретін құбылмалы мінезіне әбден үйренген Жорж сахна суреткерінің әр сөзін қағып алып, қағаз бетіне түсіруден жалықпайды. Әрбір оқиғаны түрлендіріп баяндайтын Сара бұрын айтып кеткендерін қайталаған кезде ол сол тұстарды онымен бірге жатқа айтады. Бұл сәт­те актер Жорждың сөздерін сәл әзілге бұрып, дауыс ырғағын құбылтып отырады.
Өктем де өткір, бір жағынан жалғыз қалып жабырқаған актрисаның көңілін қалдырмас үшін бірнеше адамның кейпіне енген Жорж-Әшім олардың әрқайсысына тән мінез ерекшеліктерін дәл тауып, сендіре алады. Актердің пластикалық қозғалысы, сөз сөйлеу мәнері де кейіпкерлердің мінезіне лайық. Саналы ғұмырын театрға арнаған сахна патшайымының алдында өзі білмейтін адамдарды сомдауы күлкі тудыратын сәт­терге де алып келіп отырды. Әсіресе Сараның асқақ та кербез, аса кірпияз анасын сомдағандағы қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, бет-жүзіндегі мимикалық өзгерістер сәт сайын құбылып, көріп отырған көрермендерді еріксіз күлдіреді. Ал Уильям Жарет­тің мінезі Жоржға мүлдем қарама-қарсы. Соған қарамастан Сара сол қыңыр, қырсық адамды ойнауды одан талап етіп, бірнеше рет репетиция жасайды. Ақыры, аузына шылым салып, Сара отырған купенің есігін тарсылдатып қаққанымен де оның жаман сөздерін айта алмай қиналған Жорж-Әшімнің түрі, жасаған әрекет­тері езу тартуға мәжбүр етеді.
Екеуге арналған театрда Питудың соңғы ойнаған рөлі Оскар Уайльд болды. Қартайған, кедей, аурушаң, жалғыздықтан жапа шеккен Уайльд пен оған кездейсоқ жолыққан Сараның әңгімесін бей-жай тыңдау мүмкін емес. Жүз жылда бір туатын қос тұлға өздерінің ең соңғы рет кездесіп тұрғандарын іштей сезеді. Сондай қимастықпен, сағынышпен тіл қатысады. Қолшатырымен күн астында отырған Оскарды көлегейлеген Сараға ол лангуст­тің (шаян түрі) өлер кезде күлген сияқты дыбыс шығаратынын айтып береді. Оскардың сөздеріндегі терең астарды түпкі түйсігімен ұққан Питу-Ахметов Сараға деген драматургтің шексіз құрметі мен махаббатын сабырлы қалыпта жеткізеді. Екі алыптың лирикалық күйі, шарқ ұрған сезімдері бүкіл оқиғаға жаңа жылу таратып, қайта қан жүргізгендей әсер етеді. Оскармен қоштасып, алыстап бара жатқан таңғажайып жанды Питудың іштей сүйетінін актер көзімен ұқтыра алды. Жалпы бұл спектакльде Ә.Ахметов драма актеріне тән қарым-қабілетін жан-жақты көрсетіп, толыққанды бейне жасады.
Қорыта айтқанда, ХХ ғасырда «құдірет­ті актриса» деген үлкен атаққа ие болып, әлемдік театр өнерінде өзіндік із қалдырған Сара Бернар туралы шынайы шығармашылық шабытпен қойылған бұл спектакль көркемдік тұтастығымен көрермен көңілінен шықты.

Бақыт НҰРПЕЙІС,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлт­тық
өнер академиясының профессоры,
өнертану докторы, театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір