Жазушы Зейнолла Сәнік әңгімелерінің көркемдік ерекшелігі
28.10.2022
3479
0

Жазушы Зейнолла Сәнік әдебиетке ақын ретінде келгенімен артына қалдырған шығармашылық мұрасының басым бөлігі негізінен прозалық жанрдағы шығармалар. Қаламгердің романдары да, хикаят­тары да, әңгімелері де баршылық және олар өзінің жанрлық сипатымен ғана емес, тақырыптық, идеялық, көркемдік ерекшеліктерімен де өзге қаламгерлерден оқшауланып тұрады. Қаламгердің қалам тартқан жанрының бірі – әңгіме жанры. Бірақ автор оны көркем әңгіме деп атап көрсетпеген. Жанрын «Шалқыма әңгіме – новеллалар» деп атаған. Негізінен әңгімелерінің көбісі балаларға арналған, танымдық мәні жоғары дүниелер.

Зейнолла Сәнік өзі жазған шағын көлемді эпикалық жанрдағы шығар­ма­ла­­рына ғылым мен білімнің дамуына орай өзі көрген немесе куә болған, есті­ген сюжет­терді ғана арқау еткен. Жазу­шы­­ның әңгімелерінің көлемі қысқа, ұзаса оншақты бет, көбісі екі-үш бет­тен ас­пайды. Тақырыптары да әр алуан. Көп­шілік әңгімелерінің тақырыбы балаларға арналғанын аңғартады. Ол дүниелерінің танымдық, тәрбиелік мәні зор.
Балалар әдебиетінің ең басты ерек­шелігі оның сюжеті баланы қызық­ты­ра­тындай, көңіліне жағымды болуы керек. Баланы қызықтырмаса, ол шы­ғар­маны баланың оқи қоюы қиын. Он­дай шығармадан баланың ойын дамы­татын, оны дұрыс жолға бағыт­тап, тәр­бие­лей­тін мән мен мазмұн іздеудің өзі артық. Кітаптың гедонистикалык рөлі дегеніміздің өзі сол шығарма мазмұнының тартымдылығы, адам көңіліне рахат сезім ұялататын ерекше әсері болса ке­рек. Балаға үйдегі ата-анасы мен мектеп­тегі мұғалімдерінің тәрбие беруі бір бас­қа, ал оның өздігінен оқып, кітаптан алатын тәрбиесі мүлдем өзгеше дүние екенін қазір көптеген педагог ғалымдар ғылыми тұрғыда дәлелдеп жүр. Бала өзі ізденіп, өзі оқып тапқан жаңалығын еш уақыт­та ұмытпайды. Құрғақ дидактика мен ақыл айту шығарма көркемдігін әлсіретеді. Балаларға арналған көркемдігі жоғары шығармалардың барлығында да мораль халық ертегілеріндегі сияқты «ешқашан да ашық айтылмайды, оқиға­ның баяндалу барысынан аңғарылып отырады» (В.Пропп). Балалар әдебиетінің эстетикалық сипаты басқа ерекшеліктеріне қарағанда аз байқалғанымен, оның маңызы бала үшін тәрбиелік, танымдық мәнінен кем дей алмаймыз. Сондықтан да шығарманың көркемдігін танып, түсіну үшін баланы жастайынан сөз өнерінің ең таңдаулы үлгілерімен таныстыра берген жөн. Ал балалар әдебиетінің таным­дық қызметі – ерекше атап өтуге тұратын маңызды құбылыс.
Көркем әдебиет­тің танымдық қызметін екі аспектіде қарастырамыз. Бірінші, арнайы ғылыми-көркем проза жанры бар, ол білімді балаларға әдеби көркем формада сурет­теп жеткізуге арналған. Екіншіден кез келген шығарма, мейлі ол танымдық білім беруге арналмаса да, балаға дүние сырлары туралы, табиғат пен адам жайлы әр алуан білім жиынтығын беретіні дау туғызбаса керек. Оған қоса баланың кітап оқуына, шығармаларды таңдауына, оны түсінуіне ата-ананың көмегі ауадай қажет. З.Сәніктің өзі де ата-анасынан ертегілер мен жыр-дастандарды тыңдап өскендігін, кейін келе Абай, Шәкәрім, Ақық қажы сияқты қазақтың классиктерін іздеп жүріп оқығанын сағынышпен еске алады.
Жазушының өмір соқпақтарына назар аудара отырып, оның көркем шы­ғармашылықта нақты адамдар ара­сында болатын қым-қиғаш оқиғалар­дан неліктен қашқақтауының да сырын анықтағандай болдық. Өзінің шығармашылық жолын өлең жазудан, қазақ ертегілерін жинап, бастырудан бастаған қаламгерге мәдени төңкеріс кезінде сол шығармаларындағы идеялық ұстанымдары кіна болып та­ғыл­ғаны – өмірлік сабақ болып қалған сияқты. Мысалы жазушы оны былайша еске алады: «…ертегілер жинағында «Қасқыр мен Бөрібасар» дейтін толғау-дастан болатын. …Онда – ел арасында аңызға айналып кеткен айтулы төбет Бөрібасар бір байдың қоралы қой, үйірлі жылқыларын қасқырдан қорғап, дала тағысын ауылға жолатпайды екен. Сондай күндердің бірінде қораға шауып, бай малына зиян келтірген қасқырдың тірсегін қиып, жұлмалап жатқан жерінен әккі бай үстінен түсіп, қасқырдың терісі үшін Бөрібасарды өлімші етіп сабап, ауылдан қуып жібереді. Ақылды хайуан сол беті ол байдың қорасына келмей, жеті қазынаның бірі есептелетін ит қадірін білетін бір кедейдің қорасына барып, сонда тұрақтап қалады. … кейін келе сол бөрібасардың көме­гімен кедей тез ауқат­танып, ал оның қадірін білмеген бай тақыр кедейге ай­налады. Әлгі пәлеқор талдаушылар бұл хикаяның да тонын теріс айналдырады. Ол да саяси түс алып, сайрай жөнелді. «мынау бөрібасар деп отырғаны – сол кездегі Совет одағына қашып кеткен 60 мың қазақ, бай деп отырғаны – бетін көлегейлеп көрсеткен Қытай. Өз қарамағындағы қазақ халқына жақсы қарамағандығы үшін, оларды ұрып-соғып жазалағандығы үшін олар Совет Одағына қашып кет­ті. Яғни елдің шетке қашуына Қытай үкіметі өзі кінәлі деп біздің партиямыз бен үкіметімізге жала жауып, қаралап отыр» деп жауапқа тартады. Бұл оған тағылған үлкен кінә, негізсіз жала болатын. Мұндай кінәлаудан кейін жеке адамдар тағдыры туралы сөз ету, өзінің авторлық көзқарасын ашық білдіру әрине кімге де болса оңай емес еді. Жат елде, жат жерде жүріп шығармашылықпен айналысқан қаламгерлер көп, бірақ Зейнолла Сәніктің тағдыры, оның өмір сүрген дәуірі өзгешелеу болды. Ол ертең заман қалай өзгеріп кетеді, өз жазғаның тағы да алдыңнан өзіңе қарсы айғақ болып шықпас па екен деген күмән мен күдікке толы уақыт­та өмір сүрді. Адам қара басы үшін емес, өзінің ұрпағы үшін, олардың болашағы үшін алаңдайтыны бесенеден белгілі нәрсе. Зейнолла да көп өмірін күдік­пен, қашан алып кетер екен деген үреймен өткізді.
Қаламгер көптеген шығармаларын өзі көрген, басынан өткерген, зерт­теген, публицистикалық мақалалар жазған оқиғалар негізінде көркем туындыға айналдырып отырған. Оның «Сергелдең», «Басбай» романдарын алғашында мақала, одан зерт­теу еңбек болып жарық көріп, соңынан көркем шығармаға айнал­дыр­ғанына соңғы жылдары жарық көр­ген көптомдығын парақтай отырып көз жеткіздік. Ал әңгімелері мен хикаят­та­ры­ның да сюжет­тік желісінен автордың бұрын жазған естеліктерінің ізін анық аңғаруға болады. Жазушының әңгімелері негізінен соңғы жылдардың үлесіне тиеді. Ертеректе анда-санда жазған өлең­дері мен мақалалары болмаса, автор шығармашылықпен арнайы айналыс­пағандығын өзі де мойын­дайды. Оған сол тұстағы қызмет бабы да, саяси науқандар да мүмкіндік бермеген сықылды.
Оның отызға таяу әңгімелерінің жар­ты­сына жуығын автордың өзі жанрлық жағынан «ғылыми әңгіме» деп атапты. Ол әңгімелердің сюжетіне негізінен ғылым мен техниканың дамуына байланысты соңғы жылдары пайда болған ғылыми жаңалықтар, тың ғылыми тұжырымдар арқау болған. Жазушы өзі қалам тартқан «Табиғат тәлімі», «Сары күшік пен саркіс», «Алыптың алыбы», «Ермек естен танғаннан кейін», «Зырылдауық», «Үстелдегі талас», «Түнгі от», «Дүмпулі дүрмек», «Желі басындағы желпініс», «Несібе» т.б. әңгімелерінде көбіміз онша­лық­ты терең түсіне бермейтін табиғат­тағы әр алуан құбылыстардың сырын нақты ғылыми дәлелдермен, кейіпкерлер ара­сындағы көркем диалог арқылы қызықты баяндайды.
Жазушының қай әңгімесін оқысаң да бұрын көбіміз елей бермейтін, бірақ өмірде кездесетін әр алуан оқиғаларды қызықты сюжетке айналдыра отырып, кез келген құбылыстың түпкі мәніне үңіліп, оның жауабын ғылыми ізденістерден табады. «Ермек естен танғаннан кейін» деген әңгімесінде жасөспірім баланың бойының он бес, он алты жаста қарқындап өсіп, соңынан әлсіреп, ауруға шалдыққанын баян етеді. Бозбалалық шақта бірден бойы өсіп, аяқ қолының сидиып, адам денесінің өзгеріске түсетіні белгілі. Ермек те дәл сол жаста. Бірақ бойы өскенімен өзі әлсіреп, көзі қарауытып, басы айналып, ауыра бастайды. Оның неліктен ауырғанының сырын анасы ертерек байқағанымен, әкесі көп мән бере қоймайды. Ақырында есінен танып, ауруханаға түскенде ғана Ермектің сырқатының сыры белгілі болады. Сөйтсе оның бойы тез өскендіктен, денесіндегі қан жүйесі оған ілесе алмай қан аздыққа ұшырапты. Көзінің қарауытып, басының айналғаны сонан екен. Сондықтан оған құрамында темір көп кездесетін ет, алма, жұмыртқа, айран-сүт­ті көбірек ішуге кеңес береді. Әкесі адамға темір не үшін керек деп таңданыс білдіреді.
«Ұғып алғаныңыз жақсы, қария, – деді дәрігер маған ойлы көзбен шола қарап, – адам денесінде темір болады. Балаңыздың денесіндегі сол темір құрамы азайып кеткендіктен қаны аздық ауруына душар болып отыр. Темір ғана емес, мұнан бас­қа да көптеген элемент­тер бар. Адам денесінің 99,95 пайызы сутегі, көміртегі, от­тегі, азот, натрий, фосфор, күкірт, хлор, калии, магнии, т.б. элемент­терден құралған. Ал қалған 0,05 пайызы мырыш, мыс, хром, марганец, кобальт, фтор, молбиден, иод, селен, т.б. элементерден тұрады. Бұл элемент­тердің жалпы саны жүзден асады. Дүниедегі барлық зат элемет­терден құралады. Соның алпыс неше түрі адам ағзасында бар екені анықталып отыр» деп ғылым дәлелдеген нақты тұжырымын айтады. Дәрігердің сөзі Ермектің әкесін ойға қалдырады. Төрт бет­тен сәл ғана асатын шағын әңгімеде автор өз ойын жинақтап, ұтымды жет­кізген. Айтпақ болған идеясы да айқын, баланың қабылдауына да жеңіл, тілі де айшықты.
Балаларға арналған шығармаларының ішін­дегі шымыр сюжетке құрылған, мазмұны терең әңгімесінің бірі – «Несібе». Қарыны тоқ болғасын жалқаулыққа са­лын­ған мысық, жата-жата көз жанары­нан айырылып, алысты көрмейтін «іңір соқырлығына» ұшырайды. Бірақ өзінің не себепті соқыр болғанын білмеген мысық, аштықтан бұралып келе жатып қоянға кез­десіп қалады. Қоян оны мүсіркеп, дәрігер маймылға апарады. Маймыл оны көлдің суына шомылдырып, балық беріп емдейді. Оның емі қона бастағанын байқаған мысық: «Қасиетіңнен айналайын маймыл ағай, неткен мейірімді жан едіңіз! Бағанағы еміңіз маған шипа болған сияқты. Ұйықтап оянсам, сергіп, әуелгімдей болып қалыппын, көзім де тәуірленгендей…» деп ризашылығын білдіреді. Бірнеше күн көлдің суына түсіп, балық жеген мысық соқырлығынан құлан таза айығып кетеді. Оның сырын маймыл мысыққа былайша түсіндіреді.
«Сені өз несібеңнен айырып, дертке шал­дық­тырған нәрсе – жалқаулық. Ұяң­нан қия басып шықпай, жан тыныштығын күйт­теп, дайын ет, көрінгеннен қал­ған жемтікті жеп жатып алғансың. Өз ең­­бегіңмен тышқан аулап жеуге кел­ген­де, еріншектік желкеңнен тартып, жібер­меген. Осыным рас па?
Маймыл сөзінің аяғына зіл тастап, мысыққа алая қарады.
– Рас еді, тақсыр, рас оныңыз. Ауыл маңында бір дайын жемтік пайда болып, соған айналып қалып едім, сонымен тышқан аулауға мұрса болмады, – деп күмілжіді мысық төмен қарап.
– Ым, гәп сол тышқан жемегендігіңде. Тышқан саған азық болады, көз нұрыңды арт­тырады, өзіңді өнерге жат­тықтырады.
– Онысы қалай? – деп қоян маймылдың алдына шоңқая қалды, – тышқан оның көз нұрын қалайша арт­тырады?
– Біліп қой, мысығым! –деп сөзін сабақтады маймыл дәрігер. Тышқанның бойында теңіз қышқылы деген зат болады. Ол сенің көру қуатыңды арт­тырады, әсіресе түнгі көру қуатыңа қуат қосып тұратын нәрсе – сол. Сондықтан жаратылыс берген несібең – тышқанды үзбей жеп тұруың керек. Өйтпегенде науқасқа шалдығып, «іңір соқыры» ауруына душар боласың. Ал мына көл суы мен балықта да теңіз қышқылы молшылық, мұның ауруыңа шипа болудағы сыры осында» – дейді.
Аллегориялық сипат­та жазылған осы­нау шағын әңгімені оқи отырып кім де болса еріншектіктің, жалқаулықтың түбі жарға соқтыратынын, тәңірдің өзі әркімге лайықты несібені бөліп қойға­ны­на таң қалмасқа лажың қалмайды. Шы­ғар­маның сюжет­тік даму динамикасы да, композициялық құрылымы да шымыр, баяғыдан қалыптасқан ертегі стилін еске түсіреді. Емініп, келесі оқиғалардың қалай өрбитінін, немен аяқталатынын асыға күтіп, қызыға оқисың. Бұл жазушының бала психологиясын терең танитындығының, олардың қиял әлемінің жүйріктігін нақты түсіне білгендігінің жемісі дер едік. Шығарманың тілі де қара­па­йым, оқуға жеңіл. Өмірде өз орныңды табу, өз өнеріңді шыңдап отыру – ол әр адам­ның міндеті дегенді жазушы пернелеп жеткізген.
Балалар әдебиеті туралы сөз қозғалғанда ол шығарманың психологиялық ерекшелігі туралы да айтпай өтуге болмайды. Бұл сәйкестік – әдеби қаһарманға еліктеу, оған өзін ұқсату, кейбір мінездері мен қасиет­терін қабылдау, қайталаудан анық байқалады. Мұндай эскапизм, яки оқырманның шығармадағы қиял әлеміне еніп кетуі – балалар әдебиетінің негізгі ерекшеліктерінің бірі болып саналады. Өзі күнде көріп, біліп, танып қалған реалды әлемге өзі оқыған кітаптағы қияли (ойдан шығарылған) әлемнің қосылуы, екеуін салыстыра ойлана бастауы баланың рухани әлемін байытып қана қоймай, оның мына дүниеге эстетикалық көзбен қарауына, танымының өзгеруіне әсер ететіні рас.
Жоғарыда біз сөз еткен екі әңгімеде де денсаулық мәселесі, сырын ғылым анық­таған нақты тұжырымдар сөз бола­ды. Сол арқылы балаға жастайынан өз денсау­лығын күтудің, денесін шы­нық­тыру­дың маңызын түсіндіреді. Автордың көздегені өз оқырманының таным көк­жие­гін кеңейту, сол арқылы жас ұрпақты са­лауат­ты өмір сүруге тәрбиелеу болса, ол мақсаты орындалған деп айтуымызға болады.
Қандай көркем шығармада болмасын, ондағы өмір, тіршілік суретін, оқиға мен жағдайды жан-жақты, терең ашып көрсету адам мінезін нанымды сомдау, шығармадағы басты кейіпкерлердің және олардың арасындағы тартыстың, табиғат сурет­тері – пейзаждың, интерердің сурет­телуімен байланысты екендігін білеміз. З.Сәнік әңгімелерінде табиғат суреті барынша дәл де нақты бейнесімен есте қалады. Обарздардың ішкі жандүниесіндегі құбылыстар көбінесе қимыл, әрекет үстінде сипат­талады. Яғни, адам психологиясы динамикалық күйде сурет­теледі. Оны көптеген шығармаларда негізінен диалог пен монологтардан айқын аңғарып жатамыз.
Жазушының шығармашылық ой өзегі­нің жетілуі, кейіпкерлердің мінезі мен мүсінінің айқындалуы, кейіпкердің ішкі әлемінің, сондай-ак әдеби шығарма мазмұнының түгелдей пішінге көшуі, кейіпкерлердің жанданып, толық канды көркем бейнеге айналу процесі расында да соңғы екі ғасыр бойы әр қырынан зерт­телген сала екендігіне шүба келтіре ал­маймыз. Сондай басқа әңгімелеріне қарағанда біршама шебер жазылған әңгімесінің бірі – «Маңдайдағы хат» әңгімесі.
Ал «Маңдайдағы хат» әңгімесінің тақырыбына мекеме бастығы Қапан мен оның аудар машысы Хамит арасындағы күлкілі оқиғалар арқау болған. Әңгіменің фабуласы мынадай: Жұмысқа жаңадан келген жас жігіт Хамит бастығы Қапанның қарындасы Гүлжазға ғашық болып қалады. Ибалы қыз оның үйіне қайта-қайта келе бергеніне қарсы болғандықтан, олар өз ара байланысты Қапанның малақайы арқылы орнатады. Дәлірек айтсақ, Хамит қызға ғашықтық хатын жазады да, оны Қапанның малақайының маңдайына қыстырып жібереді. Бірде хат Қапанның қолына түсіп қалады. Әрине бастық өзін мазақ қылғандай болған Хамит­тің әрекетіне ренжиді. Бірақ әңгіменің түйіні екі жастың бас қосуымен аяқталады. Әңгімені оқи отырып Қапанның аңқаулығына, Хамит­тің пысықтығына еріксіз езу тартасың.
Зейнолла Сәнік әңгімелерінің тағы бір парасы фантастикалық жанрда жазылған. «Жер астына саяхат», «Арман көлеңкесі», «Шаштағы шарапат», «Бәкеннің батпырауығы» деген әңгімелеріне автор адамзат өмірінде әлі іске аса қоймаған ғажайыптарды тақырып етіп алған. Фантастика жанры қазақ әдебиетіне жат емес. Ерте заманнан келе жатқан ертегі, аңыздардан бастап, кейінгі жылдары әдебиетімізге енген фантастика жанры – бүгінде біршама дамыған, жан-жақты жетілген жанрлардың бірі.
Онда реализмді бұзу, қиялға еркіндік беру басым түсіп жатады. Қазіргі фантастиканың ғылыми фантастика, фэнтези, қорқынышты әңгімелер, магиялық реа­лизм т.б.жанрлары даму үстінде. Олар уақыт өткен сайын бір-бірімен араласып, бірін-бірі толықтырып, жаңа мәнге, жаңаша сипатқа ие болуда. Фэнтези жанрында сиқырлау, ерекше қасиет дарыған көне зат­тар (қылыш, қымбат бұйымдар) көп орын алса, ғылыми фантастикада робот­тар мен бластерлер, звездолет­тар бейнеленеді. Негізінен оларға ғылыми болжамдар арқау болады.
«Арман көлеңкесі» деген шағын фантастикалық әңгімесінде Жәмила апайдың ең кіші қызы Гүлжан дашуеге (жоғарғы оқу орны) оқуға түсіп, практикада жүргенде аяқ астынан ауырып, қайтыс болады. Мұндай үлкен қайғыны жасы келген Жәмила шешей көтере алмайды. Күн сайын қызын ойлап, төтеннен келген қасірет қарт кісіні діңкелетіп-ақ жібереді. Балалары оған не амал табарын білмей, іштей қат­ты уайымдап, ақыры құлтемірмен айналысатын ұлы Қаден робот Гүлжан жасап береді. «Бұл ойын ол ғалым Лу Биң, суретші Аманға айт­ты, үшеуі ақылдасты да осындай бір құлтемір жасау бекіміне келді. Ең әуелі Лу Биң мен Қаден әр түрлі бөлшектерден Гүлжанның қаңқасын құрап шықты. Оның бой-тұрқын, жүріс-тұрысын, жалпы мінездемесін байырғы Гүлжанның өзіндей етіп жасады. Онан соң суретші Аман мұның сыртқы пішінін, бет-әлпетін, әр түрлі мүшелерін дәл Гүлжанның өзіндей етіп жасап шықты. Онан әрі оның ми жүйесіне электрондық есептеуіштер орнатып, оны кәдімгі адамша сөйлейтін, жұмыс істейтін халге әкелді. Бір мезгіл Ғылым Академиясының сынақ бөлмесінде оны сынақтан өткізіп, әбден бабына келтіргенше әлденеше рет өңдеу жүргізді» дейді.
Әрине, әңгімеде ғылымның соңғы жаңалықтары логикалық тұрғыдан үйлесімді алынған. Жазушының баяндау тілі де жаман емес. Бірақ қайтыс болған қызының тіріліп келгеніне Жәмила шешейдің сене салуы – оқырманды сендіре қоймайды. Шығарма сюжетінің сол тұсын шамалы екшеп, ширата түсу керек еді.
Жазушының адам психологиясына тереңдей енетін, жалпы адам болмысының астарын ашып, сыр шертетін әңгімелері де баршылық. Біз солардың ішінен тек екеуін ғана сөз етпекпіз. «Қоңыр сиырдың көмегі» мен «Таныспай кеткен тәнті жандар» әңгімелерінде адамның көңіл-күйі, олардың арасындағы көзге көп шалына қоймайтын нәзік байланыстар, адамдарға ғана тән мәрт­тік, сыйластық мәселелері сөз болады.
З.Сәнік әңгімелеріндегі негізгі ой-өзегінің бірі – адамгершілік мәселесі. Бұл оның отбасында алған тәрбиесінен, жастайынан көп кітап оқығандығынан, ел көзіне ертерек түскенінен де да болса керек. Әр әңгімесінің астарынан оның жастарға, жалпы халыққа арналған тәлім-тәрбиелік мәні бар ой-ағымдарын жиі кездестіріп отырамыз. Онда қаламгер өзінің өмірден көрген-түйген мәселелерінен нақты мысалдар келтіре отырып, жастарды кейбір келеңсіз мәселелерден сақтандырады, жақсы адамдардың істеген істерін үлгі етеді.
«Қоңыр сиырдың көмегі» әңгімесінде Бекей мен Гүлсімнің арасындағы отбасылық ұрыс-керіс мәселесі сөз болады. Бұл әңгіменің жазылу тарихының өзі қызық. Бірде бір таныстарының үйінде қонақта отырғанда, сол үйдің адамдары аталған әңгіменің прототиптерінің бастарынан өткізген қоңыр сиыр туралы хикаяны, оның түбі ажырасқан екі жастың қайта бас қосуына себеп болғаны жайлы әңгіме айтып береді. Оны тыңдап, кейбір детальдарын нақтылап сұрап алған жазушы үйіне келген соң бір-екі күнде аталған шығарманы жазып шығады. Әңгіменің қысқаша фабуласы үйленгендеріне оншақты жыл болған екі жас жұбайлардың арасындағы оқиға былайша таратылады. Отағасы араққа салынып, әйелі мен балаларына күн көсетпеген соң Гүлсім онымен заңды түрде ажырасып тынады. Қытай мемлекетінің заңы бойынша үш баланың үлкені әкесінде қалып, кішкентай екі бала Гүлсімге тиесілі болып қалады. Үйлерінде сауып ішіп отырған қоңыр сиырды да Бекей алады. Бірақ көптеген жылдар бойы бір қораға бауыр басып қалған қоңыр сиыр үйренген қорасын қимай, Гүлсімнің қорасына келеді де тұрады. Әлі де арақтан ауызы босамайтын Бекей оны талай рет таяқтап қуып әкетеді. Қоңыр сиыр да өз әдетінен танбайды. Ажырасқан отбасында не береке болсын, Гүлсім де екі кішкентай баламен күнін зорға көріп жүреді. Ал Бекейдің күні арақ ішкендіктен одан да ары нашарлай түседі. Ел ішінде жұрт­тың бәріне көзтүрткі болып, өзіне тиесілі баланы асырауға да қауқарсыз болып шығады. Үйінде әкесі де онымен адам екен деп сөйлеспейді. Сөйтіп жүргенде қоңыр сиыр тағы да өз мекеніне қашып, Бекей артынан қуып келгенде үйінде жалғыз отырған Бәтияш деген қызын көреді. Әйелінің екі жасар ұлымен ауруханаға түскенін естиді. Перзентіне жаны ашыған Бекей өзінің жаза басқанын түсініп, еңіреп жылап, қызынан кешірім сұрайды. Мұны сырт­тан кіріп келе жатқан Гүлсім де есітіп қалады. Ақыры екеуі қайта бастарын қосып, балаларына иелік етіп, түтіндерін қайта түтетеді. Шығармадағы екеу ара диалогта сөзді Гүлсім бастап:
«Бізді қайта табыстырған жануар, қоңыр сиыр ғой!
– Жо, жоқ, балалар, оның үстіне өзім келіп кешірім сұрамадым ба?
– Сенде сол сиырдың сезіміндей де сезім болмады ғой. Жануар өзінің көп жылдық мекенін, асырап отырған бүлдіршіндерін қиып кете алмады ғой.
– Оның рас, Гүлсімжан, жаздым, жаңылдым дедім ғой, міне арақтан тиылғаныма да көп болды. Енді өткен ағат­тықты бетіме баса беріп қайтесің.
Онда айтқаның – ант, дегенің – баян­ды болсын!» деген Гүлсімнің сөзінен ірілікті, отбасы бірлігін сақтауды көксейтін адал пейілді танығандай боламыз. Екеуінің қайта қосылуына қоңыр сиыр дәнекер болды дегенге әрине жазушының өзі де сене қоймас. Бұл жердегі қоңыр сиыр автордың шығарма сюжетін ширата түсу үшін ойлап тапқан әдемі деталі екенін аңғармау мүмкін емес. Онысы және ұтымды шыққан.
Әңгіменің тәрбиелік мәні ерекше. Қазіргі кезде үйлене салып, ажырасу қазақ жастары арасында да үрдіске айналып бара жатқандай. Әркім тек өз қара басының қамын ойлайтын заманға тап болғандаймыз. Арадағы баланың тағдыры, ата-анаға деген қамқорлық ешкімді де алаңдатпайтындай. Әңгімелерінде Зейнолла адам портрет­тері мен пейзаждық сурет­терді қысқа ғана бейнелеп отырады. Оны ұзақ-сонар етіп созуды әңгіменің көлемі де көтермейтіні белгілі.
Күні бүгінге дейін көркем шығармадағы сан алуан суретпен салынған пейзаждық көріністер, әр түрлі сипат­тағы портрет­тер жиынтығы бұл саланың өнер әлемінде атқаратын өзіндік ерекше қызметінің бар екендігін айғақтайды.
Мысалы З.Сәніктің әңгімесіндегі мына бір құбылысқа назар аударып көрелік. «Ымырт жабылып, қас қарайды, айнала тастай қараңғы. Тасыған өзеннің тарпаң толқыны жағаға қарай ентелеп, өз қадамы жеткен жердегі салындыларды арбаң-құрбаң еткізіп, бірде ары, бірде бері айдап салып, арпалысып жатыр». Тұтас бір жүйеге негізделген жинақы сурет. Оларды бірақ бір-бірінен ажыратып бөлек сурет­теу мүмкін емес. Диалектикалық философия күллі әлемнің бір-бірімен жүйелі байланыста болатын қалай растаса, қаламгер де өз шығармасында өзі сурет­теп отырған құбылыстарды солай бейнелеуге міндет­ті. Бұл логикалық байланысты бұзу – шығарманың құнын қасақана төмендетумен бара -бар болар еді. Аталған құбылыс суретінің көз алдымызға үрейленген, қорыққан адамның, у-шудан күдіктеніп, іштей тезірек бұл жерден кетуді қалаған кейіпкердің ішкі көңіл-күйін танытуды мақсат еткенінен туындағанын байқаймыз.
Ал жазушы портрет жасауда да ешкімді қайталамайды. Кейіпкердің әр мүшесін қысқа, нақты сипат­тауға тырысады. «Жаңқабайдың жаңылысы» әңгімесінде көптен көрмеген досы Қанапияның баласын оның өзі екен деп шатастырады. Ол портет­ті автор былайша сурет­тейді. «Сәл семіріп, толысқан тәрізді, көз оты баяғысындай жанарлы, аяқ-қолы сом, жасамыс тартқан адамша емес, жастарша киініп алған, денесі тік, қызылқоңыр жүзінің қаны толық, өзіне қарағанда әлдеқайда әулет­ті көрінді»
Қанапияның өзінен айнымайтын баласын Жаңқабай әлі қартая қоймаған бала күнгі досы екен деп қалады. Үйден Қанапия шыққанда барып, өзінің жаңылысқанын сезеді. Ыңғайсызданады, өзінің аңқаулығына іштей күйінеді. Жазушы Қанапия мен оның баласының портрет­терін асқан шеберлікпен өте әсерлі етіп бейнелейді.
Жалпы жазушы әңгімелеріндегі күллі пейзаж бен портрет әр образдың іштейгі психологиялық болмысымен шебер қиюласқан. Пейзаж жазушының сомдап отырған кейіпкерінің дәл сол тұстағы көңіл-күйіне сәйкес алынса, портрет те оның әр образының әрекет-қимылымен, дәл сол кездегі психологиялық өзгерістерімен қатар сурет­теліп, шығарма мазмұнының тереңдей түсуіне елеулі әсер етіп тұрғанын байқаймыз. Бұл суреткердің өзіне тән шеберлігі, оның айналадағы құбылысты эстетикалық талғаммен саралап, соған сай сөздерді өз ырқына барынша шеберлікпен талғап алып қолданғанын аңғартады. Зейнолла Сәніктің көркем әңгімелері тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында өскелең ұрпаққа рухани қазына, эстетикалық тағылым ретінде қызмет етеді. Сондықтан Зекеңнің өнегелі өмірін жас ұрпаққа жан-жақты насихат­тау, зерт­телмеген қырын ашу, таныту әдебиет­танушылар мен мәдениет­танушылардың алдында тұрған парыз.

Жолдасбек Мәмбетов,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлт­тық университетінің доценті,
филология ғылымының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір