ЗЕЙНОЛЛА СӘНІКТІҢ РУХАНИ ӘЛЕМІ
11.11.2024
159
0

Зейнолла Сәніктің есімін ойға алғанда, алдымен, қазақтың қабырғалы қаламгері, елдің абыз ақсақалы, ғұлама тарихшы, этнограф, аса білімпаз этнолог, фольклортанушы, бір сөзбен айтқанда, айтулы, тұлғалы адамның бейнесі көз алдымызға келеді. Олай болатын себебі Зейнолла Сәнік бірінші кезекте қаламының құнары бар суреткер жазушы еді.

Суреткерлік – адамға сирек даритын қасиет­тің бірі. Осынау қасиет Зейнолла ағамызды туған әдебиетіміздің төріне шығарды. Күллі қазақ жұрты, қала берді тұтас түркітілдес елдердің халқы, зиялы қауымы құрмет­теген, барлығына аса танымал, қадірлі қаламгерлердің көшін бастаған дара тұлғалық деңгейге көтерді. Пассионар тұлға болды десем, артық айтпаймын. Ал еңбекқорлығы, өмір бойы үнемі ізденіс үстінде өткен өнімді жазушы болғаны бөлек әңгіме.
Жазушы, фольклортанушы, әмбебап этнограф, өте білімді, білікті этнолог Зейнолла Сәнік – бүкіл ғұмырын Қытай Халық Республикасында өткізген сан қырлы талант иесі. Ол әу дегеннен өзінің қаламгерлік жолын туған халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудан, соларды зерт­теп, зерделеуден бастаған өте еңбекқор қаламгер ретінде танылды.
Ауыз әдебиеті – мұхит­тай терең, баға жетпес рухани қазынамыз. Әдебиет­тің қайнар бұлағы ретінде күллі руханиятымыздың арғы бастаулары да осы арналардан нәр алады. Осыны терең түсінген қаламгер ұлт­тық мұрамызға аса бір үлкен жауапкершілік биігінен келді.
Зейнолла Сәнік қаламынан туған кітаптардың бірде-бірі асығыс, үстірт жазылмаған. Қаламгер ел аралап, кәрі құлақ, шежіре шалдардан, тума талант иелерінен көне әңгімелердің, аңыз, дастандардың, байырғы әдеби үлгілердің ізін іздеп, соларды қалпына келтіріп, екінші өмір сыйлағанда, әрине, алдымен, өз жүрегінде жатқан туған ұлтына деген сүйіспеншілігі мен ұлы махаббатына сенді. Сондықтан оның қаламынан шығып, хатқа түскен құнды рухани дүниелердің барлығы ішкі эстетикалық қуатымен, шынайы көркемдік сапасымен оқырманын баурады.
Жазушы бір естелігінде ес кіріп, етек жапқан, балалық шағынан, жас кезінен бастап, ең алдымен, ата-анасынан ғажайып ертегілер мен сюжеті сан-салалы, аңызға бергісіз, адам қиялына қанат бітіретін сандаған жыр-дастандар мен батырлық жырларды санасына құйып, қызығып, көбісін жат­тап алып, құрбы-құрдастарына айтып беретінін, бертінгі жылдары білімі толығып, есейе келе Абай, Шәкәрім, Ақыт қажы тағы басқа да сол тұстағы қалың елге атағы жайылған саңлақ ақындардың әдеби мұраларын іздеп жүріп оқығанын, сол көркем шығармалардың кейіннен үлкен қаламгер болып қалыптасуына терең әсер, ықпалы болғанын тебірене жазады.
Зейнолла Сәніктің барлық туындыларының өзегінде, алтын арқауында өмір шындығы жатады. Өмір шындығын құнарлы тілмен төгілтіп, ақ қағазға түсірген сәт­те қаламгер, негізінен, өзінің жекебасынан өткен өмір көріністеріне, өз басынан кешкен оқиғалар желісіне табан тіреп отырады. Сондықтан да оның барлық туындылары өмірдің өзі сияқты мың сан бояуымен, жасандылығы жоқ, жылтырақтан таза қалың қатпарымен, астарлы ағысымен оқырманын сендіреді.
Мысалы, қаламгердің «Табиғат тәлімі», «Сары күшік пен саркіс», «Алыптың алыбы», «Ермек естен танғаннан кейін», «Зырылдауық», «Үстелдегі талас», «Түнгі от», «Дүмпулі дүрмек», «Желі басындағы желпініс», «Несібе» ат­ты әңгімелерінің, тағы да басқа эпикалық туындыларының сюжет­тік өрімі де, тақырып ауқымы да, ең бастысы баяндау стилі, көркемдік бояуы автордың ешкімді қайталамайтын жазу мәнерін даралап, айшықтап тұрады.
Қарапайым өмір көріністерін бейнелі тілмен сурет­теп, сан алуан оқиғалардан табиғат ғажайыптарынан, болмаса жан-жан­уар, жәндіктер образынан метафоралық танымның биігінен авторлық дүниетанымына сабақтастыра отырып сом тұлғалар жасайтын қаламгердің көркемдік палитрасы өте бай.
Тағлымдық, тәлім-тәрбиелік мәні өте күшті, оқырманға терең ой тастайтын, әсер беретін сюжет­тік арналарды Зейнолла Сәнік қиналмай, қиюын келтіріп, туындыларында өте жемісті пайдаланады. Оған дәлелді жоғарыда өзіміз санамалап атап өткен әрбір туындысынан еркін табуға болады.
Бір ғана құмырсқа жәндігі мен оның тіршілік нәрін жинайтын илеуінің, сол илеуді сандаған мың құмырсқаның бір отбасының адамдарындай қалай тұрғызатынын сурет­теп отырып, осының астарында жатқан адамның ең асыл қасиеті – еңбекқорлық тақырыбының мәнін ашады. Оқырманға ой салатын осындай көркем туындыларды жазушының оң жамбасына алып, ойнатып отырып төгілте баяндайтынын астын сыза айтар едім.
«Илеу – құмырсқаның үлкен құрылысы, ол өте шеберлікпен салынған. Онда ана құмырс­қа, патша құмырсқа, жұмысшы құмырс­қалар тұратын орын айырым – айырым салынады. Кәдімгідей қорғаныс шептері, қарауылханалар болады.
Құмырсқа илеуінің үстіңгі жағын ала самалдатқыш орнатылған бір қабаты болады. Онда ұсақ-ұсақ жұпар саңырауқұлақ сияқты ақ бүршіктер өсіріледі. Бұл аралық жазда салқын, қыста жылы болады» – дейді
(З.Сәнік Көптомдық шығармалар жинағы, 9-том. – Алматы, «Ан-Арыс», 2017, 84-бет).
Құдды бір зоолог, биолог ғалым-зерт­теуші жазып отырғандай әсер аласыз. Барлық тақырыптарын да Зейнолла Сәнік осылай біліп жазады, тереңіне бойлап жазады. Шығармаларының көркемдігіне қоса, олардың танымдық астарына да аса қат­ты мән береді.
Оның этнографиялық, этнологиялық көркем дүниелері де осындай қасиет­терімен ерекшеленеді.
Бір көркем шығармасында суреткер былайша толғаныпты:
«Хайуанат­тар мен өсімдіктер айтысқа түсіп, Тау атаның алдына келген екен.
– Дүниеде, – депті өсімдіктер Тау атаға жыламсырай қарап, – біз көргілікті хайуанат­тардан көрдік. Бұлардан өткен жалмауыз жоқ сияқты. Бұлардың шөп қоректілері арнайы өсімдікті жеп, ойрандаумен ғана шұғылданады. Оның үстіне бірін-бірі жеп, қырқысып жататын шақтары да аз емес. Шынында, бұларда нысап, тойымдылық деген болмайды…
– Жо-жоқ, – депті сонда хайуанат­тар да Тау атаға шағына қарап, – бізден де өткен жалмауыз бар, ол – адам. Адамдар бізді жалмаумен ғана тынбайды, бірін-бірі құртуда да алдарына жан салмайды десек те болады. Тіпті бір қыстақ, бір қала, бір мемлекет­ті де жұта салады»(З.Сәнік Көптомдық шығармалар жинағы, 9-том. – Алматы: «Ан-Арыс», 2017, 44-бет).
Қарапайым оқиғалық фабула арқылы, яғни жер жаратылғалы адамзат санасында берік орныққан ғаламның ғажайыптары – сан алуан өзен, алып мұхит­тар мен теңіздер, тау, тас, жан-жануар, өсімдік атаулы сияқты қарапайым ұғымдарға тіл бітіріп, сөз салып, сол арқылы жалпы адамзат­тық мәселелерді көтеріп, көркемдік таныммен оқырман таңдауына сұрақ тастауын қаламгерлік көрегендік, суреткерлік шеберлік деп бағалаймын. Қарапайым тақырыптың өзін құнарлы, бейнелі тілмен парасат биігіне көтереді.
Ең бастысы, көркем туындының астарына тіршілік үшін баға жетпес құндылық саналатын адам өмірі туралы, дүниежүзілік апат­тарды, миллиондағандардың қыршынынан қиылып, қан майданда шаһид болып жататынын тағы да бір рет адамзат ойына салады. Адамның түбіне тек адам ғана жетеді дейді. Ең қатыгез жаратынды адамдар екен…
Қабырғалы қаламгер Зейнолла Сәнік тарихи тақырыпқа да терең қалам тербеді. Оның осы уақытқа дейін беймәлім болған, ұзақ жылдар бойындағы зерт­теулерінің нәтижесі – сирек деректер мен құнды тарихи оқиғаларды қайта тірілтіп сөйлеткен «Тұғырыл хан, Демежан батыр», «Қаракерей Қабанбай. Хан батыр Қабанбай» ат­ты тарихи эсселерін қазақ оқырманы қызыға, қуана оқыды.
Өзі тынымсыз еңбек етіп, әлдеқашан ұмытылған, шаң басқан архив сөрелеріндегі қат-қабат кітап, дереккөздерді, құнды, сирек қолжазбаларды парақтап, ақтарып жүріп хатқа түсірген осынау тарихи, көркем дүниелері қазақ тарихын, ақтаңдақтарымызды жарыққа шығаруда, елге танытуда баға жетпес үлес болды.
Зейнолла Сәніктің бірінші еңбегі «Тұғырыл хан, Демежан батыр» 2002 жылы Пекинде «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» сериясымен жарық көрді.
Алтай өлкесін, Алтай топырағын сан ғасырлар бойында құт­ты мекен, қасиет­ті жерге балап, ұрпақ өсіріп, берекелі тіршілік кешкен күллі түркі елінің, қазақ жұртының талайлы тарихы мен тағылымды тағдырын, ата-бабасының байтақ қонысы болған кие­лі таулардың бауырынан өрген сандаған қазақ тайпалары мен іргелі, ірі рулардың тұтас тұрмысы мен тіршілігін баяндайтын бұл туындының қадірін оқыған адам ғана терең түсінеді.
Жазушының деректері жалаң емес. Әйгілі тарихшы бабаларымыз Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің, Рашид-ад-Диннің, ғұлама ғалым, тарихшы, археолог, әдебиет­танушы Әлкей Марғұланның, тағы да басқа әйгілі тарихшы ғалымдардың, этнолог зерт­теушілердің, түркітанушылардың еңбектеріне арқа сүйеп, табан тіреп отыратын қаламгердің ой-толғамдары өте салмақты, өте сенімді.
Зейнолла Сәнік шежірелерді өте жетік білген, соларды терең зерт­теген тарлан тарихшы, өте білімді түркітанушы ретінде де мол мұра қалдырды. Түркітанушы ретінде сонау Сақтар мен Ғұндардың кезеңінен бастап, Тұран тарихына жалғастырып, сонан соң Алтын Орда, Жошы ұлысы заманы, Орта ғасырлар тарихы, Хандық дәуіріміздегі ғасырлар шындығы, осылардың барлығын тұтастай алып, тұтас түркі әлемі деп түгендеп жазған сирек дарын иесі еді.
Біз қаламгер Зейнолла Сәніктің қысқаша болса да рухани әлемін сөз ет­тік. Себебі жазушының рухани әлемінің ауқымы өте кең, оның көркемдік болмысы, тарихи, суреткерлік, философиялық, әлеумет­тік жинақтаулары бүтін әлем. Оның кез келген шығармасы, алдымен, айшықты ойға, бұлтартпас тарихи деректер құнарына құрылады. Сол арқылы туындысының танымдық, тағылымдық, тәлімдік, тәрбие­лік мәнін парасат биігіне көтереді.
Ойы бар, айтары бар дүние жаза алған суреткерге осыдан артық қандай бақыт керек. Соңында құнды рухани мұра қалдыра алған қазақ жазушысы, тарихшы, түркітанушы, фольклорист, көсемсөздің сардары Зейнолла Сәнікті ұлтына, қалың еліне құнарлы туындылар сыйлап, бір сәтке де дамылдамай, қаламын тастамай, адал еңбек еткен, арына да, қаламына да шаң тигізбей өткен саңлақтың бірі деп есептеймін.
Ұлт­тық мүддеге, ұлт­тың асыл мұрат­тарына, ұлт­тың болашағына арнап жазған оның барлық туындыларына енді туған елінің құрметі де жылдан-жылға арта беретініне кәміл сенемін.

 

Қансейіт Әбдезұлы,
филология ғылымының докторы,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық
университетінің профессоры,

Жазушылар одағы басқармасының хатшысы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір