«Шаңырақтың иесі…» Анадолыны аралап жүр
28.10.2022
339
0

Токиодағы халықаралық фестивальде «Үздік анимация» номинациясын иеленген «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» атты қазақ мультфилмінің жүлде алғанын алдымен сүйіншілеген «Қазақ әдебиеті» газеті болатын.
Сол сүйінші хабарға орай мультфильм авторларының бірі Үміт Жұбанышевамен сұхбаттасқанымыз да оқырманның есінде болар. Сұхбат барысында Үміт бір үйде 7-8 қыз өскенін, орталарында ұл бала болмағанын, кіндігінен ұл көрмегеніне қапаланған әке: «Қыз бала – жат жұрт­тық. Ертең олар өмірлік серігін тапқан соң, ұзатылып кете барады. Сонда менің мынау қара шаңырағым қаңырап, бос қалатын боады-ау. Шаңырағым иесіз қалатын болады-ау», – деген сөзін естіп өскенін айтып еді. Қаршадай Үміт сонда: «Қайтсемде осы шаңырақтың иесін іздеп табамын», – деп әкесіне іштей серт берген көрінеді.
Арада жылдар өтеді. Үміт бой жетеді. Ол шаңырақтың иесін шарқ ұрып көп іздейді. Ақыры оны табады. Қайдан дейсіз ғой? – Өнерден. Қызы Маржан екеуі төрт жарым жыл уақытты сарп етіп, «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» мультфильмін экранға шығарады. Аталған анимациялық фильмнің бар жұмысы мен шығынына Үміттің ұлы Мағжан демеушілік жасайды. Анимацияның режиссері – Арыстанбек Қасенов.
Осы күндері «Шаңырақтың иесі…» Анадолы жерін аралап жүр. Сөйтіп, түрік балдырғандары тұңғыш рет қазақ мультфильмін тамашалады.
– Қазақ мультфильмін көрсетудегі мақсатымыз – түркі мәдениетіне айрықша көзқарас қалыптастыру. Бұған дейін конференциялар мен концерт­тер және басқа да шаралар ұйымдастырылып келді. Алайда қазақша мультфильм тұңғыш рет көрсетіліп отыр. Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан оларды ортақ мәдениетке баулу біздің міндетіміз, – дейді түркі тарихы және мәдениеті қорының басшысы Өмер Низаметтин Айкурт (дереккөзі: https://24.kz)
Естіп-білуімізше, «Шаңырақтың иесі…» түрік балаларына қатты ұнаған. Олар анимациялық фильмдегі оқиғаларды жүгіртпе жолдағы аудармасыз-ақ түсініп, керемет әсерге бөленген көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік, «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» анимациялық филь­мі зордың күшімен әрең дегенде экранға шықты. Аталған жобаға Үкімет қаржы бөлмей отырып алды. Алайда алған бетінен қайт­паған Үміт әкесіне берген сертін ақырында орындап, қызы Маржан екеуі «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» анимациялық филь­мін жарыққа шығарды.
«Шаңырақтың иесінің…» жолы болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір