ҚАРА ШАҢЫРАҚТЫҢ ҚАСИЕТІ
12.06.2024
200
0

Әдет­те күту залын жап-жарық етіп тұратын мөп-мөлдір шыны қабырғаларға бүгін күзгі табиғат сұп-сұр перде тұтып қойыпты. Ар жақтағы дүние бұлдырап әрең-әрең көрінеді. Қалың тұманға оранған ұшу алаңындағы ұшақтар қаз-қатар тізіліп, күн райының ашылуын күтіп тұр.

Өз басым әуежайда өткізген артық-ауыс уақытқа аса қынжыла қоймаймын. Себебі мұндағы абыр-сабыр тіршіліктің де өз қызығы бар. Әсіресе халықаралық бағыт­тағы, ұшу залына жақындау отырсаңыз неше түрлі қызықты көріністерге көз тойдырасыз.

Жан-жақтан, әр түрлі елден келіп жатқан жолаушылардың түр-түсі, киім киісі, жүріс-тұрысы, тіпті қол жүктеріне дейін бір-біріне ұқсамайды. Ал енді, олардың тілі, діні, көзқарасы, талғамы, танымы туралы әңгіме әрине, мүлде басқа…
Әйткенмен, сіздің ұшағыңыз бір емес, екі емес бірнеше сағатқа кешіккен кез­де еріксіз шыдамыңыз таусылады. Ұшуға деген әуелгі ықыласыңыз бен ынта-жігеріңіз сарқылып, әрі-беріден соң жүйкеңіз сыр бере бастайды. Әсіресе бүгін біздің жолымызды бөгеп, күн ұзаққа тұтасып тұрып алған қалың тұман кешке қарай бір-ақ сейілді.
Әуелі ертеңгі күнге қалмай, кеш болса да ұшқанымызға шүкіршілік еткеніммен, көңілімді бірте-бірте күдік торлай бастады. Өйткені менің баратын жерім Шымкент қаласынан сексен-тоқсан шақырымдай алыста жатқан аудан орталығы еді. Сондықтан да іштей қобалжып, автобекетке жеткенше қай уақыт болатынын және ол уақыт­та автобустардың жүрер-жүрмесін ойлап, түн ортасында қайда барарымды уайымдап келемін…
Мұндай сәт­терде аспандағы ұшақтың өзі де жолаушыға шабан ұшатындай болып көрінеді. Іштей дегбірің қашып, қанатым болса бұдан да жылдам ұшар ем-ау дегендей, қарадай қарап отырып шыдамың сарқылады.
Шамамен біз Шымкент қаласының әуежайына бір сағат қырық минут­та жетіп қонғанымызбен, әдет­тегідей ұшақ өз тұрағына барып тоқтағанша және жолаушылар түсетін трап келгенше тағы да бірсыпыра уақыт өт­ті.
Қысқасы, мен бүгін алыстағы аудан орталығына жете алмайтынымды, қай кез­де бас сұқсаң да есігіңде «орын жоқ» деген жазу ілулі тұратын қаладағы қонақүйлерге бейуақта орналаса алмайтынымды жақсы түсініп, бүгінгі түнді еріксіз осында өткізуді ұйғарып, әуежайға қайтып келдім.
Ішке кіре бере көзім бір топ адамның ортасында тұрған ақ шашты, ұзын бойлы, сымбат­ты кісіге түсті. Алыстан-ақ тани кет­тім. Өзіміздің – Қалекең. Қазақ­стан Жазушылар одағының төрағасы, көрнекті жазушы Қалдарбек Найманбаев екен.
Үстіндегі ақ сұр түсті костюмі өзіне керемет жарасып, ақ көйлегінің жағасына таққан қызыл қоңыр түсті галстугы шам жарығымен құбылып, көпшіліктің арасында ерекше көзге түсіп, күлімсіреп тұр. Аяғымды жасқана басып, жақындай бердім.
– Сәлеметсіз бе, – деген дауысым да естілер-естілмес болып шықты.
– Оу, сен қайдан жүрсің? – Қалекең аз-кем таңырқап қалғандай қолымды қысып, жүзіме жылы шырай таныта қарады. – Алматыға ұшасың ба?
– Жоқ, аға. Алматыдан келіп тұрмын. Қазір қондық.
– А-а… Біз күткен самолет қой онда. Бәрекелді. Командировка ма?
– Иә, аға. «Қазақ әдебиеті» газетінен…
– Жақсы. Кешігіп ұштыңдар ғой. Біз де күні бойы күт­тік.
Тап осы сәт­те Қалекеңді қоршап алған топқа бір орта бойлы, томпақ кісі жүгіре басып келді де:
– Кәнеки, екінші қабатқа көтерілейік. Бұл сәмөлет тағы да бір сағатқа кешігіп ұшатын болды. Қалекең енді біздің дастарқанымыздан дәм татсын, – деді ұшақтың тағы да кешігетініне қуанғандай елпілдеп.
Көңілді топ қарқ-қарқ күліп, Қалекеңе қарап:
– Жүріңіз, көке!
– Аэропорт­тағы інілеріңіздің де көңілін қалдырмайық, – десіп қауқылдап жат­ты.
Қалекең ақырын ғана басын изеп жымиды да, кенет менің білегімнен тас қып ұстай алып:
– Жүр, шай ішейік. Қарның да ашқан болар, – деп өзімен бірге ерте жөнелді.
Сірә, әуежай әкімшілігі арнайы ұйымдастырған болса керек, екінші қабат­тағы үлкен бөлмеге жайылған дастарқанның үсті гүл-гүл жайнап тұр екен. Жылқы етінен жасалған ассортиді, түрлі-түрлі көкөніс салат­тарын, тәт­ті тоқаштар мен көздің жауын алардай уылжып піскен жеміс-жидектерді көргенде күні бойы нәр татпағаным есіме түсіп, еріксіз бір жұтынып қалдым.
– Ал, – деді Қалекең арқамнан қағып. – Тартынба. Ішіп-жеп, тойып ал!
Шіркі-і-ін-н… Ағаның ақ пейілі, аялы алақаны қандай жақсы десеңізші. Әп-сәт­те көңілім марқайып, жүзім жадырап, дастарқанға емін-еркін қол соза бастадым.
Қалекеңді шығарып салуға келген кісілердің әзіл-қалжыңы, гу-гу әңгімесі, қарқылдаған күлкісі әлгі бір сағат уақыт­ты бұйым құрлы көрмей, ағамыздың ұшатын уақытын тым тездетіп жібергендей көрінді. Қолындағы сағатына ара-тұра көз салып отырған Қалекең орнынан тұрып:
– Ал жігіт­тер, уақыт таяп қалды. Сендердің арқаларыңда елге келген сайын осылай емін-еркін қыдырып, қауқылдасып қаламыз. Әрі көңіл қоржынымызға бір-екі шығарманың оқиғасын сала кетеміз. Сол үшін сендерге айтар алғысым да, ризашылығым да шексіз. Ал мынау, менің жанымда отырған жас жігіт – жылдан-жылға қаламы ұшталып, өсіп келе жатқан дарынды қаламгер. Бүгін өздерің көріп отырсыңдар, ұшақ кешігіп келді. Менің сендерден өтінерім, осы жігіт­ті көлікпен қалаған жеріне жеткізіп салыңдар. Жазушы қашан да ел туралы жазады емес пе. Сондықтан, жазушыға жасаған жақсылықтарың – елге жасаған жақсылық болып есептеледі, – деді.
Шынымды айтсам, мен мұндай жақсылықты сол күні Қалекеңнен де, басқадан да күткенім жоқ-ты. Бұл бір ойламаған жерден тап бола кеткен ертегі дүние секілді қиялым шарықтап, Қазығұрт тауының бөктерінен бір-ақ шықты.
Қалекеңнің қасындағы көңілді топ:
– Ой, көке, сол да сөз боп па?!
– Сіз айтсаңыз, жер түбіне болса да жеткізіп саламыз ғой, – деп дуылдасып жат­ты.
Аздан соң Қалекең көпшілікпен бірге күту залына қарай өт­ті. Мен ол кісінің соңынан көпке дейін көз алмай қарап тұрдым. Ұзаған сайын биіктеп, таудай тұлғаға айналып бара жатқандай көрінді. Қалекеңнің аппақ шашы Алатаудың шыңдарындағы мәңгілік қарларға ұқсайтындай…
Бұл 1992 жылдың қоңыр күзінде болған оқиға еді. Есіме алсам, әлі күнге дейін көңілім толқып, көзіме жас іркіледі.
…Биыл Қазақ­стан Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толды. Жазушылар одағының тарихы, бұл – қаламгерлердің ғана емес, қазақ елінің тарихы. Осы орайда, қара шаңырақта қолының табы қалған Қалекең туралы есімдегі жылы естелікті оқырман назарына ұсынуды парыз санадық. Айтпақшы, өзім Жазушылар одағына мүшелікке 1994 жылы өткен екенмін…

Нұрғали ОРАЗ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір