МЕРЕЙТОЙ ИЕСІ ЖЕРЛЕСТЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ
15.10.2022
282
0

Жуырда Абай облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылының Мәдениет үйінде жазушы, онға жуық кітаптың авторы, «Қазақ тарихы» журналының бас редакторы Әбділдабек Салықбайдың асқаралы 60 жасқа толуына орай оқырманмен кездесіп, үш кітабының тұсаукесерін өткізіп қайтты. Оған белгілі жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, ақын, балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы, жазушы, аудармашы, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Абай облысы әкімінің кеңесшісі Талғат Мәзімбаев арнайы барып қатысты.

Қонақтарымен бірге Алматыдан пойызбен Аягөзге жеткен мерейтой иесі жол-жөнекей халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің басына, Науалы мен Мақаншының ортасында жатқан Әсеттің ұстазы Ғабдышүкір хазыретке Құран бағыштады. Жиналған қауым одан әрі Мақаншыға бет түзеп, ақтангер ақын, аққуға үн қосқан талғампаз әнші Әсет Найманбайдың мұражайына ат басын тіреді. Мұражай директоры Әсеттің немере қызы Ләззат ханым ерекше ілтипатпен қарсы алып, атасы туралы тебірене әңгімеледі. Қонақтар бұрын сырттай естіген, оқыған дерек пен тарихты мұражайдан өз көзімен көріп, құлағымен тыңдап, арғы-бергі әңгімеге қанықты.
Жазушы Әбділдабек Салықбайдың шығармашылық кеші әдемі әнмен ашылды. Ұлттық киім киген арулар билей жүріп, ауылдың дәмін сыйлы қонақтардың алдына тосты. Бауырсақтан ауыз тиіп, қымыздан дәм татқан Әбекең арулардың алқалай қоршауымен сахнаға көтеріліп, төрден орын алды. Кешті жазушы Нұрдәулет Ақыш ақ батасымен ашып, жүрекжарды лебізін айтты. Онан ары әкімнің орынбасары Біржан Тұрлыбеков сөз алып, жазушыға жылы ілтипат білдірді. Елдің атынан қаламгерге шапан жауып, «Абырой» деген төсбелгі тағып, ат мінгізді. Содан соң астанадан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын арнайы алып келген Мәлік Отарбаев ортаға шығып, мерейтой иесіне «Алғыс хат» тапсырды. Сосын Әбділдабек Салықбайдың қаламгерлік қыры мен жазушылық сипаты туралы Алматыдан барған Дәулетбек Байтұрсынұлы баяндама жасады.
Әбділдабек Салықбай – Мақаншыдан түлеп ұшып, жоғары оқу орнын бітіріп, ауылға қайта барып бірнеше жыл елге қызмет еткен. Онан кейін өнердің ортасы – Алматыға келіп, шығармашылықтың қызығы мен шыжығын көріп келе жатқанына да биыл 35 жылдың жүзі болыпты. Міне, енді еңбегі жанып, елі ардақтап, оқырманы қошеметтеп жатыр. Ә.Салықбай – жазғаны жалпыға мәлім, шығармалары көркем, талантты қаламгер. Ол балалар әдебиетіне де еркін қалам тартып, сүбелі шығарма, салмақты туындылар ұсынып келеді. Кеште оның «Қуаныш балуан», «Айдана мен Ақжолтай» және «Ілияс мінген қарагер» атты кітаптарының тұсауы кесілді.

М.Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір