ТЕМІРДЕГІ ҚОС МЕРЕЙТОЙ

Ақтөбе облысындағы Темір қаласы – қазақ тарихында айрықша орны бар тұлғалардың ізі қалған көне мекен. Сондай тұлғалардың бірі – қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, өз дәуірінің рухын терең танып, сол кездегі ел өмірін көркем тілмен айшықтаған көрнекті жазушы, драматург, журналист Жиенғали Тілепбергенов.
Ж.Тілепбергенов – ХХ ғасырдың басында ұлт баспасөзін өрге сүйреген буынның ең көрнекті өкілдерінің бірі. Ол Ақтөбеде 1924 жылдан бастап төте жазумен шыққан тұңғыш қазақ тілді басылым «Кедейге» (қазіргі «Темір» газеті) алғашында автор ретінде қатысып, кейін басшылық қызметке ауысып, өмірінің соңына дейін сол «Кедей» газетінің редакторы болды.
Осындай белгілі тұлғаның мұрасын ұлықтау үшін өткен аптада Темір ауданында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Жиенғали Тілепбергеновтің 130 жылдығы мен «Темір» газетінің 95 жылдығына арналған «Темір үні: тұлға және тағылым» атты тарихи-танымдық конференция өткізілді. Қос мерейтойға арналған осы конференцияға Астанадан, Алматыдан, еліміздің басқа да қалаларынан белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және Ж.Тілепбергеновтің ұрпақтары қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің арнайы құттықтауын Одақтың Ақтөбе филиалының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, ақын Бижан Қалмағанбетов табыстады. Сонымен бірге филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше «Ж.Тілепбергеновтің тарихи тұлғасы мен мұрасы заман зердесінде» деген тақырыпта баяндама жасап, жазушының өмірі мен шығармашылық мұрасын жан-жақты талдап, қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы орнын атап өтті.
Темір ауданында өткен осы қос мерейтой әдебиет пен баспасөздің, тарих пен тағылымның тоғысқан мерейлі сәтінің айқын куәсі болды.
Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының
Ақтөбе облысындағы өкілі