Ахаңның жүріп өткен жолыменен
15.10.2022
808
0

Танымдық бағыттағы экспедициямыз биылғы 5 маусымда жолға шыққан болатын. Тапсырыс беруші – Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы, үйлестіруші – «Саналы ұрпақ» қоғамдық қоры. Ахметтанушы Ибраһим Ағытай бастаған экспедиция құрамына журналист ретінде мен де ілестім. Операторымыз – Қайрат Елеусіз есімді қағілез жігіт. Республикалық «Астана» телеарнасының өңірдегі тілшісі.

Ахмет жұмыс істеген мектеп

Ибраһим аға – бұған дейін екі экспедицияға қатысқан, жасы сексенге келсе де санасы сергек, құлшынысы зор қария. Сексен жастың кейінгі отыз жылын Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын зерделеуге арнаған зерек кісі. Әуелде ұсыныс түскенде жүрексінсем де, көшбасшыма сеніп, тәуекел еттім. Бұған дейін Ахаңның әдеби мұрасы жайлы дипломдық жұмыс қорғағаным бар, облыстық телера­диокомпанияда жүргенде бірді-екілі хабар да жасағанмын. Соның бәрін қорыта келе, жауапкершілік жүгі ауыр боларын сезсем де, ұзақ сапарға келісімімді бердім.
Алғашқы бағытымыз – Қостанай-Астана-Қарқаралы-Ақтерек-Семей-Қостанай болды.
Екінші бағыт – Челябі-Орынбор-Уфа-Мәскеу-Архангельск-Мәскеу-Қостанай маршруты.
Үшінші жолы – Қостанай-Алматы-Баку-Ақтөбе-Қарағаш-Қостанай бағыты бойынша жүріп өттік.
Қорытынды сапарымыз – Қостанай-Әулиекөл-Сарытүбек-Ахмет ауылы-Торғайда аяқталды.
Сапар барысында жүріп өткен жері­міз­дің бәрінде жергілікті музей, архив, оқу орындарында, мәдени ны­сан­дарда кездесу өткізіп, материал іздестірдік, өлкетанушы, кәріқұлақ үлкендерден дерек сұрастырдық. Оның бәрін уақытында әлеуметтік желідегі парақшаларыма салып, жолымызға көз тіккен жұртшылықты құлақтандырып отырдым. Сондықтан оның бәрін тізіп жатпай, негізгі тапқан олжаларымыз бен назарымызға іліккен жайттарға тоқталсам деймін.
Мәселен, Қарағанды облысы Қар­қаралы ауданы Ақтерек ауылында Ахмет Байтұрсынұлы жұмыс істеген мектеп бар. Ғимараты әлі күнге сақталған, кітапхана мен шағын орталық сонда орналасқан. Сол нысанның маңдайшасында «Ахаң 1904-1909 жылдары жұмыс істеді» деген жазу тұр. Оны жаздырған белгілі ғалым Ақжан Машани екен. Ақтеректіктердің аузындағы деректерге сенсек, бұл мектептің құрылысы 1876-80 жылдары жүргізілген. Енді бір баспасөз мәліметтерінде 1902 жылы салынды, оның құрылысына Ахмет Байтұрсынұлы қатысты делінеді. Мысалы, Ақтерек ауылының тұрғыны, 86 жастағы қария Мұрат Исақашов 1970 жылдары Ақжан Машанидың «осы мектепте Ахмет Байтұрсынұлынан білім алдым дегенін естідім» деп айтады. Ал уикипедия деректеріне сүйенсек, Машани 1906 жылы өмірге келген. Мұндай күмәнді, екіұшты ақпараттарды жүйелеп, бір ретке келтіру парыз. Жергілікті тұр­ғын­дарға сол жайлы түсіндіріп өттік. Бұл ғалым­дар нүктесін қоюға тиіс тақырып деп білемін.
Жалпы, қайраткердің Қарқара­лы­дағы кезеңі жайлы қате мәліметтер көзі тірісінде де тарағанын айта кету керек, оған дәлел – Мұхтар Әуезовтің «Ақаңның елу жылдық тойы (юбилей)» мақаласы. Әйгілі мақаланың авторы ұлт ұстазының ағартушылық, қайраткерлік қырын кереметтей аша отырып, өмір жолы жайлы «…Омбыдан соң аз уақыт тұрған жері – Қарқаралы. Онда 1896 жылдан бастап 1907 жылға шейін тұрған» деп жаңсақ деректерге жол бергенін айта кетсек артық болмас.
«Қош сау бол, Қарқаралы жуыл­ма­ған» деген Ахаңның өлеңін іштей ыңыл­дай айтып, одан әрі Семейге сапар шек­тік.
Ахаңның «Анама хат» өлеңін есіме түсір­генімде санамда бір ой жарқ ете қалды. Оны серіктеріме айтып та үлгердім. Семейдің түрмесінен Сарытү­бекке жолдаған сағынышты хатында Алаш арысы тура алдыңғы өмірін әулиедей болжап тастаған екен-ау. Ұшақта бара жатып, «Анама хатты» сан қайталадым. Сіздер де оқи өтсеңіздер екен…

Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам!
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!
«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!
Көп айтпай, қысқасынан сездіретін –
Балаңның мінезі бар сөзге сараң:
Кетер деп «суға құлап, отқа түсіп»,
Қайғы жеп, менің үшін болма алаң!
Отырмын абақтының бөлмесінде,
Бұйрықсыз көз жетеді өлмесіме.
Есіктің құлпы мықты, күзетші көп,
Ажалдан басқа ешкім келмесіне.
Қоршаулы айналасы, биік қорған,
Берік қып салған темір терезесіне.
Қалайша мұны көріп көңіл сенбес
Аттанып жау келсе де бермесіне.
Каламда Лаухул-Махфуз ұмытқан ба,
Жазбапты бұл орынды көрмесіме.
Қаңбақпен салмағың тең
бұл бір заман,
Ылаж жоқ жел айдаса ермесіне.
Тайпалған талай жорға,
талай тұлпар
Тағдырдың кез болып тұр кермесіне.
Солардан жаным, тәнім
ардақты емес,
Орынсыз күйзелейін мен несіне!

Ахаң қамалған Семей түрмесі бүгінде бұзылып жатыр екен. Қабырғасын сипап, қайраткердің қамыққан сәтін сезінгендей болдық…

Олжаның бірі – шоқ үтік

Ал Абай облысының қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында Байтұрсынұлына қатысты бір ғана құжат бар болып шықты. Ол – 1918 жылдың 3 наурызында Бөкейханның қолы қойылып, Алаш-Орда мөрі (Всекиргизский Народный Совет Алаш-Орда) басылған Алаш бланкісі. Онда «Сообщаем, что наш представитель Ахмедъ Байтурсуновъ отзывается, а на место нашимъ представителемъ Абыкей Сатбаевъ, член Семипалатинского Областного Совета Алаш-Орды» деп жазылған. Бұл құжаттың сырына үңілген жанға көп мәліметтер ашылары анық.
Семей қаласының тұрғыны, алаштанушы Құсмілия Нұрқасым: «1918 жылдың мамыр айында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Р.Мәрсеков Семей, Үржар, Аягөз арқылы Шәуешекке өтеді. Сонда түсірілген фото да бар. Қытайға бару – үлкен елшілік. Соның ішінде Райымжан Владивостокқа, Жапонияға барды. Ол да Ахаңның қайратымен деп ойлаймын», – деген пікір білдіреді. Жоғарыдағы Бөкейханның бұйрығы осы сапармен байланысты емес пе екен деген ой келді бізге. Алашорданың Күншығыс елімен байланыс орнатуға ұмтылуы – тарихты жаңаша көзқараспен безбендеу керектігін ұқтырғандай.
Семейдегі Мұхтар білім алған шаңырақ, бүгінгі педогогикалық колледжде зиялы қауыммен жүздестік. Колледж директоры Шағангүл Жанаеваның ұйымдастырумен өткен сұхбатта Ахаң мен Семей өңіріне байланысты көп шежіре айтылды.
Ахаң «Абайды арнайы іздеп барғанда ғұлама шайырдың қырқына тап болыпты деседі» ел аузындағы аңыз. Аңыздың астарында ақиқат жатуы да бек мүмкін. Себебі Абай жырларын жалпақ жұртқа алғаш танытып, «Қазақтың бас ақыны» деп әдебиеттегі мәңгілік орнын айшықтаған да Байтұрсынұлы емес пе?! «Ахаң мен Бәдрисафа некесін Семейдің мешітінде қиыпты» деген де «аңыз» бар екен, бірақ бұл шындыққа сай келмейді.
Семейден кейін Қостанайға оралып, қайтадан Челябі арқылы Орынборды бетке алдық.
Ахмет Байтұрсынұлының саяси күрес жолында Орынбор қаласының орны ерекше екені белгілі. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Орын­бордағы өкілдігі ұйымдастырған жүздесуде тірілген тарихқа куә болдық. Бала Ахметті оқуға берген Ерғазының қызынан тараған ұрпақтары экспедиция басшысын арнайы іздеп келді. Патша өкіметінің сойылы батып, Кеңестің қырына іліккен Ерғазының ұлы Жұқан бұта паналаған торғайдай Орынборды сағалаған екен. Ерғазы – Ахаң өмірінде ерекше орын алатын тұлға. Қарпық ақын шығарған Ерғазының жоқтауын «23 жоқтауға» енгізуі бекер болмаса керек. Жоқтаудағы:
«Базынадан басталған,
Нақақ еді жаласы,
кемшілікке шыдамай,
ұзады істің арасы,
табылмады әкімнен,
әділдіктің сарасы», – деген жолдар оның әділет таба алмай, бармағын тістелеумен өткенін көрсетеді. Ерғазының немересі, яғни Жұқанның қызы Нұрзипа 17 жасында жергілікті қазақ Жолмырза Балмағанбетұлына тұрмысқа шығады. «Текті әулеттің нәсілі болғаны үшін тепкі көріп, туыстарынан еріксіз ажыраған Нұрзипа анам өмір бойы төркінін іздеп, өксумен өтті», – дейді Әбілқасым Жолмырзаұлы. Бұл да Шошақ әулетінің патша өкіметінен де, кеңес билігінен де еш рақым көрмегенінің айғағы.
Тарихы орыс-қазаққа ортақ Орын­­бор Алаш тарихының алтын қой­масы іспетті. Қазақтың алғашқы аста­насын­дағы үкімет үйі, «Қазақ» газетінің редак­циясы, Ахаң жұмыс істеген, елу жылдық мерейтойы мен жалпы қазақ съездері өткен нысандар сол қалпы сақталған. Соның бәріне соғып, Уфа-Мәскеу арқылы Архангельскіге аттандық.
Ахмет Байтұрсынұлы Мәскеудің Бутыр абақтысынан Архангельскіге жер аударылғаны белгілі. Ахаң Ақтеңіз жағасына барған уақыт 1932 жылдың 30 қарашасы екен. Алыптың азапты күндерін бастан кешкен Архангельскіде экспедициямыз үлкен олжаға кезікті. Ахаң хаттарында «Соломбала, бірінші деревня, бірінші линия, 9-үй» деп көрсеткен мекен-жайдағы ағаш үйді тауып алдық. Бұл ретте Архангельскінің тұрғыны Василий және Надежда Марковтарға зор алғыс білдіреміз. Өйт­кені қазіргі қала анықтамасынан алынып қалған мекен-жайды осы бір жанашыр жандардың көмегімен таптық.
Жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, жер аударылғандар мұнда бірінші күні ескі шіркеуге қамалады екен. Одан әрі өз күнін өзі көруге тиіс болған. Архангельдегі бірінші күнін тәулік бойы далада жаурап өткізген Ахаң жат жерде Абдолла Байтасов есімді алашшыл азаматпен жолығып, 17 күн бойы жан сақтайды. Оны өз хаттарында былайша баяндаған:
«Міржақып, Мырзағазы, Ғазымбек қарақтарым!
…Мұнда пәтер табу деген өте қиын жұмыс екен. Таныс арқылы болмаса, өз бетінше пәтер табу деген болмайды. Абдолла өзінің таныстары арқылы әрең пәтер тауып берді».
Аталған үйді 1871 жылы Братухиндер отбасы салыпты. Бүгінгі иесі Вера Мариева есімді 81 жастағы кейуана. Әлі күнге осында тұрып жатыр. Ағаш үйдің сыры кетсе де, сыны кетпеген. Бөлмедегі жиһаздар да ғасыр жарым уақыттан бері кәдеге жарап келеді екен. «Сіздердің аталарыңыз осы бұйымдарды пайдаланғаны анық. Музейге қажет десеңіздер алып кетіңдер» дейді ақкөңіл әжей. Бұл жерден бұйырғаны шоқ үтік болды. Ахаңның алақанының табы қалған мүлік – аз олжа емес. Баспана қасқалдақтың қанындай қат уақытта қуғындағы қазақтарға қалайша беріп жүр? Оны Вера әжей былайша топшылайды. Өсіп-өнген шаңырақтың бір үмбеті Вениамин Братухин Ленинградта оқып, 1930 жылы Қазақстанға жолдамамен барыпты.
– Сол жылдары Қарағандыда қызмет етеді. Сол жақта жүріп 1936 жылы Петропавлдың қызына үйленеді. Веня көкем өле-өлгенше Қазақстанмен байланысын үзген жоқ. Қазақ зиялыларымен сонда жүріп танысқан болар. Әйтпесе, ол кезде жер аударылып келгендерді пәтерге жіберу оңай емес еді, – дейді Вера Мариева.
Бұл пәтер табылмағанда Ахаңның халі нешік болар еді?! Себебі жер аударылып келгендер өте мүшкіл күн кешетін. Олардың аштық, суықтан баудай түсіп жатуы үйреншікті жағдай-тұғын. Ұлт ұстазы тұрған үйді фото-видеоға түсіріп әкелдік. Ал үтікті жол сөмкемізге салып алдық.
Архангельскіге екі түнеп, Мәскеуге кейін қайттық. Ресей астанасында Бутырка түрмесіне кіреміз деген ойымыз орындалмады. Оған рұқсат алу өте қиын екен. Есесіне, Дон зиратындағы Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовтар жатқан бауырластар қабіріне дұға жасадық.

7 минут 55 секундтық бейнекадр

Мәскеуден келісімен аз күн аялдап, Алматы арқылы Бакуге ұштық. Ең басты олжа да осы Әзербайжан астанасында ілікті.
Біз Бакуде 1926 жылғы Бүкілодақ­тық І түркітанушылар съезінің кинох­рони­касын бірінші болып алдырттық! Ұзақтығы 7 минут 55 секундтық бейне­кадрда ұлт ұстазы бірнеше рет көрінеді. Біз бұл видеоны алғаш 5 қыркүйек күні жарияладық. Оған дейін анықтасақ та, туған күнінде халыққа көзайым етейік деп шештік. Республикалық бірнеше телеарна мен сайттар бұл туралы сүйін­ші­леп ақпарат таратты. Бізден кейін бір апта өткесін барып отандық ғалымдар да Ахаң бейнесі табылғаны жайлы жария етті. Бұл таспадан Баку құрылтайына қатысқан Елдес Омаров, Біләл Сүлеев сынды Алаш арыстарының бейнесі де табылары анық. Құнды тарихи таспаны табуға көмектескен Әзербайжан ҰҒА Археология, этнография және антро­пология институтының «Түркі халықтарының этнографиясы» бөлімінің меңгерушісі Гюлли Йолоғлы ханымға зор алғысымызды білдіреміз!
Біз барғанда Бакуден Ақтөбеге әуе рейсі ашылып жатыр екен, сол тарихи сапардың алғашқы жолаушысы болу бақыты бұйырды.
Тағы бір олжа – ағартушы алғаш еңбек жолын бастаған қазіргі Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Қарағаш ауы­лы­нан табылды. Мұнда Ахаңды мұ­ғалім­дікке шақырған Ахметкерей Қосуақовтың үй-жайы, мектебінің орны бері келгенше тұрған екен. Ұрпақтары іргетасы орнын көрсетіп берді. Ахаңның табаны тиген орыннан тәберік деп тас алып, қоржынымызға салдық. Қарағаштың тұрғындары Алаш қайраткердің есімін айрықша құрмет тұтады. Ауылдағы Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы мектеп түлектерінің кемеңгердің мүсінін орнатуы соның айғағы. Ақтөбе жерінен тапқан олжамыздың зоры – Ахаңның қызы Шолпанның өз қолымен жазған хаттары болды. Асылдың сынығының сиясы тамған құнды деректерді қарт қаламгер Ибадолла Асқаров есімді ақсақал экспедицияға табыстады.
Құжатқа сенсек, Алаштың ардақты ұлы 1937 жылы 8 желтоқсанында атылған. Болжам бойынша сүйегі Алматының іргесінде, Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аумағында жатуы мүмкін. Өйткені ату жазасына бұйырылғандар осында қалай болса солай көмілген. Экспедиция атқарған зор міндет осы Жаңалықтан топырақ алып, ол 5 қыркүйек күні Сарытүбектегі халықтың күшімен тұрғызылған еңселі кесенесіне салынды.
Ал сапар барысында жиналған заттай жәдігерлер жергілікті музейлерге табысталды. Экспедиция бойынша әр өңірден бір-бір шағын видеоролик, бір минуттық сенсациялық сүйінші материал, 5 минуттық ақпараттық, 30 минуттық танымдық фильм жасалды. Бұл бағыттағы жұмыс болашақта жалғасын таба береді деген үміттеміз.
Осы экспедицияны сәтті үйлестіре білген әріптесім Нәзира Жәрімбетоваға, «Саналы ұрпақ» қоғамдық қорына және жоба жетекшісі Римма Бектұрғановаға өз атымнан алғыс айтамын.

Абылай МАУДАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір