АХАҢНЫҢ ТАҒЫ БІР КІТАБЫ ТАБЫЛДЫ
Ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының тағы бір кітабы табылды. Бұл туралы ақын, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің меңгерушісі Әділет Ахмет сүйіншілеп жазды.
«Ахмет Байтұрсынұлы И.А.Крылов шығармаларынан аударған «Қырық мысалы» әмбеге аян. Алайда осы «Қырық мысалдың» ішіндегі бір мысалы – «Маймыл мен көзілдірік» атты шығарма өзі жеке бір кітапша болып шыққанын кім білген?! Мінеки, ғалым аударған құнды еңбектің бір парасы басылым көргеніне 101 жыл өткенде табылып отыр.
«Маймыл мен көзілдірік» атты мысал кітапша 1922 жылы Ташкентте басылған. Түркістан республикасының баспасөз шығарушы мекемесі жағынан басылым көрген бұл жәдігер Ұлт ұстазының көзіндей қымбатты мұра деуге болады. Кітапша өңді-суретті үлгіде басылған. Бас-аяғы 12 беттен тұратын кітапшаның жобасы кісінің көзін тартып, көңіліне түрлі ой салады.
Кітаптың мұқабасында жапа-тармағай ағаш басына өрмелеген маймылдар бейнеленген. «Маймыл мен көзілдірік» атты кітап атынан кейін «И.А.Крылов хикаясынан қазақшалап жазушысы А. Байтұрсынов» деп көрсетілген. Бұл беттің бір жағы жыртылған болса керек, кейбір сөздердің басқы буыны көрінбей қалған» — дейді ол «Жас Алаш» газетінде жарияланған мақаласында. Уақыт тезінен өтіп, оқырманмен қайта қауышқан ғалымның бұл еңбегі барша Алаш жұртын зор қуанышқа бөлері хақ.
ПІКІРЛЕР1