АҢЫЗ АНСАМБЛЬ «АТ­ТАН ТҮСКЕН ЖОҚ!»
13.10.2022
638
0

Өткен ғасырдың алпысын­шы жылдары әлемдік ән өнерінің тарихында жастар субмәдениетінің жаңа тол­қыны басталды. Бұл сәуірде адамзат ғарыш кеңістігіне алғаш қадам басқаннан кейінгі тұтастай өркениет тарихындағы ең ұлы өзгерістердің бірі еді.

Әңгіме рок-музыкаға байланысты. Іле-шала АҚШ-та «соғыспен емес, махаббатпен айналыс» ат­ты хиллиа­лар қозғалысы басталған. 1967 жылы Англияда «Битлздың» ерекше күйтабағының жарық көруі тіптен елеулі жаңалық болды. Сол кездегі қазақ тойларының хитіне айналған «Облади» әні есіңізде болар.
Бұл шын мәнінде музыка өнерінің жаһандық деңгейдегі жаңа мүмкіндігі, болашағы болатын. Ал оған қызықпау, араласпау, үлес қоспау әлемдегі әр этнос үшін үлкен мін еді.
Дәл осы тұста Григорий Потаниннің: «қазақ халқының ендігі этникалық өрлеуі ән өнерінен басталады» деген көреген сөзі еске оралады. Бір ауылда – бір транзистор, әркім күндіз-түні өзінше, хал-қадірінше «Битлздың» рокн-ролл ырғағындағы әндерін тыңдады.
Рас, ұлт­тық ән тарихы брэндтік тұлғаларға екі бастан кенде емес. Бірақ бұл жолғы құштарлықтың қарқыны мүлдем басқаша еді. Рок музыка қазақ әнінің ыңғайына жат деген пікірлер де айтылатын. Ансамбль тура осындай сәт­те өмірге келді.
«Досмұқасанның» алғашқы әндерін радиодан естігенімізде «мына әнді шынында да қазақ айтып тұр ма?» деп тұтас ел болып айран-асыр болған заман да өткен.
Ол заманда кеңестік идеология Батыстан келген прогрестің бәріне сын көзбен қарады. «Өзіңнен мықты шықса, екі көзің сонда шығады» дегеннің мәртебесі де осы тұста артады. Азаматы ғарышқа тұңғыш самғаған держава үшін рок-музыкасының жаңа жетістігі үлкен соққы еді. Әрі бұл жанр түкірігі жерге түспей тұрған коммунистік идеология құндылықтарының төбесіне шығып, тұтас халықтың құрметіне бөленеді.
Ресми тұрғыда «Досмұқасан» 1967 жылы құрылды. Өзбектің «Ялласы» мен белорустің «Песнярының» құрылған кезі осы. Алайда дәл кезеңде осы екі ансам­бль ­де «Досмұқасанның» танымалдығына жете алған жоқ. Ол енді тарихи ақиқат.
1972 жылы әскер қатарына алындық. Онда барлық ұлт­тың өкілдері бар. Бізді таңғалдырғаны әскери бөлімнің барлық солдаты қолына гитара тисе «Той жырын» айтатын. Досым Сүлеевтің осы туындысы ол кезде бүкіл Кеңестер Одағының сүйікті хитіне айналды.
Сөз ыңғайына сай айта кетуге тиістіміз, біз оған дейін де, одан кейін де бірде-бір әніміздің мұншалықты халықтық қолданысқа түскенін көргеміз жоқ. Тіпті «Той жырының» Мәскеу шарапханаларының сүйікті хитіне айналғаны туралы да ресми деректер бар.
Ән әуенінің тартымдылығына қызыққан ресейлік «Калина» тобы, тіпті оны орыс тіліне аударып шырқаған. «Той жырының» Бүкілодақтық хитке айналу кезеңі содан басталады. Көп ұзамай «Мелодия» студиясы «Досмұқасанның» алғашқы күйтабағын шығарған. «Досмұқасанның» кеңестік дәуірдегі күйтабақтары ең көп шығарылған ансамбль болғаны да белгілі.
1976 жылы сол «Мелодия» ансамбль­дің гигант-күйтабағын шығарды. Сұраныстың үлкен болғаны соншалықты, студияның күйтабақты он рет қайталап шығаруына тура келген, әр шығарылымының көлемі 100 мың дана болатын. Әлбет­те ол студияға мол кіріс берді. Ол туралы ансамбль жетекшісі Мұрат Құсайынов «сол үшін «Мелодия» маған 200 сом гонорар берді» деп еске алады.
Барша жеке тұлғалар сияқты ұжымдық өнердің де өзіне тән, жарасымды, қисынды жанры болмақ. Мамандар «Досмұқасанға» рок, поп, фолк-рок мәнеріндегі ансамбль есебінде баға береді. Ал отандық музыка зерт­теушілері ұжымды «заманауи рок-операның қазақша нұсқасын жасады» дейді. Шынында да «Досмұқасанның» өз заманында ұлт­тың ғана емес, тұтастай кеңестік музыка тарихына елеулі жаңалық енгізгеніне күмән болмаса керек.
Жетпісінші жылдардың басында атағы енді шыға бастаған жас ұжым Алматыдағы Ленин атындағы сарайда өзінің тұңғыш концертін берген. Халықтың көп жиналғаны соншалықты залдағылардың көбі түрегеп тұрып тыңдауға мәжбүр болды. Сырт­та ене алмай қалғандар да көп еді. Іштен «Досмұқасанның» рок музыкасы естілгенде сырт­тағы халық лап беріп сарайдың есік-терезесін сындырып енеді. Әнге, өнердегі тың жаңалыққа деген құштар құлақтың ақыры анархияға, тәртіпсіздікке ұласады.
Мәселе Орталық Комитетке дейін жетіп, басшылықта «Досмұқасан» ан­самблін тарату, заңсыз деп жариялау туралы да әңгіме қозғалған. Алайда іске Қонаевтың өзі араласып, оған рұқсат бермеген. Ақпарат деректеріне көз жүгіртсек, «Досмұқасанның» тасының өрге домалауы сол кезеңнен басталатынын байқаймыз. Нақтырақ айт­қанда 1971 жылы ансамбль Ташкент­те өткен Бүкілодлақтық халықтар достығы фестивалінде «Ялла» мен «Песнярды», «Самоцветыда» артқа тастап, жүлделі бірінші орынды иеленген.
«Досмұқасан» үшін әсіресе 1973 жыл жемісті болды. Сол жылы Минск қаласында өткен кәсіби ансамбльдердің Бүкілодақтық байқауында бас жүлдені иемденуі өнер ұжымының беделін, танымалдылығын онан әрі арт­тыра түседі.
Ансамбль тарихындағы ең елеулі оқиғаның бірі – 1973 жылы Берлин қаласында өткен Бүкіләлемдік студент­тер фестивалі. «Ол «қырғи-қабақ соғыстың» әбден күшіне мініп тұрған кезі болатын.
Бұл тұрғыда фестиваль өтетін Берлин қаласының өзінің де ерекше маңызы бар-тұғын. Берлин – ол кезде төрт оккупациялық аймаққа бөлінген даулы, тартысты, қуат пен басымдық бәсекесіне толы қала. КСРО мәдениет министрлігінің пәрменімен Кеңестер Одағынан келген ансамбльдер ішінен вокзалда ашық концерт қою міндеті «Досмұқасанға» жүктеледі.

Көзге елестетіп көріңіз: ығы-жығы вокзал. Сол кезде перронның әлдебір тұсынан дауыс күшейткіш арқылы халық бұрын естімеген, ерекше, сол кездегі таңсық «биг-биг» ырғағындағы ән естіледі. Әрі әннің тілі де, мәнері де өзгеше.
Берлин вокзалындағы мыңдаған халық сол жерге жиналып, «Құдаша» әні шырқалғанда «Қазақстан! Қазақстан!» деп қол соғып тұрып алады. Ең соңында перрондағы қозғалысты қалпына келтіру үшін полицияға халықты күшпен таратуға тура келген!
1974 жылы Берлин фестивалінен олжалы оралған ансамбльге Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. «Досмұқасанға» деген махаббат пен құрметке күні бүгінге дейін селкеу түскен жоқ деп сеніммен айта аламыз. Беріде белсенділер Көктөбеде атағы жер жарған «Битлзге» ескерткіш тұрғызды.
Әлбет­те, «Битлздің» аты – «Битлз». Әлемді мойындатқан өнер ұжымы. Алайда өз заманында онымен иық теңестіре алатын санаулы ансамбльдердің ішінде, тіпті басында біздің «Досмұқасанның» да тұрғаны белгілі ғой.
Көп ұзамай Көктөбе төріне жайғасқан мәртебелі «Битлзбен» қатар «Досмұқасанның» да ескерткішін орнату мәселесі көтерілген. Өкінішке қарай, сол әңгіме әзірге сөз жүзінде қалып тұр.
Дегенмен әрекет – пендеден, әділет – Алладан, сүйікті ансамблін әспет­теу, оған тастан қашап ескерткіш тұрғызу ісі бар. Қазір Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университет алаңында «Досмұқасанның» іргетасын қалаған төрт жігіт­тің сәулет­ті ескерткіші тұр.
Жалпы, ансамбль тарихында Кереку өңірінің ерекше орын алатынын есте ұстауымыз керек. Оның алғашқы ескерткішінің дәл осы аймақта тұрғызылуы да соған байланысты.
1967 жылы Қазақ политехникалық институты Баянауыл ауданында құрылыс отрядымен барып, тұрғын үй салады. Құрылысқа венгер студент­тері де келеді.
Политехтің төрт студент­і жұмыстан соң кешқұрым гитараға қосылып, ән шырқайтын. Ән әуеніне венгерлер де қызыға тыңдайтын.
Сондай көңілді кештің бірінде До­сымның, Мұрат­тың, Хасан мен Саня Литвановтың өнеріне риза болған Янош Карпатый деген венгер жігіт бесіктен белі енді ғана шыққан жас ұжымға төрт мүшесінің есімдерін білдіретін «Досмұқасан» деген ат­ты ұсынады. Осылайша Павлодар өңірінде болашақта атағы жер жаратын ансамбльдің тұсауы кесілген.
«Досмұқасанға» қатысты мына бір әңгімені бүгіп қалсақ, мәселе толық қанықпайтындай көрінеді. Атағы дүйім елге тарап дүркіреп тұрған жетпісінші жылдардың ортасында кеңестік билік ансамбльді «Қазақстан» куриз кемесімен АҚШ жағалауларына, Кариб елдеріне жарты жыл саяхат­татқан.
Ондағы мақсат кеңестік эстрада өнерімен қоса мемлекет­тік идеологияны да, насихат­ты да тарату еді. Кереметі сонда, американдықтар қазақ-совет кантри-рогын үлкен құрметпен қабылдайды.
Сол сапар кеңестік қазынаға 2 миллион доллар қаржы түсірген. Ал ансамбль мүшелеріне айлық жалақылары сақталып қосымша 50 доллар төленіпті. Ал «Қазақстан» теплоходының командиріне сол жолғы сапардың табыстылығы үшін Қызыл Ту ордені берілген көрінеді.
Міне, аңызға айналған ансамбльдің төңірегіндегілере әсері осындай болған. Жақында «Досмұқасан» вокальды-аспапты ансамблі өзінің 55 жылдық мерейтойын атап өт­ті. Оның құрметіне қазынадан 425 миллион теңге қаржы бөлініп ат­тас фильм түсірілді.
Қазір фильм елдің, әр түкпірінде көрсетіліп жатыр. Жаңа фильмнің режиссері Айдын Сахаман. Басты рөлдерді Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Саят Мақұлбаев, Әбілмансұр Серіков сомдайды.
Фильмнің жанры – музыкалық-драма.
Міне, ағайын аты аңызға айналған ансамбльдің бүгінгі ақиқат деректері осындай. «Досмұқасан» концерт­тері әлі де көрермен тарапынан жылы қабылданады.
Демек аңызға айналған ансамбль әлі де болса «ат­тан түскен жоқ…»

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір