ҒАЛАММЕН СЫРЛАС МІР ШАЙЫР
Мір Шайырдың ойшылдығы «Әулиетас» кітабындағы әңгімелерінен кәміл байқалады. Кейіпкерлер санасының, олардың пиғылдары мен ықылас-ниеттерінің тереңдерінен жылымшылап шыққан ойлар кенет жүйітки айналып, оқырманның қиял өрістерінде доғадай қайысқан жарық із қалдыра, заматта көңіл кеңістігіне бұлдырай сіңеді де, әлдебір қайнарлардан сусындап, өздерінің өң-түстерін қоюландыра не ажарландыра, әлгі бір пиғылдар мен ықылас-ниеттердің, шын мәнінде – жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің болмыстарын айқындай, мәселенің мән-жайына қанықтыра береді. Автордың ой өрнектерінің құбылыстары осындай.
Жіті зер салып отырмаған оқырман түсінік желісінен айырылып та қалады. Мысалы, жазушының «Ой оғы» әңгімесіндегі қарапайым түйін – бүгінде қарабайыр аксиомаға айналған «біреуге ор қазба, өзің түсесің» қағидасы. Сол ұғымды таптаурын сөзбен айту бар да, оны арамза пиғыл иесінің психика шырғалаңдарынан өткізе жеткізу бар. Алайда автордың негізгі мақсаты тіпті де бұл емес! Мұның бәрі негізгі идеяны ашудың тартымды тәсілдері ғана. Түпкі мақсат уланған ойдың оқтан да өткір екендігіне көз жеткізу десек те қателесеміз. Мәселе сол уланған ойды оққағардай иесіне қайтаруда. Үңіле зер салған адам әлемдік соғыстар мен бақастықтар тарихынан мұның сан жеткісіз мысалын көрер еді.
Жамандық атаулының құрдымға апаратынының бір дәлелі – осы әңгіме. Залымдық зардабынан өлім халіне жеткен Мүлік жанашыр жақын досың мен ғанамын деп ішін білдірмей жүрген Керменнің ақырғы сәтте кім екенін танып, «Ө-ә-ә-һ!» деп қаһарлы үн тастауға ғана шамасы келеді. Улы ойдың «бүкіл… жүрек пен сезім, нерв жүйелерін құрсап, езген зілі мен зәрі жаңағы қатаң да күйінішті, аруақты дабыспен сыртқа шығып, нысанасына дәл тиген еді», – дейді автор. Табиғи үкім. Мұнда бір құдіретті сезесіз. Бізге сыры беймәлім құпия күш сұрқиялықтың ініне от салғандай. Оқ тигендей Керменнің орындықтан әрең тұрып, жаралы керіктей тәлтіріктеп кетіп бара жатуы – осыған дейінгі істеген сұмдықтарына берілген жаза. Ал ішінен шыққан алапат үннен соң Мүліктің жүзінде алау пайда болғаны – жабысқан қауіпті кеселден арылғанының белгісі. Жазушы осы бір сәтті шебер, психологиялық дәлдікпен, зергерлікпен суреттеген. Адамгершіліктен ада, екіжүзді, кекшіл ауылдастың бір күндері түсініксіз, азапты сырқаттан сарнап жатып өлуі оқырманды қалың ой иірімінде толғандырады.
Автордың дүниетанымын қалыптастырған ізгі идеялар, философиялық ой-тұжырымдары өміршең, өйткені олар адам тіршілігінің мәні мен маңызын ашуға бағытталған. Жазушы үшін Адам – орталық басты ұғым. Жазушының пайымынша, адалдық ғана адам баласын қоғамда етек алған әділетсіздік пен безбүйректіктен, пендешілік пен шарасыздықтан ғана емес, тіпті жаратылыс кесапаттарынан да, індеттерден де құтқара алады.
Бұдан бұрын ақын аға Мырзағали Іңірбаевтың поэзиясын зерделеген күндерімде:
«Шамасы үш-төрт жасымның,
Сонау бір жылдар есімде,
Мен ойға батып отырдым,
Көңілсіз күздің кешінде.
Толғандым сонда мен алғаш,
Жабырқау сәби түрменен.
Суық жел жаным жеңе алмас,
Соққанда гулеп іргеден.
Өмірдің мәнін сезбеген,
Балапан кезім балдырған.
Елімнің жүдеу жылдары ол
Жадымда бүгін жаңғырған», –
деген шумақтардағы нәресте, сәби кейіпкердің «ойға батып отырған» толғанысты, жабырқау кейпін көріп, «осының өзі кішкентай бөбекке сай сипат па?» деп ойланып қалғаным бар. Ақынның бала кезіндегі сол нәресте кейіпкер жылдар өте жігіт ағасы жасына жеткенде, мүмкін, ойлар легінен болар, философиялық үлкен прозаға құлаш ұрып, әлем, қоғам құбылыстарын Ғалам мінез-құлқымен сабақтастыра талдауға кіріседі. Оның «О, Данышпан Дүние!..» роман-трилогиясы Қазақ Елінің күрделі өмірін Адамзат тірлігімен астастыра суреттеген батпан дүние. Ал «Әулиетас» әңгімелер мен новеллалар жинағында сол үдеріс одан әрі жалғасыпты. Біз күнде табиғат аясында, парктер мен скверлерде серуен құрғанымыздай, Мір Шайыр кейіпкерлері енді Күн Жүйесінен әрі асып, Құс Жолын шарлай, ғаламдар кеңістіктерінде қалықтайды, жер бетіндегі өмірмен үндесе, септесе жүреді.
Осылайша, бірінші айтарым: Мір Шайыр ойшылдығының бастауы тым әріде жатыр, бұл қан мен сүйекке біткен табиғи хәл.
Екіншіден – оның ойлары ғарыштан қуат алатынын аңғарамыз.
Үшіншіден – Мір Шайыр әзір ресми ғылым ақиқатына жете қоймаған, ал қазақы ұғым осы дүниеде бар деп білетін бір тылсым шындықтардың сырына үңіле бастаған. Кітаптағы «Әулиетас», «Тасаттық», «Топалаң», «Ойыншы», «Жансорғыштар», «Жиде ағашы» және басқа әңгімелерден мұны анық түсінеміз.
Шығармалардың әсірелеусіз, әшекей, жылтыр сөздерсіз, логикалық қатаң жүйемен, нақпа нақ тілмен мәнерлі жазылғанын баса айтамыз. Әйтпесе онсыз да күрделі тақырыптарды оқырманның меңгере қоюы қиынға соғар еді.
«Әулиетас» әңгімесіндегі Қами бейнесі бір қарағанда әдеттен тыс, оғаштау көрінеді. Ізденімпаз ғалымның отаншыл, адамсүйгіш қасиеттері біртіндеп ашылады. Оның туған елін, адам баласын Жаратылыс қойнауларынан тартылған энергияның мол, тегін қорымен кенелтсем деген ыстық ықыласы жол таба бастайды. Жер бетінің әр шалғайындағы елдер ғалымдарымен іскер байланыстар орнатып, басталған халықаралық істі жүзеге асыруда шешуші тұлғаға айналады. Мың сатылы шаралардың буынды тұсында әлем ғалымдары дағдарысқа ұшырайды. Қами үшін бұл ауыр қайғыға ұласады. Бірде түн ортасында ғылыми есептеу орталығынан шаршап үйге келе жатқанда жаны сергігендей күй кешеді. Қара барқыттай аспанның омырауында маржандай жарқыраған жұлдыздар. Кенет ол түнгі аспанның терең тұсынан жұлдыздар тізбегімен жазылған формуланы – ұзақ уақыттан бері жер беті ғалымдары сабыла іздеген проблеманың шешуін оқиды. Дереу кейін жұмыс орнына жүгіріп, көргенін мүлтіксіз қағазға түсіреді. Ғалымдар бас қосып талдағанда бұл нанотехнологиялық есеп дұрыс болып шығады. Ортақ іс ілгері өрлейді. Былай қарағанда фантастикалық жағдай. Алайда бүгінде ғылымның көзі жете бастаған ақиқат. «Таңғажайып құпияның сыры тек мұнда емес, – дейді автор. – Мәселе, Қами мен Ғалам арасында жоғары интеллектуалдық байланыс орнағанында. Кейіпкер жаратылыстың қиян түкпірлерінде байыздаған адамзат ақыл-ойының алтын қорынан суыртпақтап мәлімет ала біледі». Мір Шайыр бұл құбылыстың сырын осылай, әдеттегі бір жайттай түсіндіреді. Тіптен қарапайым. Ал бізге ертегі тәрізді. Қами тауы жоқ, теп-тегіс айдаладан іздеп тапқан, үстін мүк басқан, бұғы бұзауының басынан аудармай біреу қашап жасаған тәрізді кәдімгі тас – оның Ғаламмен байланысып тұратын қасиетті стансасы. Ғажап! Шығармаларды талқылау барысында Мір Шайыр мұның да ғылыми дәлелдеріне көзімізді жеткізіп, иландырады.
Маңғыстау – қуаңшылықты, шөлейтті өлке. Қар да, жаңбыр да сирек жауады. Аспан мен жердің құдіреттерінен хабардар қариялар жиі-жиі тасаттық ұйымдастырып, ағыл-тегіл жаңбыр жаудырып, табиғат ризығын молайтып жатады. Қаламгер мұның сұңғыла сырларын «Тасаттық» әңгімесінде әсем өрнектей білген. Ол осынау жұмбақ процестің құпияларын, «механизмін» көркем әңгімемен алға тартады. «Ұлы іске автордың өзінің тікелей қатысы бар емес пе екен?» деген күмән туады. Табиғаттың ала шаң ренішті күйі, малдың жұтқа ұрынуы, жан-жануарлардың тірліктен баз кешкендей аянышты халі, халықтың жанкешті, қаһарман іс-қимылы… Кенет ағыл-тегіл нөсер… Табиғат заматта құлпырады… Бәрі адам ойының пәрменімен жасалып жатыр… Қаламгер осылай адам ойы қуатының шексіз екендігін жырлайды. Ой құдіреті аспан мен жерге жан бітіргендей, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін, ынтымақтастығын оята біледі екен.
«Топалаң» әңгімесіне зейін қойыңыз. Ауыр індетке ұрынған бір отар қой. Зауалдың бетін қайтаруға ветеринарлық шаралар тіптен дәрменсіз… Бойын құрсаған ауыртпалықты Тана әулие таң алдынан сезінулі… Мытып, сүйектерін бұрап, сындырып барады. Жанұшыра көмек іздеп жеткен көлікпен отарға асығады. Осы сәттерде аспанның алыс жиектеріндегі селкеу бұлттар қозғалысқа еніп, Тана бағытына қарай жылжиды. Етек-жеңдерін жинақтай, қошқылдана түседі. Отарға жете бұлт баяу себезгілей бастайды. Ауаны керім жұпар кернейді. Биіктегі бір күш Тана рухымен үндесе, маңайды беймағлұм қосындылармен дәрілеп жатқандай. Мал шығыны, топалаңның беті қайтады. Автор бұл үдерісті ішінде жүргендей бейнелейді.
Немесе, «Ойыншы» шығармасын алыңыз. Мұндағы Өтім Федор Достоевскийдің «Игрок» хикаясындағы құмар ойынға берілген, барынан айырылған ұстамсыз кейіпкерге мүлде ұқсамайтын қаһарман. Бір әділет иесі қиын сәтте Өтімге көмекке келіп отырады. Әлдене оған естіле гуілдейді. Кейде басыла қалады. Бұл көбіне қарсыластар қаралық жасап, колодадағы карталарды көз ілеспес шапшаңдықпен өздеріне ұтымды жағдайда орналастырып, таратып отырған сәттерде білінеді. Нәтижесінде қарсыластар өздеріне реттеген карталар кенеттен Өтімге түсе береді. Қалайша? Мұнда да оқырман пластик аралас карталар мен Өтімнің арасында беймәлім байланыс барын аңғарады. Ендеше, бұл Өтімнің өз мүмкіндіктерін пайдаланып, басқа ойыншыларға әлімжеттік жасауы емес пе? Олай емес екен. Өтім құмар ойынмен көп қаржы қордалаған жырындылар қамбаларындағы ақшаны тарта, өндірістік, ғылыми жобаларға салады екен. Елдің, мемлекеттің мүддесіне. Өтімнің бұл қасиетін қадірлеген биіктегі бір құдірет оған көмектесуден жалықпайды. Мұның жолдарын түсініп, меңгерген Өтімнің ой қуатымен қажет карталарды өзіне бейімдей алатынын да байқайсыз… Ең бастысы – ықыласың, ниетің таза болуы керек, ол пиғылға айналмауы тиіс. Көпшілік мүддесіне қажет қаржыны адал жолмен, тек қажет мөлшерде жұртшылық ісіне шым-шымдап тарта білу – айып емес деп түсінесіз.
Ал «Жансорғыштар» ше? Мұнда Себен Атыраудың әйгілі масалары туралы хикаяларды қозғап келе жатады. Әңгімеден үзінділер келтірейік:
«Құрман жаз айларында жерде қаптап кететін бүргелер, таскенелер, алуан-алуан шыбын-шіркейлер, кейбір үйлер арыла алмай жүретін қандалалар, қансорғыш жарқанаттар туралы өрбітті.
– Маңайымыздың бәрі қансорғыштар. Жауыздар. Солардың ортасында өмір сүріп жүрміз, – деді Сергей. Сол сәтте Себен кенеттен:
– Адам баласы не көрмей келеді дейсің. Жансорғыштар да бар, – деді. Бұрын естімеген мына сөзден үшеуі кілт тоқтады…
…Себен сұмдықтарды баяндауға ыңғай білдірді…
…Себен қоғамдағы һәм жекелеген адамдар арасындағы құбылыстардың нақ аналитиктеріндей, сабырмен тақырыпты жалғастырды:
– Ондайларды кемінде үш немесе төрт топқа бөлуге болады: біріншісі – күнделікті ортасынан алыстай жүріп, бақса біреулердің шын мәнінде жанын соратындар; екіншісі – өзін қоршағандар шеңберінен, үшіншісі – жақындары есебінен қоректенетіндер; төртіншісі – төңірегінің жанын күйдіріп, жан ләззатына кенелетіндер».
Әңгімеде мұның бәрі қолға ұстатқандай мысалдармен суреттеледі.
Кейіпкер Себен «осының өзі зерделеп қарасаң – табиғаттың, жаратылыстың ісі сияқты» деп тақырыпты түйіндейді.
Сұмдық жағдай. Дегенмен бәрі Құдай ісіне сайғарылады. Біреулер – құрбандықтар, біреулер – жыртқыштар. Жер бетіндегі қым-қиғаш шайқастар, қантөгістер, жантөгістер… жанындағылар есебінен жанын созып жүргендер…
Қаламгер осы тақырыпты «Жақсы адам мен жаман адам» әңгімесінде басқаша үлгіде одан әрі дамытқан. Жақсы есімдігімен алынған кейіпкер көңіл жықпас ізгі қасиеттеріне ел сүйінген, жұмсақ мінезді, кең пейілді азамат. Жаман болса – қатқылдау, талапшыл, мұқият есептің адамы. Екеуі өзеннің екі жағындағы кең шаруа алқаптарын пайдалануға алған. Жақсыға шұрайлы жерлер, мол несие бұйырған. Жаманның жері де жұтаң, үкімет қаржысы да мардымсыз. Жақсының төңірегіне жайсаңдығын білетін әккілер топталып, несие ақшаға сомсорғыш жебірлер шыбынша үймелейді, еңбек ету, өнім өндіру, пайда түсіру екінші кезекке ысырылады. Ферма көп ұзамай тұралап үлгереді. Ал Жаман фермасы еселеп өрістейді. Жаман аты көмескі тартып, «Жәке, Жәке» атанды. Жақсы бір күні «құтқар» деп жалынып, ауылдас досына келді. Оны аяған Жәкең қарызға белшесінен батқан фермасын банктің мол несиесіне сатып алды. Ертесіне-ақ жұрт шу етті: жаман аты қайтадан жаңғырып шыға келді. Бір-екі жылда екі есе өскен шаруашылық елді еселеп күйлендірді. Алайда жайсаң мінезді Жақсыны жұтып қойды деп, сөзуар жұрттың аузында Жаман жаман болып қала берді.
Мір Шайыр әңгімелерінде идеяны жалаң, жадағай, сылдыр сөйлемге тәуелді етпейді, көбінесе айшықты сурет жасап, айтар ойын терең мағыналы, астарлы түрде қысқа да нұсқа жеткізіп отырады. Жазушының ұтымды тұсы – өмірде болған көп оқиғаның маңызды бір қиығын деталь ете отырып, соған елдің мінез-құлқын сіңіріп жіберуінде. Әңгімелердегі оқиға өзегінен ұлт болмысын тани аламыз. Қай әңгімеде де оқиға, көрініс қазақ өмірінен алынғандықтан, оны бейнелейтін тілдік бояу да, сурет те ұлттық. Мінез-тұлға да ұлттық, харекет, тыныс-дем де солай. Жазушының әр сөйлемінен ұлттық ерекшелік атойлап тұр.
Қаламгердің адамға деген құрметі мен жанашырлығынан туындайтын толғаныстары «Жанкешті» әңгімесінен көрінеді. «Өз жүрегі мен ақыл-парасатына сенімді адам қулық ойламайды, мақсатына жетудің оңай амалдарын іздемейді, алыс нысанаға тура тартады», – деп басталатын шығарма адамзатты толғандырған басты рухани сауалдарға жауап бергендей. Бұл әңгімедегі кейіпкерлер жазушының ішкі жан тебіренісі мен ауыр ой толғауынан туған. Олар заман сұранысынан өмірге келген бейнелер.
Мір Шайырдың бұл көркем әңгімелеріндегі философиялық ой-толғамдардың тамыры тереңде, оның мұраты өмірдің мәнін түсіндіру мен гуманистік идеяны насихаттау.
Әңгімелерде тақырып тосындығы бірден байқалады. Автор тың тақырыптарды жалтақсыз, өте батыл игере біледі. «Құяң» әңгімесінде кейіпкерлердің бұл сырқаттан айығуы адам табиғатының таңғажайып мүмкіндіктерін айту арқылы берілген. Мағзұм мен түрік қызы Фатима арасындағы жақындықты жәй әуестік деуге мүлде болмайды. Мұнда автор кінәратсыз рухани үндестікті, жан тазалығын жеткізе өрнектеген. Дәрігер Көпжасардың пікірімен берілген ғылыми жаңа шешімдер бар.
Айтар ой суреттеліп отырған оқиға ауқымына сай айшықты беріледі. Әлгінде тоқталған «Ойыншы» әңгімесінде кейіпкерлер портреттерін беруде де, ойынға жиналған топтың әрқайсысын кескіндеуде де автордың адам ақылының тереңдеріне бойлаған психолог екендігіне куә боламыз. Әңгіменің өн бойында үзілмес өзек, салмақ, бөлінбес бүтіндік бар. Ойын майдан алаңындай баяндаған, барынша тығыз, ойлы, қысқа сөйлемдермен берілген. Жасанды бояу, жылтырақ сөз жоқ. Күні кешегі ақын ағаның кенеттен үлкен проза, әңгіме жазудағы даралығына риза боласыз.
Қаламгер өз көкірегіндегі лықсыған сезім мен сырды көптің көңіліне мейілінше әсерлі жеткізу жолында көркемдіктің сан алуан жолын іздеген, тынымсыз еңбектенген. Оның әңгімеден әңгімеге ұшталған ұсынағын танытатын – тілінің бейнелілігі, ойының дәлдігі және ықшамдық. Соны сипат, өзіндік қолтаңба сүйсінтеді.
Суреткерлік парасат пен тегеурін жазушыны көркем жасампаздыққа әкелген, яғни шығармаларда қолданылған түрлі әсемдік әдістері кейіпкерлер тұлғасын, автор көзқарасын тереңдете түсетін сараптаулар, детальдар шынайылығы, өмір жәйттерін берудегі жинақылық, шешендік – бәрі-бәрі ұштаса келіп, жазушы кемелдігін танытатын белгілерге айналған. Заманның шиеленіс-тартыстарын байыпты тұжырымдау өз алдына тоқталуды қажет етеді.
Мір Шайырдың табиғат полотноларын безендіруі – ерек құбылыс. «Жиде ағашы» әңгімесінде Жиделі өңірінің көктемгі пейзажы тынысыңды кеңейтеді, құлпырған, ғажайып гүлдерге толы дала, құстардың үні оқырманды әсем табиғат аясына жетелейді. Әңгіме кейіпкері Мизам да осы көктемгі табиғаттың өзіндей жаны көркем жас, әкесі мен анасы періштедей бейнеленеді. Мың жылдық жиде ағашы Пайғамбар ағаш деп танылады. Оқырман осының бәріне ынтызар күй кешеді. Көркем сөздің сиқыры бұл.
«Әулиетас» жинағы – әп-әсем әмияндай шап-шағын кітап. Іші толы қазына. Біз соның бірқатарын ғана қуана сөз еттік. «Жыртқыш», «Көжек», «Зауал ауған шақ», тағы басқа туындылардың әрқайсысына жеке-дара тоқталу артық болмас еді. Автордың кереметтігі сол – оқырман «Жекпе-жекте» бір-бірімен өліспей-беріспей айқасқан сұңғыла питон сарүйек пен қаһарман дала қыранының, «Жануар-ай десеңші!» туындысында тірлікті, үйір өмірін өзінше түйсінетін Қара айғырдың ішкі әлеміне еніп кетеді. Ал «Сәби көзіммен» шағын новеллалары қара сөзбен жазылған поэзия туындысы тәрізді. Сонымен бірге бұл кішкентай дүниелерді тұтас алып қарасақ, бұдан бір дәуірді қамтыған эпикалық кеңдікті таныр едік.
Кітаптағы адам ақылына сия бермейтін аса күрделі тақырыптарды толғаған кесек ойлы туындылар туралы негізгі пікірлер мақаламыздың бастапқы бөлігінде айтылды. Мына кең дүние, жаратылыс, ғалам хақындағы тебіреністер, адамзат пен ұлт мүддесін қамтыған ойлар, Мір Шайыр меңзеген, ғылым ақыры дәлелдеп тынады деп үміттенетін жер мен аспан сырлары, адам мен ғалам, қоғам арасындағы тылсым байланыс құпиялары… бәріне шым-шым қанықтық. Автордың соның бәрін өзі шарлап жүргендей суреттеулері… Құдіреттер әлемінен қарлығаштай жаңалықтар тасуы… Сол күрделі тақырыптарды қожайындай саралаған қаламгердің мол білім-білігі… Мір Шайыр көп жылдардан бері адам мен ғалам арасындағы жанды қарым-қатынастар жөнінде құнды деректер жариялап жүр. Өзі бастан кешкен хикаялар, ғаламдарды шарлау (Ғалам біреу емес екен), «Періштенің сыбыры» романы, «Менің жұмбақ өмірім» деректі әңгімелері, 12 мың жыл бұрынғы жаратылыс астаң-кестеңі, атланттар, Ман Ата туралы монографиясы… Өрісіміз әлі талай кеңейер… Бейхабар адам автор шығармашылығының қыр-сырын көріпкелдікке сайғаруы да мүмкін. Дана Қадыр Мырза-Әлидің: «Мір Шайыр оқырманды түптердің түбіне үңілдіреді» деген ойы еске түседі.
Жазушы әңгімелері қысқа, аз сөзге көп мағына мен ой сыйғызуымен, тақырыптық-идеялық жағынан да, жаңаша ойлау, жаңа мазмұн туғызуымен де құнды. Мір Шайыр әңгімелерде адам баласының ішкі әлемін жан-жақты танытады, парасаттылық, адамгершілік, еңбекқорлық құндылықтарын дәріптейді. Автор қазіргі қоғамдағы қайшылықтарды да шынайы жеткізе білген. Оқырманға ой саларлық шығармалар – жаңа, озық адам тәрбиелеудің басты құралы. Әңгімелер мен новеллалар жинағы ұлттық прозамызға қосылған елеулі үлес деп марқая айтамыз.
Нағбду Қамарова