АҚЫЛ-ОЙДЫҢ «ШАМШЫРАҒЫ»
07.10.2022
233
0

Төртінші қазан күні Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында ақын, ұстаз, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Шығыстың Тарбағатай ауданының құрметті азаматы Шәмшабану Хамзақызының «Шамшырақ» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Кітаптың тұсаукесеріне ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар мен БАҚ өкілдері қатысты. «Шамшырақ» кітабына автордың бұрын жарияланбаған мақалалары, естеліктері, ой-толғаулары, сұхбаттары, балаларға арналған шығармалары енген. Сонымен қатар автордың өмірі мен шығармашылығы жайында мақалалар топтастырылған.
Бірінші болып сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып автордың шығармашылығы туралы, ұстаздық қызметі жөнінде тереңнен толғап, алғаусыз ақ тілегін айтты. Қазақстан Жазушылар одағы атынан Шәмшабану Хамзақызына сый-сыяпат көрсетті. Жазушылар Зейнеп Ахметова, Жұмабай Біләлұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай, әдебиеттанушы Жолдасбек Мәмбетов, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакция меңгерушісі Еркін Жаппасұлы, педагогтар Гүлшарбан Сабурова, Рахима Бөлекбайқызы, т.б қатысып, сөз сөйледі. Кітап таныстырылымында ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиевтің шәкірттері жырдан шашу шашып, жиынның көркін қыздырды. Жиынды мәдени қордың қызметкері Жарқын Сәленұлы жүргізді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір