Сан алуан ойдың сабаты
31.10.2023
2723
0

Шалдығумен, шарлаумен, шаршауменен,
Сағынумен, зарығу, аңсауменен,
Бауыр адам, дос адам, келем саған –
Бір тілекпен: өшпесем, жансам деген.

Қорғанбек Аманжол

Кейбір сәтте алдымда кетіп бара жатқан асыл ағаларым туралы ойлай қалсам, солардың аман-есен алшаңдап жүргеніне мың да бір шүкіршілік етемін. Солар жер басып жүрсе өзім де қартаймайтындай, елең-елең елпілдеп, жас өскіндей желпілдеп жүре беретіндеймін. Кемшілігімді солар толтырып тұратындай, жете алмаған жеріме солар жетелеп жеткізетіндей. Иә! Сондай ағаларымның аз да болса барына қуанам. Соларды бақытымның бір бөлшегі деп білемін.

Міне, мен қазір жетпіс жасқа әне-міне толайын деп отырған Қорғанбек Аманжол деген ақтангер ақын, ардагер журналист туралы ойлап отырмын. Бұл ағаммен алғаш танысқаныма да отыз бес жылдай болып қалыпты-ау! Іссапарымен Көкшетауға ұшып барған мені әуежайдан күтіп алған Баянғали ағам (Әлімжанов) «Көкшетау» қонақүйіне орналасып болғанымнан кейін: «Мен сені Қорғанбек Аманжолов деген керемет досыммен таныстырамын» деп, арқамнан қағып-қағып жіберген.
Біз күткен Қорғанбек Аманжолов сол күні газет жұмыстарымен қала сыртына шығып кеткен екен – қонақүйге кештетіп келді. Баянғали ағам екеумізді таныстырып тұрып, мақтауымызды да біраз асырып жіберді-ау деймін, сонда.
Қарап тұрсам, отыз жасты орталап қалған орта бойлы, ойлы жүзді, қорғасыннан құйғандай мығым жігіт ағасы тым сырбаз сияқты. Отырыстың бас кезінде «мені жақтырмай отыр ма?» деп, бойымды жинаңқырап алғаным да рас. Дегенмен қызу сұхбатқа дендеп кіргеннен кейін үшеуміздің де гүліміз ашылды, нұрымыз шашылды. Айтылып жатқан әңгіме, оқылып жатқан өлең!..
Сол бір үш-төрт сағаттық отырыстан кейін-ақ Қорғанбек деген адам өзімнің аңсап, сағынып жүретін кісіме айналды да кетті. Жиі-жиі еске алатын болдым.
Сөйтіп жүргенімде, жалғыз жарату­шы менің тілегімді бергендей болып, 1989 жылы Қорғанбек аға Алматыға, «Жұлдыз» журналына қызметке келді. Сол кездегі бас редактор Мұхтар Мағауиннің арнайы шақыртуымен. Қатты қуандым. Жазушылар одағының есік алдында кездесе қалып, көптен көріспеген бауырлардай шұрқырасып. қауышқанымыз әлі есімде.
Міне, сол күннен бастап Қорағам екеу­міздің ара-жігіміз ажырамапты. Әрине, ең сырлас ағаларымның бірі бол­ған соң, ол кісінің өткен өмірінің өр­нек­тері де менің санама салынған сурет­тердей болып айшықтала берді. Ағамның менімен танысқанға дейінгі еңбек жолы тек журналистік қызметпен байланысты екен.
Қазақ мемлекеттік университетін бітіре салысымен өзінің туып-өскен жеріндегі «Коммунизм таңы» деп аталатын аудандық газетте үш жыл еңбек етіп, содан соң облыстық газет «Көкшетау правдасына» ауысыпты. Осы газетте табандатқан он екі жыл жұмыс істеген, жауапты хатшы болған Қорғанбек ағамызды сол кездің өзінде-ақ журналистік мамандықтың жілік майын шағып ішкен десек әбден болады. Басқа шаруаға бас бұрдырмайтын газет жұмысында жүріп шығармашылықпен айналысу қиынның қиыны екенін бәріміз білеміз. Солай бола тұрса да, анасынан ақын болып туған адам өлең жазбай тұра алмайды ғой!
Қорғанбек аға Алматыға келгенде құр қол келмей, толымды да болымды бір кітап болатын өлең-жырлары мен балладаларын ала келіпті. Мен оны алғашқы жыр жинағы – «Зеренді қарағайларын» дайындап болғанында білдім. Екеуміз бірге отырып жинақ қолжазбасын мұқият қарап шықтық. Маған қатты ұнады. Тек бір жетпей тұрғаны – бұл болашақ кітапқа ат табылмай тұр екен. Жинақты толық қарап болған соң, мен Қорағама қарап: «Ат табылмағаны несі?! Бұл кітаптың аты – «Зеренді қарағайлары» ғой!» дедім дауысымды көтеріңкіреп. Жинақтың ішінде осындай өлең бар еді. Қорағам маған аңтарла қарады да, жүзі жайнап, орнынан ұшып тұрды. «Таптың! Керемет!» деді шаттанып…
Осы «Зеренді қарағайлары» Қорған­бек ағаның ақындық атағын жақсы шығарып берді ғой деймін. Көзі ашық, көкірегі ояулардың бәрін мойындатты. Кітапқа алғысөз жазған Ғалым ­Жайлыбай былай депті: «Қорғанбек жырлары ой мен сезімнің астасып, оқырманға ақтарыла сыр айтуымен ерекшеленеді. Содан да өзінің көгілдір Көкшесіндей, Айнакөлі мен Саумалкөліндей әдемі әлем жасайды. Бәзбіреулер сияқты ақын түрлі соқпаққа түсіп, күрделі болам деп қарабайырлыққа ұрынбайды. Арқаның ақ самалындай аңқылдаған ақын мінезі өлеңдерінен атойлап тұрады».
Ғалым өте әдемі айтқан.
Қорғанбек ағаның ақындығын айқындай түсетін бір әңгіме есіме түсіп отыр.
Ғафу аға Қайырбеков бастаған бір топ ақын пойызбен Шымкентке жол жүріп бара жатыпты. Бір купеде ­Ғафекең, Шөмішбай Сариев, Қорғанбек және бір бойжеткен қыз болыпты. Әлгі қызбен танысып, үйренісе бастаған кезде Шөкең: «Біз бәріміз – ақынбыз! Арамызда ақ гүлдей боп бір қыз отырғанда, оған қаратып өлең оқымасақ болмас» деп, бір өлеңін оқып жіберіпті. Ол оқып болған соң Ғафекең Қорғанбекке қарап: «Сен де ақынсың! Сен де оқы!» деп қолқа салады. Қорғанбек іштей сасып қалса да, бойын тез жиып, қызға қарап отырып, бір өлең оқыған екен. Ол «Альбомға» деген мынандай өлең:
Мақпалы түнде бөлмені,
Жылытып кетсе өлеңім.
Мен сені, құрбым, сен мені,
Сағына жүрсек деп едім.

Сабыры құрғыр адамды,
Қойғаны мынау сарылтып.
Пісе алмай жайлап сабамды,
Басады жүзді қалың түк.

Жадымда жүрсе бір бейне,
Жаныма жұғар бір дақ па?
Нөсерден безіп гүл кейде,
Өседі дейді құрғақта.

Жаратпай жаны кең мекен,
Шығады дейді тасқа да.
Мендегі сезім сол ма екен,
Сол ма екен, әлде, басқа ма?

Сол жерін, қалқам, білмедім,
Сол үшін саған қош деймін.
Дос етіп сені бұл жолы,
Жат етсем кейін, не істеймін?!
Не істеймін?..
Өлең оқылып болғанда Ғафекең: «Міне, мынау – нағыз өлең! Шөмішбай­дың жаңағы өлеңінен жылылау екен» деп, «Жұлдызға» орналасқанына екі-үш-ақ ай болған Қорғанбектің бетіне сүйсіне қарапты…
«Зеренді қарағайларына» редакторлық еткенімде өзім оқыған өлеңдердің көпшілігі көңілімнен шыққаны рас. Әсіресе ақынның ой мен сезімді тең ұстап, тапқан тақырыбынан еш ауытқып кетпейтіні тәнті еткен. Қазақ сөзінің мөрі мен мәнін анық танитын және өлең өрнегінің қай кезде қалай құбылатынын жүрегімен сезінетін, қай тұстан бастап, қай тұстан аяқтау керек екенін де анық болжайтын ақынның кемел шақта тұрғанына көзім анық жетіп еді, сонда. Өзім әрі таңырқап, әрі тамсанып отырып ойлағам – осы күнге дейін өзін-өзі көрсетпей, біреулерге ұқсап жырларын жалаулатпай жүргені өн бойына, өз ойына сын көзбен қарайтындығынан болар деп.
Менің ойымша, Қорғанбек Аманжолды өзінің елі мен жеріне нағыз ақын ретінде танытқан – осы «Зеренді қарағайлары» деген кітабы. Зеренділіктердің бұл кітапқа деген құрметі соншалық – іздеп жүріп оқитын көрінеді. Әкімдік тарапынан да ерекше көңіл бөлініп, «Зеренді қарағайлары» деп аталатын өлеңін билбордқа жаздырып, көшеге іліп қойғандары да айта қаларлықтай елеп-ескеру емес пе?! Оның үстіне бұл өлеңге ән жазылып, қазір Зерендінің гимніне айналып кеткен. Қорғанбек Аманжолға құрмет мұнымен ғана шектеліп қалған жоқ, оның «Әулиетас» деген өлеңі Әулиетастың бетіне, «Тасқұдық» деген өлеңі Тасқұдықтың басына мәрмәр тасқа қашалып қойылды. Ақынның ел мен жерге сіңірген еңбегі, қызметі ғана емес, жазған өлеңінің осынша әтуірленуі мақтануға тұрарлық ғанибет емес пе?!
Жалпы, Қорғанбек ақынның көптеген өлең-жырларының халық көкейінен тез орын алатынына қайта-қайта көзіміз жетіп жүр. Мысалы, атақты ардагер журналист Ержұман Смайыл марқұмның құрметіне ашылған ҚазМУ-дағы аудиторияның қабырғасында тұрған «Баһадүр» деген өлең де Қорғанбек Аманжолдың өлеңі екенін білеміз.
Мен Қорғанбек ағамды сан түрлі ойдың сабаты деп білемін. Бұлай деуіме себеп бола алатын дәлел-дәйектерім де жетерлік. Ол кісінің әдебиет әлеміне шындап бас сұққан соңғы жиырма бес жыл ішінде бітірген шаруаларының өзі санымен, сапасымен ғана емес, көп қырлылығымен де, жан-жақтылығымен де ерекшеленіп тұрған сияқты. «Зеренді қарағайларынан» кейін едел-жедел дүниеге келіп үлгерген «Сабат», «Мешітті ғалам», «Жырлаймын Көкшетауымды», «Алапа» дейтін поэзиялық кітаптары қандай толымды болса, ақын жазған «Қанай – Абылай», «Олжас», «Шер кешу», «Мұсақұл балуан» және «Хан Кене. Арлан-Шамай» сияқты тарихи поэма-дастандары да жеке-жеке сөз етуге тұрарлық. Әрине, мұны дәлелдеу үшін зерделі зерттеушілер мен танымы мол тарихшылар керек.
Осы тұста бір айта кетерлік өкпе-наз – біздің тарихшыларымыз тарихи шығармаларға кейіпкер болған тұлғалар мен арқауын ұстап тұрған оқиғалардың қай дәрежеде шындыққа жақындығын, немесе ақиқаттан алыстығын дәлелдеп беруге бейтарап қарайды. Көпшілігі әдебиет пен тарих та адамның екі аяғы сияқты екенін, бірі болмаса екіншісінің ақсап қалатынын еске ала бермейді.
Қорғанбек Аманжолдың қара сөзге келгенде қамшы салдырмас жүйріктігін бүкіл қазақ оқырманы білсе керек. Оның жиырма бірінші ғасырдың басынан бері жазған көсемсөздері мен эсселері, өнер, әдебиет өкілдері мен танымал тұлғалар туралы мақалалары том-том кітаптар болып шыққанын көріп отырып, ең бірінші, қаламгердің қарым-қайратына, содан соң білімі мен білігіне, ең соңында шалқар шабытына сүйсінбеске амалымыз жоқ. Бірінен кейін бірі шыққан «Зұлмат пен ғибрат», «Біржан бұрмалары», «Ақиреттік аманат», «Қызыл сызық» және «Айсберг астындағы ағыстар» деген қалың-қалың кітаптар қазақ халқының арғы-бергісінен сыр қозғайтын, қайғысы мен қасіретін, қуанышы мен жұбанышын, тұла бойы толған талант тұлғаларын бүгінгі және болашақ ұрпаққа аманат­тай аман жеткізген ерен еңбектер деп білеміз.
Өз басым сәл жалқаулау болғаннан кейін бе, мен осы Қорағамның керемет еңбекқорлығына таңғаламын. Өзі жауапты орындарда қызмет істей жүріп, осынша шаруаларды қалай тындырып тастаған деп ойлаймын. Мәселен, бұл кісі «Жұлдыз» журналында бір неше жыл жауапты хатшы болып істегеннен кейін сол кезде шығып тұрған «Ауыл» газетінде бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Содан соң «Хабар» агенттігінде жұмыс істеді. Ал ұлтымыздың үлкен газеті «Егемен Қазақстанның» Алматы бөлімшесінде меңгеруші болып қызмет атқарған уақытында да жас жігітке ғана тән жампоздығын көрсетті ғой деймін. Сонау Талғардан аптаның бес күнін құрғатпай келіп-кетіп тұру оңай деймісіз?! Жасы келіп қалған адамға!
Менің Қорағам зейнетке шыққаннан кейін де тоқталған жоқ. «Егемен Қазақ­станның» арнайы шақыруымен Астанаға барған ақын ағатайым зейнетке шықса да, үйкүшік боп отыра алмайды екен. Дереу Ұлттық «Аударма» бюросына орналасып, еңбек жолын жалғастырып кетті. Бұл жерде де өзінің өрен жүйрік екенін білдірді-ау деймін. Өйткені орыс тілін, тіпті әдеби тілін әбден меңгерген білімдарға бұл қызмет сонша қиын да болмаған шығар. Бірақ мұнысына онша мерейленіп отырғам жоқ. Ең мерейленгенім – алпыстан асып кеткен шағында АҚШ-тың атақты жазушысы Герман Мелвиллдің «Моби Дик немесе Ақ Кит» деген алты жүз жиырма беттік романын аударып шыққаны. Өз басым осы бір керемет жазушымен Қорғанбек ағам арқылы ғана танысыппын ғой. «Білгенің – бір тоғыз, білмегенің – тоқсан тоғыз» деген – осы!
Қорғанбек ағамның аударма саласында өзімді таңғалдырғаны осы ғана дейсіз бе?! Ол әлемге әйгілі новеллашыл, әңгімешілердің бірі, грузин жазушысы – Гиви Сихарулидзенің шығармаларын қазақ тіліне аударып берді.
Қорғанбек Аманжолдың аудармалары туралы айтқанда, оның тек аударып шыққаны туралы емес, қазақы ұғымға лайықты, қазақ тілінің ұшан-теңіз байлығын емін-еркін пайдалана білгенін айту керек шығар, бәлкім. Бұл, енді, сыншылардың жұмысы. Тіпті міндеті деуге сияр…
Қорғанбек Аманжол өзінің өмірге құштарлығы мен қоғамға, адамға деген наразылығын соңғы кезде жазған «Бейқапаc» деген өлеңінде ерекше мәнермен өрнектепті. Ақынды анық тану үшін сол өлеңін келтіре кетсем, түк артықтығы болмас.

Көңіл құрғыр кейде тасқын, кейде пәс,
Қайда, қайда біз аңсайтын бейқапас?
Ерлеріңнің басы қайда қалмаған,
Сырын бүгіп шерленгендей сайда тас.

Қорған деген қамалым да жай лапас,
Біліп болмас қайда досың, қайда қас?
Қастан дағы, достан дағы азат боп,
Атой салар бар ма сол бір бейқапас?

Бір илеуде құмырсқаның бірлігі,
Бітпейтұғын құжынаған тірлігі.
Көрінеді берекелі ел болып,
Бұл ғаламмен бірге біткен кіндігі.

Біз де неге құмырсқадай болмаймыз?
Шынтуайтта шынайыдан шалғаймыз.
Құмартамыз қаңсығына басқаның,
Бабалардың жолын қашан жалғаймыз?

Өмір біздің құмырсқаның илеуі
Бола алмаса – жақын, сірә, күйреуі.
Бүлдіреді, бүлдіргі де алады,
Бізде солай патшалардың билеуі.

Аяқ бассаң кезігесің бақасқа,
Сөз өтпейді селт етпейтін топасқа.
Ашынғанның ащы даусы жетпейтін,
Нойыстардың құлағы, әлде, қақас па?

Тұншықтырмас су астында балығын,
Жақсы көрем Жаратқанның жарығын.
Тереңінде еркін тыныс алғызған,
Ғапылдықта қалдырмаған ғарыбын.

Өмір мәнін түсінбеймін, бәлкім, мен,
Ақыл сөзді көп естимін әркімнен.
Кім біледі, шыққан күні қапастан
Айығармын бейқапасшыл дертімнен.

Байқап отырсыздар, мен Қорғанбек Аманжолдың жеткен жетістіктерін, жазған кітаптарын сыпырта баяндап, мадақтаумен отырған сияқтымын. Ал бұл кісінің тұрмыс-тіршілігіндегі пендеауи дейміз бе, әлде, дүниауи дейміз бе, әйтеуір, әрқилы қызық-қызық қылықтарын ішке жасырып отырғандаймын ба? Жоқ! Бәрін тізіп жаза берсем, бір кітап болар еді және оқылатын кітап болар еді!
Дегенмен Қорғанбек Аманжол де­йтін ақын ағамның қызық мінездері де бар. Әсіресе ойын ойнағанда жеңіліп қалса, дауласып кететіндігі. Бірде, біздің үйде екеуміз дойбы ойнадық. Сұмдық! Керемет ойнайды! Мен де өзімше жаман ойнамаушы едім. Жеңіле бердім. Намыстанып қалдым. Дереу есе қайтаруды ойланып, дойбыны жақсы ойнайтын жазушы Әбділдабек Салықбай бауырыма ертіп баруды жөн көрдім. Бардық. Екеуі ойнады. Қорғанбек ағам бір рет жеңіп, екі рет қатарынан жеңіліп қалды. Түтеп кетті. «Мен, – деді, – Мына мен дойбыдан облыс, республика чемпионымын. Сен дұрыс ойнап отырған жоқсың!».
Екі дойбыны қайтадан ойнап, тағы да жеңіліп қалған соң, маған: «Әй, Әбіштай, қайтайық! Менің басым ауырып, болмай тұрмын» деген болатын. Қайтып келе жатқанымызда: «Анау Әбділдаш керемет ойнайды екен!» деген сөзді бірнеше рет айтты. Бірақ «Бабым келмей тұрды ғой, әйт­песе…» деген сөздерді де қыстыруды ұмытқан жоқ.
Ағалы-інілі боп бірге жүрген соң, екеуміздің басымыздан қилы-қилы сәттердің өткені – өзімізге мәлім. Ойлап кетсем…
Екеуміз сол бір шақтарда «қолтықтасып, судай тасып» Алматы мен Талғардың арасында жүретінбіз. Бірде, Талғардың автобекетінен түсе қалып, такси тоқтатайық десек, бір топ жігіт бізді қоршап алды. Түн ортасы. Әлгілер бізді иектеп барады. Пышақ ұстағандары да бар. Мен студент кезімде үйренген төбелес тәсілдерін пайдаланбақ боп тұрмын. Сол кезде қасымда тұрған Қорағам сатыр-сұтыр төбелесті бастады да кетті. Мен де аяқ-қолымды тигенінше сермелеп, басқыншыларды тым-тырақай еттік. Бәрі жан-жаққа қашып барады. Тұра қуып, біреуінің соңынан түсіп едік, көп ұзамай-ақ үйіне барып кіріп кетті. Біз де жетіп едік, бір жап-жас келіншек алдымыздан екі кесе су алып шықты. «Кешіріңіздер, ағалар!» деді ибалы жас. Сонда, екеуміз әлгі екі кесе суды ішкеннен кейін, бойымыздағы бар ашу-ызаны әлгі су шайып жібергендей, мәз болып, Қорағамның үйіне жеткенбіз.
Тағы бірде екеуміздің арамызда ұрпақ тәрбиесі туралы сөз болып, ұзақ әңгімелестік. Арғыны, бергіні айттық. Мен бір кезде Мәскеудің зообағынан әдейі күнкөрістерін зерттеу үшін аюларды орманға босатып жібергенін, сол аюлардың бейшара қалыпқа түсіп, сүрлеу бойынан көрінген кісіге қол жайып қайыр тілейтінін айттым. Қорағамның көзі жайнап кетті. «Әй, Әбіштай, неге осыны жазбайсың?! Неге жазбайсың?!» деп маған сұқ сау­сағын кезеді. Мен: «Қораға, мұның несін жазамын?» дедім. «Жаз! Жаз! Сен жазбасаң, мен жазамын!» деді Қорғанбек шайыр.
Иә! Жазды! Сол бір «Зообақтағы аюлар» деген балладасының төркінінде біздің халықтың, біздің ұлттың көзге көрінбейтін қанша қасіреті мен әлсіздігі жатыр десеңізші!
Айтпақшы, Қорғанбек ағам осы балладасын «Әбубәкір Қайранға» деп, маған арнапты. Осы бір сілтемесі мен үшін мақтан емес, мазақ болғандай, құрбы-құрдас келіншектер: «Әй, зоопарктен қашқан аю! Орманда жүріп, күніңді көре алмай қалыпсың ғой!» деп қалжыңдайтын. Қорағам әлгі сюжетті менен естіген соң, соны ескеріп, балладасын маған арнаған ғой. Кімге түсіндірерсің?!
Қорғанбек ағамыз – ақ көңілділігі мен кең пейілділігіне орай керемет қонақжайлығымен де аңызға айналған адам. Егер дос-жарандары мен таныстары Талғарға әлдебір жиынға бара қалса да өз үйінен дәм татырмай жібермейтіні де – бір жосын. Оның бойындағы осы мінездеріне әңгімешілдігін, айтқыштығын, әзілкештігін қоссаңыз, бұл кісіні осы заманның бұрынғыдан келген нағыз қазағы дей беріңіз.
Ақынға ең керегі – жан еркіндігі, көңіл тазалығы, күйкі тірліктен аулақтығы. Әрине, бұл қасиеттердің бойда болуы үшін, ең алдымен, оның алған жары ақ-адал ғана емес, түсінігі мол, пейілі кең адам болу керек. Міне, осындай нағыз қазақ әйелінің бірі – Қорғанбек ақынның зайыбы Рахила жеңешеміз!
Мен ол кісіні баяғыдан бері «Ақбөкен жеңеше» деп атаймын. Жан дүниемді ұғып, түсініп тұратын осы жеңешемді жақсы көретінім соншалық – ауырып, сырқап қалса да, ойымнан шықпай қоя­тыны рас. Сондықтан болар, «Ақбөкен жеңешеме» деген өлең арнап, бір кітабыма шығардым. Осы өлеңімді осы қазір келтіре кетсем деп отырмын.
Білесіз бәрін –
Жасымда тым есер едім.
Төрт жыл бұрын туғанда –
Корағаммен тел өсер едім.
Ортаймайтын да,
Картаймайтын да Алтын,
Аспара –
Өзім ат қойған Ақбөкен
жеңешем менің!

Мақсат –
сағым емес кой ұстатпайтұғын.
Боталарды аялап,
ағамды мықты ұстайтұғын –
Жеңешем менің,
Сіз ылғи көрінесіз дегдар,
зиялы жандай құс баптайтұғын.

Аттап –
Өмір, жыл, айлар –
заман кезеңін,
Нешеге келдіңіз?
Жассыз! Сеземін!
Сіздей-ақ болсыншы –
Ана дегенің, Адам дегенің!
Мен осы эссені жазғанда, Қорғанбек ақынның жеке өлеңдеріне арнайы тоқталып, көркемдік ерекшеліктері туралы сөз қозғауды мақсат еткен жоқпын. Бар ойым – өзім жақсы көретін абзал ағамның жүріп өткен жолдары мен шығармашылық сапарындағы сәтті қадамдарын, шыққан биіктерін жұртшылыққа жеткізу ғана болды.
Анық білетінім, басы аман, дені сау болса, жетпіске келіп отырған бұл ақынның алар асулары да, шығатын шыңдары да әлі баршылық! Жалғыз Жаратушы иеміз соған жеткізсін!

Әбубәкір Қайран

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір