ТАУ МІНЕЗДІ, СОНЫ СОҚПАҚТЫ ақын Биғайша Медеудің 70 жылдығы туған жерінде аталып өтті
Ақын тойына Қазақстан Жазушылар Одағынан Бауыржан Жақып, Мереке Құлкенов, Қасымхан Бегманов, Әлия Бөпежанова бастаған ақын-жазушылар келді. Бұл шын мәнінде, қазақ әдебиетінің поэзия әлеміне ешкімге ұқсамайтын дара, соны соқпағымен, тау мінезі, тау көркіндей болмысымен келген Биғайшадай ақынға деген шынайы құрметтің белгісі еді.
Хантәңірі етегінен қанаттанып, өлең өлкесіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, ел жүрегіне жылы ұялаған ақынға деген қалың оқырманының ыстық ықыласының көрінісі көрінді. Райымбек аудандық Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінде Биғайша Медеудің «Күнге қол созған қалалар» атты жыр жинағының тұсаукесер салтанаты болды. Таулы өлкеден шыққан айтулы перзенттерінің бірі, Жетісу жерінің денсаулық саласына мол үлесін қосқан Мұхтар Әлімов ақынға ақжарма тілегін арнап, құттықтады.
Сонымен қатар Биғайша Медеуге Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтауы жеткізілді. Филология ғылымының докторы, академик, ақын Бауыржан Жақып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтауын жеткізіп, одақ атынан сый-құрметтерін көрсетті.
«Біз Биғайшадай әкпеміздің жанымызға жылы тиетін болмысы бөлек отты өлеңдеріне сусындап өстік. Ұлтымыздың тарихын жақсы білетін Биғайша Медеу – көне түркі, сақ қоғамының құндылықтарын үндеп жүрген түбімізді түгендеуші, жоғымызды жоқтаушы, Тұмар мен Заринадай батыр қыздарымызды жырлаған ақын. Сол арқылы оқырманын Отаншылдыққа үндейді. Сол арқылы оқырманын елін-жерін сүюге, құрметтеуге талпындырады. Ақынның тұп-тұнық өлең өлкесі адам жанын ғажайып күйге бөлеп, ізгі дүниелерге талпынтады. Бір қонақ дүниенің сәулелі шақтарын, жақсылықты жақтарын көруге, сезе білуге ұмтылдырады. Аналық мейір-шапағатына толы ақын жүрек дүниенің тұтастығын тілейді. Сол бір тұнық ниет пен тілектен туған жырлар оқырманын баурап келеді», – деп Бауыржан Жақып ақынның бірнеше өлеңдерін тебірене оқып, жүректен шыққан өлеңдерінің жыр сүйер қалың қауымға берер жақсы жақтарын, рухани құндылықтарын сөз етті.
Айтулы жыр кешіне Елордамыздан ат арылтып арнайы келген қазақтың талантты жас ақын қыздарының бірі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса ортақтасты. Биғайшадай ақынға лебізін білдіріп, лайықты сый-сияпатын жасады.
Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров ақынның кеудесіне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тақты. Сондай-ақ Іле ауданы әкімінің құттықтауы хаты мен гүл шоқтары табысталып, республикалық «Мұқағали» журналының бас редакторы, ақын Батық Мәжитұлы арнау өлеңін оқыды.
Республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Мүсірәлі халықаралық «Мұқағали» қорының ақын атындағы алтын төс белгісін табыстап, жақсы тілектерін жеткізді. Қазақтың Биғайшадай ақын қызының тойына ортақтасқан бір топ қаламгер қыз-келіншектердің атынан Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, сыншы, аудармашы, әдебиеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иесі Әлия Бөпежанова құттықтады. Кеште Биғайша ақынның өлеңіне жазылған әндер шырқалып, ақындар айтысы өтті. Ақынның туған ауылындағы Н.Өмірзақов атындағы орта мектепте Биғайша Медеу атындағы тарих сынып бөлмесі салтанатты түрде ашылды. Биылдан бастап бастау алған Биғайша оқуларының алғашқы жеңімпаздары марапатталды. Оқу жылы аясында жыл сайын беріліп тұратын ақын атындағы шәкіртақы осы мектептің ең үздік оқушы – Әлиасқар Жәнібекке табысталды.
Қанат Біржансал,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі