Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың 95 жылдығы аталып өтті
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың 95 жылдығы аталып өтті.

2024 жылдың 27 қырқүйегінде М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «ХХ Әуезов оқулары» аясында көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың 95 жылдығына арналған «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы және музейді қалыптастырудағы Ләйлә Әуезованың тарихи рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Диар Асқарұлы Қонаев және әдебиеттанушы-ғалым, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Мамай Қаниұлы Ахетов жүргізді.

Халықаралық конференцияда М.О. Әуезов және халық мұрасын жинау, жариялау мәселелері, Л.М. Әуезованың және отандық әдебиеттану, тарих саласындағы зерттеулері және «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы және музейлендірудің өзекті мәселелері тақырыптары төңірегінде баяндамалар жасалды. Атап айтатын болсақ: Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай «Бегім. Л.М. Әуезова туралы естелік» атты тақырып аясында Ләйлә Мұхтарқызының «Әуезов музей-үйін» дамытуға қосқан үлесі туралы баяндап, ыстық естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар конференцияда шығыстанушы, Лейден университеті «Еуразия» зерттеу орталығының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова «Актуализация исторического контекста казахской литературы в академических трудах Л.М. Ауэзовой» тақырыбы бойынша баяндама жасаса, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Жайлауқызы Пірәлі «Мұрағаттану, тұлғатану және нарратология мәселелері (Ләйлә Мұхтарқызының еңбектері негізінде)» атты тақырып төңірегінде жан-жақты талдау жүргізді. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрдаулет Бабиханұлы Ақыш «Мұхтар Әуезов және әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері»; М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Халықаралық байланыс және әлем әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Светлана Викторовна Ананьева «Интермедиальный дискурс научных исследований Л.М. Ауэзовой»; М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театртану және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандиаты, доцент Аманкелді Оразбайұлы Мұқан «Мұхтар Әуезовтің «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» мақаласы: драматургия жанрына көзқарасы»; «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директорының орынбасары Салтанат Амантайқызы Мұқатаева «Әуезовтің үйі: құнды жәдігерлер» тақырыптары бойынша тың ақпараттармен бөлісіп, кеңінен талдаулар жасады.
Сонымен қатар Халықаралық «Қонаев қоры» президенті Елдар Асқарұлы Қонаев, Ләйлә Мұхтарқызымен бірге істеген мұражайдың ардагер қызметкерлері, филология ғылымдарының кандидаттары Ерлан Сәдуақасұлы Тәжібаев, Санагүл Көлбайқызы Майлыбаева, Марат Хасенұлы Әдібаев қатысып, Л.М. Әуезова жайындағы естеліктерімен бөлісті.

Конференцияға Қазақстанның және шет мемлекеттердің ғалымдары мен зерттеушілері, БАҚ өкілдері, музейтанушылар, оқытушылар мен жас ғалымдар қатысты. Халықаралық конференция жұмысына келіп түскен мақалалар алдағы уақытта жинақ болып жарыққа шығады.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының
Баспасөз қызметі