Қадыр тойы туған жерінде
30.09.2025
122
0

Батыс Қазақстан облысында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақ­станның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығы кең көлемде аталып өтті.

Мерейтойға қатысушылар, алды­мен, Оралдағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. «Ата­­ме­кен» өнер орталығында Ғ.Құрманғалиев атын­­дағы облыстық филармония әртістері дәуір дара­бозына арналған концерт қойды.
Концерт барысында сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қадыр Мырза Әлінің өлеңімен де, азаматтық болмысымен де Тәуелсіздігіміздің іргетасын қаласып, ұлтымыздың рухын көтерген қайраткер екенін атап өтті.
– Тағы бір қуанышты жаңалық – «Қадыр» ғылыми-қоғамдық журналы оқырманға жол тартты. Бұл басылым Ақ Жайық топырағынан түлеген ақын-жазушылардың шығармашылығын кеңінен танытатын руханияттың жаңа жаршысы болатыны анық. Сондай-ақ Қадыр ағамыз бен Ақ Жайықтың жұлдызы, Қазақстанның халық артисі Ескендір Хасанғалиевтің бірлескен туындысы – халқымыздың рухын асқақтатқан «Атамекен» әнінің шыққанына 55 жыл толды. Бұл ән бүгінде барша қазақтың жүрегінен орын алған мәңгілік рухани мұраға айналды, – деді өңір басшысы.
Ақынның жары Салтанат Мырзалие­ва осындай құрмет үшін Ақ Жайық жұртшылығына ризашылығын білдірді. Қадырдың мол мұрасы – халқымыздың сарқылмас байлығы. Оның 18 томдық шығармалар жинағы – соның дәлелі. Мерейтойлық іс-шарада белгілі меценат, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының құрылтайшысы, «КАТЭК» серіктестігінің бас директоры Құндыз Нұповтың демеу­шілігімен жарық көрген «Жүрегіме жеткен жыр» және «Қадырдың қанатты сөздері» атты қос жаңа кітаптың тұсауы кесілді.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов Қадыр Мырза Әлінің қазақ руханиятындағы орнына тоқталды.
– Осыдан он жыл бұрын Оралда Қадырдың орталығы мен ескерткіші ашылған кезде қазақтың тағы бір ұлысы, кемеңгері Әбіш Кекілбай: «Қазақтың руханиятына, қазақ поэзиясына Қадырдай еңбек сіңірген ақын кемде-кем», – деген еді. Мен соған толық қосыламын. Өйткені Қадыр – балаларға арналған тақпақтардан бастап, қазақтың ақсақалдары айтқысы келетін сөздің бәрін жазып кеткен адам. Домбыраның қадыр-қасиетін де жеткізген ұлы Қадыр. Кең даламыздың да поэзиялық портретін жасап кеткен сол Қадыр, – деді М.Құлкенов.
«Қадыр мұрасы – ұлттың баға жетпес рухани құндылығы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда да ақын шығармашылығы жөнінде құнды пікірлер айтылды.
Бұдан кейін Қадыр тойы туған жері – Сырым ауданында жалғасты. Мұқадес Есламғалиұлы атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Қадыр Мырза Әлі атындағы әдебиет және руханият залы өз есігін айқара ашты.
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева өз сөзінде кітапханаға есімі берілген Мұқадес Есламғалиұлының өз өлкесінің тарихын түгендеп кеткен жазушы екенін еске салды.
– Қадыр – қазақтың Абайдай кейін­гі ұлы ақыны. Қазақтың ұрпағы аман тұрғанда, ақынның 180 жылдығы да тойланатыны анық. Біз осындай ақын-жазушыларымыздың туындыларын оқып, кейінгі буынға насихаттай білуіміз керек, – деді А.Бақтыгереева.

Ғайсағали СЕЙТАҚ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір