УНИВЕРСИТЕТТІҢ 85 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ
28.10.2025
128
0

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің 85 жылдық мерейтойы ауқымды түрде аталып өтті. Бұл оқу ордасын көптеген әйгілі ғалымдар мен ұлт зиялылары тәмамдаған.
Мерейтой аясында университетте «Досмұхамедұлы оқулары – 2025: Ғылым мен білімнің дамуындағы заманауи инновациялар және жасанды интеллект» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Ғылым мен білім беру саласындағы өзекті мәселелерді, инновациялық зерт­теулер мен жасанды интеллектінің әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын қарастырған пленарлық отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ, ҒЖБМ кеңесшісі Руслан Емелбаев, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы, профессор Бейбіт Мамраев, академик, профессор Кәрімбек Құрманалиев және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шарада «Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті: тарихы және бүгіні» энциклопедиясы мен тарихшы, ғалым Аққали Ахметтің «Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институты: 1940 – 1941 жж. архивтік құжат­тар мен материалдар» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.


Конференция барысында Қазақстан, Франция, Польша, Әзербайжан мемлекеттерінің ғалымдары заманауи білім беру, жасанды интеллектіні этикалық пайдалану, нейролингвистикалық тәсілдер, экологиялық зерттеулер және экономика салалары бойынша ғылыми баяндамалар жасады. Жасанды интеллектіге байланысты цифрлық кодекс жобасы сынды бірқатар жобаларды жасау­ға атсалысып отырған Үнзила Шапақтың айтуынша, қазіргі күні қазақша сандық сөзжасамын, яғни терминологияны қалыптастыру жайы өзекті болып отыр. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы өз кезегінде жасанды  интеллектіде авторлық құқықтың сақталуына назар аудару қажеттігін, басқаша жағдайда тарихи тұлғалардың, ғалымдардың сөздерін алаяқтардың пайдаланып кету қаупі бар екенін айтты. Белгілі тіл ғалымы, профессор Айгүл Ісімақова халелтану ілімі бойынша көптеген құнды мәліметтер келтірді. Пуатье университетінің доценті (Франция), PhD Жули Рансон, Назарбаев университетінің Жоғары білім беру мектебінің қауымдастырылған профессоры  Дуйшонкул Шаматов, Гданьск қаласындағы туризм және қонақжайлылық Университетінің (Польша) докторы, профессор Татьяна Скрипко, Сумгаит мемлекеттік университетінің (Әзербайжан Республикасы) докторы, профессор Татьяна Скрипко, Сумгаит мемлекеттік университетінің (Әзербайжан Республикасы) PhD, қауымдастырылған профессоры Хаяла Идрис Сейфуллаевалар тақырып бойынша құнды тұжырымдарын ортаға салды. Ғылыми жиын барысында кәсіпкер, меценат, руханият жанашыры Қанат Зейноллаұлы Сәнік «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры» атанды.
Сонымен қатар университет қабырғасында белгілі жазушы, энограф-ғалым Зейнолла Сәнік, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Қабдолқайырұлы Әнес атындағы аудиториялардың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қос аудиторияның ашылу рәсіміне Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» құрылтайшылары, ғалымның ұрпақтары Қанат Зейнолла мен Сауле Зейнолла, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасының кеңесшісі Әміржан Қосанов, ақын, қордың атқарушы директоры Серік Қалиев, Ғарифолла Қабдолқайырұлының өмірлік серігі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдан Момынова қатысып, қос тұлғаның әдебиет пен руханиятқа, ғылымға қосқан үлестері жайлы жан-жақты баяндады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір