Табиғатына тартып туған ақын
27 наурыз күні ҚР Ұлттық кітапханасында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Бақытжан Райысованың «Бота көзі төңкерілген дүние» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.
«Атақты ақын Ғафу Қайырбектің ақ батасын алған, Қалихан Ысқақ, Оралхан мен Дидахмет, Әлібек Асқаровтар жеткізген қазақ прозасындағы классикалық тылсым сырды соны соқпаққа салған, Катонқарағайдың ақын қызы – Бақытжан Райысова туған жерінің табиғатына тартып туған. Оның жан дүниесі, жаратылысы өлеңдерінде мөлдіреп тұр», – дейді ақын, Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әділғазы Қайырбековтің модераторлығымен өткен кеште Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып Бақытжан Райысованың шығармашылық еңбегіне байланысты мазмұны терең баяндама жасады.
Рухани кеште өзге де қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері ақын турасындағы, ақынның туындылары хақындағы ойларын ортаға салып, жырдан шашу шашты. Кеш соңында Қазақтың Қыздар педагогикалық университетінің студенттері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, көпшілікті сүйсінтті.