Әлемнің әзіл әңгімелері
16.09.2022
329
0

Еңіреген екеу

– Владикпісің! Ойпыр-ай, сені де көретін күн болады екен-ау!
– Гоша дос, келші құшағыма, сағындым ғой сені!
– Өй, ақырын құшақта, сынған қабырғамды байқа.
– Өзің де менің иығымды байқа! Шығып кеткенін білесің, пәлекет байқамаса, бұлт ете қалады.
– Жамбасыма салмақ салмашы, баяғы сынған жамбас әлі бітпей безілдетіп жүр емес пе? Кездескеніме қуаныштымын, қалайсың, дос!?
– Ой, мойнымды сығымдама, ол пәлекет жасанды, жұлып алып жүрерсің.
– Тіземді түрте көрме, ойнамасы бар, сырт ете қалса, біткенім!
– Баяғы он метрлік жартастан құлап аман қалғаным есіңде шығар… Сондағы сынған сан әлі сансыратып жүр емес пе? Гоша дос, мұнда қайдан келіп қалдың?
– Өзіңді іздеп келіп қалдым. Бәрі дайын, тек екі жетіде анау өзің білетін алып шыңның төбесіне шығуымыз керек. Дайынбысың?
– О не дегенің, біздер кәрі тарлан альпинистер әрқашан да дайын­быз! Кеттік десең болды, бүгін-ақ еріп жүре беруге бармын. Өзің білесің, екеуміз бұл жолға бүкіл өмірімізді арнадық емес пе?..

Сергей ЖБАНКОВ

Алғашқы азап

Иван жаңа жылда сол жамбасымен таң атырғанын сезді. Бұл үшін бүгін нақ азапты күн болды. Үйдегілер де бұның жан қиналысына ортақтасып, шама-шарқыларына қарай ақыл-кеңестерін айтып жатыр.
– Көшедегі көліктен абай бол, қиылыста тек жасыл шам жанғанда өт. Милициялар қызмет ете алмайды, нөпір елмен бірге адымдасаң, жаңылмайсың, – деп жатыр бірі.
– Трамвайда кондуктордан билет алуды ұмытпа.
– Кондуктор деген аппарат емес, ол – апай, ішінде «қояндарды» іздеп кезіп жүреді. Сығылысып ырғалып-жырғалғандарға: «Ұнамаса таксиге мін!» – деп дөң айбат шегетін апай. Жо-жоқ, таксиге сен мінбейсің, оны енді сенің қалтаң көтермейді, қымбат ол пәле.
– Метрода темір жетон тастайсың. Оны төменге түспей тұрып сатып аласың. Қайда тастайтыныңды білмесең, кезекшіге бер, ол сені ол өткелектен айналдырып өткізіп жібереді.
– Түскі асты асханадан ішесің. Отырып тапсырыс бермейсің, құйылған асыңды өзің тасып әкеп, шығарыңда есеп айырысуды ұмытпа. Түстігіңе мына сарғыш 200 жетеді. Неғып көк емес дейсің бе? Көк – бес жүздік. Күніне 500 төлейтін қаржы біздің үйдің бюджетін көтермейді.
Сөйтіп Иван, нақты айтсақ, бұрынғы министр Иван Михайлович, бүгінгі департаменттің жай қызметкері Иван үйінен шығып, аялдамаға қарай алғаш рет жаяулап аяндады. Яғни, жаңа жылдан бастап көп жылғы үйренген үрдісі артта қалып, ол үшін көп нәрсесі бұлыңғыр жаңа өмір басталды…

Александр СЕМИКОВ

Тәлейлі тапсырыс

Қала прокуроры Сидоров өзекті мәселемен келген еңбекпен түзеу мекемесінің бастығы, майор Савчукты қабылдап отыр.
– Уақытыңызды бөлгізіп, жеке қабылдауыңызға келгеніме айып етпеңіз. Оңашада өзіңіз түсінеді ғой, деп келіп отырмын, – деп майор Савчук сөз басын кібіртіктеп бастады.
– Ал айтыңыз, құлағым сізде, – деп прокурор Сидоров шын пейілмен оның сөзіне құлақ қойды.
– Тоқетері, біздегі қылмыскерлердің отыру мерзімі бітуге тақау. Ал мұндағы өндірістің оларсыз тоқтап қалатын түрі бар.
– Менен не қайыр? – деп прокурор таңданыс білдірді.
– Дейсіз-ау, – деді түрме бастығы жымиып, – Міне, мынау сізге әкелген тапсырыс тізімдері, – деп қағазын прокурордың алдына жайып, мұнда алдағы айларда түрмеге керек адамдардың кәсіп-білігі жазылған. Атап айтқанда, екі құрылыс инженері, бес бульдозерші, бір экскаваторшы, бір киномеханик, бір етікші және бизнесмен керек, – деді.
Тізімге үңілген прокурор:
– Бұныңыз оңай шаруа емес! – деп желкесін қасып, үнсіздік танытып еді, түрме бастығы:
– Еңбегіңіз еселенеді! Аянбаймыз, піссімілласын балықтан, аң аулаудан бастасақ, – деп қалды.
– Жарайды, ойланайық, қарастыра­йық, сізге көмектеспегенде кімге көмектесеміз… Мына тәлейлі тапсырыс-тізіміңдегі біреуі маған түсініксіздеу болып тұрғаны… Бизнесмен неменеге керек болып қалды?
– Е, ол қажет шаруа. Ашығын айтсам, бізге жақында екі рэкет жігітті тоғытқан, ойлап-ойлап, сол екеуін шұғылданар өте пайдалы іспен қамтамасыз етсек деп едік…

Евгений МИКУНОВ

бары не, жоғы не…

Үкімет түнеріп отыр. Үкіметіміз – биліктік мекеме. Оның көңіл-күйі хош емес. Қабағы қату, ұнжырғасы төмен. Бұлай болуының себебі – баяғы қаржы-қаражат түгесілген. Ақшадан ақауыз болып, аңырап отырған мекеменің жағдайын түсінуге болады. Ақшасыз күнің қараң, қимыл-қозғалыссыз қаласың. Ешкімге керегің де болмай керенау боласың.
…Сөйтіп отырғанында, көз-жасын көрді ме, топан ақша топ ете қалып, қаржы-қаражатқа қарық болып қал­ғаны… Алғашқы келген ой: «Пәлекет адал ақша ма?!» болды. Жо-жоқ, бәр-бәрі рет-жөнімен екен.
«Жоқ та жоқ» деп жүнжіп еді, енді, міне, ақ­шаның астында қалып дегбірі кетті. Жоқ болса да – пәле, бар болса да – пәле… Барды бөлу де – пәле. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан aйырады.
Тығып, тымпи ойнаса ше? Көптің қазынасы, қақпақтың иесі бір өзі ғана емес… Ел-жұртқа ретін келтіріп, таратып кеп жіберсе… инфляция деген құрдым құрдай жорғалайды… Зейнетақыны көтере қойса ше? Бәрібір нарық біле қойып, есесін еселеп кеп жібереді… Іргелі бір құрылысты тұрғызып кеп жіберсе… Қадірін кім білер дейсің, көп қалқиғанның бірі болып қала береді… Таныс-тамырларға заңды түрде үлес­тіріп кеп жіберсе ше? Біліп қояды, ай­қай-шудың астында қалады… Жеткіншектердің болашағына деп бұғаулап тастаса ше?.. Е, олар оның қадірін біле ме!.. Ғылымға деп… Қайырым да жоқ, сол ғылымыңның өзі де жоқ-ау қазір… Білімге, медицинаға, одан әлеуметтік салаларға бөліп-бөліп жіберер еді… Е, олар­ға бөліп, абырой тауып жүргені шамалы… Музей, кітапханаға бергенің – желге шаш­қанмен бірдей!
Міне, сөйтіп, Үкіметтің үнжырғасы түсіп, түңіліп отыр.
Бүйт­кен қаржы-қаражаттың бары не, жоғы не…

Михаил МИХАЙЛОВ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір