Әлемнің ӘБДІЖӘМІЛІ
25.10.2024
127
0

Бүгінгі әңгіме 100 жасқа толып отырған осынау толаға­й жазушының жұртқа түсініксіз бір қыры туралы.

Құрмет­ті оқырман қауым! Естеріңізде болса, осыдан небәрі елу – алпыс-ақ жыл бұрын біздің сөз өнеріне, кітапқа деген көзқарасымыз мүлдем бөлек еді ғой!. Қолымыздан кітап түспейтін. Том-том романдарды түгімен жұтатынбыз. Қоғамда кітап культі болатын. Соны білген жазушылар да жалпақ-жалпақ кітаптар жазды. Жамбыл, Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафиндер әдебиет­тің алтын ғасырын бастады. Осы дүрмекке ілесіп, ол кез­де жас Әбдіжәміл жазушы да «Қан мен терді» жазды. 1961 жыл. Кітап көрсе судай сіміретін мектеп баласымыз. Қырғын қызық «Қан мен терді» қуалап жүріп оқыдық. Өйткені біздің жан жүрегімізді романның бірінші бетінен бастап-ақ, Ақбала мен Еламанның бейбақ тағдыры жаулап алды. «Қан мен терден» ке­йін біз, Ақбала мен Еламанды ұмыта алмадық . Осы бейбақтардың тағдыр-талайын білген үстіне біле түскіміз келді.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейіске «Қазақстанның Еңбек ері» атағын тапсыру сәтінен көрініс

«Қан мен тер» кейіпкерлері Ақбала мен Еламан, Судыр Ахмет, Сүйеу қарт, Тәңірберген, Қалендер санаға басқан мөрдей жат­талып қалды. Сонда бұ не? Бұ не сиқыр? Сөйтсек, бізді арбаған бұл сыр кітаптың авторы Әбекеңе Алла берген суреткерлік сиқыр екен. Бізді арбаған сол екен. Содан арадан зымырап жылдар өт­ті. Жиырмасыншы ғасыр аяқталуға жақындады. Көз алдымызда заман кенет күрт өзгерді. Кешегі әдебиет алыптарының ойы тұрмақ түсіне кірмеген заман басталды. Бұрын жұрт­тың қолынан кітап түспейтін болса, енді жұрт­тың қолынан телефон түспейтін болды. Бір жақсысы кешегі классиктер бұ сұмдықты көрмей кет­ті. Көрсе құсалықпен өтер еді. Бірақ біз байқап қарасақ, сол алыптардың көзіндей болып, кешегі күнге ше­йін арамызда бір ірі тұлға бізбен бірге жүрді. Ол кім десеңіз! Ол анау-мынау емес – Әбдіжәміл Нұрпейісов! Бүгінгілерге мүлдем ұқсамайды. Бәріне кешегінің көзімен қарайды. Қарайды да күңіренеді. Күңіренбей қайтсін! Қайда қараса да, көзіне айфон ұстап отырғандар түседі, кітап ұстап отырғандар емес. Содан ал кеп жыны қозады.Өздерінің телефондарын тартып алып, табанға сап езіп-езіп тастар ма еді! Бірақ көпке топырақ шаша алмайсың.
Бір күні қараса айфон деген пәле қонжиып өз қолында отыр! Ал құтылып көр! Жұрт­ты жаппай жаулаған бұ кәпірдің сыры не десе, қысқалық пен нұсқалық екен. Қысқалық , нұсқалық ! «Оу, оу, бұл сонау жылдары «Климанджаро қарларын» жазған жазушының стилі емес пе?! «Қан мен терді» жазғанда өзі де осы стиль жағында болды емес пе?! Ендеше, мына жұрт неге «Қан мен терді» емес, «Соңғы парызды» емес, айфонды оқиды?! Сонда… апыр-ау, сонда не болғаны?? Осы сұрақ жанын отқа да салды, суға да салды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды.
Ақыры, бұл «Қан мен терді» қайта қолға алды. Енді өз романына өзі, мына қырқылжың заманның көзімен қарады. Содан… содан не болды дейсіз ғой?! Содан… бір бітпейтін қырғын жұмыс басталды да кет­ті. Романның май басқан бет­терін сылып ала бастады. Ширата бастады. Бұл жұмысқа қамшының сабындай қысқа ғұмырдың жететін түрі жоқ. Содан ал кеп Алланың құлағын шулатсын «ұзақ өмір берші» деп. Қанизесі кең Құдай есіт­ті, жазушының зарын. «Жұмысыңды аяқта!» деп сұраған ұзақ ғұмырын берді. «Қан мен терді» жөндеу анау-мынау емес ширек ғасырға созылды. Тек 95-ке таяғанда ғана Әбе нүкте қойды романға. Бүгін сол нұсқа, жаңа нұсқа, сіздердің қолыңызда, аға­йын! Тоқсан сегізге келіп өмірден өткен толаға­йдың оқырманға жасаған тартуы, осы болды.
Суреткердің тоқсан беске келгенше толассыз жөндеген атышулы романын ерекше күткен оқырманның бірі, біз едік. Жаңа нұсқаны бас салып, бас алмай оқуға кірістік.
Ақбала, Еламанның отауына кірдік. Төрде шалжиып қонақ мырза Тәңірберген отыр. Қыз күнінде арман болған мырза жігітке аяқ ұшымен қызмет етіп Ақбала жүр. Осы кез­де есіктен Еламан кіреді. Қолында кере құлаш балығы, мұртына мұз қатқан шомбал қара жігіт. Үй иесі елп етіп берген сәлемін алмайды. Ерні ғана жыбыр етеді. Дастарқан басында үшеуінің де жүйкесін жеген тоңторыс хал орнайды. Неткен драма! Адам – адам болғалы, дүние жаралғалы жалғасып келе жатқан драма! Алыптар айналып өте алмаған драма. Мейлі Шекспир болсын, мейлі Шолохов болсын. Жойқындығы Жейхун дариядай драма. Ал оқымай көр!
Мына қырқылжың заманда кітап оқылмайды дегеніміз қайда? Сол түсінікті мына «Қан мен тер» күл-талқан ет­ті! Алғашқы екі кітапты біз 5 күнде оқып шықтық. Қуанышымыз қойнымызға сыймай Әбекеңнің нөмірін тере бастадық.Астанада екен.
– Ассалаумағалайкүм, Әбе! Оқып шықтым! – дедім.
– Ал… бала! Қалай екен?
– Мәледес, Әбе!
Әбе рақат­тана күлді.
– Жарайды, Алматыға барғасын сөйлеселік!
Шал Алматыға келді. Біз былай дедік: «Кейбір сценалар, әсіресе Еламанның қолын байлап, кеше бұның шаңырағын бұзған Тәңірберген сұмның алдына алып келетін жері бар емес пе және сол үйде Тәңірберген сұм мен тұтқын Еламан және Ақбала үшеуінің жүздесетін жері бар емес пе?! Құрсын, адам баласының басына бермесін, бұндайды! Бұл – Шекспирлер шарлаған шарықтау ғой… Высший пилотаж!»
Содан ке­йін, финалда Ақбалаға жасаған қиянаты үшін асып-тасқан Тәңірбергеннің басына Алла тағала түсірген зауал бар емес пе!? Бұл жерде де, астапыралла, жағаңды ұстайсың… Адам баласы көретін қасірет дегеннің де шегі болмайды екен-ау деп! Бұлайша шарықтау әлем әдебиетінде саусақпен санарлықтай ғана суреткердің қолынан келген! Әйгілі француз Луи Арагон, сондықтан да:
«В некотором роде роман «Сумерки» напоминает колодец с горькой водой.Таких увлекательных и глубоких книг, как роман «Сумерки» Нурпеисова, в последное время было мало. «Сумерки» можно сравнить с самыми большимы произведениями современой литературы, будь то американская, франсузская или же другая», – деген.
Содан бұл роман әлемнің 35 тіліне аударылды. Содан қазақтың Нұрпейісові, әлемнің Әбдіжәміліне айналды. СССР ат­ты алып империя оған «Қан мен тер» үшің өзінің ең жоғары Мемлекет­тік сыйлығын берді. Мына қысқа сөзімізде біз әлемнің 35 тілінде сөйлеген бұл роман туралы жазылған пікірлерді санап шыға алмаймыз. Ол жайлы Герольд Бельгер:
«Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Америка, Қытай, Ресей қаламгерлерінің пікірлері бір жерде тоғысады. Әбдіжәміл Нұрпейісов ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс!» – деп қорыт­ты.
Сөйтіп, Компартия қазақ жазушысын төбесіне көтерді. Енді одан коммунизм құрылысшылары туралы роман жазуды күт­ті. Яғни партияға алғыс күт­ті. «Жазып жатырмын», – деді Әбекең. – Коммунизм құрып жатқан балықшылар туралы екітомдық роман жазып жатырмын», – деді. Компартия мәз болды. Екітомдық алғыс естимін деп ойласа керек. «Соңғы парыз» шықты. Бұл Компартияға айтылған екітомдық алғыс емес, екітомдық қарғыс болып шықты. Компартия Әбекеңнің төбесіне әңгіртаяқ ойнатпақ боп дүрсе қоя берді. Бірақ өзі омақаса құлады. Сол құлағаннан мол құлады, тұрмады. Әбекең партбилетін жыртып қоқыс жәшікке тастады. Әбекең мен Компартия кикілжіңі осылай аяқталды.
Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ үшін ұлы жазушысы ғана емес, ол сондай-ақ халқы үшін отқа да, суға да түсе білген жалаңтөс баһадүр еді. Еске алайық, – кешегі 1986 жылғы желтоқсанда қазақ деген халық бар екенін, оның ұлт­тық намысы бар екенін ұмытқан Горбачев Қазақ­станды басқаруға қайдағы бір Колбинді жіберді. Алматыда Кремль күтпеген көтеріліс бұрқ ет­ті. Горбачев пен Колбин қазақ жастарын қанға бөктірді. Бұл бүкіл қазақтың ашу-ызасын тудырды. Кремль күллі қазақты ұлтшыл деп қара есекке теріс мінгізді. Осы қиянатқа қарсы 1989 жылдың 17 қаңтарында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жазушылар пленумында, Әбенің ащы айқайы шықты. Қайсар жазушы сонда Қазақ­станды басқарып отырған Колбинге «временщик» деген кісі өлтірерлік баға берді. Сырт­тан келген «временщик» басшылардың Қазақ­станға жасаған қиянат­тарын тізіп шықты. Әбекеңнің осы айқайынан ке­йін 4 ай өтпей, Колбин қызметінен алынды.
Тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағы ат­ты империя күңіреніп құларда, алдымен, аузын Қазақ­станға салды. «Известия» газетінде ұлыдержавашыл Солженицин 1990 жылы «Как нам обуст­роить Россию» «ат­ты мақала жариялады. Қазақ­станды «подбрюшие России» деп, орыс жері деп солтүстігімізге ауыз салды. Басқа «батырларымыз» бұғып қалғанда, Қазақ­станды қорғап айқай салып, Әбекең шықты. Дәл сол «Известия» бетінде «Чужая и своя боль» ат­ты мақала жариялап ұлыдержавашыл Солженицинге сылқита соққы берді. Күрескер жазушы 1897 жылғы санақта славяндар үлесі Солтүстік Қазақ­станда 17 пайыз болғанын көлденең тартып, Солженициннің телпегін теріс айналдырып жіберді. Сөйтіп, Бүкілодақтық қырғын айтыста қазақ жерін қорғап қалды.
Бірақ алып жазушысының алақаны қышып, сабағысы келіп жүрген адамы ол емес еді. Сабағысы келіп жүрген адамы, анау-мынау емес, Кремльдің қожайыны Горбачев еді. Сол көктен тілегенін Құдай тағала жерден берді. Қаңғалақтап жүріп, Горбачев Алматыға келе қалды. Бұл 1991 жылдың 28 мамыры еді. Республика активін жинап, Горбачев Опера төрінде отырды. Әбекең трибунаға шығып, «Глубокоуважаемый Михаил Сергеевич!» деп сөз бастады. Горбачев бұдан бір жылы сөз күткендей жымиып бұрылды. Бірақ қазақ жазушысы салғаннан сойыл сілтеді. Сол сойылдан Генсектің түсі бұзылып, бұға берді, қолындағы көлдей «Правданың» тасасына тығыла берді. Қолға түскен Генсекті Әбекең, сөйтіп, армансыз сілікті. 70 жыл ұдайы қызыл режимнен көрген қазақ қиянатып топтап, салмақтап әкеліп, Бас хатшының төбесіне бір-ақ дүрс еткізді.
Халқын қорғап қан майданға түскен жазушының біз тек бірер қимылын ғана айтып отырмыз. Ал ол өмір бойы қашаумен өткен «Қан мен тері» халқы үшін әлем алдында төккен қан мен тері еді. Өзі өлердей жақсы көретін ел мен жеріне орнатқан ескерткіші еді. Өмір бойы шұқшиып ақ қағаз бетінде қашаған монументі еді, мәңгілік.

Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақ­станның
халық жазушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір