ӘЗІЛ-ҚАЛЖЫҢЫ – КҮЛКІ, СЫҚАҒЫ – ТҮРПІ…
Шын талант иелері әдеби жанрларды меншіктейді. Сол жанрдан іздегенін табады. Күйінеді, сүйінеді. Осындай, сауырына қамшы салдырмайтындардың бірі – белгілі сықақшы Аймұханбет Бейсембеков. Ол осыдан жиырма шақты жыл бұрын-ақ даралана көрінген. Ақпарат және мәдениет, Білім және ғылым министрліктері тарапынан ұйымдастырылған қазақ тілін дамыту мен өркендетуге бағытталған сатиралық шығармалар бәйгесінде бірнеше дүркін топ жарып, бас жүлделерді еншілеген. Оңтүстік өнірде салтанат құрған атақты сықақшы Садықбек Адамбеков атындағы байқауда да жеңімпаздықтан жаңылмаған. Әрі Аймұханбет әзіл-оспақ, қағытпа қалжыңдарды қара сөз дестесімен де, поэзиялық кестесімен де құбылтуға шебер.
Өз жанры үшін басын бәйгеге тігуге дайын Аймұханбет сықақты:
«Күлмесханды күлдіретін – сатира,
Қоғамдағы былықты білдіретін –
сатира», –
деп айбаттандырады. Сөйте отырып, бұл жанрдың қызметін:
«Жүрек керек, сатирикке тіл керек,
Сөзін айтар айта алмаған
халқының», –
деп айшықтандыра түседі. Мойындайсың. Шонжарсымақтардың семсертілділерге шошқаның басын «мүжіткендей» жиіркене қарайтындықтары да сондықтан…
Енді қыршаңқытілдінің шығармаларын сөйлетейік. Абай хакімнің сегізаяғына еліктеп жазған семсер сөзіне назар аударайық:
«Санамыз құлдық,
Тобыр боп жүрдік
Ұрыны мақтап, ұлы деп.
Айдауына көндік,
Айтқанына сендік,
«Көкезу» көптің бірі боп.
«Нұрлы жолмен» жаңғырып,
«Нұркөсем» кетті қаңғырып».
Ешқандай оғаштық жоқ. Жұртты аузына қаратқан «Нұркөсем» халықтан жымқырғандарын қалтасына басып алып, бір-ақ күннің ішінде қарасын батырды. Оның жемқорлар, парақорлар деп кінә тағып жүргендерінің баршасының ауыздары ашылды да қалды.
Ал, енді Болашақ бағдарламасымен Кембриджден оқу бітіріп, білім алып келген маман мен билік басындағының арасындағы шәлкем-шалыс әңгімеге құлақ түрейік:
«– Не бітірдің? Мамандығың?
– Экономика мен финанс.
– Жоғары жақта көкең бар ма?
– Сіз айтқандай «көкем» де жоқ,
Көмек берер әкем де жоқ.
Бар сенерім – білімім,
Жалғызбасты бір әйелдің ұлымын.
– Вот балбес, «көк үйде»
«көкең» болмаса,
Доллар беретін әкең болмаса,
Болмайды, бала, болмайды…»
Мінекей, Абай атамыз айтқандай, «Заманың түлкі болса, тазы болып шалудың» көрінісі осындай-ақ болар. Бұл күнде «көк қағазсыз» еш жерге қызметке басыңды тыға алмайтыныңды несіне жасырасың! Сонда болашақтағы ұрпақтарымыздың тағдыры қандай болмақ?!.
Сықақшының ащы сарказмға құрылған «Қағытпа сөздіктері» де кешегі, бүгінгі халық тіршілігінің тамырын тап басқандығымен ерекшеленеді.
«– Үкіметтегілер кім?
– Қара халықты қымбатшылықпен қылқындырып, жоқшылықпен жосылдырып, сан түрлі салықпен сандалтып, мемлекеттік тілге «пысқырмайтын», өздерінен жоғарғылардың «тапсырмасын» еш жерлеріне «қыстырмайтын» экс президенттің «еркелері».
Немесе:
«Қатын алғанда қараның оқыған қызын алма, билік басындағының немесе қалталының «шоқынған» қызын ал»
Болмаса:
«Өмір бойы ақшаға жарымайтын атақты ақын болғанша, «шапкасын» беріп, бір жыл облысқа әкім бол!»
Осы қағытпалардың қайсысына қарсы сөз айта аласың? Бәрі де қоғамдағы шындық па? Шындық. Сықақшының «өткірдің жүзіндей» кесіп түсер шеберлігі осындай болғаны жөн.
Аймұханбеттің туған елге деген құшағы – кең, ойы – шалымды.
«О, туған ел! Тарихым мен дастаным!
Дархан дала, асқар тауым, аспаным.
Қараша үйде қараша өмір сүрсем де,
Іздемеймін ақ сарайын басқаның.
О, туған жер! Қасиетіңе табынам,
Алыстасам, анашымдай сағынам.
Туған елдің ай-жұлдызды түні артық,
Басқа елдің арайланған таңынан!»

Бұл өлең туған елдің ырысын, туған жерді саудаға салып, арқа-жарқа байығандарға Шона Смаханұлынікі секілді «Ұр, тоқпақ!». Оның көңіл түкпіріндегі атамекенге деген кіршіксіз сүйіспеншілігі мен Отанға деп ұйыған махаббаты да осы жыр жолдарымен жүректерге жол тартады.
Ақынның «Тәуелсіздік атауы туралы түйіндеулерін көкейге қондырайықшы:
«Тәуелсіздік – басқа қонған
бақытымыз,
Сан ғасырлар аңсаған жақұтымыз!.. –
дей келіп:
Алаш үшін бұл Атау арман болған,
Қанша қазақ сол үшін болған құрбан.
Сәбилерін жаулары найзаға іліп,
Аналары емшегін көкке сауған», –
деп тебіреністі жолдармен тәмамдайды.
Қайсыбір тұста «Егемен елміз» деп еңірейтініміз бар. «Егемен» деген – бір отбасының, бір түтіннің айналасындағы «үй егесі» деген ұғым ғой. Ал Тәуелсіздік айбынды сөз, асқаралы ұғым. «Әй, заман ай, заман ай!» деп күрсінген тұста:
«Арыстан ба дегенім –
қорқақ қоян болғаны-ай,
Барыстар ма дегенім –
бақа, шаян болғаны-ай!
Төрелер ме дегенім –
тексіз болған заман-ай,
Беделді ме дегенім –
бетсіз болған заман-ай!» –
деп «Абылайшалап» төкпелейтін тұстары да бар. Бұл қайталау емес. Қоғамдағы қойыртпақтарға сай өзінің ішкі ой оралымы. Емінгенді көрсек те, тебінгенді кездестіре алмай жүргенімізді несіне жасырамыз?! «Жақсыдан жабы туатынын» да уақыт дәлелдеп жатыр.
«Келер ұрпақ – ертеңгі қызың, ұл үшін,
Тәуелсіз, Азат ел үшін,
Қазағым, күрес тіл үшін!
Намыстың қайрап қылышын!» –
деп ұрандайтын тұстары да жоқ емес. «Абылайдың асында шаппағанда атамыздың басында шабамыз ба?» демекші, отыз жыл бойы шідері шешілмеген Тіл үшін, шындықтың шыңы үшін күреспегенде, қай кезде қайратымызды тасытамыз? Мұңға батып, жасумен өткен күндеріміз де аз емес қой.
Өткір сөз иесінің қағытпа-қалжыңдарына қаймықпай қайта оралайық. Оның бір «міні» сатираның кез келген саласына сүңгіп кете береді. Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауинге арнаған эпиграммасында:
«Мұхтарлардың ішінде ерекше
Мұхтар Мағауин,
«Бес ғасырды жырлатқан»
еңбегін білер ағайын.
«Аласапыран», «Алдаспан» Чехқа
әкетті жетелеп,
Қияқ мұрты қылыштай –
үрейін алар талайдың.
Тәкаппар әрі тік мінез,
бойында баба ханы бар…
Ізбасары ол шынында Шәкәрім мен
Абайдың», –
деп шағын қайырмалармен-ақ оның образын дәл сомдайды.
Ерекше біткен басына,
Жарасып тұр шашы да.
Ғұлама болып кетесің,
Бір күн ерсең қасына.
Бойы аласа демесең.
Алып ақын,шын көсем.
Афоризм әр сөзі
Айтар ойға тым шешен»…
Шұбыртпалата төккен қалжың суреттен бұл көрініс – ақын Қадыр Мырзалиев екенін жазбай танисың. Ақын, сазгер Исраил Сапарбаев ағасына не деп еркелейтініне назар салайық:
«Жүрегіне ұя салғын қарлығаш»,
Ғашықтықпен ағарыпты қара шаш.
«Тар төсекте», «Қызыл, жасыл дүние»
Талай «төсті иіскепті жалаңаш»…
Ақын аға, ақиығым – қыраным,
Махаббаттың шалқыта
бер жыр-әнін.
Аман болсақ, сексендегі кешіңде
Мен де шырқап, «Телефонды»
тұрармын.
Исраил ағаның кітаптарының аттары мен өз өлең жолдарынан алынған тіркестер арқылы өрнектелген эпиграмма жыр жүйірігінің өзін де шаттандырған. Әзілі жүрекке жылы.
Аймұханбет Бейсембеков – әншілігімен де, сазгерлігімен де тыңдармандарға кеңінен танымал тұлға. Хакім Абайға бас иеді, табынады. Абай әндерін, қазақ әндерін үлкен сахналардан, шетел театрларында насихаттай жүріп, бабасынан үйренеді. Қоғамдағы келеңсіз кесепаттарға Абайша «жиренеді». Бабасына не деп «мұң шағатынын» да байқайық:
«Тағың мен бағың тұрғанда
табаныңды жалайды,
Күнің түссе, бақ тайып,
жабылып итше талады.
Кімді аясын қазақтың
шонжары мен шендісі,
Мінін айтқан бетіне
соққыға жыққан Абайды». –
Бұлтартпас дәйектер. Шындықты шыжғырып бетіңе баса салады. Өмір ағысындағы, тіршілік барысындағы көлеңкелі жайларды қыран көзді сықақшы қалт жібермейді.
Ал, енді Шыңыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағының тапсырмасымен «Қазақ сатирасының антологиясын» шығарып жатуы да – сатираға шынайы берілгендік қой.
Жалпы А.Бейсембековтың әзіл-қалжыңы – күлкі, сатирасы – түрпі, тілі – қыршаңқы.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ