ШОҚАННЫҢ ӘЗІЛ-СЫҚАҚТАРЫ
29.11.2024
115
0

«Дүниеде әділдік пен адалдықты
ту еткен адамнан артық ешкім жоқ»
Шоқан Уәлиханов

Шоқан өзінің алғашқы ғылыми еңбектерін А.С. Пушкин мен М.Ю. Лермонтовқа еліктеп көркем проза түрінде жазған. Оның «Ыстықкөл күнделіктері» мен «Құлжа өлкесі жайлы очерк» ат­ты жазбаларын ең үздік, ең көркем прозалық шығармалар қатарына қосуға болады. Шоқанның баяндау, сурет­теу мәнері Лермонтовтың Кавказ очерктерімен ұштасып жатыр. Әсіресе Шоқанның жергілікті халықтың тарихын, мәдениетін, тұрмысын бағзы заманмен байланыстыра отырып шебер әрі біліктілікпен жазуы таңғалдырады. Ал табиғат көріністерін нағыз ойшыл, философ дәрежесінде сурет­теуі оқырманға ерекше әсер ететіні сөзсіз.
Шоқанның тумысынан зерек, жастайынан сөзге шешен, ұшқыр ойлы адам болғаны белгілі. Оның әділетсіздікке жаны қас болғаны сонша, озбыр, дөрекі адамдарды мысқылдап, сынап тастайтыны туралы замандастары жазып кеткен. Мысалы, атақты орыс ғалымы, этнограф, археолог Н.М. Ядринцев «Шоқанның қысыңқылау көзі ақыл-ойға тұнып, жарқырап тұратын, жіңішке ерінінен мысқылға толы күлкі кетпейтін. Әңгімелері ылғи да ұтқырлықпен ерекшеленетін, ол өте байқампаз әрі мысқылшыл еді. Оның мысқылы гейнелік юмор мен сатиралық сипат­та еді», – деп жазған болатын (Ш.Ш.Уәлиханов. Көптомдық шығармалар жинағы. І том. 2-басылым – Алматы: «Толаға­й групп», 2010. 376 бет. 82-бет­те).
Реті келген жерде Шоқан әзілдесуді, қалжыңдасуды да жақсы көрген. Ол кез келген ортада осы мінезімен ерекшеленді. Ойын ашық, бүкпесіз жеткізу үшін Шоқан көптеген сурет­тері мен шығармаларында әзіл-сықақ жанрын кеңінен қолданды. Енді солардың бірқатарына назар аударайық.
Шоқан әзіл-сықақты жазушы-прозаик ретінде кеңінен қолданды.

Біз осы шағын мақаламызға мысал ретінде Шоқанның 1856 жылы жазған «Ыстықкөл сапарының күнделігі» ат­ты ең әйгілі еңбектерінің бірін ғана алуды жөн көрдік. Оның мәтінінен Шоқанның әзіл-сықақтарды қолдана баяндаған жерлерін бөлек ала отырып, келтіреміз.
Жолда жылқылардың үйірі мен қойдың отары кез­десті, алыстан қазақ үйлер қылаңдады. Бізді көрген қазақтар алысырақ кетуге тырысты, біз сұлтанның қонысы қайда екенін сұрайық деп малшыны тоқтатқанда, ауылдағы әйелдер шу көтерді. Ауыл шулап кет­ті. Әйелдер бір үйден екіншісіне жүгіріп, біреудің атын атап шақырды, шамасы биді шақырған болса керек.
– Олар менің қойымды алып кет­ті, – деді бір ащы дауысты әйел, шамасы, өзі солай болжаса керек, – менің кезегім емес қой, – деп шыңғырды ол.
Біз әрі қарай кет­тік, ауыл тыныштала бастады. Тек жаңағы әйелдің ащы даусы ғана бізге жетіп тұрды, күмән жоқ, қойын орыстардан сақтап қалғаны үшін ол, Аллаға алғыс жаудырып жатыр.
Бақалы – бақаның көп жері деген мағына береді. Сарыбағаш руынан шыққан бір қырғыз мені манап Үмбетәлі сол жерде қыстағанда, бір бастауда қыс бойы бақалар бақылдаған деп сендірді. Оның айтуынша, бақалардың терісі аппақ, ал үлкендігі жұдырықтай болыпты. Қазақтар да осылай дейді.
26 мамыр күні менің қасымда қырғыз жыршысы болды. Ол Манас поэмасын біледі екен. Поэманың тілі, ауызекі тілге қарағанда, түсінуге әлдеқайда жеңіл. Поэма қаһарманы Манас – ноғайдан әйел жинаудың қайтпас қайсар батыры. Оның барлық өмірі соғыс пен сұлуларды іздеуден тұрады. Тек оның мінезі Шығысқа тән емес, ол өзінің әкесін жиі балағат­тайды, малын қуып әкетеді, онымен дөрекі сөйлеседі. Бұл жағы түсініксіз. Барлық көшпенді халықтар қарт­тықты құрмет­тейді, ақсақалдар ерекше сый құрметке ие.
1 мамырда мен Қазыбекпен бірге Боранбай ауылына ат­тандым. Ауылдың қожайыны жас жігіт алдымыздан шығып, өзін Боранбайдың баласы, аты Қылыш екенін айт­ты. Қылыштың шатыры бар екен, біз сонда орналастық. Құрмет­ті қонақ ретінде бізге құманға тұз салып қайнатылған шай әкелді, шай қалмақтардың затуранына ұқсайды. Артынан қымыз берді. Бүкіл ауылдың қазақтары мен кішкентай балалар біздің асымыздан ке­йін қалатын қойдың сүйегін мүжу үшін жиналды. Олардың ойы болмады, мен қожайынды ондай әурешіліктен құтқардым, тіпті түскі ас ішіп отыратын кез емес еді. Айта кету керек, әйелдер бізден қорқып киіз үйден мүлде шықпады, тек ат­танар алдында ала бұхар шапанын киген жас келіншек пен ақ көйлек пен үкілі қызыл тақия киген жас қыз шықты. Бірақ олар да тығылып қалды. Қазақтардың айтуынша, барлық дала адамдары сияқты олардың көздері өткір және көреген. Келіншек біршама өңді екен, бірақ жүдеу, ал қыз нағыз сұлу деді олар, әрине, олардың талғамы бойынша. Қазақтардың түсінігінде әйел сұлулығы дегеніміз – денесінің толықтығы, бетінің толған айдай дөңгеленіп, екі бетінің ұшы қызарып тұру керек, оны ақындар қарға тамған қанға теңейді.
Ары қарай жүрдік: жолда ауылдар жиі кез­десті, бірақ қыбырлаған тірі жан болмады, барлығы: «Орыс, орыс!» – деп шошына айғайлап, киіз үйлеріне тығылды. Күдікті сейілтіп, нәзік жандылардың қызығушылығын туғызу үшін мен қасымдағы қазақтарға қазақша ән салуды тапсырып, өзім салша киініп алдым. Бұл әрекет толық нәтиже берді, әйелдердің барлығы киіз үйден шықты, тіпті бір әйел мұсылман ретінде бізге арнап жоқтау жырын айт­ты.
Біз тоқтап тұрып қырғыз әйелдің элегиясын (жоқтау) тыңдадық. Сөздерін анық ажырата алмадық, тек «ох!», «қоқи!» деген дауысы айқын естіліп тұрды. Бұрын бұл ордада болған бір қазақ сол кез­де естіген өлең жолдарын келтірді, соған қарап біз мәтінін шамаладық. Жоқтаудың жалпы сипаты – «маған енді не болады?» деп, марқұмнан «енді менің күнделікті қажетімді кім өтейді?» деп сұрау, «етікті кім тігеді, тары ботқаны кіммен бөлісіп жеймін?» дегендей Құдайға зар қылу…
Бізді қоршаған қазақтармен әңгімелесе бастадық. Менің қазақ сұлтаны және хан тұқымы екенімді білген соң, олар сеніммен қарай бастады, ал егде әйелдер менің жүдеу денеме, қан-сөлсіз бетіме аянышпен қарады, іштерінен шамасы, байғұс, анасын сағынған болар деп ойласа керек, мен сияқты жас баланы айдалада кім әлпештеп, битін кім сығып береді деп аяса керек.
Келесі ауыл да бізді күтіп отырды. Бірнеше ер адам мені «алдияр» деп сұлтанша қарсы алып, мені алғашқыда өте таңғалдырған өтініш білдірді.
– Бізде бір бейшара аяш бар, – деді олар, – оны жындар буған, біз «ақсүйек» адам оның жынын қуып жібере алады деп естіген едік.
– Оларды мен қалай қуамын? – деп сұрадым мен.
– Өте оңай, – деді қырғыздар, – қамшымен аямай ұру керек, сонда бүкіл жындар кетеді.
Амал жоқ. Мен оларға өзімнің бауырым сұлтан деп таныстырып, бір қазақты ұсындым. Қазақ оған айғайлай тап беріп, өзінің ісіне кірісіп кет­ті. Байғұс шырылдап, зорға құтылып, үйге қарай жүгіре жөнелді. Оны қайтадан ұстап алды. «Ұр, ұр!» – деп шешесі айғайлады, «ұр!» – деп қалың топ артынан қайталады. Мен шыдай алмай, байғұс аяшқа жақындап келіп, қазаққа «емдеуді» тоқтатуға бұйрық ет­тім. Науқастың туыстары менің араласуыма риза болмады. Барлығы маған ызалы көз тастады. Тек ақылынан адасқан ғана мені құтқарушысы деп, әртүрлі жылы сөздер айтып, мойныма асыла кет­ті.
Жас ару мен туған-туыстарын оның сауыққанына сендіріп, егер әйелі ауырмасын десе, көйлегін жыртып, айнасын сындырмауды күйеуіне тапсырып, ары қарай жүріп кет­тік.
Мен кіргенде үйде бірнеше қырғыз отырды. «Удакоб!» – деп айғайлады қожайын, отырғандар орнынан атып тұрды. Мен киіз үйдің төріне жайғастым. Мадам, тістері ұзын (ол қанша тырысқанымен ерні оны жасыра алмады) ала шапан киген егде әйел кілемнің орнына төселген қой терісінің үстінде отырды. Қолдары кір-кір және қолында қалған ұсақ жүндер ханымның біз келердің алдында арқан иіргенін байқат­ты. Мен оның хал-жағдайын сұрап, мал басының амандығын түгендедім, мұның барлығына ол басын шұлғып жауап берді, басын шұлғыған сайын, ұзын тістері қатарласа көрініп тұрды. Құрмет­ті аяштың еркіне көнбей тістері анық байқалып тұрды, оны жасыру үшін ол шапанының жеңін қайта-қайта аузына апарды. Менің сауалдарым ыңғайсыздық тудыратынын байқап, аяшты жайына қалдырдым да, киіз үйдің ішін қарай бастадым. Сол арада қожайын әйел бұзау терісінен жасалған сөмкесінен екі қытай кесесін алып, қымыз құйды. Қызметші қырғыз сусынды алып, өзі ішті де, бір тостағанын маған, келесісін Боранбайға әперді. Біздің Ұлы жүздің бір қазағы насыбайын алды. Насыбайды көрген қожайын әйел тістерін ақситып, үндеместен айтпай қолын созды. Біздің қазақ оған өте сыпайы түрде шақшасын созып, алақанына насыбайды үйіп берді.
Өзіме тігілген үйге келген соң, мен ат­тарды ерт­теуге бұйрық ет­тім, қырғыздарды көрсем деген мақсатым орындалды.
Боранбай біз ат­танар кез­де өте сыпайы болды. Мен одан рулары туралы, манаптар туралы сұрадым, сосын, ол мұның бәрі ақ патшаның бұйрығымен оларға сыйлық беру үшін жасалып отыр деп ұйғарды. Солай деп ойлап қалған құрмет­ті манап маған кетерде «қонақты бос қайтару – жаман ырым» дегенді айтып, ат мінгізіп, жібек пұл берді. Мен оны сыйлықсыз-ақ құрметке ие болдым, оның қонақжайлылығын ешқашан да ұмытпаймын, әрқашан жүрегімде сақтаймын деп сендірдім.
Мен Боранбайдың үйінен өте жақсы әсермен ат­тандым. Бұл әсердің жалғаса беруіне жолда кез­дескен ауыл адамдарының көрсеткен ықыласы да себепкер болды, әсіресе әйелдер өте пейілді болды. Әр нәрсенің ережеге бағынбайтын бірдемесі болады деген сөз – нағыз шындық. Мен қырғыз әйелдері туралы айт­қанмын, соның арасында бір жағдай болды. Қырғыз аруларының сұлулығына тәнті болған мен киіз үйдің төбесінен индерунге сығалап қарағаным бар, одан бұрын сол жерден бізге, менің ойымша, өте көркем аяштың қара көздері қарайтын.
Мен қателеспеппін. Киіз үйде расында да әдемі екі жас қыз отырды, бірақ олардың біреуі, менің сорыма қарай, таңданарымды, әлде қуанарымды білмедім, айдай сұлу қыз екен. Сomme de raison, ұсталып қалған ару өте ыңғайсызданып қалды, бірақ сонша қат­ты емес. Алғашқы ыңғайсыздықты жеңгеннен ке­йін оның мені балағат­тай бастағаны, тіпті ұят сөздермен балағат­тағаны қызық болды… «Тас жұтқыр», «көзің қылиланғыр», «басыңа бәле жаусын» деген соң, ол мені «маңқа қазақ» деп тілдеді. Бір жағынан, өкінішті болды, екіншіден, қуандым, себебі әп-сәт­те балағат сөздер қорын жинап алдым, бірақ сол жаман сөздерді тамаша қырғыз сұлуы айт­қаны ұят болды. Осыншама «қошемет» сөз естігеннен ке­йін ары қарай қалудың мәні болмағаны айтпаса да түсінікті. Ары қарай жүріп кет­тік. Долы әйелдің ауыр әсері келесі ауылда ұмытылып кет­ті. Ауылда менің қазақ сұлтаны екенімді біліп алыпты. Бір құрмет­ті ханымның қызы найман руынан шыққан қазақ сұлтанына тұрмысқа шыққан екен. Бұл жерде барлық сұлтандарды бір рудан деп санайтындықтан, олар бізді шыдамсыздана күтіп, балаларының жағдайын білмек екен. Мен сол сұлтанның танысымын деп қана қоймай, туысқанымын деп танысқаным дұрыс болар деп таптым, сондықтан олардың барлық сауалдарына жағымды жауап беріп, қыздары сұлтанның сүйікті ханшайымы деп сендірдім. Осындай бейкүнә әрі көңіл жұбатарлық өтірік айта отырып, мен осы халықпен жақындасайын, олардың туыстық махаббатына бөлене­йін деген ниет­те болдым. Менің кейбір қиын сауалдарға берген жауабым, сұлтан ханшайымның есімі кім, қанша баласы бар деген сияқты сұрақтарға берген жауабымның оларда бар мәлімет­терге сай келгені соншалық, өзімнің суайт­тық қабілетіме өзім таңғалдым. Жалпы, қырғыз әйелдерінің жақсы қасиет­тері көп, олармен бірнеше күн бірге болып, жақсы біліп алса болады. Қырғыз әйелдерінің шектен тыс тәкаппарлығы туралы сөздердің барлығы тым әсіреленген: жалпы, біз танысқан үш аяш өте ақкөңіл екен, ақкөңілділігі соншалық, олардың көңілін қайтару күнә болар еді. Мен Боранбайдың ауылында әдейі ашыналық жасайын деп (қазақтардың әдеті бойынша) біреу арқылы әрекет жасап едім, оныма көнген жауап алдым. Оны пайдалануға маған уақыт жетпеді.
Біз ең қиын сүрлеуге жақындадық, ол биіктігі 40 сажын құлама жардың ернеуімен жүреді. Қорқынышты жерге жетпей жатып менде күтпеген жағдай болды. Жолда дауыл құлатқан дәу шырша ағашы жат­ты. Мен ат­ты тебіндім. Атым тік тұрып шапшыды, бірақ тұяғымен ағашқа сүрініп, құлап қалды. Мен ұшып кетіп, орнымнан тұрдым. Тепе-теңдігін жоғалтқан атым жардан төмен домалап кет­ті, мен тек гуілдеген дауысын естіп, тастар арасындағы атымның басы мен ер тоқымын өзеннен көрдім. Бақытына қарай, жар жайдақ болды, 30 сажындай домалаған ат аман қалды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, соның арқасында мен қазақтардың арасында батыр әрі епті болып көріндім.
Біз жүрген барлық жерге, тау етегіне де­йін ауылдар қонған. Дулат­тар мен шапыраштылар қырғыздар сияқты бізді көрген бет­те тауға қашты, шамасы, казактар оларға кезінде жақсы сабақ берсе керек.
Арасанда түнедік. Бұл күні бізге Жетісуда атағы шыққан батыр әрі барымташы Тәнеке келді. Өзінің суық жүріс, суыт жорықтарына қарамастан, Тәнеке матайдың қаптаға­й руы арасында үлкен ықпалға ие және болыс болған. Ол – орта жастағы, өте мығым кісі. Бір қызығы, ол жирен, сақалы ұзын және мұрны өте үлкен. Сонымен қоса кішкентай және ойнақы көздері оның сиқын өте жағымсыз етіп көрсетеді. Ол бізбен бірге жүргісі келді, бірақ мас болғаны соншалық, төбесінен құйған төрт шелек су еш әсер етпеді. Менің байқағаным, Тәнекенің бүкіл денесін Бюффонның алғашқы қауымдық адамы сияқты түк жапқан. Оның жолдасы сұлтан Құдаймен де өзінің орынсыз қылықтарымен бізді әбден жалықтырды. Ол мәдениет­ті болып көрінгісі келіп, ақымақ пікірлерін тықпалап біт­ті. Жүйкеңе тиетін мырза, қит етсе арақ сұрайды.
Отыз шақырым жүріп, Ақсудан астық, түнде Басқанға жет­тік. Рақымды Алла өзінің құлдарын ас-сусыз жатқызбады: түнде таудан ауыл түсіп, бізге тап келді. Олар осында түнеуді жоспарлап келгенімен, орыстарды көріп, үдере жөнелді. Соңғы ауыл қолға түсіп қалды. Олардың батыры мен әйелдерін алдамақ болған барлық әрекетіміз бекер болды. Қорқып қалғандары соншалық, арты не боларын ойлап, сыйлықтарымызды алмады.
Біздің есімізді жинауға мұрса беріп, олар бізден 3 шақырымдай қашықтыққа қонды. Бізге үй тігіп, өздеріне еріксіз көрші еткен соң, олар өте мазасызданып, айқайласып, қыздардың бәрін алдыға салып жөнелт­ті, ал кетіп үлгермегендері жыртық шапан киіп, сиықсыз болып көріну үшін бет­теріне балшық жағып алды. Бейшара көшпенділерді казактар мен сот билері соншалық қорқытып тастаған.
Түні бойы жанымыздан көш өтіп шықты. Таңертең тұрғанда, жасанып киінген әйелдер мінген түйелер тізбегі әлі өтіп жат­ты. Еркектер көштің жанында қой немесе түйе айдап жүрді. Көштің түрінен-ақ көрініп тұрғандай, олар арғындардан анағұрлым кедей. Киіз үйлердің біразы өгіздерге артылып, дала амазонкалары осы «тұлпарларға» отырды. Олардың барлығы жыртық шапан, етік т. б. киіпті. Мен жоғарыда айт­қан түйелер көшінің иесі сұлтан екен, ол орыс шенеунігінің осында екенін естіп, алдына келуді жөн санапты.
Ұзақ әрі бейбіт әңгімеден ке­йін сұлтан біздің жай шенеунік екенімізді байқаған соң, осыған де­йін тегін соймақ болған қойын үш есе бағасына сат­ты. Бізбен жүрген казактар көз қиығымен қарап, өзара күлісіп отырды, мысқылшыл біреуі капралға: «Момын Миколаны бұзау жалайды» (Жуас түйе жүндеуге жақсы) дегенді айт­ты.

Ш.Ш. Уәлиханов. Автопортрет. 1859

Шоқанның бұл әйгілі автопортретіне қазақтың халық жазушысы, академик Ғ.Мүсірепов 1985 жылы мынадай баға берген: «Қаншама арманы, білімі, ойы бар адам. Бойкүйездік, тоқмейілділік дегенді білмеген азамат. Жасағанына, атқарып үлгіргеніне риза болмай, өзіне сын тағып, мін артып, «Не бітірдің, Шоқан?» деп толғанып жатыр-ау. Шоқан сурет­те өз бейнесін ғана емес, өз тіршілігінің ішкі мән-мағынасын шынайы жеткізе алған. Бұл аз жасап, көп тындырған Шоқанның келешекке осылайша тым болмаса бір сәт­теме уақыт алаңсыз жатар күн туар ма екен деген қиялы тәрізді. Мұнда уыт­ты астар да бар ма деймін…». (Сейсен Мұхтарұлы. Шоқан және өнер. Түсініктемеге негізделген иллюстрациялы ғылыми-публицис­тикалық кітап. Алматы: Өнер, 1985 – 310-бет. 173-бет­те).

Ш.Ш. Уәлиханов. Когалдай мен Туғолдай. «1856 жылы Құлжада Қытай үкіметі өкілдерін қабылдау»

Бұл картинаға Шоқан «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» ат­ты еңбегінде қызғылықты түсініктеме келтіреді. Оның уыт­ты тілі қытай шенділерінің елден ерек бітім-болмысын, тіпті сурет­ті көрмеген кез келген адамның көз алдына елестете отырып, мысқылмен жеткізеді:
«Туде-жень немесе жай ғана туғолдай деп аталатын бірінші сауда приставы, оның жәрдемшісі когалдай, әскерді азық-түлікпен жабдықтау жағын басқаратын штабс-офицер, ізгі тәртіп сақшысы, небәрі алты адам факторияға өздерінің кабриолет­теріне мініп келді. Сөйтіп, соқыр туғолдай бір-екі мырзаның демеуімен арбасынан түсті де, консулға жақындай беріп, қытайдың байсалдылық рәсімі бойынша тістерін ақситып, бет-аузын қисайтып, тыржита қойды: бұл оның жүзіне жылы шырай беріп, ықылас білдірген түрі еді. Туғолдайдың өзі бір дәу көзілдірік кисе де, сықсиған көзі шала көретін, қаршыға тұмсық, арық шал екен. Сәл қисықтау жаралған аузының үстіңгі ерні құдды бір үшбұрыш тәрізді екі шеті екі езуіне тіреле төмен түсіп, орта дені жоғары қарай көтеріліп, шошайып тұр. Сол ернінің үстінде қылтиып, бірнеше тал мұрты көрінеді, сүйірлеу келген кәуік иегін тақырлап қырып қойыпты. Бірі – көк, бірі – қоңыр кішкентай тістері жарыса құбылып, ақсиып тұр. Жасына қарағанда өзі өте ширақ, тым сөзуар жан екен. Үстіне жібек шапан киіп, белбеумен буынып, оған шылым салатын дорбасы мен желпуішін іліп алыпты» (Сейсен Мұхтарұлы. Шоқан және Өнер. Түсініктемеге негізделген иллюстрациялы ғылыми-публицистикалық кітап. Алматы: Өнер, 1985 – 310 бет. 176-бет­те).

Ш.Ш. Уәлиханов. Балдан ке­йін. Кезекші офицерлердің карикатуралық бейнелері. 1855 жыл

Шоқанның жақын досы Г.Н.Потаниннің: «Ш.Уәлиханов – мансапқор, ұсақ жандардың бейшара тірлігін тез байқайтын және оларды мысқылдағанды жақсы көретін. Көңіліне ұнамаған адамдарды ол түркілерге тән қаталдықпен қат­ты кекететін, сондықтан Омбыда оның жаулары аз болмады», – деп атап өткен мінезі «Балдан ке­йін» ат­ты карикатуларында анық білінеді.
(Ш.Ш.Уәлиханов. Көптомдық шығармалар жинағы. І том/ 2-басылым – Алматы: «Толаға­й групп», 2010. 376 бет. 79-бет­те).

Ш.Ш. Уәлиханов. Г.Н. Потанин. 1864

Шоқанның жақын досы Г.Н.Потаниннің: «Ш.Уәлиханов – мансапқор, ұсақ жандардың бейшара тірлігін тез байқайтын және оларды мысқылдағанды жақсы көретін. Көңіліне ұнамаған адамдарды ол түркілерге тән қаталдықпен қат­ты кекететін, сондықтан Омбыда оның жаулары аз болмады», – деп атап өткен мінезі «Балдан ке­йін» ат­ты карикатуларында анық білінеді.
(Ш.Ш.Уәлиханов. Көптомдық шығармалар жинағы. І том/ 2-басылым – Алматы: «Толаға­й групп», 2010. 376 бет. 79-бет­те).

Бағдат Ақылбеков,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Тезек төре және шоқантанушы,
өлкетанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір