Әдебиет – әлемнің алтын көпірі
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында әлемнің көптеген елдерінің зерттеушілерінің, сыншыларының, аудармашыларының қазақ әдебиеті туралы әр түрлі жанрлық материалдары қамтылған «Қазақстан әдебиетінің шетелде қабылдануы» атты жаңа ғылыми жинақ қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.
Ғылыми жинақтағы жарияланымдар – қазақ әдебиетінің классиктері мен қазіргі авторлардың шығармашылығының әдеби негіздерін айқындап, көркем шығармалар тақырыбының алуан түрлілігін көрсетеді. Әдебиет қашан да басқа мәдениетті, басқа дәуірді және басқа елді түсінуге көмектеседі. Осы тұрғыдан алғанда, шетелдік зерттеушілердің, сыншылардың, аудармашылардың қазақ әдебиеті туралы әртүрлі жанрлық материалдары әрдайым өзекті.
Қазіргі уақытта қазақ әдебиеті мен еліміздегі этностардың әдебиетін зерттеп жүрген әдебиеттанушылар көркем шығармалардың әдеби және идеологиялық контексіне назар аударып келеді. Өз кеңістігінде көптеген мәдениеттер, тілдер мен менталитеттерді орналастыра отырып, Қазақстан басқа өркениеттердің жетістіктерін көрсетіп, болашақтың өзіндік диалектикалық моделін құруға әрекет жасауда. Бұл процесте көркем әдебиет ерекше рөл атқаратыны сөзсіз.
«Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары» сериясымен жарияланған жинақтың ішіндегі мақалалар қазақстандық әдебиеттің гносеологиялық тұрғыдан көп өлшемді және күрделі екенін баяндайды. Ол көптеген көркем әлемдерді біріктіреді, олардың әрқайсысы әлемнің белгілі бір ұлттық бейнесінің үзіндісін айшықтайды.
Бірнеше онжылдықтар бойы Қазақстанның әдеби өмірінде елеулі метафизикалық «ауысым» орын алуда: Тәуелсіздік кезеңіндегі көркем шығармаларда бейнелеудің экзистенциалдық көрінісі алға шыққан. Десе де, жанрлар мен бағыттардың шартты шекаралары бұлыңғыр.
«Қазақстан әдебиетінің шетелде қабылдануы» көркем аударманың өзектігіне ғана емес, шығармалардың көркемдік сипатына да баса назар аударған. Біздің әдебиеттің даму бейнесі баспагерлердің, әдебиеттанушылардың, сыншылардың, аудармашылардың, университет оқытушыларының, журналистердің бағалауынан тұрады. Шет елдерде, соның ішінде Испанияда, Ресейде, Белоруссияда, Германияда,Түркияда, Францияда қазақ әдебиетіне деген қызығушылығы кеміген емес.
Жинақтың редакторлық алқасының құрамына отандық ғалымдар мен әдебиеттанушылардан Кенжехан Матыжанов, Светлана Ананьева, Альмира Калиева, Айнұр Машақова және шетелдік сыншылар мен баспагерлерден Георгий Пряхин, Ольга Валикова, Карина Галай (Мәскеу), Александр Карлюкевич (Минск), Ирма Ратиани (Тбилиси), Мэри Николас (Бетлехем, АҚШ), Светлана Брижицкая (Канев, Украина) енді. Көркем аударманың мәдени трансмиссиясы салыстыру арқылы анықталады.
Жинақта Катрин Пужоль француз оқырманының Олжас Сүлейменовтің шығармашылығына деген қызығушылығы жайлы баяндаса, Низами Мамедов қазақ әдебиеті классиктері мен қазіргі авторлардың шығармаларын әзербайжан тіліне аудару туралы жазады. Абай поэзиясын беларусь тілінде жылатқан Микола Метлицкий: «Әлемнің барлық ақындары бір тілде – сезім, ой және өз шабытының тілінде сөйлейтініне» сенімді.
Жинақтың жауапты редакторы және алғысөздің авторы Светлана Ананьева: «Әдеби байланыстар, параллельдер, қиылыстар проблематикасы жоғары білім беру жүйесінде өте маңызды. Өйткені оның негізінде әлемді гуманитарлық тануға, терең әдеби құбылыстарды зерттеуге бағыттайтын жол жатыр», — деп, аталған кітаптың оқырмандар үшін де, зерттеушілер үшін де қаншалықты қажет құрал екеніне тоқталып өтті.
Жинақ студенттерге, магистранттарға, Қазақстанның жоғары оқу орындарының гуманитарлық факультетінің оқытушыларына және жалпы оқырман қауым мен әдебиет сүйер қауымға арналған.
Айнұр Қалиасқарова,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының ғылыми қызметкері