Әлемнің әзіл әңгімелері
22.08.2022
467
0

Дөп келген допинг

Стадионның медициналық орталығында жарты ғасырдан астам тапжылмай қызмет істеп келе жатқан Игнат қария өзінің қырық жылғы аппаратының алдында отыр еді, есік қағылып, жартылай шешінген жігіт кіріп келді. Көз жанарынан қуаныштың лебі білінеді:
– Алыс қашықтықтан әлемдік рекорд жасадым! – деп танауы делиіп тұр.
– Естідім, әлемдік рекордты жаңартыпсың! Құттықтаймын! – деп Игнат қарт қолын қысты.
– Пенде бағындырмас көрсеткішке жетіппін. Бәрі таңғалып, кейбіреу сенімсіздік білдіріп, сізге допинг деген пәлеге қан тапсыруға жіберді, – деп жатыр.
– Қазір, балам, үйреншікті шаруа, тез-ақ анықтаймыз. Кезінде ағайынды Знаменскихтерден де допингке қан алғанмын.
– Не дейді?! Знаменскихтер дейсіз бе?
– Дәп өзі. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары.
– Сонда ақсақал, сіз нешедесіз?
– Тоқсан екідемін.
– Тоқсан екі!.. Әлі қызметтесіз?..
– Көріп тұр емессің бе. Қане отыра қал, – деп Игнат шал спортшыдан анализ алудың қамына кірісіп кетті.
– Сіздің жасыңызда қызмет істеу қиын да шығар? – деп жатыр спортшы бала.
– Қайтейік, заман өзгерді! Отыз жыл зейнеткерлікте болдым. Күн көру керек, қайта қызметке шығуға тура келді.
– Ойпыр-ай, отыз жыл бір пенсиямен күнелттіңіз бе?!
– Иә, бір зейнетақымен күн көрдік. Ол кезде демалысқа шықсаң, ешқандай жер қайта қызметке алмайтын.
– Зейнетақы мардымсыз болған болар?
– Ішіп-жемге ғана жететін.
– Пәтерақыны ше?
– Оған да төлейтінбіз. Жарық атау­лыны жақпайтынбыз.
– Дәрі-дәрмек ше?
– Ауырмауға тырысатынбыз. Алда-жалда алып ұрса, жатып-жатып тұрып кететінбіз.
– Көлікке де міндіңіз-ау?
– Көбіне жаяу-жалпылаймыз.
– Бір ішіп-жеудің өзі неге тұрады?!
– Алғашқы күндері тәулігіне екі рет талғажау етсек, кейіндері біреумен-ақ шектелгенбіз, – деп қарт Игнат түрегелгенде, спортшы жігіт атып тұрып орнына ақсақалды отырғызып:
– Ақсақал, сіздікі нағыз ерлік! Мен емес, пенде бағындырмас көрсеткіш көрсеткен сіз нағыз әлемдік рекордшысыз. Сіздің көрген күніңізді мына біз алып өте алмаспыз! Сондықтан менен емес, мына сізден допингке қан алып зерттеген дұрыс! – деп жөн сөзін айтты.

Александр ХОРТ

Жұғымсыз жұмбақ жанмын

Жұғымсыздығым соншалық, өзім-өз болып біреу бір сұрақ қоя қалса, мандытып жауап бере алмаймын.
«Ұлтың кім?» – дейсіз бе? Айта алмаймын. Өйткені әке-шешем әр ұлт та, бір-біріне қарама-қарсы жұрттар. «Қай елде тұрасың?» – дейсіз бе? Біліп болмаймын. Әйтеуір болашағы бұлыңғыр, өткені де белгісіздеу, қазіргісі мәз емес елденмін.

Қайда дүниеге келгенім де белгісіз, бір қалада өмір есігін ашыппын да, одан бері бірнешеуінде тұрып, қазір біреуінде күн кешудемін. Жұмыс орны дейсіз бе? Үйімде. Жұмыс істемеймін, бірақ жұмыс орным үйім деп білемін. Шет ел не теңім, бір кездері бір-екі елде болғанмын, ол кезде олар шет ел емес болатын. Білімім – бітірмеген жоғары. Отбасы туралы айтсам,

үйленгенмін, қазір бір өзім ғана тұрамын. Туған-туыстар бар, бірақ ең алыс адамдарым солар. Ақша пәлекет бар, бірақ дымыма жетпейді.«Ішімдікке қалайсың?» – дейсіз бе? Пәлекетті жақтырмаймын, десе де ішемін. Ішкенде сирек ішемін, бірақ түбін түсіріп бір-ақ тоқтайтыным да бар. «Қанша тіл білесің?» – дейсіз бе? Ағылшын, испан, француз, неміс тілдерін меңгергенмін.Бір нәрсені бастағанда оптимистпін де, ал сол істің қорытындысына келгенде пессимист болып шыға келемін. Болашақ туралы айта алмаймын, алдымен соған жетіп алайын деген ой ғана бар.Яғни, мен – жұғымсыз жұмбақ жанмын. Сондықтан менен ешнәрсе сұрамай-ақ қойғандарыңыз жөн. Өзім туралы жарытып бірнәрсе айта алмасам да, жаңағыдай сіз сұрай берсеңіз, мен де жалықпай айта беруге бармын.

Константин МЕЛИХАН

Жүрекжарды сөз

Димка есімді досымның күйігіне ылғи ортақтасамын. Оның еңсесі түсіп езілген қалпын көріп, ылғи да жаным ашиды. Ашығында оның Марина есімді қызға үйленгеніне қапаланамын да жүремін.
Димка қапаланғанда, ылғи мені іздеп табады.
Әңгімеміздің 90 пайызы оның келіншегі төңірегінде болады.
– Үйіміз үй емес, үйінді, – деп бастайды сөзін Дима тіскебасарды қылғытып отырып.
– Үйіндіден адам адасады. Оның бұрқыраған шаңынан танау бітеледі, тыныс тарылады. Шаң-тозаңнан тозып біткен еденімізді айтсаңшы…
– Е, еденіңді білемін, шаң-тозаңнан оның неден жасалғанын айыру қиын, – деп жатырмын үнсіз отырғанды қош көрмей.
Жүз грамды үнсіз жөнелтіп жіберіп Димка:
– Ас үйдегі астан-кестеңді айтсаңшы. Кейбір ыдыстар бірнеше мәрте жуылмағаннан ескіріп, пәлекет ондайда олардың көзін құртып, жаңасын сатып ала қояды, – деп жатыр.
Үремкені толтырып мен де:
– Келіншегің өте әдемі, әдемілігі үшін кейбірді кешіре салуға да болады, – деп қоямын досымның көңілін аулап.
Димка арақты сіміріп:
– Айна алдында тапжылмай төрт сағат отырады-ау! Бөлек-салағы біраз шипонер алғанда үйдегі үйінді киім атаулы реттеліп орын-орнында тұратын шығар дегенмін… қайда, оларды қарыз-құрызданып алған бір өзінің косметикасымен-ақ толтырып тастады. Бар тапқаным осысынан артылмай сорлап біттім! – деп жүрекжарды сөзін айтып отыр. – Атаңа нәлеттің тіміскілемейтін жері жоқ, аздап тығып қойған бұрыш қалтамдағыны қағып алып, жаны жай табады! – деп үремкеге өзі құйып маған:
– Көр-жерімді айтып миыңды ашытқанымды кешір, жан досымсың, мұндай шер-шермендемді саған айтпағанда, кімге айтамын. Бастығы шақырып кете қалмағанда сенімен бас қосуды да бұйыртпас еді. Досым, енді өзің де өзекжарды бір сөз айтшы, – деген соң, қолдан келер қайран бар ма, досымды құшақтап отырып:
– Димка, осы тосты сенің әйелің үшін алайық. Неғып дерің бар ма, өз басым оны құрмет тұтамын. Оның менің әскерден оралғанымды күтпей, күйеуге шығып кеткені үшін алайықшы осы тосты!.. – деп, мен де жүрекжарды сөзімді айтып қалғанымды білмей қалыппын…

Сергей Жбанков

Аударған Берік САДЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір