Әлемнің сыбыры естілмейді
Ольга Токарчук әдебиет саласында Нобель сыйлығын алған ең сезімтал авторлардың бірі. Оның шығармашылығы балалық шақтағы естеліктерімен астасып жатады әрі туындыларында бала ұғымындағы кіршіксіз сенімді іздеу бар. Нобельдік дәрісінде Токарчук өмірлік тәжірибесіндегі оқиғаларды тереңнен қозғап, әдебиеттің өмірдегі рөлі мен маңызы туралы айтады. Соның бір парасын бүгін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Мырзалар, әлі тумаған мені сағынып отырған фотодағы әйел – менің анам. Ол бірнеше жылдан кейін маған ертегі оқи бастайды. Ханс Кристиан Андерсеннің ертегісінің бірінде қоқысқа тасталған шәйнек құлағы сынғаннан кейін лақтырып тастаған адамдардың қатігездігі туралы айтады. Егер адамдар сондай талапшыл болмағанда және көзсіз мінсіздікке ұмтылмағанда ол шәйнек адал әрі ұзақ қызмет етер еді. Басқа да сынған заттар оның сөзін бөліп, өздерінің кішкентай заттық өмірінен оқиғалар айта бастайды. Бала кезімде мен осы әңгімені бетім қызарып, көзім жасаурап тыңдайтынмын: мен заттардың да бізге сәйкес өмірі, бақытсыздығы, сезімі барына сенетінмін. Тәрелкелер әңгімеге қосылып, қасықтар, пышақтар, шанышқылар отбасы мүшесіндей бірге еді.
Бірақ дәл солай мен үшін бізбен рухани ұқсастығы көп жануарлар да құпияға толы, дана, ақылға ие болатын. Өзендердің, жолдардың, ормандардың да өз өмірі болған – олардың бәрі біздің кеңістікті бөліп тұратын және өзінің барын білдіре алатын, құпия ғарыш рухты (Raumgeist) жанға ие еді. Бізді қоршаған орта да, Күн де, Ай да, әр аспан денесі де тірі еді. Бар болатын. Мен осының бәрінен қашан күмәндана бастадым?
Өз өмірімдегі бір тетікті басқандай, бәрі басқаша, қарабайыр болған сәтті табуға тырысамын. Әлемнің сыбыры естілмей қалды.
Оның үнін қала дабыры, компьютерлер дыбысы, ұшақтардың шуы және мұхиттай үлкен ақпарат жұтып кетті. Бір уақытта сіз өмірді бөлшек-бөлшегімен, галактикалық қашықтықта бір-бірінен қалып бара жатқан ұшқындармен көресіз, ал біз өмір сүріп жатқан өмір әр қадам сайын соны растап тұрғандай: дәрігерлер бізді өзінің мамандандырылған саласы бойынша емдейді, салық пен көше сыпырудың ортақ ештеңесі жоқ, тамақ ішіп отырып біз жануарлардың қанын суша ағызатын үлкен концерндер туралы ойлауға міндетті емеспіз. Ал киім кигенде біз Азияның бір түкпіріндегі қолайсыз цех жайында ойламаймыз. Бәрі бөлінген және бәрімен байланыс үзілген.
Осыны оңай қабылдау үшін бізге нөмірлі белгілемелер, бейджтер, карталар береді, бізді қысқартуға тырысады, үлкен әрі ортақ дүниенің тек бір бөлігін қолданушы рөлін ойнатқысы келеді. Айналамыздағы әлем өліп барады, ал біз оны байқамаймыз. Біз жалғыздыққа беріліп, адасып, біреудің шешіміне байланысты өмір сүріп, үлкен тарихтың және оқиғалардың қуыршағы сезінетінімізді де байқамаймыз және үйілген затқа айналған, бос кеңістік іспетті әлемде қозғалуға мәжбүрміз. Руханиятымыз үзілуге шақ, оның бәрі үстірт салтқа айналды. Бізге қалғаны сол – қарапайым, физикалық, экономикалық, әлеуметтік күштерге жүгінеміз, ал олар бізге зомби ретінде қарайды. Мұндай әлемде біз зомбиміз. Міне, сондықтан мен әлі андерсондық шәйнек өмір сүретін жерді сағынамын.
Өмір бойы мен кездейсоқтық пен әсерлерге таңданып өтетін шығармын. Көбіне өзімізге есеп бермейміз және оны тағдырлар тоғысы, оқиғалардың сәйкестігі ретінде қайта ашамыз. Кезінде мен де «Желаяқтарға» жүгінгенмін. Сәйкестік пен заңдылықтарды іздеу мені таңғалдырады. Жазушылық сана кез келген бөлшектерді коллекцияға енгізуге тырысып, оны қайта бір дүниеге жинайтын синтез санатында жұмыс істейді.
Қалай жазу керек, әңгімені қалай жинақтап, оның жұлдызды аспан секілді әңгімелеудің үлкен форма үндестігін қалай табуға болады? Әрине, мен бізге мифтер, аңыздар арқылы, ауызекі тілмен жеткен әңгімелер әлем тепе-теңдігін ұстаған уақыттардағы әңгімелеу тәсіліне қайта оралу мүмкін емес екенін түсінемін.
Бүгін осындай әңгімелеу тәсілі әлдеқайда қиын әрі көпқырлы болуы тиіс. Біз қазір өзге білімді меңгергенбіз және бізге алғашында мүлде үйлеспейтін нәрселер арасындағы байланысты көру қиындық емес. Сіздерді тарих қойнауына шақырамын. 1492 жылдың 3 тамызында испаниялық Палос портынан «Санта-Мария» каравелласы сапарға кетуге дайын тұрды. Капитанның аты – Христофер Колумб. Күн төбеге шыққан, матростар жағалауда сенделіп жүр, порт жұмысшылары кемеге қалған жәшіктерді тасып әлек. Күн ыстық, бірақ сәттілік сеп болып, батыстан соққан самал қоштасуға келген туған-туысты күн өтуден құтқарды. Шағалалар айлақта кердең басып жүр, адамдардың қимыл-қозғалысын мұқият бақылайды.
Қатпар уақыт астынан көріп тұрған бұл сәт 60 миллионның 57 миллионы қырылған тұрғылықты америкалықтардың өліміне себеп болады. Сол кездері үндістер әлем тұрғындарының он пайызын құраған еді. Еуропалықтар өздері байқамаса да, өлім сыйлығын тарту етті – Америка тұрғындарының иммунитеті дайын болмаған ауру мен бактериялар жұқтырды. Бұған тағы адам өлтіру мен құлдыққа алғандарды қосыңыз. Геноцид жылдар бойы жалғасты және Жердің келбетін өзгертті. Жүгері, картоп, қызанақ секілді көкөністер өскен жерге жабайы өсімдіктер көбейе бастады. Алпыс миллион гектар жерді джунгли басты. Өсімдіктер регенерацияланып, өте көп мөлшерде көмірқышқыл газын жұтты. Бұл тізбек ақыр соңында Жер температурасының төмендеуіне әкеп соқты. Бұл XVI ғасырда болған кіші мұз дәуірін түсіндіретін көптеген гипотезалардың бірі. Кіші мұз дәуірі Еуропа экономикасын қатты өзгертті.
Ұзақ әрі аяз қарыған қыс, салқын жаз айлары және өте көп мөлшердегі жауын жер игерудегі дәстүрлі әдістерін пайдасыз қылды. Еуропаның батысындағы бір жанұяны қамтамасыз ететін телімдер оны да жарыта алмады.
Аштық азық-түлікпен қамтамасыз етудегі мамандандырылған кәсіп ашуға итермеледі. Англия мен Голландия суықтан ең көп зардап шеккен елге айналды. Сол себепті олар ауыл шаруашылығына ғана көңіл бөлмей, кәсіп пен сауданы дамыта бастады. Су басу қаупі төнген голландықтар ойпаттар мен теңіз түбіндегі жайпақ жерлерді құрғатумен айналысты. Скандинавияға қатерлі болған нәлім балығының оңтүстікке көшуі Англия мен Голландияның теңіз алпауыттарына айналуға септігін тигізді. Суық жылдар скандинавиялық елдерге ауырға соқты. Жасыл Гренландия мен Исландияға жол жабылды. Суық қыста алқапты үсік шалып, ашаршылыққа алып келді. Швеция көзін оңтүстікке тастап, Польшамен қақтығысты бастады да (Балтық теңізінің қатуы оларға қол болды, мұз үстімен әскер өткізу жеңілдеді), Отызжылдық соғыс басталды.
Ғалымдар бізге әлемді бір-бірімен байланысқан тор секілді екенін түсіндіруге тырысады. Бұл – көбелек эффектісі.
Мен әлемді сипаттаудағы дағдарыстың толық бейнесін көрсетуден аулақпын. Бірақ әлемге бір нәрсе жетпейтін сияқты болады да тұрады. Ғаламмен дисплей арқылы тілдескенде кез келген мәліметті оңай таба алғанымызбен, ол шындықтан алыс, екі өлшемді, жырақ анықтамалардан суырылып шыға беретіндей көрінеді. «Әлдекім», «әлдене», «әлдеқайда», «әлдебір уақытта» секілді ұғымдар – «Жер тегіс, екпе адамды өлтіреді, жаһандық жылыну – өтірік, көптеген елдердегі демократияға ештеңе қауіп төндірмейді» деген максималардан да қатерлі болуы мүмкін. «Әлдебір жерде» «әлдекімдер» теңізді жүзіп өтпекші. «Әлдебір жерде» «әлдебір уақыттан» бері «әлдеқандай» соғыс жүріп жатыр. Ақпарат ағысында хаттар пішінін жоғалтады, естеліктерде еріп, нағыз өмірмен байланысын үзеді және соңында жоғалып тынады. Әр басқан қадамда аяққа орала беретін зорлық, ақымақтық, жауыздық, кекшілдіктің тілі кейде тепе-теңдікті ұстап, «жақсы» жаңалықтарды бергісі келеді, бірақ ол да алаңдаушылықтың сыздаған жарасын баса алмайды. Өмірде қандай кілтипан бар? Бұрындары өте сезімтал ақындарда болған бұл сезім бүгін түкпір-түкпірден көрінеді. Әдебиет – әлемнің алаңдаушылығының толық мәні мен нақтылығын ұстап қалуға тырысатын аз ғана саланың бірі. Себебі табиғаты бойынша әдебиетті үнемі «психологиялық» санатқа жатқызуға болады. Оның нысанасында үнемі кейіпкердің ішкі мотивтері тұрады, ал өзі олардың тәжірибесін басқа ешбір формаға келмейтін дүниені көрсетумен айналысады немесе олардың әрекетін психологиялық жақтан түсіндіруге тырысады. Тек әдебиет қана басқаның өміріне терең бойлап, оның сезімімен бөлісіп, тағдырын сүруге итермелейді. Әңгімелеу үнемі мағына беруге бағытталады. Тіпті ол анық көрсетілмеген жағдайда, мағына іздеуден манифестік бас тартуды көрсек те, барлығы форма мен эксперимент үшін жасалған жерде де, жаңа экспрессивті мүмкіндіктерді табуға тырысқан жерде де формалды түрде бүлік болып жатады.
Минималистік, бағдарламалы бихевиористік романды оқып отырып та біз «Неге осылай болды, бұның бәрінің мәні не, мағынасы қандай?» деген сұрақта қоя аламыз.
Сонымен, әңгімелеу – ол сансыз көп ақпаратты уақыт желісінде реттеу, оның осы шақ, өткен және келер шақпен байланысын анықтау, қайталануларды ашу және олардың арасындағы себеп-салдарды көрсету. Бұл жерде эмоция мен сана жұмыс істейді. Әңгімелеуді алғаш ашқан рок жанры болғаны таңғалдырмайды. Рок адамилыққа жат, жабайы жанр болса да, белгілі бір тәртіпке бағынып, әңгімені тиянақты жеткізеді.
Ольга ТОКАРЧУК