ӘДІЛДІКТІҢ БӘЙГЕСІНДЕ АТ ОЗДЫРЫП КЕЛЕДІ
16.09.2022
946
0

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ
жазушы

Адамдар бір-бірімен әр түрлі жағдайлар барысында танысып, табысып, достасып жатады. Қандай дүниенің де бір себебі болады. Төкең екеуміздің танысуымыз, достасуымыз студенттік кезеңнен бастау алды. Өткен ғасырдың 1960 жылы жан-жақтан жиналған жас өрендер ҚазМУ-дың филфагына оқуға түстік. Ол тұста филология факультеті журналшылар мен қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушыларын даярлайтын. Төлен, бәріміз ұстаздық мамандықта оқыдық.
Өзі, жаны, өмірлік мұраты ұқсас адамдар бірте-бірте бір-бірін табады ғой… Біз де бірден дос болып кете қойған жоқпыз. Студенттік шақта араласып жүрдік. Төлен оқуды тәмамдаған соң осы Алматыда қалды. Мен отбасылық жағдайыма байланысты ауылға бардым. Ұстаздық еттім, одан сол мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқардым. Бертін келе аудандық комсомол комитетіне кеттім, осы комитеттің бірінші хатшысы болдым. Қазақстан Комсомолының Орталық комитетіне қызметке ауысып, Алматыға қоныс аудардым. Комсомол комитетінде қызметте жүргенімде Төлен «Жазушы» баспасының жанынан ашылған «Жалын» альманағында Бас редактордың орынбасары қызметіне көтеріліп, проза бөлімін басқаруға мені шақырды. Басшылық, қызметтестерім жібергісі келмегенде Әбілмәжін Жұмабаев ағамыз комсомол орталық комитетінің хатшысымен көзімше сөйлесіп, мені сұрап алды. Міне, осылайша жазушылыққа келдім. Төлен – менің бастығым. Ең үлкен бастығымыз – Шерхан Мұртаза. Жарасқан, Шөмішбай, Әбдікәрім Ахметов – бәріміз осы редакцияның қазанында қайнап жаттық.
Төкеңмен бес жыл бірге оқығанымыз бар, қызметіміз де бір жерде… Сол уақыттан бастап отбасымызбен араласатын болдық. Оқып жүргенде 4-курста бізді Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз қаласы) 4 айлық іс-тәжірибе үйренуге жіберген-тін. Сол жерде екеуміз де бір-бір қызбен танысып, бажа болып қайтқан едік. Ол – Күләнға үйленді, мен Айзашқа үйлендім, сөйтіп, Төкең екеуміз Әулиеатадан олжалы қайттық. Бір өңірден шыққандықтан жарларымыз да бір-бірімен жақсы араласып кетті. Әйелің араласқан кезде достық одан бетер беки түседі екен. 1960 жылы іргесі қаланған достығымызға бүгінде 62 жыл толыпты.
Төкең әдебиеттегі еңбек жолынан бөлек, саяси қызметтер де атқарды. Қазақ­стан компартиясының Орталық комитетінде, тәуелсіздік алғаннан кейін Президент аппаратында жұмыс істеді. Менің досымнан үйренген бір мақалым бар: «Әділдіктің бәйгесіне атыңды қос. Озсаң да – олжалысың, қалсаң да – олжалысың». Ғұмырындағы бел-белестердің қай-қайсысында да ол осындай мақсатпен жүріп келеді. Өзі де философиялық қатпары қалың туындылар жазады емес пе?.. Шығармаларының басты мұраты да – осы. Адам баласының күллі мақсатындағы ұмтылысы да – әділдік.
Жазушы алғашқы хикаяттарының біріне шетелдік дәрігерді басты кейіпкер етіп алған. Сол дәрігерден өз тайпасының ең соңғы адамы ауырып келіп шипа сұрағанда, ол соны құтқара алмай, дәрменсіздік танытады. Міне, бұл – қазақтың тағдырымен шендестіріліп жазылған сом дүние. Оны ішіңнен сезінесің… Осынау алғашқы хикаятымен отар халықтың, бодан халықтың тағдыры дегенді алғаш көтерген де – Төлен Әбдік еді. Бертін келе қиял-ғажайып аралас шығармаларға қалам тербей бастады. «Оң қол» әңгімесін жазғанда, жұртшылық алғашында тосыңқырап, түсініңкіремей қалды да, кейін толықтай түйсініп, жақсы қабылдады. Мұнда дүниенің бәрін көріпкелдікпен біліп отырудың адамның өзіне қиын болатындығы ашылған. «Өліара» романын қағазға түсірді, бірақ аяқтамады. Алаш қайраткерлерінің аттарын өзгертіп, өмірін арқау еткен романда қазақтың оянған азаматтарының жүрген жолы, қиындыққа түсуі, қазақ халқын қорғаймыз деп нақақтан-нақақ құрбан болуы көркем бейнеленген. Уақыт өте «Парасат майданы» атты үлкен пәлсапалық туындыны өмірге әкелді. Бұл – Төкеңнің де ойлау, болжау қабілетінің артқанын, адамгершілікті, жақсы мен жаманды таразылау тұрғысынан үлкен дәрежеге жеткенін айғақтаған шығарма. Осы шығармасы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Көрдіңіз бе, Төкеңнің шығармашылықта да, өмірде де ұстанған басты қағидасы – ешкімге қиянат жасамау, адал болу. «Халыққа қалай адал болсаң, жеке адамға да солай адал болуың керек», – дейді ол. «Халқым, халқым» деп жүргендер жеке адамдарға қиянат жасаудан жалтармайды көбіне. Мұның өзі – өмірдегі қайшылық деп есептейді ол. Міне, осындай мәселелердің бетін ашу арқылы Төкең жазушылық қасиетінің бәсін жоғарылатты.
1985 жылы «Өзеңдер өрнектеген өлке» деген тарихи-танымдық кітап жаздым. Сол кітабым үшін қудаланып, «қазақтың хандары мен билерін, алашордашыларды мадақтады» деген жаламен Қазақстан компариясы орталық комитетінің шешімімен «Жалын» баспасының Бас редакторлық қызметінен шығарылдым. 1985 жылдың наурызынан 1989 жылдың қарашасының аяғына дейін қызметсіз жүрдім. Сол кезде менің қайтадан қызметке алынуыма бірден-бір тікелей көмек жасаған да – осы Төлен досым. Менің бес баламен қызметсіз жүргенімді Қазақстан компартиясы орталық комитеті Мәдениет бөлімінің меңгерушісі Мырзатай Жолдасбеков ағамызға жеткізіп, ал ол кісі идеологиялық хатшы – Өзбекәлі Жәнібековке айтып, түнгі сағат тоғызда «Парасат» журналының Бас редакторы болуыма жол ашып еді.
Мен Төленді дос ретінде ғана емес, адам ретінде жақсы көремін. Қазақтың ұлы ретінде, әрбір шығармасында қазақтың ғұмырын, тағдыр-талайын шыңғыртып айтатын мықты қаламгер ретінде жақсы көремін. Интеллектісі жоғары, өркениетті, өрелі адамдар ғана оның туындысын түсініп, түйсініп оқи алады. Биігін де, тереңдігін де аңғару керек деп айтатындай сипатта жазады.
Мана айтқанымдай, өзіміз де, үй ішімізбен де дос болып, етене жақын араласып келеміз. Осындай өмірді нәсіп еткен Аллаға рақмет деймін. Төлен болмаса, Дулат болмаса, Кәдірбек болмаса, Қуанышбай болмаса, біздің дәрежеміз қандай болар еді?.. Өзіңнің деңгейіңде араласатын, сыйласатын ортаң – бір шоғыр болуы керек. Ондай шоғыр болмаса, сенің кездігің қайралмайды, ойың да олпы-солпы қалпында қалады. Ал мазмұнды ортада ойыңды да, мақсатыңды да, әдеби шеберлігіңді де шыңдайсың.
Төлен де сексенге толып отыр. Осы жасқа ол шығармашылыққа, халқына, көркем әдебиетке деген адалдығын сақтап, былғанбай келді. Ондай адамдар, ондай таланттар бізде қаптап жатқан жоқ. Сексеннің сеңгіріне шыққан досыма не айтамын? Өмір жасың ұзақ болсын деп тілеймін. Өле-өлгенше халқыңа осы адалдығыңмен қызмет жасасаң, сен де, сенің ұрпағың да бақытты болады. Досыма тілейтінім де – осы.

Сұңғыла

Есей Жеңісұлы

Жазушы Төлен Әбдік десе, жұрттың көбі «Оң қолды» айтады. Әрине, кезінде қаламгер атағын дүр еткізген, әдебиет әлемінің өз өкілі еткен айтулы шығарма екеніне сөз жоқ. «Оң қолдан» басталған жол күні кешегі «Парасат майданына» ұласуында да заңдылық бар. Дәрігер жігіттің Алманы медицинаға сол кездері беймәлім дерттен құтқарғысы келетіні – қаймана қазақ өз жаны үшін күрестің түбі қалай болатынын біле алмай әбден титықтаған дағдарысының көрінісі іспетті. Көркем туындыда дерт Алманы жеңді, буындырып тастады – ал біз 74+31=105 жылда әлі күресіп келеміз. Одан бұрынғы екі ғасырды қоспағанда. Шалажансармыз. Өз қолымыз өзімізді буындырып тастамақ. Біз болсақ, бағынбай кеткен қолымызға таңдана қарап, астымызға басып жатуға тырысамыз, ол қайта мойынға өрлейді.
Бұл не деген бітпейтін күрес? О заман­да бұ заман, халық өз қолымен (яки өз қағанағын жарып шыққан перзенттерімен) күресетін бе еді? Иә, күреседі екен! Әсіресе, бұрынғы бодан жұрт.
Тереңдеп қарасақ, қазақ қазір Алманың бейнесінде… Дұрысы, Алма мен дәрі­гер бейнесінде. Екеуі де күрескісі, жең­гісі келеді, бірақ өз қолы мүмкіндік бермейді.
Төлен Әбдік сонау алпысыншы жылдары жазған дүние арада алпыс жыл өтсе де өміршең. Тіпті қоюлана түсті. Туннель тесігіндегі жарық та не өшпейді, не жақындамайды. Үмітті-үмітсіз бір күй.
Дегенмен өз басым оқырман ретінде «Әке» мен «Тозақ оттары жымыңдайды» хикаяттарын қатты ұнатамын.
«Әке» хикаятын екі рет оқыдым. Бірін­ші оқығанымда бала едім. Өз әкем ертерек қайтыс болған соң, әл үстінде жатқан ақсақал образы әкем болып елес­теп егіліп едім. «Ақсақалдыққа жетпей кете барғаны несі?» деп… Екінші рет өмірге құлаш ұрған сақа жасымда тағы бір оқып шықтым.
«Әке» – ХХ ғасырдағы қазақ шежіре­сі. Бұл шығарма жанын аманаттағалы жатқан әкенің бақұлдасу сәті ғана емес, өзі көрген қасіреттің ұрпақ санасында мәңгі қалғанына бір көз жеткізетін, ұрпақ оны ұмытпайтынына сеніп барып үзілетін дариға күй. Шынын айтқанда, мен атаған екі шығарманың да кеңес кезінде жазылуы үлкен ерлік. «Әке» азапты аштық жылдарын астарлай сипаттайды. ХІХ ғасыр соңында түркі жұртының ішінде саны ең көп ел болып тұрған қазақ­тың өз жерінде неге азшылыққа айнал­ғанына жауап беретін сол кездегі санаулы шығарманың бірі. «Жол шетінде ақсөңке сүйектер шашылып жатты» дегенді оқығанда, екінші рет басқаша егілгенім есімде. Осылайша, Әбдікұлының бір шығармасы менің оқырмандық болмысымды екі рет жаңартты, екі рет өсірді.
Қазір кітап оқитын бала аз. Өз тұстастарым перзенттеріне кітап оқытпақ болып кеңес сұрай қалса, Төлен ағаның «Тозақ оттары жымыңдайды» хикая­тын міндетті түрде ұсынамын. Эдуард Бейкер мырза мен журналист Ливино Палетелли арасындағы алғашқы диа­логтан өтіп алса, ары қарай көз аялдатпай оқып кететініне сенімім кәміл. Араку тайпасы көсемінің ұлы Кияку дайындығы шамалы оқырманның өзін әдебиет әлемінің ең керемет тылсымдарына бастай жөнеледі.
Бірақ «Тозақ оттары жымыңдайды» – қасірет кітабы. Ол – ойдан шығарылған алыстағы араку тайпасының емес, өз қазағыңның қасіреті. Тоналған, ұрланған, қорғансыз қалған, соңында өзінің кім екенін білуге тырыспайтын сорлы ұрпақ­тың жүріп өткен жолы. Бейкер әлем­ге танымал маман болғанмен, түбін біл­мейді. Көз алдында өзінің соңғы қандасы өліп барады, бірақ қолынан келер қай­ран жоқ.
«Ұлы мен ұры» хикаятын оқығанда аса мән бермеп едім. Біздің қазіргі дәуірі­міздің он бес жыл бұрынғы сұң­ғыла баяны екен бұл туынды. Біз дәл қазір ұлы мен ұры дәуірін бастан кешіп жатырмыз. Кешегі ұлы – бүгінгі ұры. Оның ұры екенін бәріміз бұрыннан біле­тінбіз, бірақ мыстан ескерткіш соғып, айтпағанын айтты, істемегінін істеді қылып, тасқа ойып жазып, таңбалап, тіпті «мәңгілік» дәуірінің тұрғыны жасап қойғанбыз. Бірақ көп өтпей-ақ Тал­дықор­ғанда тұғыр ғана қалды, енді Қа­раөт­кел қайта астана жұрты атанбақ. Баяғы бүкіл кеңес ауылдарындағы Куйбышев, Калинин, Крупская, Маркс, Энгельстер кеткен сапардан тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылының перзенттері де еш сабақ алмаппыз-ау, ә…
Қысқаша айтқанда, Төлен Әбдік – дәуір тынысын тап басқан жазушы.
Құрметтеймін. Оқимын. Күтемін.

Құнды естеліктер ескірмейді

Айгүл СЕЙІЛ, ақын

«Үшінші курста оқып жүрген кезім. Қажығали досым: «Сені Зейнолла Серікқалиев шақырып жатыр», – деді бір күні. «Ол кісіні мен танымаймын, неге шақырды екен?» деп қоям. Ол кезде Зейнолла Серікқалиев – «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы. Іздеп бардым. Әдемі жігіт екен. Үшінші курстың студентіне «Сіз» деп сөйлейді. «Сіздің әңгімеңізді «Лениншіл жастан» алдық» дейді. Талдап берді. Мақтап отыр. Қазақ жазушыларының жинағына бергелі отыр екен. Осы кісі мені біреумен шатастырып алған жоқ па деп бетіне қарап қоям. Жоқ, мен туралы айтып жатыр екен. «Сіздің енді жазбауға моральдық қақыңыз жоқ» деді ең соңында.
Бір күнде миллионер болды дейді ғой. Дәл солай бір күнде жазушы боп шыға келдім. Кітап шықты бесінші курста. Оқытушылар құрметпен қарайтын болды. Біз ойладық, «шын жазушы болған екенбіз ғой» деп. Бірақ шын мәнінде олай емес. Алғашқы шыққан тәп-тәуір шығарма сенің бүкіл жазушылық тағдырыңды анықтай алмайды. Өз басыңдағы қуа­ныш-қайғыңды жазғаннан кейін сен өзгелердікін де дәл өзіңдікіндей етіп жаза білуің керек. Жүрегіңнен өткізіп жазуың керек. Ал оған уақыт қажет! Сол екі ортада адамда бір кризис пайда болады. Сол кризиске төзе білуің керек. Жоқ, жұрттың бәрі жылда бір кітап шығарады ғой деп, соған кірісіп кетсең, басқа жолға түсіп кетесің. Ал әлгі кризиске төзсең, соңында бәрібір өзіңді табасың. Сосын бәрі өзгеше болады…» .

Бұл – әдебиетте соны соқпағы бар, көрнекті жазушы Төлен Әбдіктің Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, филология факультетінің магистранттарымен кездесуінде айт­қан бір тұжырымы. Содан бері арада бес жыл өтіпті. Фейсбук желісіндегі өз парақшама дәл осылай салыппын. Әрлеп, сәндеп, жазбаша нұсқаға айналдырмай, ауызша айтылған күйінде жариялағаныма қарағанда, идеяның маңыздылығына мән берсем керек. Алғашқы шыққан бір кітаппен дүрдиіп жүрген жалынды жастық шақ пен одан кейінгі дағдарысты жылдардың нақты өз басыма қатысы болғаны үшін мүмкін ерекше әсер еткен болар. Мүмкін одан кеңірек ойлаған да шығармын… Мысалы, жазушылық кредо туралы. Өзгенің қуанышы мен қайғысын дәл өзінікіндей етіп жаза алу үшін жазушы қаншалықты сезімтал, қаншалықты ақыл-парасаты мол, көрген-білгені көп болу керек деп ойладым ба? Әйтеуір маңыз беріппін.
Шығармаларына адамдық асыл мұраттарды негіз еткен көрнекті жазушымыз биыл сексеннің сеңгіріне шықты. «Оң қол», «Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды» атты ең негізгі шығармаларын біз кемінде екі қайталап оқығанбыз. «Нағыз әдеби дүние деген осындай болады екен ғой» дегізетін, ең алдымен оқырманның талғамын қалыптастырып, эстетикасын тәрбиелейтін бұл шығармалар әлдеқашан әдебиетіміздің қымбат қазыналарының қатарына қосылған. Сондықтан біз жазушының өз басының үлгі-өнегесіне, өмірден түйген тұжырымдарына ықыласты көбірек танытамыз. Құнды естеліктер ескірмейді…

ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫН ҮНДЕСТІРГЕН ҚАЛАМГЕР

Ербол БЕЙІЛХАН, ақын

Ұлттың жаны, мұңы, тағдыры, тарихы сол дәуірде өмір сүрген жазушының шығармасынан тыс қала алмайды. Жазушы Төлен Әбдіктің шығармаларын оқып отырып ұлтымыздың тағдыр-тәлейін көреміз.

Қазірге дейін көп қазақ ана тілін білмейді, болмаса шала түсінеді. Бұл – біздің басты трагедиямыз. Бір сұхбатында Төлен Әбдік: «Ұлтты ең бірінші сақтап қалатын күш – оның тілі. Тілі сақталған ел барлық салт-дәстүрін сақтай алмақ», – деген ой айтады.
Рас-ау! Тілімізді тұғырына қондыра алмауымыздан көп дүние­ден айырылып жатқанымыз анық. Тағы бірде жазушы: «Ұрпақ пен ұрпақ арасындағы байланыс үзіліп барады», – деген философиялық ой тастайды. Тіліміздің тұғырға қонбауы, ұл-қызымыздың жат діннің, жағымсыз әрекеттің жетегінде кетуі «Ұрпақ пен ұрпақ арасындағы байланыстың үзілуінен» екенін мойындауымыз керек. Сөзге тоқтайтын халық едік, қазір тыңдамаймыз. Әкемізді асқар таудай көретін ұлт едік, қазір әке тәрбиесімен ұлттық құндылықты бойға сіңірген ұл мен қыз некен-саяқ. Аталы сөз, татымды өнеге беретін әкелер де санаулы. Ұрпақ сабақтастығы үзілген. Төлен Әбдік «Әке» хикаятында, басқа да біршама шығармаларында әке мен бала арасындағы қарым-қатынас айшықтарын, көзқарас пен пікірталас ауандарының ішкі иірімдерін, психологиялық, философиялық құбылыстар мен жан диалектикасын өзгеше бере білген. Жазушы шығармаларында кейіпкерлер жеке дүниетаным, көзқарас, пікірлері арқылы тартысқа түскенімен, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді. Қол астындағы кіші ұлттарды қатаң да қатал, машина секілді үнемі қозғалып тұратын мықты идеологиясымен жұтуға әрекеттенген кеңес заманында біздің ұлттың рухы, рухани танымы, білімі қазіргі кезден бір кем болған жоқ. Ақпараттық ағын бәсең, әлеуметтік желі жоқ сол бір кезде Төлен секілді айтулы жазушылардың терең шығармалары ұлтты сақтауға, сақтануға, ойлануға, кемелденуге зор үлес қосқаны ақиқат. Олар біреу ғана емес, бір шоғыр еді. Әдебиеттің алтын ғасыры да осы шоғырдың еншісінде.

Тұңғиық

Еркін Мұхамеджанов, журналист

Бала күнде әкеміз Таңатқан қой бағып, Сарының ұзын өзенінің Есенғұл атты сағасын жайлады. Тоғыз жыл қатарынан қоныс болды сол құтты мекен. Біз, қара сирақ балалар, өзен-суды малмен қоса ен жайлаушы едік. Сол Есенғұлдың ең терең жерінде, әдетте бала мен малдың аяғы жете бермейтін арғы бетінде, тұңғиық атты өсімдік өседі. Тамыры ұзын, жіптей болып шұбатылып жатады. Сол тұңғиықтан үлкендер бізді сақтандырушы еді. «Бармаңдар, оратылып суға кетесіңдер» деп кәдімгідей қорқытатын. Сол әдемі гүлдер жаз ортасында бүр жарады. Түйетабан екі-үш жапыраққа бітетін, ақ, кейде сары гүлдер көздің жауын алардай әдемі болушы еді. Тіпті өзіне ғашық ететін, есейе келе қорқасоқтай жүзіп барып, бір-екеуін үзіп те көргенбіз.

Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан абзал жазушы Төлен Әбдікті мен сол тұңғиыққа балаймын. Жазуы ғажап, ойы терең, артық-кемі жоқ қаламгер деп білемін. Кез келген шығармасы бір бастасаң ой иіріміне сүйрей жөнеледі. Төлен Әбдік шығармашылығында ең бірінші оқығаным – «Өліара» романы. Әкеміз Таңатқан қалаға барған сайын кітап алып келетін, өзі де кітапқұмар кісі балаларының бәріне кітап оқуды үйретті. Қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті, әлем әдебие­ті… түрлі қызықты кітаптар біздің үйде молынан болды. Әрине, балалы үйде кітап жыртылмай тұрмайды. Сол «Өліараның» мен оқығанда мұқабасы мен басы жоқ еді, оныншы-он бірінші бетінен бастап қана оқыдым-ау деймін. Бірақ керемет әсерленгенім сонша, әлгі кітапты ауылға барғанда әдейі іздеп тауып, оқымағанымды түгендегем. Ішінде «Сейіт ақынның өлеңі» деп, бір ғажап өлең беретіні бар. Әлі күнге жатқа айтамыз кейбір жерлерін.
Төлен Әбдік, асыра мақтағаным емес, адамзат әдебиетіне қазақтан ұсынатын бірегей тұлға деп ойлаймын. Себебі біздің жазушылардың дені қазаққа арнап жазады, қазақ тірлігін, қазақ мұратын жазады. Ал Төлен Әбдік адамзат мұратын жазады. Адамгершілік, ар, ынсап мәселесін Төлендей түсінікті, дәл жазған жазушы аз. Біз кітапты жүйесіз оқыған буынбыз, себебі қолымызға не түсті соны оқи бердік. Төлен Әбдіктің ең сүбелі шығармасының бірі – «Парасат майданы». Бұл – ақыл-ойдың майданы, мидың майданы. Сол шығармаға бірден жабысқан оқырман алғашқыда біраз кібіртіктеп, қабылдай алмай қалатыны анық. Сондықтан мен жас оқырмандарға үнемі айтып отырамын: «Төленді оқығанда алдымен «Оң қол», содан кейін «Тозақ оттары жымыңдайды», келесіде «Ақиқат» содан кейін «Парасат майданына» түс, осы тәртіппен оқысаң қабылдауың оңай болмақ» деймін. Бұл төртеуі – адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін шығармалар.
Жазушының қазаққа арналған шығармалары да толып жатыр, шетінен сүйекті, соқталы дүниелер. Мысалы, «Әке», әйтпесе «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Қонақтар», «Өліарасы» бар, кейінгі шыққан туындылары бар (мысалы, «Тұғыр мен ғұмыр»). Төлен – тұңғиық секілді тауысып оқу мүмкін емес қаламгер. Қайта-қайта айналып соғып отырасың. Себебі бір оқығаннан кейін санаңда қорытып біраз жүрген соң, қайта оқығың келеді, шөлдеген жолаушыдай «Әкесін» іздейсің, сол жердегі алуан-алуан мінездерді көріп отырып, амалсыз мырс ете қаласың. «Қыз Бәтіш пен Ерсейітке» шұқшиясың, тіпті болмаса «Парасат майданын» қайта парақтайсың.
Жазуды ылайламаған, сығымдап, керегін ғана жаза білген Төлен Әбдік – әдемі қартайған, сүйкімі кетпеген абыз ақсақалға айналды. Не айтса да турасын, әділін айтады, арды саудаға салмайды, қай тарапқа да сыйлы, абыройлы. Сондай ақсақалға Алла-Тағаладан ұзақ ғұмыр тілейміз. Баяғы Д.Қонаев айтқан әзілдегідей, сексеннен секіріп өтіп, тоқсанға тоқтамай, жүзге келгенде ақылдасып отыруды жазсын.
Әкеміз бен басқа да үлкендер бізді өзеннің тұңғиығынан қорғашта­ғаны­мен, жазудың, әдебиеттің тұңғиығынан құтқара алмапты. Бұл енді ғұмырымызбен бірге кететін тұңғиық.

БАСТЫ МОТИВ – ОРАЛУ

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ, жазушы

Атақты «60-шы жылғылар» деген қатарда жазушы Төлен Әбдік бар. Бұл жылдарды қазақ әдебиетіндегі «Алтын дәуірдің» бастауы дейді. Ал оның соңы 90-жылдармен түйінделер. Сол 30 жыл қазақ әдебиетінің бізге мәлім классикасын қалыптастырып берді. «Кеңес өкіметі тұсында жазылған шығармалардың шетелге көрсетері жоқ» деп бүгінгі жастар қанша айтса да, ол әдебиет халық алдындағы миссиясын толық орындады. Ал бүгінгі әдебиет толықтай сол «Алтын ғасырдың» иығында.

Қызығы, 60-жылдары әдебиетке келгендердің көбі – ата-апасының балалары. Неге? Шеше тыл жұмысында. Әке соғыста. Бірінікі оралды, бірінікі оралмады. Қалай десек те, балалық шағы соғысқа тура келген бүкіл ақын-жазушыларымыз мына әлемге егде тартқан адамдардың көзімен қараған сыңайлы көрінеді. Төлен Әбдіктің де қай жасында, қай кезеңде жазған шығармасын алып қарасақ, ондағы нарратор түймедей дүние­ден түйедей ой қорытып отыратын ақсақалды елестетеді. Баласының үйіне келіп, екі-үш күннен соң «итке тамақ берілмей қалды-ау» деген секілді болмашыны сылтауратып, ауылға қайтқысы келіп тұратын беймаза қарттар бар ғой. Т.Әбдік кейіпкерлері де солай, өзі шыққан жерге оралғысы келіп тұрады.
Жалпы жазушы шығармашылығындағы негізгі мотивтердің бірі – оралу. Туған жерге («Тұғыр мен ғұмыр»), қара шаңыраққа («Әке», «Қонақтар»), бала махаббатқа («Оралу»), тіпті тереңдеп келгенде Тәңірге («Парасат майданы», «Оң қол», «Ақиқат») оралу.
Алғашқы екеудің негізі бірдей. Әртүрлі себептермен оралса да жазушы кейіпкерлері ойлана жүріп, көзіне таныс кеңістіктегі өзгерістерді өткен уақыттың бойымен өлшеп көреді. Сырт көзге осылай болғанымен, шығарма кейіпкерлері өзгерген кеңістік арқылы өзіндегі өзгерісті анық сезінетіндей. Яғни Т.Әбдік шығармашылығындағы елге оралу – өзіңдегі өзгерістерге баға беретін құрал.
Осы тұста жазушы шығармасындағы өзі тұстастармен бір ұқсастығын және ол ұқсастықтың тереңдігін атап өткіміз келеді: философиялық ойсыз немесе ерікті түрде елге оралу. Бұл мотив арқылы қазақ жазушылары «қазақтың орны – ауыл» деген кеңестік идеяны халық санасына сіңіргісі келді деген түсінік бар. Бірақ әлгінде балалығы соғысқа тап болған 60-шы жылғылардың көбі қарттардың тәрбиесін көргенін, ал қарт­тардың әрқашан тұрғылықты жеріне қайтқысы келіп тұратынын айттық қой. Яғни бұл идея қазақ жазушыларына таңылған жоқ. Олардың өз ішінен шықты. Оның үстіне қалам ұстағанның көбі қалаға оқу үшін ауылдағы жалғыз шешесін, әкесін, атасын, не болмаса әйтеуір бір қимасын тастап келіп отыр. Қаламгердің өзіндей тұлғаны өсіріп, қалыптастырған сол бір елдің немесе адамның алдында өзін кінәлі сезінуі табиғи құбылыс емес пе?
Осы сезімдердің бәрі Т.Әбдікте, оның қатарластарында, бүгінгі күннің қаламгерлеріне тән. Бұл сезімді шеттен келген қандастарымыздың күшейтіп жібергенін де айтып өтелік. Ал Т.Әбдіктің бұл мотивті тереңдеткені сол, ол мойындай алды. Қара шаңырағына «қонақ» екенін және арманнан бас тартып, елге оралуға болмасын ұқтырғандай.
«Ақиқат» хикаяты арқылы біз Тәңірге, адамның жұмақтағы кезеңіне ораламыз. Адам ата мен Хауа ананың тыйым салынған жемісті жеуі мен Роберттің ашуға болмас есікті ашқаны бір-бірімен паралель жатқан сюжет емес пе? Немесе «Парасат майданындағы» кейіпкердің өмірі адам бойындағы нәпсі мен иманның арпалысын есіңізге түсірмей ме? «Оң қолды» да осы туындылардың қатарына қосып қоялық. Үшеуі де өз жанын өзі тапсырумен аяқталады ғой. Осы мәселеден Тәңірге оралу мотиві жөнінде сөйлеп көрмекпіз.
Шығармалардың жазылған уақытына назар аударғым келеді. «Оң қол», «Ақиқат», соңыра «Парасат майданы». Үш туындының жазылу ретіне қарай Т.Әбдіктің өз-өзіне қол жұмсауға үш түрлі көзқарасын немесе көзқарасының эволюциясын көретін сияқтымыз. Мысалы, «Оң қол» әңгімесіндегі Алма ауру кесірінен қаза тапты. Мұны өз-өзіне қол жұмсау емес, дерттің әсері деуімізге болатын шығар. Ал «Ақиқатта» Роберт саналы түрде жіпке ілінді. Ол адам жанының ластығына төзе алмаған сыңайлы немесе сенген адамдарының қаскөйлігіне, жәдігөйлігіне шыдас бермеді. Ал әйелінің опасыздығы – оның өліміне себеп емес, тек өлім сәтін жақындатушы ғана. Ешкімді, ешнәрсені өзгерте алмасын түйсініп, біле тұра шара қолдана алмайтын жауапкершіліктен қашып, Тәңір құзырынан ғана сая іздеді. Оның үстіне бәрін білетін адамға мына дүниенің қызығы қайсы?
«Парасат майданында» психологиялық ауытқушылық әсерінен өзінің екінші жартысына зұлымдық насихатын жүргізуге кедергі келтіре алмасын біліп, тамырына алмас жүгіртті. Бұл шарасыздық және зұлымдыққа деген қарсылық болатын.
Осы үш өлімнің ішіндегі ең ақылға қонымдысы және өзінен кейінгіге ізгілік сеуіп кеткені – соңғысы. Өз-өзіне қол жұмсау көзқарасының эволюциясы дегеніміз осы болатын.
Қорыта келгенде, Т.Әбдік қазақ әдебиетіндегі оралу мотивінің жаңа қырын ашып берді. Елге немесе қара шаңыраққа, өмірдің белгілі бір кезеңін бірге өткізген адамға, жүріп кеткен жерлерге оралу арқылы жазушының бір кейіпкері өзіндегі өзгерістерді, өзін іздейтін болса, Тәңірге оралу мотиві арқылы жазушы қаһармандары өзінен безінеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір