Төлен қазақтың философиялық прозасын дамытты
16.09.2022
787
0

Өткен ғасырдың 60-жылдары қазақ прозасына бір шоғыр жұлдыз келді ғой: Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Кәрібай Ахметбек, Бексұлтан Нұржекеұлы, Софы Сматаев… Осылардың ішінде әсіресе Төлен Әбдіктің шоқтығы биік тұрды. Төленнің алғашқы шығармаларынан бастап елді елең еткізді. Кітаптары бірінен соң бірі шыға бастады. Оны әуелі «фантаст жазушы» деп те атап жүрді. «Тозақ оттары жымыңдайды» хикаятын фантастикалық туындылар қатарына қосқан ғой түсінбеген біреулер. Төлен тіпті бір жолы фантаст жазушылардың Мәскеудегі жиынына да барып қайтты. Шын мәніне келгенде, «Тозақ оттары…» – автор қиялының жемісі болғанымен, нағыз шыншыл шығарма ғой. Өктем, ірі халықтардың саны аз ұлттарды басып-жаншып, отарға айналдыруы, тіпті жер бетінен жойып жіберуі туралы жазады автор… Бразилиядағы үндістердің аянышты халін суреттей отырып, өз қазағының қиын тағдырына алаңдайды. Түсінген адамға бұл – тіпті де фантастикалық емес, нағыз реалистік туынды.

«Әке» хикаяты – қазақ әдебиетіне құбылыс боп келген, үлкен оқиға боп келген туынды. Әлі күнге дейін көп оқылады, жиі талқыланады. Неге? Өйткені тұтас ұлттың тағдырын бере білген, әсерлі, шынайы шығарма. Маған ерекше ұнайтын тағы бір хикаяты – «Тұғыр мен ғұмыр». Оқып бастағаннан аяғына жеткенше ынтығып отырасың. Алдымен ауылды, ондағы үйлерді суреттеп отырады да, арасында елеусіз ғана бір ескерткішті сөз ғып өтеді. «Мұны неге айтты екен?» деп елең ете қаласың. Ақырында сол ескерткіштің мына бас кейіпкерге қойылғаны белгілі болады. Кезінде мұны «ерлікпен қаза тапты» деп газетке шығарып, суретін басқан, «посмертно» медаль де берген. Яғни қолдан батыр жасаған. Ескерткіш, батыр, би дегендерге тәу етіп, табынып үйренген халық қой. Бұған да еңселі ескерткіш соғып, алдына гүл қойып, балаларға өлең оқытып, жыл сайын естелік айтып отырған. Ал бұл бейшара қанша жыл тұтқында болып, одан басқа аты-жөнмен елге оралған соң да нақақтан-нақақ сатқын атанып, Сібірге айдалады. Көрмеген құқайы, кешпеген хикметі қалмай, өлмелі халде туған еліне келгенде ол өзін ешкімнің танымайтынын, жалған дүниеде жападан-жалғыз қалғанын біледі. Ел-жұртқа бұл емес, мұның тас тұғыры ғана керек сияқты. Осы хикаятты алғаш «Жұлдыз» журналынан оқыған кездегі әсерім тілмен айтып жеткізгісіз болды.
Төлен драматургияға түбегейлі кірісе қойған жоқ. Бірақ оның екі пьесасына ерекше тоқталғым келеді. Әуезов театрында қойылған «Ұлы мен ұры» деген пьесасы жақсы шықты. Кәдімгі ұры біреудің үйіне ұрлыққа түседі, күтпеген жерден үй иесі мұны әңгімеге шақырады. Ақырында анықталатыны – үй иесі де ұры боп шығады: өз ойларын, идеяларын, еңбектерін әлдекімдерден ұрлап алған, сол арқылы табысқа жеткен… Нағыз ұры кім сонда? Бұл – тосын, күрт бұрылыстарға толы, көрермен санасына салмақты ой салып, толғандыратын шығарма.
«Біз үшеу едік» пьесасы Жастар теа­трында көп жыл репертуардан түскен жоқ. Оны Райымбек Сейтметов керемет сахналады. Мұнда философиялық ой-түйіндер, көзқарастар қайшылығы, пікірлер тоғысы шебер берілген. Басты кейіпкер Мұрат – жаны таза, гуманист адам. Кітаби тәрбиесі басымдау жігіт. Күнделікті күйбең тіршілікке, нақты өмірге келгенде басы тасқа соғылып, қарапайым нәрселерге қол жеткізе алмай жүретіні бар: ұшаққа билет ала алмайды, қонақүйге орналаса алмайды, дүкеннен жиһаз ала алмайды деген секілді… Мұның бәрі кеңес заманында «бармақ басты – көз қыстымен», тамыр-таныс арқылы шешілетін еді ғой. Оның досы Өмірбек осының бәрін меңгеріп алған. Әп-сәтте әпере алады. Сонда да Мұрат алған бетінен қайтпайды, өз ұстанымынан айнымайды. Жалпы, Төлен шығармаларындағы кейіпкерлердің дені – осындай адал, таза, гуманист адамдар. Өйткені Төленнің өз болмысы сондай, өзі гуманист. Кез келген нәрседен философиялық тұжырым жасап жүретіні тағы бар. Мысал үшін, «Әй, біз пойызға билет алғалы жатырмыз, жерге түсші, осыны ақылдасайықшы» десең, пойыздың, жалпы уақыттың қадірі, кеңістік пен уақыт туралы философия соғып, басыңды әңкі-тәңкі қылады.
Жақында Қостанай жақта өрт шығып, ол біраз уақыт толастамай, кәдімгідей алаңдап қалдық қой. Төленге хабарластым: «Әй, тыныштық па, тура Ахаң екеуіңнің тойың болатын кезде өрт шығып, не болып кетті өзі?» деп. Өзінің ептеп аңғалдығы да жоқ емес. 90-жылдары Өскеменде бір пьесам қойылатын болып, сол жаққа шұғыл ұшуым керек болды. Әдеттегідей кассада билет жоқ. Амалсыздан Орталық комитетте істейтін Төлен досыма хабарластым. «Құжатыңды, ақшаңды әкеп таста» деді. Біраз уақыттан соң телефон соғып, «алып кет» деді. Барсам, билетті Шымкентке алып қойыпты. «Ау, мен Өскеменге деп айттым ғой» десем, «Сен Шымкенттің жігіті емессің бе?» дейді. «Немене, Шымкенттің жігіті тек Шымкентке ұша беруі керек пе?» десем, «Шынымды айтсам, билет тек Шымкентке ғана бар екен, туған жерің ғой, сол жақтан бірдеме ғып, Өскеменге ұшып кетерсің» деп күйдіреді ғой. Осыны Бексұлтанға айтсам, «Өй, Төленің бар болсын!» дейді ол. «Неге?». «Петропавлға ұшатын болып, Төленнен бару-қайту билетін ұйымдастырып бер демеймін бе? Құжатымды, ақшамды апарып бергем. Сәлден соң «келіп, билетіңді алып кет» деді. Құстай ұшып, қуанып барсам, тек Петропавлдан қайтар билет қана алыпты. «Әй, мен ол жаққа бармасам, қайтіп қайтам?» деп күйіп-пісіп жатсам, «Петропавлға қарай билет табылмады, бірдеңе ғып жетесің де өзің, мә, мынау қайтар билетің!» деп қарап тұр».
Біздің буынға аға болған қаламгерлерден 80 жасқа жеткені сирек – Сапарғали Бегалин, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов… Ал ұзақ жасау жағынан бәрімізге ұстаз, бәрімізді еліктіретін адам – 98-ге кеп дүние салған марқұм Әбдіжәмил Нұрпейісов. Біздің Төлен де өзін сақтай білетін жігіт қой, жасай берсін, жаза берсін деймін.
Әдебиеттегі ұстанымымыздың, жалпы ой-пікіріміздің үндестігі өз алдына, Төлен – нағыз дос. Адал. Шыншыл. Қазір қатарымыз сиреп қалды ғой. Мына қоғамдағы біздің көзқарасымызға сәйкес келмейтін түрлі түсініксіз оқиғалар болып жатқанда, сол туралы пікірлесетін, сырласатын досыңның болғаны қандай жақсы. Осыдан 4 мың бұрын Аристофан айтқан екен: «Кеменің капитаны болу үшін қарамағыңдағы теңізшілерге тамақ тауып беріп қана қою аз, бұдан бөлек сен желдің бағытын, оның күшін алдын ала аңғарып, болжап, кемені дұрыс жолға салып отыруың керек» деп… Қазақстанды кеме деп алсақ, қазір бізде бәрі бар сияқты: капитан да, боцман да, кок та, теңізшілер де… Тек қайда бара жатқанымызды білмейміз. Айдалаға лағып бара жатқан сияқтымыз кейде. Осындай бір басың қатқан кезде ой бөлісетін Төлен секілді сырлас досым­ның болғанына шүкір деймін.
Төлен – қазақ әдебиетінде философиялық прозаны дамытқан жазушы. Оны сүйіп оқитын, оның ұстанымына қызығатын, осы бағытта жазатын жастардың шығып жатқаны мені ерекше қуантады. Әдебиет солай дамуы, өсуі, жалғаса беруі керек.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір