Төлен Әбдік (арнаулар)
16.09.2022
1858
0

Темірхан МЕДЕТБЕК

Төлен Әбдік!
Бір әулет,
Бір ұрықтан –
Іні, ағасыз! –
Сен де – жалқысың,
Мен де – жалқымын.
Әйтсе де
Мен сенің
Төрт жағы түгел сияқты
Бипаз сөзің мен
Бипаз өзіңе
Тәнтімін!

Бипазсың!
Содан да сен
Осынау лас өмірден
Жиіркеніп тұрасың.
Жиіркеніп жатасың.
Осынау опасыз
Сұрқия тірліктің
Отына оранып,
Өртеніп жатасың!

Білем мен
Оспадар өмірдің
Кескінін көріп,
Ұлтыңды ойлап
Қаншама сен
Таусылып шыдамың
Өзіңе тығылып
Тұншығып жыладың.
Мен сенің
Тұншығып құмыққан
Сол бір зарыңды
Арқырап жатқан
Сарқырамалардан да
Бес бетер
Есітіп тұрамын.

Басқаша
Мүмкін емес қой,
Өйткені сен
Амангелді мен Кейкінің
Жерінде туғансың,
Ахмет пен Міржақыптың
Елінде туғансың.
Өйткені сен
Бүкіл қазақтың
Қайғы мен
Шерінен туғансың.

Қайтейін
Мен де өзіңе
Мұң шағам:
Өтірік жайлаған
Мына қоғамнан
Қалған көңіл-ай,
Зымиян, сұрқия
Жалған өмір-ай…

Сол өмір ішінде
Жұрт бұрын көрмеген
Сен қазір
Жаңа бойлықсың,
Жаңа ендіксің.
Үндей сыршыл,
Мұңдай тылсым,
Күйдей құпия
Төлен Әбдіксің,
Төлен Әбдіксің!

Серік АҚСҰҢҚАР

Жазушы

Арманы асқақ.
Өзі аласа еді.
Қанында –
Қасиетті қараша елі.
Миында –
Күлтегіннің Жазуы бар,
Аспанда – Алла!
Жерде – Алаш еді!

Торғайдың тау-тасынан қазды бұлақ,
Әр беті кітабының сазды құрақ.
Күлтегін тасқа жазса қайғы-шерін,
Бұ кісі ақ қағазға жазды, бірақ.

Өздерін бір-бірінен көреді әйдік,
700 жазушыңыз  өлең аңдып;
Үш тоғыз үйірімен болар еді-ау,
Үш жүзде болса үш-ақ Төлен Әбдік…

Советтің кезінде өмір сүрген сері –
Жағасын құрлықтардың түрген селі!
Корольдің құпия бір кеңесшісі,
Гетеден кем болған жоқ жүрген жері!

Қоғамда – зымиян Һәм  мекер, ұсақ,
Тұлғаны сынайтұғын жетеді сәт;
Алдынан шыға келсе алдияры,
Абдырап иілмеді Ол Гете құсап!

Ахаң мен Жақаңдардай орға ұрынбай,
Алламен ақ тілеуі болған ұлдай!
Арбасқан аяр елде ғұмыр кешті ол, –
Адамның оң қолы мен сол қолындай…

(Қазақта осындай да ұл бар екен деп,
Қарадан шыққан, қарсы ал,
хан екен деп!).
…ЦК-да жүріп, соның біреуінің
Атамай кетті-ау атын жан екен деп!

Жалғанда жан жоқ оған оқырмандай,
Қалғаны сәулесі жоқ соқыр жандай.
…Сол көкем отыр жазу үстелінде,
Алланың алдына кеп отырғандай!

Сілкінді қай қазақтың баласы ұғып,
Қосылып Көк Бөрімен даласы ұлып?
Миында – Күлтегіннің жазуы тұр,
Қанында – Хан Кенесі аласұрып…

Қорғанбек АМАНЖОЛ

Дақпыртсыз даңқ

Беу, аға!
Қашан да қарапайымдылығыңызға бағып,
Күлім қақтыңыз,
Ару Райханды жетелеп алып,
Әдебиет ауылының есігін
Көп құрдас-мұңдастардан
Бұрын қақтыңыз.
Бәлкім, айтылмаған ақиқаттарды
бастап айту үшін,
Ақиқатты айтпаса,
Қазағыңның да болашағы
Не боларын көріп қайту үшін
Тозақтың да оттарын жымыңдаттыңыз.

Бала күннен-ақ
Білмепсіз-ау жүруді арқа-жарқа,
Әбіш-Мұхтарыңызбен бірлесіп,
Дулы Дулатыңызбен үндесіп,
Құрағансыздар қазақта мүлдем
жаңа орта.
Бәлкім, Еңбек ауылында туғасын ба,
Тек еңбекке ғана сүйедіңіз арқа.

Батыс пен Шығысты түгендеп білгенмен,
Кеуде қағуды білмепсіз.
Кеу-кеулеген дақпыртпен
Кісімсініп төрге баруды білмепсіз.
Жырмінез де сырмінез –
Адамгершілік пен Әділдіктің
Бағында ғана гүлдепсіз.
Атақ Сізге өз аяғымен келген, аға,
Даңқты дабыра-даңғырамен ілмепсіз.
Бір қазаққа күйшілігіңіз де жетер еді.
Өмірдің күресінде,
Ғарасат тіресінде
Балуан басыңызбен
жығылсаңыз да оқа емес,
Қара жер көтереді.
Өліарадағы тұғырыңыз бен ғұмырыңыз
Парасат майданына төтеледі.

Төлен Әбдікке біткен болмыспен
Әу бастан белгілі еді сөйтеріңіз.
Әлемдік биікке әуелеген ой төріңіз.
Мен өлеңімді тоқтатайын, аға,
Тойыңызбен құттықтауға келіп
қалған шығар,
Тайпаның соңғы үндісі –
Доктор Бейкеріңіз.

Ашыңыз, аға, айқарып,
Жүрегіңіздің қазына көрмесін.
Білемін мұндай мәуелі бақша
Әркімнен табыла бермесін.
Жат перзент несібесінен
қағыла көрмесін,
Ал оң қолдар кеңірдекке жармасып,
Қағына бермесін.
Ең соңғы үндістің қасіретін жаздыңыз, аға,
Ең соңғы қазақ туралы хикаят
Ешқашан жазыла көрмесін!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір