Төлен Әбдік: Ортақ бір кемшілік бар…
Қазақ әдебиетінің болашағына күмән келтірмеймін. Бізде талантты ақындар да, талантты жазушылар да жоқ емес. Бірақ сол таланттар мен талантсыздар мидай араласып, жақсылары жамандардан оқ бойы озып, қара үзіп кете алмай жүр. Мәселен, Құдай талант берген, өлеңнің техникасын жақсы меңгерген, ұйқастары шымыр ақындар аз емес. Олардың деніне ортақ бір кемшілік бар. «Жаңа ғасырда әлем қайда бет алды, адамзаттың қандай құндылықтары алға озып барады, шетел ақындары қандай жыр жазып жатыр?» деген секілді сұрақтарға бас қатырмайды. Бір сөзбен айтсақ, көбінің тарих пен бүгінгі заман, қала берді көркем әдебиеттің басты қағидалары төңірегіндегі көзқарастары тобырлық деңгейде. Баяғы ескі дағдылардан, кеңестік дәуірде бойға сіңген көне түсініктерден арыла алмай жүрген секілді.
Содан кейін ақындардың қорланғыш, жәбірленгіш, өкпелегіш өлеңдері азаймай тұр. Кеңес заманында ұлттық дәрежеде еркіндігіміз болмады. Үстем ұлт өкілдері қазақты кем санады. Демек, ол дәуірдегі ақындардың қорлануы, қожайынға өкпелеуі табиғи құбылыс секілді болатын. Қазір қазақ – мемлекет құрушы ұлт. Еуропалық түсінікте ұлт пен мемлекет бір ұғымды білдіреді. Сондықтан жәбірленуші этностан мемлекет құрушы ұлттың психологиясына ауысатын кез болды деп ойлаймын. Өмірдегі келеңсіздіктер аз емес – моральдық, әлеуметтік проблемалар туралы толғап, жағымпаздарды, алаяқтарды, дарынсыз басшыларды сына, халықтың өзінің бойындағы кемшіліктерді де бетіне бас, мұның бәрі, жылап шағым айтқаннан гөрі, ақынның өзіне де, әдебиетке де тиімдірек деп ойлаймын.
Жазушы Төлен Әбдіктің «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан.