ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫН ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ КӨТЕРГЕН
Париждегі Сорбонна университетіндегі қазақ студенттерімен кездесу
«Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда» деп басталатын «Алпамыс» жырындағы (қазір біржолата жоғалған) жолдардай, баяғы өткен заманда тіл менен діл аманда көркем шығармалар көптеп туып, көпшілік талқысына түсіп, баз біреуі – баспаларға жолдама алып, баз біреуі – марапатталып, баз біреуі – автордың қолтығына қайта қыстырылып жататын. «Әдебиет арзандап кетті», «өлең – сөздің патшасы» тағынан түсіп, қошеметшіл шабарманға айналды» деген налу мен наразылық сол кездің өзінде-ақ әр жерден естіліп қалатын. Өнердің барлық түрін коммунистік идеяның жеңімпаздығын жырлауға жұмылдырған және жұмылдыра білген сол кезеңде, тек ұраншыл шығармалар ғана дүниеге келді десек, тарихи шындықты бұрмалағанымыз, оған қиянат жасағанымыз боп табылар еді. Егемендіктің эйфориясы біршама саябырсып, тапқанымыз бен жоғалтқанымызды, өткеніміз бен өткелдерімізді салқын санада саралап қарасақ, кеңестік дәуірдің жетпіс жылдан астам кезеңінде қазақ мәдениетінің қол жеткен табыстары қыруар екенін көреміз. Бүгінгі таңда ұлт мақтанышына айналған талай-талай шетелдер мен жат елдердің тіліне аударылып, қазақ деген елден хабар беріп, белгісіз ұлттың салт-дәстүрін, тіршілік-болмысын танытып жатқан да сол кезеңнің туындылары. Тәуелсіздік кезеңінен бертінде туып, өзге елдерді еркін аралап кеткен сүбелі туынды әзірге жоқ. Болса, енді болар. Бірақ «болса, енді болар» деген үмітіміз тым ұзаққа созылып барады. Әрине, бұл аралықта қазақ жазушылары қол қусырып қарап отырды десек, ұшқары пікір болар еді. Ауыз толтырып айтар елеулі туындылар жарыққа шықты. Формалық ізденіс жағынан айта қаларлықтай жаңалық әкеле қоймағанымен, бүгінгі қазақ әдебиетінде жаңаша жазуға бетбұрыс жасаудың алғашқы талпыныстары екені даусыз.
Бүгінгі тілге тиек етіп отырған шығарма да соңғы кезде там-тұмдап тамып жатқан сараң кезеңнің санаулы шығармаларының бірі.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ:
«Сондай бір күн болған», «Сондай бір түн болған» дейтін екі кітаптан тұратын дилогия – жанрлық-стильдік бітімі жағынан да, концепциялық өзекті ойы жағынан да ұлттық прозамыздағы бүгінгі таңдағы оқшау құбылыс. Ол – біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғыштай. Біздің прозамыз бен драматургиямызда жаңа бір ағым басталатындай.
Кесек эпиканың орнына аз адамдардың, тіпті бір ғана кісінің жан дүниесіндегі алай-дүлей ахуалды ежіктейтін жаңа роман келді».
Әбдіжәміл Нұрпейісовті қазақ қауымына ғана емес, бұрынғы бүкіл кеңестік кеңістікке, қала берді дүниежүзі оқушыларына таныстырып жатудың қажеті жоқ. Шығармаларының құндылығы мен танымалдығы жөнінен ұлы Мұхтар Әуезовтен кейін қазақ әдебиетінің мерейін көтеріп келе жатқан ірі қалам қайраткері.
Бұл романның жазылу процесі де ұзаққа созылды, бәлкім, «Қан мен терді» жазған кездегідей уақыт қажет болған шығар. Оқушы қауымға журналдық нұсқалардан немесе алғашқы басылымдардан белгілі болған бұл роман «Соңғы парыз» деп аталып, тұтастай қолымызға тиді.
Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларын оңай жазып көрмепті. Алғашқы «Курляндия» романы мен «Қан мен терді» қалай жазғанын мен білмеймін, мен білетін, жазылу процесінің барлық сәттеріне бастан-аяқ куә болғаным – осы «Соңғы парыз» романы. Бұрын он рет, жүз рет, тіпті өмір бойы көріп-біліп, бастан кешіріп келген оқиғаларды көркем шығармаларға айналдырып, қағазға түсірер сәтте сол оқиғаларды ерінбей, жалықпай тағы да әлденеше рет көңіл сүзгісінен, көркемдік безбенінен өткізіп барып жазу – Нұрпейісов қанына сіңген қасиет. Шығармадағы кесек эпизодтар ғана емес, әр көрініс, әр сәт, жан дүниесінің болмашы бір қалтарысы мен әр сөз үшін жазушының қанша қайрат, қанша жігер, қанша тер төгетіні, тіпті жазылып, жарияланып, басқа тілге баяғыда аударылып біткен шығармасының өзін қайта шимайлап жатуы, екінің біріне біткен жауапкершілік емес. Оның сөзге деген талғампаздығы мен асқан жауапкершілігі бәрімізді таңдандырмай қойған емес. Қалың қайыңды орман ішінде өзіне ғана ұнайтын, өзі ғана ер шаба алатын айрықша дөңке таңдаған ісмердей, шын суреткерге тән шікәмшіл болмысын қанағаттандыратын сөз таппайынша, жаны байыз таппайтын, қиналып жүріп тапқанын жарамсызға қия салатын бірбеткейлігі мен кірпияздығы өзін де, сөзін де болдыртып, талдырып, мезі етіп барып, ақ ыдыс – ақ қағазға қайың шырыны там-тұмдап қана тамшылап, сол тамшыдан қақ тұрып, сол қақ көлшікке айналып, сол көлшік теңізге айналар еді. Әбекеңнің сөзге, сөзден құралар бүтін бір шығармаға деген талғамы, принципі, кредосы осындай. Немесе қазақта не көп, сөз көп, сол көп сөзбен көпіртіп жаза берсе, көлем жағынан басыңа құлап кетсе, жоқ миыңның өзін шайқалтатындай қалың-қалың романдарды бірінен соң бірін тоғытып жазып тастар еді. Әдебиет деген сиқырлы әлемде жазушының еңбегі санмен емес сапамен, молмен емес азбен де өлшенерін Әбекең өз шығармашылық мектебімен дәлелдеп-ақ келді.
Сонымен, «Күткен күн» деп қайта аталған өз романындай, сол көптен күткен күн де келді. Қолымызға жазушының соңғы жылдары мың өшіріп, мың түзеген романының ақтық нұсқасы тиді.
Бұл роман біздің 70-80 жылдық өмірімізге анализ жасаған, не ұттық, неден ұтылдық, неге ұмтылдық, ендігі мақсатымыз – барар жеріміз не болмақ сияқты үлкен әлеуметтік қоғамдық, адами күрделі проблемаларды тереңнен тартып қозғай білген, бас-аяғы үш адамның ғұмыры арқылы таратып айтып бере алған соңғы кездегі әдебиет әлеміндегі күрделі де елеулі шығарма. Кешегі Абай мен Бақтығұл ұмтылып жете алмаған, Тұрар Рысқұлов жанын пида еткен, Тәңірберген мен Еламандар жанұшырып алпарысқан игі мақсат, жарқын болашақ деген бар ма, бар болса ол қайда? Бір емес, бірнеше ұрпақ, ұрпақ қана емес адамзат боп арпалысқанда жақындамайтын, күрес түрі мен аумағы ұлғайған сайын жақындамақ түгілі алыстай беретін, бірді тапсаң онды жоғалтатын бұл қандай өмір заңы? Осының бәріне кім кінәлі? Алла ма, адам ба? Алла болса, пендесіне оның мейірімі неге жөндеп бір түспей-ақ келеді, неге ол өмір бойы бір тұрмысын жөндей алмай басын тауға да, тасқа да ұрып, әлдеқалай болымсыз үміт пен алдамшы идеялардың арасында тынымсыз арпалыспен ғұмыр кешуде; адам болса ол неге мыңдаған жылдар бойы өзі ойлап тапқан ақыл мен парасаттың игілігін көре алмай, жаңа мақсат жолында ескі азаппен мағынасыз күресін жалғастыруда? Ғасырлар бойы жинаған ақыл қайда, ғасырлар бойы басынан кешіріп келген ащы сабақтан алған тұщы тәжірибе қайсы? Өмір осылай өте бере ме, әлде адам баласы, осылайша, арбасумен, қырқысумен, бір-біріне жамандық ойлаумен өте ме? Дүние тылсымын танып-білуге жеткен оның ақыл-ойы дәл қасында жүрген адамды танып-білуге келгенде неге дәрменсіз бола қалады? Адамдар бір-бірін түсінуді, бір-біріне ізгілік пен жақсылық ойлауды қашан үйренеді.
Ә.Нұрпейісов романының әлеуметтік жүгі – осы. «Курляндиядағы» шытырман оқиға, «Қан мен тердегі» қайшылығы мол аласапыран шақ, «Соңғы парызда» адамзат алдында тұрған адам мен табиғат. Дүниетаным мен Жаратылыс арақатынастарын қозғай білген күрделі шығармаға ұласты. Мұндай күрделі шығарма, ауқымды проблема, Ә.Нұрпейісов сияқты суреткердің қаламынан туылуы да заңды құбылыс еді. «Соңғы парыз» – «Қан мен тердің» заңды жалғасы.
Роман кейіпкерлері Әлім, Жәдігер, Бәкизат – бүгінгі адамдардың символдық көрінісі. Автор оларды ыққан мұз үстінде, ашық табиғаттың аласапыран кезінде жан дүниелерінің ұңғыл-шұңғылына дейін түк қалдырмай жайып салады. Адам жанының ғарыш кеңістігінен де тылсым екеніне осы романды оқу үстінде көзің жетеді. Ғұмыр бойы сеніп келгеніңнің – алдамшы, алдамшы деп келгенің ең асылың боп шығарын, дәл осындай жан дүниенің түгел ашылатын сәті болмаса Бәкизат та, сол оқиғалардың куәсі боп отырған біз де білмей өтер едік. Формация адам жанының болмысын өзгерте алмайды. Бұл – М.Әуезовтің «Дос – бедел дос» драмасының негізгі идеясы. Демек, қандай кезде қандай саяси формацияда өмір сүрсін адам болмысы сырттай өзгергенмен,іштей өзгермейді екен. Оның адамгершілік, опасыздық қасиеттері жан қатпарларында жата береді де, сәті түскенде, кезі келгенде сыртқа шығуы қиын емес екен.
Ә.Нұрпейісов романы адам жанының қырық қатпарын бар болмысымен ашып көрсетуге арналған. Олардың қоршаған ортасы, тауқыметі, болмысы, географиясы, аты-жөндері қазақ. Бірақ арқалаған жүгі мен арпалысы, алға қойған өмірлік кредолары жалпыға ортақ. Өзіміз әбден айтып үйренген әдебиеттің жалпыадамдық, дүниауи құндылығы деген осы.
Баз біреулер бұл шығарманы Э.Хэмингуэйдің «Теңіз бен шал» немесе У.Фолкнердің «Оқшау үй», енді бірде Ф.С.Фицжеральд, Ф.О.Коннор, енді біреулер Г.Гессенің «Түз тағысы» шығармаларымен салыстыра сараптай бастады. Бұл, әрине, бәріміз үшін ортақ мақтаныш, ортақ мерей. Ал мен үшін – ешкімге ұқсамайтын, тек қазақ топырағында ертелі-кеш бір тууға тиіс мейлінше қазақы, мейлінше дүниауи, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзіне ғана тән жаңа туындысы дүниеге келді. Бұл шығарма – етікшіден бастап Елбасына дейін түгел ұнайтын тобырдың шығармасы емес, бұл – талғампаз оқушының үлкен әдебиеттің қыры мен сырын жақсы білетін, дайындығы мол, талғамы жоғары оқушының кітабы. Бұл шығарма жөнінде әртүрлі пікірлер бола беруі әбден мүмкін, ол тіпті заңды да құбылыс. Бірақ бір ғана ақиқат – қазақ әдебиеті осы шығарма арқылы аналитикалық жаңа кезеңге аяқ басты, дүние болмысын жеке адамның танымы мен түйсігі арқылы берудің жаңа дәстүріне қол созды.
Ұлы Абайдың 125 жылдық мерейтойы кезінде, «Бар жаңаның басы еді ол» деп мақала жазған Әбдіжәміл Нұрпейісов «Соңғы парыз» романы арқылы қазақ прозасындағы жаңа ырғақ пен жаңа құрылымның тұсауын кесті.
Ұзақ уақыт бойы жаңа заман жайлы ауқымды шығарма күткен қалың оқушының үміті ақталды. «Нағыз балықшы көлдің беті толқын атып жатқанда, суға қармақ тастамайды» деген ойды мен біраз жерде айтып едім. Демек, көлдің беті тыныштала бастаған екен. Оған дәлел, балықшы Нұрпейісовтің ауына іліккен жайын балық – «Соңғы парыз» осының айғағы.
Дулат ИСАБЕКОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері