ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ
15.01.2016
1807
0
4O2A0204Осыдан 40 күн бұрын, Маңғыстау тү­бе­гі­нің «Оңды» деп аталған оныншы ауылында дүниеге келген бала Әбіш Кекілбаев сол жерден елінің үмітін, халқының арманын, заманының жүгін артып шыққан Аруанасын Сарыарқа төсіне дана Әбіш болып шөгеріп, мәңгі мекеніне жайғасты.
Ол өзінің Каспийден Алатауға дейінгі Ұлы Дала бойымен жүріп өткен 76 жылдық жолында сапарластарын – сауаттандырды, қатарластарын – қанаттандырды, бала­­ларының бақытын бақты, ағаларының абыройын асқақтатып, арқасынан қақ­ты.
Жастайынан ұлылар көзіне шалынған Әбіш Кекілбаев заманының шежіреші жазушысына, мінбелердің шешен баяндамашысына айналып шыға келгеніне замандас ретінде қуандық, талай қол соқтық, сүйсіне тыңдап, есейдік.
Әбіш Кекілбаевтың алқалы жиында сөйлегенін көріп, заңғар ой иесі екеніне, дастарқандас болып отырып қарапайым, мейірбан жан екеніне куә болдық.
Ұлы қағанға Ана болып ой салған Әбіш Кекілбаевтың «Астыңдағы тағыңа – сыз өтпейді деме, Ақ сарайдай Ордаңа – көз өтпейді деме, Ұйып тұрған ұлыңа – сөз өтпейді деме, Қаруланған қолыңа – оқ өтпейді  демесін» оқып, оның сөйлемдерінен даналық сырын іздедік.
Өмірде жамандар бар деп ойлай алмайтын кеңдігіне, өзіне тіл тигізгендерге кешірімпаздықпен қарайтын әулиелігіне, жүрегін кең күйде, пейілін кіршіксіз сақтай білген ұлылығына таң қалдық.
Оның өз ғасырының әдеби ортасын тү­гел танып жүргеніне, өткен тарих пен әлем ойшылдарын есте сақтауға уақыт тапқан қабілетіне тәнті болдық.
Әбекеңнің өзі жылынған Айсәуле анамыздың құшағынан «Қос қызың келді» деп, Фариза екеумізге де орын тауып бергеніне  әрқашан ризамын. Дастарқаны­мызға келіп, жайбарақат, қарапайым ауыл қонағынша әңгіме шертіп отыратын еді. Енді ой жүгіртсем, ол да ұлылық.
Сан күйшінің сазын тыңдайтын Әбіш Кекілбаев менің отағасым Ғабдрахимға «Дәулеткерейдің «Көркем ханымын», Құрманғазының «Байжұмасын» сен ерекше қумай тартасың» деп сүйсінер еді. Әттең, Әбекеңді соңғы сапарға күңіренген күймен неге шығарып салмадық екен?.. Ондай сөз ұғатын, ондай күй ұғатын адамды қос ішекті күңірентіп қоштаспай, оркестр қайда болды, күйшілер қайда жүрді біздің?..
Түсіне білген адамға өткен жылдың Әбіш Кекілбаевты әкетуі – біздің ұлт үшін үлкен орны толмас өкініш. Кімнен айрыл­дық? Енді оның орны қашан толар?
Бізге ондай адаммен замандас болған­ның  өзі зор бақыт  екенін  енді сезгендей­мін. Өйткені, мен академик З.Қабдоловтың сөзін ұмытқаным жоқ. «Өзіңді даналармен бірге қою сірә да мәдениетті адамның ісі емес, бірақ қатысың болғасын «қылтиясың», – деген еді академик.
Қырық күн өткен Әбекеңді еске ала отырып, «Бақи бол, ұлтымен бірге өмір сү­ре беретін Ұлы Даланың Ұлы Перзенті» дегенді мен де айтқым келеді.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА.
Ақ Жайық,
Батыс Қазақстан облысы.
ПІКІР ҚОСУ