Ұлтының ұлы перзенті
03.05.2024
598
0

 

Биыл ұлт мақтанышы, ғалым, Қазақ елінің қазына байлығын ашушы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті, алғашқы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл.

Қазақ өзінің тарихын жеке тұлғалары арқылы парықтауды дәстүрге айналдырғандықтан, бұл алдымен тарихты тануды білдірсе, екіншіден, адам сапасын – ұрпақ санасын шыңдауды нысана етеді. Ұлы тұлғалардың өнегелі өмірі, еңбек жолы бүгін мен болашаққа қызмет ететінін ескерсек, сол тұлғаларды лайықты деңгейде дәріптеуге ден қойып жүрген Алматы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №20 кітапхананың қызметі ерен деп айтуға болады.

Лаура Мәулітшәріпқызы жетекшілік ететін руханият ордасы ұлттың, ұрпақтың мәдени-рухани деңгейінің артуына ерекше көңіл бөліп отырады. Жуырда аталмыш кітапхананың ұйымдастыруымен өткен «Ұлтының ұлы перзенті» атты ғылыми-танымдық конференция да сондай ұлы мақсатты көздеген игі істердің бірі болды.

Қ.Имантайұлының 125 жылдығына арналып №4 кітапхананың залында өткен кешке ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, геология-минерология ғылымдарының докторы

Сейтмұратова Элеонора Юсупқызы, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі Тарихи-мәдени мұра басқармасының бастығы қызметін атқарған, бүгінде Сәтбаев мұражайының Достар клубының жетекшісі

Алтаев Базарбай Еркебайұлы, бірнеше жылдар Қ.Сәтбаев музейін басқарған, бүгінде бөлім меңгершісі, ҚР Мәдениет қайраткері

Айтмұхамбетова Бахытжамал Ахметқалиқызы қатысты. Әрқайсысы жастарға біртуар тұлғаның болмыс-бітімін аша отырып баяндап, сол бір күрделі кезеңнің бел ортасында жүре тұра Қазақ елінің болашағы үшін күресе білген қайраткерлігін, әділдігін, еңбекқорлығын суреттеп берді.

Ғалымның кәсіби және ғылыми өмір жолын баяндай отыра жастарға үлгі ете білді.

Кітапхана тарапынан ұйымдастырылған кітап және сурет көрмесі де конференцияның мән-маңызын аша түсті.

«Қарақат мектеп студиясы» өнерпаздары мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистранты Әсел Қыдырмұраттың орындауындағы әсем ән мен тәтті күй кеш шырайын арттырды.

Конференцияға модератор болған журналист, «Сенімен болашақ» РҚБ өкілі Меруерт Мәулетқызы

өз кезеңінде парасаттылық пен даналықтың, азаматтық ұстаным мен табандылықтың үлгісін көрсете білген Қаныш атамыздың ізімен жүретін жастардың көп болуын тіледі.

Iс-шара соңында Лаура Мәулітшәріпқызы баршасына алғысын білдіріп, қонақтарға сый-сияпат көрсетті.

Маржан НҰРДАН

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір