Ұлтының ұлы перзенті

Биыл ұлт мақтанышы, ғалым, Қазақ елінің қазына-байлығын ашушы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті, алғашқы академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр.
Ұлы тұлғалардың өнегелі өмірі, еңбек жолы бүгін мен болашаққа қызмет ететінін ескерсек, сол тұлғаларды лайықты деңгейде дәріптеуге ден қойып жүрген Алматы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №20 кітапхананың қызметі ерен деп айтуға болады. Лаура Мәулітшәріпқызы жетекшілік ететін руханият ордасы ұлттың, ұрпақтың мәдени-рухани деңгейінің артуына ерекше көңіл бөліп отырады. Жуырда аталмыш кітапхананың ұйымдастыруымен өткен «Ұлтының ұлы перзенті» атты ғылыми-танымдық конференция да сондай ұлы мақсатты көздеген игі істердің бірі болды.
Қ.Имантайұлының 125 жылдығына арналған жиынға ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, геология-минерология ғылымдарының докторы Элеонора Юсупқызы, ҚР Мәдениет министрлігі Тарихи-мәдени мұра басқармасының бастығы қызметін атқарған, бүгінде Сәтбаев мұражайы Достар клубының жетекшісі Базарбай Еркебайұлы, бірнеше жыл Қ.Сәтбаев мұражайын басқарған, бүгінде бөлім меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері Бахытжамал Ахметқалиқызы қатысты. Әрқайсысы жастарға біртуар тұлғаның болмыс-бітімін аша отырып баяндап, сол бір күрделі кезеңнің бел ортасында жүре тұра қазақ елінің болашағы үшін күресе білген қайраткерлігін, әділдігін, еңбекқорлығын суреттеп берді.
Кітапхана тарапынан ұйымдастырылған кітап және сурет көрмесі де конференцияның мән-маңызын аша түсті. «Қарақат мектеп студиясы» өнерпаздары мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистранты Әсел Қыдырмұраттың орындауындағы әсем ән мен тәтті күй кеш шырайын арттырды.
Конференцияға модератор болған журналист, «Сенімен болашақ» РҚБ өкілі Меруерт Мәулетқызы өз кезеңінде парасаттылық пен даналықтың, азаматтық ұстаным мен табандылықтың үлгісін көрсете білген Қаныш атамыздың ізімен жүретін жастардың көп болуын тіледі. Iс-шара соңында Лаура Мәулітшәріпқызы жиналған қауымға алғысын білдіріп, қонақтарға сый-сияпат көрсетті.
Маржан Нұрдан