Дінаралық келісім – гуманизм бастауы
16.09.2022
436
0

Конфессияаралық келісім мен дінаралық татулықтың маңызды­лығы қазіргі әлемдік геосаяси ахуалдан-ақ көрініп тұр. Таяу Шығыстағы қиян-кескі жанжалдар әлі де толастар емес. Халифат құрамын деп, террорлық әрекетке барып, қанша отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, шиеттей бала-шағаны зар еңіретіп қойған соғыс көрінісі әлі де болса адамзаттың гуманизм биігіне жете қоймағанын байқатады. Әлбетте, Қазақстанда өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайы мәселенің түпкілікті шешімін табады дей алмаспыз. Бірақ бұл әр мемлекет жасауға тиіс қадамдар­дың бірі екені даусыз. Соның ішінде зайырлы мемлекеттерде қауіп­сіздік пен бейбітшіліктің көрінісі – конфессия­аралық татулық екені белгілі.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII құрылтайы 2022 жылдың 14-15 қыркүйегінде өтті. Оған 50 мемлекеттен 100-ден астам өкіл қатысты. Жалпы әлемдік дін көшбасшылары еліміздің астанасында осымен жетінші мәрте жиналды. І құрылтай 2003 жылы қыркүйекте өткен болатын. Дін лидерлерінің II құрылтайы жаңа ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайын­да болды. Ал 2009 жылы өткен үшінші құрылтайға әлемнің 35 елінен 77 адам қатысыпты. IV құрылтай 2012 жылдың мамырында өтті. 2015 жылы өткен жиын «Бейбітшілік пен даму мақсатындағы діни лидерлер мен саясаткерлер арасындағы диалог» тақырыбына арналды. VI құрылтай 2018 жылы өткен болатын.
Ал биыл қандай мәселе талқыланды? Жиынның негізгі тақырыбы «Панде­миядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани-әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» болды. Бұл тақырып аясында шешімі қиын мәселелер туралы пікірталастар өрбіді. Себебі қазір адамзат руханиятында діннің алар орны ерек. Осыған қатысты 12 қыркүйекте құрылтай хатшылығының жұмыс тобы алдын ала бас қосты. Оған құрылтай хатшылығы басшысының орын­басары, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары А.Рахметуллин, құрылтай хатшылығы басшысының орынбасары, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі С.Егізбаев, сондай-ақ беделді халықаралық ұйымдардың, Қазақстан, Пәкістан, Египет, Иран, Ресей, Ватикан, Ұлыбритания, Корея, Үндістан діни бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
VII құрылтайға ислам, христиан (барлық үш бағыт – православие, католицизм, протестантизм), буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің рухани көшбасшылары келді. Осы жолы құрылтай жұмысына алғаш рет Үндістандағы ежелгі діннің бірі – джайнизмнің өкілдері де атсалысты. Мұны да зор жетістік, дәстүрлі құрылтайдың алға қадам басқаны деуге болатын шығар.
Тағы айта кетерлігі, биылғы жиынға Рим папасы Франциск те қатысты. Еліміздегі католик дінін ұстанушылар мен алыс-жақын шетелден арнайы келетін адамдар үшін Рим папасы арнайы дұға (месса) да өткізді.
Сондай-ақ дін лидерлері болашақ саябақтың капсуласын салуға қатысты. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII құрылтайына дайындық аясында Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, достық пен бірлікті бейнелейтін табиғи-рекреациялық саябақ тұжырымдамасы әзірленді. Елорда әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған «Бейбітшілік пен келісім саябағы» деп аталатын жоба Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзенінің бойында бой көтерді.
Қала әкімдігінің урбанистика орталығының айтуынша, жобаның негізгі идеясы – «Өмір ағашы» монументі. Бұл құрылыс күмбез түрінде жасалған, оның ортасына жапырағы саялы емен ағашы орналастырылып, ол спиральмен және үйлесімді субұрқақпен қоршалған.
Күмбез қабырғаларында Дүниенің жаратылуын, Қазақстан тарихындағы оқиғаларды көрсететін бейнелер, сондай-ақ қазіргі заманға үндеу ретінде еліміздің аумағында табылған әйгілі ежелгі жартас суреттері – петроглифтер салынған. Ағаштың айналасындағы спираль аспанды (күмбезді) және жерді (су бетін) байланыстырады, осылайша әлемнің нәзіктігі туралы идеяны жеткізеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII құрылтай делегациялары басшыларының саны бойынша «Өмір ағашы» монументінің айналасына 50-ден астам жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар отырғызылды. Шара делегаттары да тұтас концепция негізінде ағаш отырғызуға қатысты. Саябақ құрылысы 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Бұл – биылғы құрылтай аясында жасалған жұмыстар. Жоспарға сай талқыланған тақырып та, рухани бірлік те және соның зат­тай символы ретінде салынған саябақ та жанға жағатын жаңалық екені рас. Енді соның бәрі жүзеге асып, әлемдік руханиятқа пайдасы тисе дейміз. Дін – тек оған сенушілердің жеке идеологиясы ғана емес, әлемдік геосаясатқа әсері бар тетіктердің бірі. Сол тетікті бейбітшілікке, гуманизмге, адамзаттық ортақ құндылықтарға бағыттау, үлкен іс болмақ.

Абзал СҮЛЕЙМЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір