КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ
Қазақстандық қоғам бүгінде 140 этнос пен 40-тан астам конфессия мен деноминация өкілдері тұратын этносаралық және конфессияаралық плюрализм мен толеранттылықтың бірегей үлгісі болып табылады. Бейбітшілік пен тыныштық, азаматтық келісім, діни төзімділік, түрлі мәдениет өкілдерінің қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуы – бұл қағидаттар мемлекет тәуелсіздігі жылдарындағы ұлттық саясатымыздың негізін құрап, Қазақстанның дүниежүзіндегі өзіндік ерекшелігін қамтамасыз етті.
Қазақстан бүкіл әлемге Ұлы Жібек жолының торабында орналасқан, Шығыс пен Батыс өркениетін байланыстыратын көпір болып табылатын мемлекет ретінде танымал. Қазақстанның өркениетаралық орналасуы географиялық құрамдас бөлікке иелігімен ғана емес, сонымен бірге мазмұндық бөлігімен ерекшеленді. Өйткені біздің мемлекетте ежелден әртүрлі діндер, дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, тілдер және этностардың мәдениетінің басқа элементтері, халықтар мен ұлттар тарады, дамыды.
Тәуелсіздік жылдарындағы республиканың мемлекеттік саясаты рухани құндылықтарды жаңғыртуға және әртүрлі ұлттар мен конфессия өкілдерінің арасындағы толеранттылықтың жоғары деңгейін қалыптастыруға бағытталды. Біздің елімізде әрбір адамның кез келген дінді ұстану немесе ешбір дінді ұстанбау құқығы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясымен және Қазақстан Республикасының «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңымен қамтамасыз етілген. Ұлтаралық диалогсіз конфессияаралық келісім мүмкін емес. Бізде конфессияларды құрайтын төрт мыңнан астам діни бірлестіктер, үш мыңнан астам ғибадат орындары бар. Біздің еліміз конфессияаралық татулық пен әлемдік діндер диалогінің аумағы деп аталады.
Егемен Қазақстанда бүгінде этносаяси және этномәдени үдерістер өте өзекті. Қазақстанда елдің этномәдени әртүрлілігін қоғамдық дамудың оң факторына айналдыру үшін барлық алғышарттар бар, өйткені барлық ұлт өкілдері өздерін жаңа мәдени қауымдастықтың – мемлекетін құраушы болып табылады. Қазақстан – субъектілері әртүрлі мүдделердің болуымен және олардың мәдени-саяси белсенділігінің әртүрлі дәрежелерімен сипатталатын әлеуметтік жағынан сараланған этникалық қауымдастық. Саяси және мемлекеттік құрылымның қазақстандық моделі демократиялық дамудың жалпыға танылған заңдылықтарын біріктіреді.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде қоғамдық тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді, қазақстандық бірегейлікті және жалпықазақстандық патриотизмді қалыптастыруды қамтамасыз етудің өзіндік моделі жүзеге асырылды. Бүгінгі күні қолданыста болған бұл құжаттар этносаралық және конфессияаралық плюрализм мен толеранттылықты қамтамасыз ету саласындағы жинақталған тәжірибені одан әрі жетілдіруге негіз болып табылады.
Еліміздің саяси тұрақтылығы мен одан әрі дамуы, негізінен, ұлтаралық татулыққа байланысты болғандықтан, ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың өзегі. Қазақстанда ұлтаралық келісім заң жүзінде бекітіліп қана қоймай, іс жүзінде жүзеге асырылуда. Ел азаматтарының этникалық теңдігі қоғамның барлық саласында жүзеге асуда.
Қазіргі таңда қазақстандықтар ұлттық төзімсіздік пен араздықтан аулақ болғанын мақтан ете алады. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Кеңес өкіметі кезіндегі ұзақ мерзім діни сенімді шектеуден кейін Қазақстанда діни ғимараттар – мешіттер, шіркеулер, синагогалар және басқа да ғибадат орындары қайта ашылуда. Сонымен қатар елімізде бейбітшілік пен қоғамды біріктіру жағдайында азаматтарды рухани тәрбиелеуге бағытталған, тіркелген діни бірлестіктер мен орталықтар еркін жұмыс істейді. Ең көп таралған діндер – ислам және христиан, сондықтан Құрбан айт және православиелік Рождество сияқты мерекелер мемлекеттік мерекелер болып табылады. Жаһандық конфессияаралық диалог алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін Астанада өткізу, Мемлекет басшысының маңызды бастамасы болды.
Жалпы, соңғы онжылдықтарда қазақ қоғамындағы діни ахуал өзгерді, бұл дінге сенушілер (діни өсиеттерді ұстанатындар және оларды өмір салтында орындайтындар) мен ғибадат ету орындары санының өсуінен, діни білім туралы пікірталастардан көрінеді. Қазақстанда діни бірлестіктердің өз қызметін жүзеге асырудағы құқықтық теңдігі жүзеге асырылды, ар-ождан бостандығы мен діни сенім бостандығы принципі конституциялық түрде бекітілді, азаматтың қай діни сенімге жататынына қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдігі қамтамасыз етілді. Қазақстан аясында болсын, тіпті дүниежүзілік ауқымда болсын қол жеткізген белгілі табыстарымызға қарамастан, әлі шешілмеген, жедел шешуді қажет ететін мәселелер бар. Әсіресе қазір дүние жүзіне діни төзімсіздік, діни экстремизм және терроризм шынайы қауіп төндіріп тұр. Оларды ХХІ ғасырдың анағұрлым өткір мәселелеріне жатқызуға болады.
Діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрес пен алдын алуды жетілдірудің жаңа жолдарын іздеу қажет. Қазіргі әлемнің, оның ішінде, қазіргі Қазақстанның міндеті жалпы адамзаттық, гуманистік және толеранттылық құндылықтарды, конфессияаралық келісім, диалогті ғасырлар бойы әлемдік және дәстүрлік діндердің енгізген принциптері мен қағидаларын қазіргі жалпы әлемдік, адамзаттық өркениеттегі бейбітшілікті сақтап қалу үшін, сан алуан этностары мен конфессиялардан тұратын көптеген мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі үшін әрекет ету екені даусыз.
Нұрлан ОЛЖАБАЙ
«Шапағат» деструктивтік діни
ағымдардан жапа шеккендерге
көмек орталығы» қоғамдық қорының
теолог маманы