Адам жанын тазартатын жазушы
16.09.2022
3656
0

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Төлен Әбдікұлының қай шығармасы болсын – ойландырады, толғандырады, жүрегіңді қозғайды, жаныңды тазартады, рухыңды шыңдайды. «Өліара» романы, «Әке», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Парасат майданы», «Тұғыр мен ғұмыр», «Оралу», «Ақиқат» хикаяттары, «Оң қол», «Қонақтар», «Қайырсыз жұма», т.б. әңгімелері – қазақ әдебиетінің алтын қорынан ойып орын алар кесек туындылар. Ізгілікке іңкәр жүректердің гимніндей «Біз үшеу едік» атты пьесасы қандай керемет!
Қазақ прозасының интеллектуалдық деңгейін көтерген көркем сөз шебері биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Бүкіл шығармашылығынан адамдықтың, адалдықтың самалы есіп тұратын, оқырманын қашанда әділдікке, парасаттылыққа, шынайылыққа жетелейтін, үнемі ақиқаттың жоқшысы болып жүретін көрнекті жазушы Төлен Әбдікұлы – бүкіл қазақ сүйіп оқитын қаламгер. Газетіміздің бүгінгі санында «Тұлға» айдарында қаламгер туралы замандастарының, орта буынның және жас буынның көзқарастарын ұсынып отырмыз.

Бағаланбаған
«Ақиқат»

«Тіршіліктің негізгі алғышарты – тілек пен әрекет… Тілек пен әре­кет­ті тынымсыз қуалайтын күш – қана­ғатсыздық. Ал қанағатсыздық өзінен-өзі беймазалықты, жан аза­бын тудырады. Бұл – ешқашан да тоқ­та­майтын құбылыс. Себебі, адам тілегі орындалған бетте-ақ өзінің қажеттілігін жоғалтады, әрекетсіздікке тіреледі. Сондықтан тағы да басқа тілек, басқа мұрат пайда болмақ. Әлгі процесс басынан қайта басталады. Осылайша, тілек – әрекет, тілек – әрекет болып, мәңгі қанағатсыздық тұңғиығына сүң­ги бермек, сүңги бермек. Олай болса, жан азабын тудырушы не? Ол – тіршілікке тырмысу, бақытқа ұмтылу. Біз қанағатсыздық ауруымен ауырамыз. Және ол – ешқашан да жазылмайтын, туа біткен ауру…»
Бұл – жазушы Төлен Әбдікұлының «Ақиқат» хикаятындағы кейіпкер тұ­жы­рымы. Егер тереңірек ойлансақ, кейіп­кер тұжырымы ғана емес, біз «өмір заңдылығы» деп атайтын тір­шілік­­тің тынымсыз тынысы да осы тәрізді. Бәрімізді де өмір сүруге құлшын­дыра­тын, алға ұмтылдыратын, алыстан мен­мұн­далап шақырар әлдебір мұратқа же­телейтін – сол көкейімізді тескен, көкірегімізге орныққан, өзіміз «арман», «үміт», «мақсат» деп алуан түрлі ат қойған тілек пен әрекет. Оның бірін бағындырған соң, «болды, маған осы жетістік те аз емес» деп шүкіршілік ет­кен, өршелене өңмеңдеуін қойған пен­де баласы бар ма? Қайдам. «Біз қа­нағатсыздық ауруымен ауырамыз» ғой. Ал қанағатсыздық бар жерде бақыт қайдан болсын? Кейбір қағанағы қарқ, сағанағы сарқ саналатын адамдардың сырттай бақытты боп көрінгенімен, ойы тиянақ таппай, жанұшыра аласұрып жүруі, керісінше, тұрмыс-тіршілігіне өзге жұрт аянышпен қарайтын қай­сы­біреулердің жүрегі тыныш, сенімі берік, көңілі тоқ тәрізденуі де содан шығар.
«Ақиқат» – жазушы шығарма­шылы­ғында ерекше орын алатын терең ойлы туынды. Осыдан қырық бес жыл бұрын жазылған хикаятты жалпы әдеби орта жылы қабылдаса да, көп ұзамай орыс тіліне аударылып, «Истина» деген атпен жарық көрсе де, бәрібір өзіне лайық деңгейде жоғары бағасын алып, талдап-таразыланбаған секілді сезілетіні бар. «Ақиқатта» айтылған ойлар мен ұсы­ныл­ған идеялар қоғамдық-әдеби пікір­таластарға ұласып, жан-жақты тал­қылануы керек еді. Бірақ олай болмады. «Қазақ жазушысы қазақты ғана, ауылды ғана жазуы керек» дейтін қалыптасқан көзқарас, жазылмаған заң үстемдік еткен қоғамда «Ау, қазақ жазушысы философиялық-психологиялық тарапта тәуір ізденген екен, тосын ой айтып, бітімі бөлекше дүние жазған екен, қане, оқып шыққан соң кім қандай тұжырым түйді?» деп үн қатқан, ойласуға үндеген ешкім бола қойған жоқ.
Бірде Төлен ағадан: «Осы хикая­тыңыз­дағы кейіпкер неге Роберт? Қазақ қоғамы ортасында ондай мәселелер­ді көтеру, ашық айтқызу үйлесімді шықпас деп ойладыңыз ба?» – деп сұрадым.
– Таңдап алған материалымның өзі тым еуропалық болды да, оны қазақ топырағына сыйғыза алмадым, – деді жазушы. – Философиялық толғаныстарға барған алғашқы еңбегім ғой. Сол бағытта көп ізденіп жүрген кезім еді. Бірде полицияның жоғалып кеткен құпия құжаттарды табуына көмектескен Жерар Круазе деген голландиялық телепат, парапсихолог, көріпкел туралы оқыдым. Әлгі қағаз­дар­дың қайда жасырулы жатқанын бұл бойындағы әлдебір тылсым қасиеттің күшімен көре алады: қай қалада екені, үйдің қандай екені, терезесінің қандай екені, қай бөлмеде қандай сейфте тұрғаны… бәрі көз алдына ап-айқын келіп-ақ тұр. Бірақ нақты қай үй екенін білмейді. Полиция әл­гінің суреттеуі арқылы екі жыл бойы іздеп, ақыры табады. Осы оқи­ға­ны оқып, ойландым: бойыңда осындай көріпкелдік қасиеттің болуы, басқалардың көре алмайтын нәрсесін көре алу деген керемет артықшылық қой! Бірақ бұл артықшылық адамға бақыт әкеле ме, жоқ па? Бәріміз мына дүниеге пәк күйде, сәби санамен келдік. Есейе келе, маңдайымыз талай рет тасқа соғыла келе небір қиянатты, сатқындықты, қараулықты көрген кезде көңіліміз жабырқады, жанымыз ауырды, жүрегіміз сыр берді. Ал біз көрмейтінді көре алатын, біз сезбейтінді сезе алатын телепаттарда не жан қалды сонда? Хикаятта «Тіршілік – үлкен аурухана» деген сөз бар. Кейіпкер сол «ауруханадан» қашып, жындыханаға барып жатады. Кейін бір жерден Шопенгауэрдің тура солай айтқан сөзін оқып, таң ғалдым. Өмірдің жақсы жағы да бар ғой, бірақ оның тереңіне бойлап, ойға берілген сайын әлгіндей ащы ақиқатқа кезігетінің рас…

«Ол есікті ашсаң, бақытсыз боласың»

Жалпы, «Ақиқаттың» идеясында екі бағыт бар. Бірі – бүкіл әділетсіздік (ол жаратылыс заңындағы болсын, адам болмысындағы кемшілік болсын, адамның өз қолымен жасалған қия­нат­тар болсын) атаулыға қарсы наразылық. Хикаятта: «Адамдар әділ бол­ғысы келеді… Адам жыртқыш қой. Ең қатерлі жыртқыш. Жер бетіндегі парасат-санасы төменгі дәрежедегі хайуандарды өзіне кіріптар етіп, торда ұстайды, бұғаулайды, көлік етіп жегеді, өлтіріп, еттерін жейді (адамдардың бір-біріне жасайтын қиянатын былай қойғанда). Жылқының, сиырдың, қойдың етін жеу сол хайуандардың тұрғысынан қарағанда әділдік пе? «Сендер бізді неге жейсіңдер?.. Біздің сана дәрежеміздің төмендігінен бе? Кімнің сана дәрежесі биік болса, төмендегілерін талап, жей беруге болатынын қандай әділетке сыйғызуға болады?..» дер еді олар Құдай алдында. Ал егер осылай болуы тіршіліктің негізгі заңын құраса, онда …бүкіл дүниені күштілер басқарады. Оларға не істеймін десе де рұқсат. Ендеше бүкіл әділетсіздік атаулының қайнар бұлағы дәл осы күштінің зорлығы емес пе?» – деген ой айтылады. Жалпы, жазушының ойынша, наразылық идеясы – адамзаттың ақыл-ойының дамуына ықпал еткен күштердің бірі. Адам қиыншылыққа, қиянатқа қарсы күресу арқылы, яғни наразылық идеясы арқылы жетілген.
Екінші бағыт – «Ақылдан азап» шегу. Тіршіліктің тереңде жатқан құпия сырын білу аса жақсы нәрсе емес. Оны білгеннен табарың – айықпас уайым, жан азабы. Сол себепті шығар, тіршілік ағысымен, су бетіне түскен жаңқадай жөңкіліп кете баратын адамдар өмір мәнін білуге ұмтылып, көп ойланып, жиі толғанатын жандарға қарағанда әлдеқайда бақытты, әлдеқайда алаң­сыз ғұмыр кешеді. «Ақиқатта» Роберт­тің шешесін еске алатын тұсы бар. Сол жерде жазушы мұны да шебер тұспал­дайды:
«– Содан әлгі адам, – дейтін шешесі баяу үнмен ертегісін жалғастырып, – жолаушыны жер астындағы алтын күмбезді патша сарайына әкеліп, кіргізеді де: «Қалаған шарабың мен тамағыңды іш, сұлу кәнизактармен ойна, серуен құр, барлық есікке кіріп, алтын сарайды тамашала. Тек мына тұрған бір есікті ғана ашуға болмайды. Мұны ашсаң, бақытсыз боласың», – дейді.
– Неге? – дейді Роберт шыдай алмай.
– Өйткені, ол есікті ашуға болмайды. Оны ашсаң, бақытсыз боласың дейді, – деп қайталайтын шешесі».
Құдай берген қабілеті арқылы өзгенің ойын оқып қоятын, кімнің көкейінде не тұрғанын айтпай-ақ сезетін, кеше, бүрсігүні, былтыр, тіпті бірнеше жыл бұрын не болып, не қойғанын оп-оңай көріп-білер көріпкелдігі бар телепат Роберт ақырында профессордың мұны өз мақсатына әншейін пайдаланып жүргенін, ал әйелінің әлдекіммен әуейі болып, мұның көзіне үнемі шөп салатынын, өмірінде ешқандай мән қалмағанын біледі. Сол кездегі оның қасіретті күйін сезінуі де сұмдық. Өйткені ол «ашсаң, өзің бақытсыз болатын» әлгі есікті ашып қойды ғой! Ол өзі «білмеуге тиіс» жайттарды білді, жай адамның шектеулі мүмкіндігінен тыс дүниелерге куә болды, пенде баласы сол күйі сезбей де өтер тіршіліктің ащы ақиқатын көрді.
Мен осыдан екі жыл бұрын дүние салған қазақтың тағы бір көрнек­ті жазушысы Қажығали Мұханбет­қал­и­ұлымен жиі пікірлесіп, сырласып тұра­тынмын. Марқұм Қажыағам бірде былай деп еді:
– Бізде тосын ой, жаңа сөз айтқан, басқаша жазуға, қазақ әдебиетінде қалыптасқан үлгі-шеңберден шығуға ұмтылған шығармаларды лайықты бағалай білу жоқ. Мәселен, Төленнің «Ақиқат» хикаятын алайық. Мен алғаш оқыған кезімде, риза болғаным соншалық, ертеңіне барып Төленнің қолын алып, «Атасына нәлет, іші күйгендер тұз жаласын, мынау – нағыз гениальный дүние!» деп, қол­жаз­баны үстелге тарс еткізіп атып ұрған­мын. Айтар ойы болсын, жа­зылу тәсілі болсын, құлашын кеңге сер­меген керемет шығарма! Ал соны біздің мықты-мықты деген әде­биетшілеріміздің өзі бағалаған жоқ, май­талман жазушыларымыздың өзі қа­былдай қоймады. Біздегі трагедия сол.
Немесе «Әке» хикаятын алайық. Аштық, репрессия, ұжымдастыру… өткен ғасырдың басындағы қазақтың басынан өткен бүкіл нәубетті бір әулеттің тағдыры арқылы керемет шеберлікпен, көркемдікпен бере алған басқа шығарма бар ма қазақ әдебиетінде? Басқа жазушылардың да «Әке», «Ата» деген сияқты шығармалары бар ғой, әкесін, атасын сағынып жаза салған. Оқымаған жұрт сондай туындылардың бірі шығар деп ойлауы мүмкін мұны да. Бірақ Төленнің «Әкесі» – әке ту­ралы хикаят емес қой. Мұнда сол заманның, тұтас аға буынның қасіреті жатыр. Осыны талдап айтып берген бір адам бар ма? Жоқ. Сөйте тұра «Қазір әдеби сын жоқ» десек, бәрі өре түрегеледі. Әдеби сын жылына қанша кітап шықты, қандай шығармалар жазылды, кімнің қанша жылдық мерейтойы өтті – соны түгендеумен шектелмейді. Сын – құр сынап-мінеу де емес. Сын әдебиеттегі жақсы шығарманың, талантты шығарманың лайықты бағасын беріп, ол несімен ерекше, несімен мықты – талдап-таразылап, оның тууының әлеуметтік мәніне, жазылу себебіне үңілуі керек. Біздегі қазіргі сынның деңгейі – «мына әңгіме немесе өлең жақсы екен» дейді де қояды. Жақсы деген жай сөз. Сын шығарманың жақсы екенін айтып қоя салмай, несімен жақсы екенін қолмен қойғандай дәлелдеп беруі керек.

Көзқарас қақтығыстарының драмасы

«Ақиқат» хикаятындағы терең тол­ғаныстар жазушыны ақыры «Парасат майданын» жазуға алып барды. Ол адамның ішкі жан дүниесіне үңілуді, оның қалтарыс-қатпарларына бойлауды әрі қарай тереңдете түсті. Барлық пәле-жаланы басқадан, жаудан көру, тек өзгені кінәлау – қоғамның белгілі бір деңгейін көрсететін құбылыс. Адамның парасат дәрежесі көтерілген сайын оның ішкі жан арпалысы, өз ішіне көбірек үңілуі жиілейді. Көп нәрсе адам баласының кісілік дәрежесінің кемелденбегенінен, жетілмегенінен болып тұрғанын аңғарады.
«Парасат майданындағы» кейіпкер­дің бейтаныспен хаттарын оқып отыр­ған кезде, бір көзқарас екінші көз­қарастан бүкіл дәлел-дәйегімен басым түсіп, «енді қарсы жақтың үні өшетін шығар» дей бергенімізде, ол бұдан да асып түсер уәжбен жауап қайтаратыны сүйсінтеді. Таразының екі басында екі түрлі ұстаным тұрады – өмірдегі қастерлі ұғымдарды, адами құндылықтарды идеал тұтатын, оның кірленуіне төзе алмайтын кіршіксіз таза көзқарас пен «бұл өмір дегенің о бастан-ақ опасыз жалған, дүниеде мәңгі қасиетті ештеңе жоқ» дейтін тұжырым. Хикаяттағы басты кейіпкер – өте таза, адал адам. Бірақ оның ішкі жан дүниесінде де тайталас бар, оның басында да өз ұстанымына кереғар ойлар жүр. Бірақ оны өзі сезбейді. Дүниені бұзатын сол қиямпұрыс қиялдың бәрі сыртта емес, өз ішінде, өз табиғатында екенін білген кезде, ол өмірден түңіледі.
– Менің шығармашылығымдағы көзқарас қақтығысы, ой айтысы негізінде «Біз үшеу едік» пьесасынан бастал­ған. Онда да Мұрат пен Дариға­ның, Мұрат пен Өмірбектің арасындағы пікір қайшылығы, ұстанымдар ұстасуы ұзаққа кетеді, бірін-бірі жеңе алмайды. Анау өз ойын айтып болған кезде, залдағы жұрт «әй, енді мынау жауап таба алмас» дегенше болмай, бұл әлгіден де асырып уәж айтады. Асанәлі (Әшімұлы) айтып күлдіріп еді: «Өмірбектің сөзі жөн деп, соған жақтасып отырсақ, бір кезде Мұраттың дәлелі басып кетеді, қалай соның жағына шығып кеткенімізді байқамай қаламыз» деп. Мен «Парасат майданындағы» ой қақтығысы сол деңгейден де асып түсуі керек деп өзіме шарт қойдым. Бұл оңай шаруа болған жоқ. Өйткені зұлымдық та – үлкен күш. Егер ол адалдықтан тез жеңіліп қалатын әлжуаз болса, осы күнге дейін жетпес еді, әділдіктен әлдеқашан жеңіліп тынар еді, – дейді Төлен ағаның өзі.
Кезінде халық жазушысы Әбді­жәмил Нұрпейісовтің өзі Т.Әб­дік­ұлының «Парасат майданы» хикаятын детектив оқығандай қызығып, ынтығып оқығанын, сосын біраз уақыт гипноздалған адамдай әсерден айыға алмай жүргенін айтқан еді. Риза болғандықтан, кейін жазушы інісінің қолын алып: «Мына шығармаң – қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған құбылыс», – деп баға бергені де бар.
Жазушының қабілетін әйгілеп, қарымын танытқан атақты «Оң қол» әңгімесіндегі махаббат линиясын оқырман қауым жанына жақын тартып, алдыңғы лекке шығарып жібергені болмаса, ол да – терең ойға құрылған туынды. Біз «ғайбат сөз айтпа, ағат іс істеме, ешкімнің ала жібін аттама» деген үлкендердің тыйымын естіп, тәрбиесін көріп өстік. Алайда бар пәле сөзден немесе іс-әрекеттен басталмайды, әу баста мидағы ойдан басталады. «Оң қолдағы» кейіпкер Алма – жақсы қыз, ниеті түзу, таза жан. Бірақ оның ата-тегіндегі бір адам кезінде өзіне-өзі қол салуға әрекеттенген, сондай жаман ойға барған. Уақытында жүзеге аспаған сол ниет араға бірнеше ұрпақ салып, қыз еркінен, қалауынан, табиғатынан тыс Алманың бойынан табылып отыр. Ол өзін-өзі өлтіру туралы ойламайды, бірақ генетикалық санаға сіңген баяғы жаман ой бұл ұйықтап жатқанда оң қол болып қылғындырады. Демек, адам ғайбат сөзден, ағат істен ғана емес, жаман ойдан да сақтануы керек. Әркім өзінің ісіне ғана емес, ойына да жауапты!

Қоғам тірі адам емес, тас тұғыр керек пе?

«Тозақ оттары жымыңдайды» – Бразилиядағы үндіс тайпаларының аянышты тағдырын арқау еткенімен, астарында қазақ халқының басындағы сондай ахуалды меңзейтін шығарма. Төлен Әбдікұлы алғашында хикаятты қазақ даласындағы оқиға ретінде бергісі келген. Алайда «қазақ халқына құрып кету қаупі төніп тұр, ол қауіпті кеңес өкіметі қолдан жасап отыр» деп қалай ашық жазады? Жазғанымен басылмасы анық, тіпті жолатпайтыны, өз басына бәле салатыны белгілі. Сосын «Жер бетінде тағдыры қазақтың тағдырына ұқсас халықтар көп қой, неге солардың бірін мысалға ала отырып, тұспалдап жазбасқа?» деген ойға келеді.
– Құдай салмасын, бұл тақырыпты зерттеуге бір жарым жылдай уақытым кетті, – дейді Төлен аға. – Орыс журналдарынан көп дерек алдым: «Вокруг света», «Наука и жизнь»… Әсіресе «Вокруг светаның» көп көмегі тиді, алты-жеті жылдық (бәлкім, одан да көп) тігіндісін алдырып қарадым. Палетелли деген италиялық журналистің мақалалары «Вокруг светаға» жиі шығып тұратын және жазғандары өте мықты дүниелер еді. Риза болғаным соншалық, оның аты-жөнін хикаятқа енгізіп жібердім. Үндістер туралы талай кітап оқыдым. «Араку» деген тайпаны мен өзім ойлап таптым, негізінде ондай тайпа өмірде жоқ. Ал әлгі шаванти, паташо, тапаюна, т.б. бар, Амазонка өзенінің бойын жайлаған тайпалар ғой. Бразилияға барып көргенім жоқ, ол жердің табиғатын, мәселен, папоротник өсімдігінің қалай өсетінін көрмей-білмей жазу өте қиын болды. Бұл да «Ақиқат», «Парасат майданы» секілді ұлттық шеңберден шығып кеткен шығарма болғандықтан, бастапқыда әдеби ортаның қабылдауы қиын болды. Жазғандарыма жылы лебізін білдіріп жүретін марқұм Әзілхан Нұршайықовтай тілеулес ағаның өзі кезінде: «Оралуың» жақсы екен, әңгімелерің де әдемі, ал анау «шетеліңді» оқығам жоқ» деп қайтарып берген…
Ал қазір, керісінше, жұрт жазу­шының осы шығармасын көп сұрайды. Өткенде бір сайт «Тозақ оттары жымыңдайдыны» тіпті үндістер туралы жазылған әлемдік үздік шығармалардың қатарына қосыпты.
Кейде баспасөз бетінен «Отызыншы жылдардың нәубеті, аштығы, қуғын-сүргіні туралы біздің әдебиет әлі ештеңе жазған жоқ» деген пікірлерді оқып, таңғалатынымыз рас. Сонда олар Қажығали Мұханбетқалиұлының «Бұралаң жолы» мен «Ақырғы күнін», Төлен Әбдікұлының «Тұғыр мен ғұмыр», «Әке» хикаяттарын оқымаған ба? Басқасын былай қойғанда, ХХ ғасырда қазақтың басынан қандай зобалаң өтті – соның бәрі қамтылған «Әкеде» бір ғана Жармағамбет тұқымының емес, ұлттың тұтас бір буынының қасіреті тұнып жатқан жоқ па? Оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген, бір ғана әулеттің тарихын айта отырып, өз дәуірінің бар шындығын жайып салған мұндай талантты туындылар біздің әдебиетте аса көп емес.
Төлен Әбдікұлының ұлттық сипа­т­тағы, қазақы құнары мол шығармалары да жеткілікті: «Өліара» романы, «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Оралу» секілді хикаяттары, «Бассүйек», «Бір күндік ашу» тәрізді әңгімелері, т.б… «Қонақтар» деген әңгімесінде жазушы тіпті қазақтың басынан өтер ұлтсыздану халін алдын ала болжап қойғандай әсер қалдырады: жылына бір-ақ рет алатын еңбек демалысының тек бір (!) күнін ғана кәрі әке-шешесіне қиятын, әйелі қазақша білмейтін, соның тәрбиесімен орысшаланып бара жатқан баласы атасын, әжесін жатырқап, оларға жоламайтын, соған қарамастан өзін білімді, мәдениетті кісі санайтын Сапабектер кезінде аз болған жоқ. Олар қазір де аз емес.
Бізде кейінгі уақытта «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті сол уақыттағы солақай саясаттың сойылын соқты» деген жалпылама пікір қалыптасып барады. Әрине, сол заманда оқылған, бірақ бүгін түкке де жарамай қалған, уақыт сынына төтеп бере алмаған кітаптар жеткілікті. Алайда сол кезеңнің өзінде-ақ кеңес идеологиясын басы бүтін қабылдамаған, оған іштей қарсы болған, шығармашылығын таза сақтаған жазушылар да болды (Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбайұлы, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Тынымбай Нұрмағамбетов, т.б.). Төлен Әбдікұлы – сол талантты шоғырдың ішіндегі шоқтығы биік қаламгер.
«Тұғыр мен ғұмыр» – ХХ ғасырда қазақтың басына төнген зобалаңның бәрін әкеліп бір адамның тағдырына тоғыстырған керемет шығарма. Оны толқымай оқу мүмкін емес. Көрмеген азабы қалмай, ақырында туған ауылына келгенде, оны өзінің ескерткіші, тас мүсіні күтіп тұрады. Бәрі мұны «соғыста ерлікпен қаза тапты», «жас ұрпаққа үлгі етер батырымыз» деп құрметтейді. Ал соғыста жау қолына түсіп, одан әупіріммен аман қалып, босатылған өзге тұтқындармен бірге өз еліне келген соң, «сатқын» атанып, жиырма бес жылға Сібірге айдалған, соның бәрін өткеріп, ауылына әрең жетіп отырған мына шалға ешкім де қарамайды. Тауқыметке толы тозақы ғұмыр кешкен өлмелі тірі аруақ керек емес қоғамға. Оған көпке үлгі ғып көрсететін, әлдеқашан өліп қалған батыр керек, соның тас тұғыры керек. Төкеңнің қай шығармасы болсын осылай ойландырады, толғандырады, жан дүниеңе әсер етеді.
Жазушының біз «ізгілікке іңкәр жүректердің гимніндей» деп атаған «Біз үшеу едік» атты пьесасы марқұм Райымбек Сейітметовтің сахналауымен 5-6 жыл бойы Жастар театрының репертуарынан түскен жоқ. Әрдайым аншлаг. Бірде сол спектакльді көріп шыққан кинорежиссер Сламбек Тәуекелов әйелі екеуі Төлен ағамызбен кездесіп қалып: «Төке, сіздің пьесаңызды көріп, кір жуғыш машинадан шыққандай тазарып келе жатырмыз», – депті. Егер шығармаң адамды «кір жуғыш машинадан шыққандай» тазартатын болса, авторға одан артық қандай бақыт керек? Әдебиеттің басты мұраты да – адам жанын тазарту ғой!
Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан классик жазушының қаламы әлі де бабында, санасы сергек. Демек, біз Төлен Әбдікті қайталап оқи жүріп, санамызға тоқи жүріп, одан тағы да кесек туындылар күтеміз.

 

 

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір