АДАМ АТА + 8 МЛРД = ?..
25.11.2022
504
0

АДАМ АТА + 8 МЛРД = ?..

«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейді қазақ атаң. Алайда жусан көп пе, әлде түптің түбінде жыл сайын туатын мың сан қозы көп бола ма, күні кешеге дейін ол жағын ойлап, бас қатырған ешкім болған жоқ еді.
Осыдан бірер жыл бұрын БҰҰ мінберінен алдағы ықтимал азық-түлік тапшылығы мен оған планетадағы адам санының күрт өсуі себеп болуы мүмкін екені туралы сөз болды. Демек, жусан көп екен деп қозыға да ретсіз туа беруге болмайды екен… «Жусаннан» тарықпау үшін «қозы санын да рет­теп отыру керек сияқты ма-ау?..
Қарашаның 15-інде жер-жаһандағы адам санының 8 миллиардқа жеткені туралы ресми хабар тарады. «Күні кеше ғана 6-7 млрд шамасында едік, қас қағым сәт­те қайтіп көбейе қалдық» деп таңғалғанымыз да өтірік емес. Танымдық зерде бұл орайда математикалық прогрессия заңдылығын алға тартады. Яғни, сан қомақты болған сайын оның прогрессиялық өсімі де молая бермек.
Дерек көздеріне қарасақ, адамзат 1 миллиардтық межеге 1800–1820 жылдары жетіпті. Статистика бұл мөлшерге жету үшін 300 мың жыл керек болды дейді.
1800–1820 жылдардан бүгінгі күнге дейінгі уақыт мөлшері – 300 жылдың ар жақ бер жағында ғана. Не бәрі – 300 жыл ғана! 300 мың жыл емес. Осы 300 жылдағы өсім сегіз есе болыпты!
Міне, математикалық прогрессия­ның кереметі осындай.
Соңғы кезең туралы айтар болсақ, 1974 жылы жер тұрғындарының саны 4 млрд болған. Одан бері де жарты ғасырға жетпейтін уақыт өт­ті. Демек, соңғы кездегі жарты ғасырлық өсімнің өзі еке есе болып отыр деген сөз.
Ойлануға мәжбүр ететіндей-ақ деректер, енді.
Ал болашақтың болжамдары не айтады екен?
Демографтар планетадағы адам санының өсімі 2025 жылға дейін сақталып, одан әрі біртіндеп азаяды деп болжайды. Соған қарамастан, енді 21 жылдан кейін Адамға ұрпағының саны 9 млрд-қа жетпек.
Әлбет­те, өмірге шыр етіп, нәресте келсе, қуанатын бір халық болса, ол – қазақ. Жасыратыны жоқ, халық санының өсуіне қуанатын ел бар, қуанбайтын ел бар.
Соңғы 8 миллиардтық ресми дерекке байланысты әр елдің өз ұстанымы да айтыла бастады. Бұл хабарға алдымен бауырын жиған (бәлкім, есін жиған) Үндістан болды.
Қазір бұл елдегі адам саны Қытайдағы көрсеткішке жақындап қалды. Демографиялық талдау бойынша таяуда піл мінген үндінің саны пісте жеген қытайдың санынан да асып түседі деген болжамдар айтылуда.
Үндістан алдағы уақыт­та күрт өскен тұрғындарын асырай алатынына күмәнмен қарай бастады.
Бұл да ойланарлық мәселе.
Коронавирустың қарсаңында әлем көсбасшылары болашақтағы ықтимал азық-түлік тапшылығына байланысты алаңдаушылық білдіре бастағаны есте ғой. Тіпті бұл проблеманың сол кездегі Қазақстан басшысының аузынан естілгені де бар. Сөйтсек, жер планетасындағы 14 млрд адамды ғана асырай алатын мүмкіндігі бар екен!..
Орыс деректері Пушкин заманында планетадағы адам санының бір миллиард­қа жетер-жетпес болғанын айтады. Тарихи тұрғыдан алып қарастырғанда одан бері де онша көп уақыт өткен жоқ. Айналасы үш ғасырға толмайтын уақыт­та жер тұрғындарының саны анау-мынау емес, сегіз есе өсіп отыр.
Дәл осы жерден «туған қозы» мен соның есебіне сай өсуі мүмкін «басы артық жусан» проблематикасы туындайды. Рас, ауызды қу шөппен сүртетіндей емес, планетада адамзат талғажау ете тұруға жететін азық-түлік бар.
Бұл жерде «әзірге» деп қоялық.
Әрі «әзірге» деген «SOS» сипатындағы сақтық ишарасын жасауға да мәжбүрміз. Африканың Самоли, Эфио­пия сияқты елдеріндегі құрғақшылық салдарынан туындап отырған аштықты әлем жұртшылығы көріп-біліп отыр.
Шығыс Еуропадағы соғыстың кесірінен жарты әлемді асырап отырған Ресей мен Украинаның астық экспортына да селкеу түсті. Соның әсерімен соғысушы екі тарап та өз астығын мұқтаж елдерге шығарудың мүмкіндіктерін қайта-қайта қарастыруда. Әзірге бұл мәселе де түбегейлі шешілмей отыр.
Араделдал Анкара қанша күш салса да соғыстың аты – соғыс, қос тарап жағынан да әлдебір мәселелерге келісе алмай уағдаластықты бұзу, бұрмалау деректері байқалуда.
Соның салдарынан биыл рекорд­ты мөлшерде 150 млн тонна астық бастырған Ресейдің де, әлемдегі Канададан кейінгі үшінші астықты держава Украинаның да жиналған астығы өз жерінде, экспортқа шығарылмай, шіруі мүмкін деген қауіп айтылады.
Бұл фактордың да әлемдегі азық-түлік тапшылығына байланысты проб­леманы одан әрі асқындыра түскені өтірік емес.
Жер планетасының ең көп дегенде 14 млрд адамды ғана асырай алуына байланысты қауіпті болжам «артық адамдар» проблемасын туындатып отыр. Ал қазіргі геосаяси ақиқат­тарда кімнің артық, кімнің артық емесін, әлбет­те, құдірет­ті державалар шешпек.
Бүкіләлемдік банктің 2019 жылғы дерегі бойынша жер шарындағы 7 млрд 674 миллион адамның 59,5 пайызы Азияда, 17,2 пайызы Африкада, 4,7 пайызы Солтүстік Америкада тұрады.
Демек, Азия алдыңғы орында. Басқаша айтқанда Адам-Ата ұрпағының түр-сипаты «сарғайып барады» деген сөз.
Әлбет­те, ол да – біреуге ұнаса, екінші біреуге мүлде ұнамайтын тенденция. Себебі әлемдік саясат­та қауқарлы саналатын кәрі құрлық пен оның батыс жартышардағы туысқандары арасында қартаң адамдар көбейген үстіне көбейе түсуде.
Демек адамзат­тың болашағы шығысқа байланысты деген сөз.
Қазір әлемдегі халық саны көп ел Қытайдағы таза қытайлардың саны 1 млрд 310 млн әрі ол жер шарындағы ең саны көп ұлт саналады. Қытай үкіметі бұл проблеманы, яғни халық санының күрт өсуін тежеу мақсатында сан алуан шаралар қарастыруда. Алайда бұл жерде де жоғарыда айтып өткен математикалық прогрессия өз дегенін жасауда.
Демографтардың болжауы бойынша 2100-2135 жылдары планетадағы халық саны 12-14 млрд адамға жетпек.
Ең басты проблема осы жерден туындайды. Жоғарыда жер жарықтықтың не бары 14 млрд адамды ғана асырауға қауқары жететінін айт­тық. Демек қазіргі азық тапшылығы болашақтағы жаппай аштықпен салыстырғанда, ойыншық болып қалуы да мүмкін.
Планетадағы тұрғындар санының арт­уы – табиғи ресурстардың, әсіресе қазба байлықтардың түгесілуіне алып келуі ықтимал дейді сарапшылар. Соған сәйкес, әлемдегі энергия тұтыну мөлшері артады. Қуат көздері сарқылады.
Оған қоса адамзат­тың одан арғы дамуына кедергі келтіріп отырған ауаның, судың ластануы сияқты экологиялық проблемалар тағы бар.
Қысқасы, Адам ата ұрпағының болжамды болашағы анау айтқандай жарқын емес тәрізді. Дегенмен үмітсіз шайтан, сарапшылар бағдарлы болашақтан жақсылық күтетіндей деректер де келтіруде.
Демографтар оның басты факторы есебінде 2025 жылдан кейін планетадағы адамдар санының көбеюінің тоқтайтынын алға тартады.
Сонымен, ағайын, осы айда планетадағы тұрғындар саны 8 млрд-қа жет­ті.
Әлбет­те, «бір қозы туса бір түп жусан артық шығады» дейтін қазақы түсінікте бұл игілік, қуаныш һәм прогресс болып көрінуі мүмкін. Дейтұрғанмен мәселенің ақ-қарасын әлем демографтары бүкпесіз ашып айтып отыр. Ол – Жер-Ананың өз перзент­терін асырай алу мүмкіндігіне қатысты.
Ұлт­тық демография биігінен қарастырғанда, жері көп, табиғи байлықтары жеткілікті, оның үстіне халқы аз біздің елге бір қарағанда әлемдік деңгейдегі бұл проблеманың қатысы жоқ тәрізді көрінеді.
Алайда қазіргі геосаясат­та кез келген мәселенің шешімін жетекші державалардың шығаратынын ұмытпауға тиістіміз. Қазақ атаң оны да «мықтының арты диірмен тартады» деп әдемі қисындаған.
Қысқасы, адамзат үшін кезекті бір өзекті проблеманың шеті көрініп қалғаны белгілі болып қалды.
Артының жақсылығын күтейік, ағайын.

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір