ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ САРДАРЫ
28.12.2022
662
0

2016 жылдың аяғында Тіл білімі институтының тізгінін қолыма алғанда институт­та айналдырған 40-50 шамасында ғана қызметкер қалған еді. Бухгалтериядан штат кестесін алып қарасам, пір тұтатын ағамыз, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы айлық жалақысы соңғы жылдарда… 20 мың теңге деп көрсетіліп тұр (?!)… Терминология бөлімі қызметкерлерінің басым көпшілігінде де қолына алар ақшасы мүлде айтуға да ұят мөлшерде… Заңға өрескел, ақылға сыймайтын осындай қайшы жағдайдың себебін тексеріп көрсем, соңғы жылдары осы бағыт бойынша бүкіл бөлім жолдаған мемлекет­тік тілді дамыту бойынша ұсыныстарды жоғары билік мүлде қолдамапты… Ғалымдар амалсыздан қолға түскен аударма, редакциялау, басқа бөлімдерге жәрдемдесу жұмыстарымен тиіп-қашып күн көруге мәжбүр болған… Өмекеңе өзінің фонетикаға байланысты грант­тық тақы­рыбынан алатын азғантай нәпақасынан 20 мыңды ай сайын інісі Әлімхан Жүнісбек кесіп, бөлісіп тұрғанын анықтадым…

Осындай жағдайға қарамастан, «Бөрі аштығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтып» дегендей, Өмірзақ ағамыздың жыл сайын өткір мақалаларды жариялап, ғылыми монографияларды шығарып, көптеген ғылыми басқосуларды, конференция, дөңгелек үстелдерді ұйымдастырып, астанаға, өңірлерге, шетелге іс-сапарларға жол жүріп, белсенді жұмыстарды атқарып, үнемі еңбектенуде болғанына бәріміз куәміз. Тіпті дастарханы жиналмайтын кең үйі достары мен әріптестері үшін сарайдай әрдайым есігі ашық, астында үнемі шопырымен дәу джибі бар, қолында домбырасы, иығында оқалы шапаны… Сырт­тай тәнті біздерге ешқашан сыр білдірмей, қай жағынан алсақ та, тек үлгі-өнеге бола білген ағамыздың атқарып жүрген қыруар елдік жұмыстарының шығыны, негізінен, мемлекет­тік тараптан емес, керісінше, өзінің және жақын туған-жарандарының жеке есебінен болғанын енді біліп отырмыз. Оның есесіне, абыройы мен беделін пайдаланып, отандық және шетелдік демеушілерді тауып, институтқа ғылыми ізденістерді қаржыландыру үшін оқтын-оқтын «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тарапынан» көмек көрсетіп тұрған… Ұлт­тық мүддеге, тіл тағдырына байланысты мәселелерге үкіметіміз салғырт қараған тұста, елдік маңызы зор істерді қолға алуға өртке су сепкен қарлығаштай ұмтылатын ерен тұлғалар болады.
Осының бәрін мен неге еске түсіріп отырмын дейсіз? Осы сөзімізге себепкер Бижомарт ҚАПАЛБЕК ініміз – мен үшін осындай ерен тұлғаларды елестететін жан. Әсіре мақтағаным емес, шындығы – осы. Өмірінде жақсы мемлекет­тік қызметке іліккен тұстары да болды, мектепте сабақ та берді және мүлде мемлекет­тік қаржыландырусыз жекеменшік, қоғамдық салада жұмыс істеген кездері көп болды… Солай бола тұра, Бижомарт қандай жағдайда болса да, өзінің өмірлік мақсат-мұратынан, кәсіби ғылыми түрде қазақ тілін жан-жақты зерт­теуден, мемлекет­тік тілді дамыту мен насихат­таудан ешқашан қол үзбеді, тоқтатпады, осы бағыт­тағы жұмыстарын тұрақты түрде жалғастыра берді.
«Лұғат» қоғамдық қорын құрды, «Мемлекет­тік тілді дамыту орталығын» ашты, кейін оны «Мемлекет­тік тілді дамыту институтына» айналдырды…
«Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылы академиктер Әбдуали Қайдар мен Өмірзақ Айтбайдың бастамасымен құрылды. Ол – бір тарих. Тіліне жаны ашыған азамат­тардың бәрі қолдап, сол кезде қоғамда үлкен серпіліс болды. Қоғамды алдымен көп жыл Әбдуали аға басқарды, кейін президент­тікті Өмекеңе өткізіп берді. Өмекең көзі тірісінде денсаулығына байланысты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын әрі қарай жүргізуді маған тапсырды. Оған үміткер көп еді. Қоғамға президент болғысы келіп жүрген жігіт­тер оның жұмысы тек сайлау кезінде Президент­тікке үміткерлерден емтихан алып, үлкен-үлкен жиындарға барып төбе көрсету деп ойласа керек. Ал шындығында қоғам жұмысы тұралап қалған еді. Тіл саясатына белсене араласу үшін оны шын мәніндегі азамат­тық ұйымға айналдыру керек еді. Оған ақша үшін, мансап үшін емес, идея үшін жұмыс істейтін команда керек болғаны рас. Басым қатып отырғанда, кабинетке Әлекең (Әлімхан Жүнісбек ағамыз) келе қалды. Бірімізді-біріміз ежелден танимыз. Аға, дос, жеке отырғанда да, көпшілік арасында да қат­ты қалжыңдасамыз. Мәз болып, күлісіп, сөз қағыстырып алғаннан кейін жағдайды айт­тым. Әлекең бірден «Қасыңа Бижомарт­ты шақыр» деді. «Оны институтқа алғаш келген кезінен білемін, осы күнге дейін тіл саласының барлық майданында шыңдалған. Ғылымды саясат­тан бөліп қарай алатын, ғылыми мәселеде ешкіммен мәмілеге келмейтін әрі іскер жігіт», – деді.
Бұған дейін 2000-2007 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының грамматика бөлімінің меңгерушісі, 2007-2009 жылдары Алматы қаласы әкімдігі «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры, 2013-2015 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаях­метов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры қызмет­терін атқарғанын білемін.
Мен институтқа директор болып келгенде орынбасар іздедім. Бір кандидат осы Бижомарт еді. Соны естіген болуы керек, оны онша жақтырмайтын кейбір кісілер: «Оны институт­тың басшылығы тұрмақ, институт­тың маңайына жақындатуға болмайды. Өте бірбеткей, айтқан тілді алмайтын адам. Онымен жұмыс істеу өзіңе қиын болады» – деп ақыл айтып кетіп еді. Бұл жолы Әлекеңнің ақылымен қасыма вице-президент­тікке Бижомарт Қапалбекті шақырдым. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының» шет елдерден көптеген өкілдіктерін аштық, бұрын болмаған веб-сайт порталын жасадық. Қоғам жұмысы аз уақыт­тың ішінде жанданып жүре берді.

Халықаралық «QAZAQ TILI» қоғамының 2020-2021 жылғы өткізген негізгі шаралары:
I. Халықаралық «Qazaq tili» қоғамының Парламент Мәжілісі мен Мәслихат депутат­тары сайлауы қарсаңында, 2020 жылдың 18 қарашасында қабылдаған қарары:
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Мәслихатының депутат­тыққа үміткер болашақ халық қалаулыларынан Қазақстан халқы тілін, Қазақстан Республикасының мемлекет­тік тілін білуін қалың көпшілік атынан талап етеміз.
Бізге мемлекет­тік тілді біліп қана қоймай, сол тілде ойлайтын, сапалы жұмыс істейтін, сол тіл арқылы өздерін адам, азамат және ұлт өкілі сезінетін, түйсінетін депутат­тар ғана керек!
Қазақстанда бүкіл мемлекет­тік істердің, қызмет­тердің, жұмыстардың – қазақ тілінде жүргізілуін қысқа мерзімде қамтамасыз етуіміз шарт.
Мемлекет­тік жұмыс мемлекет­тік тілде іске асырылатын болсын!
Ұлт­тық қауіпсіздігімізді, мемлекет­тік мүддені, ел мен жер тұтастығын қара басының қамынан жоғары ұстайтын қазақы, көкірегі ояу, көзі ашық, халық тілін толыққанды меңгерген, мемлекет­тік істерді мемлекет­тік тілде атқаратын азамат­тарымыз ғана Парламент төрінде депутат болуын талап етеміз.
II. 2021 жылдың 30 сәуірінде өткен «Латын графикасына көшу – қазақ тілінің ауқымды реформасы» ат­ты дөңгелек үстелде қабылданған қарар:
1. Біз латын қарпіне көшу мерзімін соңғы ресми ақпарат­та айтылғандай 2030 жылға дейін созуға қарсымыз. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы № 27-р өкімімен бекітілген Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін деп қалдырылғанын қолдаймыз.
2. Осы уақытқа дейін бір ғана орфографиялық топ Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлт­тық ғылыми-практикалық орталығы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты атқарып келген әзірлеу, сараптау сынамадан өткізу, енгізу жұмыстары Білім және ғылым министрлігіндегі мектепке енгізілетін оқулықтарды сараптау жүйесіндегідей бір-біріне тәуелсіз бірнеше ұйымға жүктеліп, сатылай сараптаудан өту арқылы ғана мақұлданып, бекітілуін ұсынамыз.
3. Латын графикасына көшу – әзірлеу және енгізу кезеңдерінен тұрады. Әліпбидің кемшін тұстары республикадағы білікті ғалымдар арасында осындай ашық жиындарда жан-жақты талқылан­бай бекітілсе, алдындағы ҚР Парламентінде таныстырылған диграф жобасы мен ҚР Президенті бекіткен апостроф және акут жобаларының тағдырын құшады. Сондықтан әзірлеу кезеңі аяқталмай тұрып оны қоғамға, оқу үдерісіне енгізу жұмыстары (насихат­тау, диктант алу, сауалнама алу, газет шығару, бекітілмеген әліпбимен көрнекі ақпарат­тар ілу және т.б) тоқтатылсын.
4. Осы салаға жауап беретін Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті ҚР Мәжіліс депутат­тарын, қоғам қайраткерлерін, Білім саласының өкілдерін, ЖОО оқытушыларын, Халықаралық қазақ тілі қоғамының өкілдерін, белгілі түркітанушыларды, ең бастысы осы салаға қатысты білікті мамандарды жинап, қазақ жазуының өзекті мәселелерін талқылап, бір шешімге келуі керек.
5. Ең басты мәселе – жазу реформасы арқылы тілімізді А. Байтұрсынұлы салған ұлт­тық арнаға әкеліп, Кеңес дәуірінде тынысын тарылтып келген жат тілдік ықпалдан арылу деп түсінеміз. Жат дыбыс пен әріп, жат сөздердің тілімізде қолданылуы мәселесіне байланысты да түпкілікті байлам мен шешімге келу аса маңызды. Бұларды шешпейінше, қазақ тілінің бәсекеге қабілет­ті ұлт­тық тіл ретіндегі келешегін қамтамасыз ету де мүмкін емес.
6. Иә, қанша ғалым болса, сонша пікір болады деп «мен білемдікпен» біржақты кету дұрыс емес екендігін көрдік. Тіліміздің табиғи болмысын сақтаймыз десек, барлық ғалымдар кеңесе отырып, түбегейлі бір шешімге келуі керек. Төреші тілдің ішкі жүйесі мен басты заңдары болуы тиіс. Басты міндет – ғылыми негізделген, тіл заңдылығына сүйенген, ең бастысы, тілге қызмет ететін, тіл болашағын сенімді ететін жаңа әліпби мен емле ережелерін қабылдау болуы керек.

III. 2021 жылдың 25 маусымында өткен «Үндесім – түркі тілдерінің басты ерекшелігі» ат­ты халықаралық дөңгелек үстел қарары:
Қазақ фонетикасы теориялық және практикалық жағынан еуроөзектік бағыт­ты ұстанып келгені белгілі. Оның өзінің себептері болды, ең алдымен, бізге орыс-қазақ әліпби үлгісі күшпен танылды, одан туындаған бөгде емле-ережелер басты қағидаға айналып, мектептен бастап, жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізілді, оқулықтар мен оқу-құралдары осы үлгімен қалыптасты. Осының салдарынан қазақ тілінің фонетика-грамматикалық құрамында көптеген қайшылықтар пайда болды. Әлімхан Жүнісбектің ұсынып отырған теориялық шешімінен кейін жоғарыда аталған мәселелер барлық деңгейде қайта қаралуы керек – деген қарар болды.
IV. 2021 жылдың 25 тамызында өткен «Орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» ат­ты семинар кеңесте жаңартылған бағдарламада әдебиет­тен 5-сыныпта А.Байтұрсынұлынан «Адамдық диқаншысы» өлеңі, «Егіннің бастары» мысалы, 7-сыныпта М.Жұмабаевтан «Батыр Баян» поэмасы, 8-сыныпта М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы ғана қамтылған. Басты ұстаным Алаш идеясы болғандықтан, тез арада алаштанушы мамандарды тарту арқылы осы бір болашағымызға өте зиян олқылықты жөндеуіміз керектігі және лингвистикада көбіне нақты ғылымдардың әдіснамасы қолданылады. Нақты ғылымда қай деңгейде ненің оқытылатындығы нақты көрсетілген. Бастауышта математика, жоғары сыныпта алгебра, жоғары оқу орнында жоғары математика (вышмат). Осы сияқты тиісті лингвист мамандардың шешуімен орта мектеп деңгейінде оқылатын грамматиканың көлемі, түрі, жүйесі нақты көрсетілуі керек екендігі жөнінде қарарлар қабылданды.
V. 2021 жылдың 3 қыркүйегінде ұлт ұстазы, ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арнап өткізілген семинар кеңес қарары:
1. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралар оның тілші, әдебиетші ретіндегі еңбектерін ғана қамтымауы керек. Жас ұрпаққа оны ұлт­тық рухты қалыптастырушы, ірі саясаткер, мемлекет қайраткері, алаш идеясының бастаушысы ретінде үлгі етуге бағыт­талған үлкен стратегиялық жоспарлар құрылуы керек.
2. Ахмет Байтұрсынұлының жазған еңбектерін ХХ ғасыр басында әлемнің ірі ғалымдары талдап, жоғары бағалаған. Бүгінгі күні оның еңбектерін орыс, ағылшын, түрік және басқа тілдерге аудару жұмыстарын қолға алу арқылы Ахмет­тану ғылымының ауқымын барынша кеңейту керек.
3. Өскелең ұрпаққа Алаш идеясын сіңіру мақсатында орта мектептің тарих, әдебиет, тіл пәндерінің бағдарламасына Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының еңбектерін жүйелі түрде сатылап кіргізуді қолға алу.
4. Ірі алаштанушы ғалымдар Берік Әбдіғали, Тұрсын Жұртбай, Мәмбет Қойгелдиев және т.б. тарта отырып, Ақаңның саяси қызметін жан-жақты зерт­теп, соның нәтижесі бойынша алынған тұжырымдарды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарына енгізуді қолға алсын.
5. Ахмет Байтұрсынұлына қатысты жәдігерлердің барлығын (Торғайдағы туған үйі, Алматыдағы музей-үйі, Орын­бордағы «Қазақ» газетінің редакциясы және т.б.) мемлекет­тің қамқорлығына алу. Оларды заманауи интерактивті құрылғылармен жабдықтау бойынша шетел тәжірибесіне сүйену, музей-үйлердің базасында ғылыми-зерт­теу жұмыстарын ұйымдастыру.
6. Өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін қазақ ғылымының басында Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш азамат­тары тұрды. Одан бергі рухани өмірімізге саясат араласты. Бүгін Ақаңның әліппесін қайтардық. Енді басқа да ғылыми-әдістемелік мұраларын қайтару – ұлт­тық дамуымыздың тірегі болмақ.
7. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған шаралар аясында еліміздің ірі қалаларында (Астана, Алматы, Қызылорда) Алаш галереясын ашу, Ақаңа арнап еңселі ескерткіш қою.
8. Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінің академиялық басылымын шығару, шетелдердегі мұрағат­тардан материал жинау. Осы мерейтой қарсаңында ғана емес, Ахмет­тануға қатысты тарих, әдебиет­тану, тіл білімі, саясат­тану, экономика және т.б. гуманитарлық пәндер бойынша тұрақты түрде ұзақ мерзімді ғылыми-әдістемелік зерт­теулер жүргізу.
9. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, музей-үйі, Қостанай университеті және еліміздегі Ақаң атындағы барлық орта мектептердің басын біріктіріп, ұлт ұстазының 150 жылдығы аясында оның ғылыми-әдістемелік мұраларын жас ұрпаққа насихат­таудың сатылы бағдарламасын әзірлеу.
Президент Әкімшілігіне азамат­тық қоғамның үнін жеткізетін, тілге қатысты үкімет­тің асырауындағы ресми ұйымдармен бәсекелесе алатын, тіпті ҚР мемлекет­тік бюджет қаражаты есебіне ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметі конкурсына қатысу үшін ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредит­теліп, ғылыми-әдістемелік зерт­теулермен де айналыса алатын (біз осы мәртебесіне де қол жеткізген едік қоғамды) мықты құрылым керек емес болды ма, 2021 жылы күзде Түркістан қаласында Мемлекет­тік хатшы Қырымбек Көшербаев өзі бас болып келіп, қоғамның құрылтайын өткізіп, бізді түгел ауыстырып, қоғамның кеңсесін Астанаға көшіріп алады. Ал біз күнделікті істеп жатқан жұмысымызды жиып қойып, қарап отырамыз ба, «Qazaq tili» Халықаралық академиясын құрып, қазір соны аяғынан тұрғызу үстіндеміз. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының» барлық мұрағаты да бізде. Жаңадан тағайындалған басшыларға Қоғамның мөрінен өзге ештеңе керек болмады.
Бижомарт «Мемлекет­тік тілді дамыту институтындағы» жұмысымен қоса, «Qazaq tili» халықаралық академиясын аяғына тұрғызу ісіне белсене араласып жүр. Осы саланың кәсіби маманына бұдан да нәтиже шығару тек уақыт­тың еншісінде деп ойлаймын. Бижомарт Сейсенбекұлы Қапалбек 8 желтоқсанда алпысқа толды. Оның алдағы жұмыстарына сәт­тілік, деніне саулық тілейміз.
Бижомарт пен Гүлзия – Нұржан, Мағжан, Елжан, Алдияр деген азамат­тарды тәрбиелеп, өсіріп отырған ата-ана. Нұрайым, Әлима, Мансұр, Мәриям, Мүсілім деген балапандардың сүйікті ата-әжелері. Екеуінің отбасына береке-бірлік, бақ-дәулет тілейміз. Отбасының ұйытқысы – Бижомарт пен Гүлзияға ұзақ ғұмыр берсін.

Ерден ҚАЖЫБЕК,
ҚР Ұлт­тық ғылым академиясының мүше-корреспонденті,

ҚР Әлеумет­тік ғылымдар академиясының академигі,

филология ғылымының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір